Келесі айдан бастап жыл соңына дейін Алматы метрополитенінде жолақыны ұялы телефонмен төлейтіндерден 5 теңге алынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы метрополитені баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 желтоқсанға дейін созылатын науқан кезінде кез келген банктің Mastercard картасы байланыстырылған Google Play, Apple Pay немесе Samsung Pay қосымшалары арқылы метроға контактісіз ақы төлеуге болады.
«Жалпы, метрода жол ақысын бірнеше тәсілмен — қолма-қол ақшамен, картамен, метро және Оңай жол картасымен төлеуге болады. Демеушілердің бастамасымен жыл соңына дейін алматылықтар метроға бес теңге төлеп, діттеген жеріне жете алады. Төлем мобильді құрылғы арқылы іске асады. Басқа тәсілдермен төленген жол жүру құны өзгеріссіз қалады – 100 теңге», — деп атап өтті Алматы қаласы метрополитенінің кірістер жинау қызметінің басшысы Жазира Баймұхамедова.
Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы метросын салу кезінде 5 млрд теңге жымқырғандардың ісі сотқа жеткені хабарланған. «Метрополитен» КМК бұрынғы басшылығы, сондай-ақ мердігер ұйымдар - «Алматыметроқұрылыс» АҚ және «Автоматтандыру және технологиялар сервисі» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 216-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалған.