×
491.71
529.97
5.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.71
529.97
5.05

Екібастұзда былтырғыдай апат қайталанбай ма

10.10.2023, 18:01
Екібастұзда былтырғыдай апат қайталанбай ма
Коллаж: Ulysmedia.kz

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында Екібастұздағы жылу электр орталығындағы барлық жабдық жөндеуден өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, қалада жылу желілерінің көп бөлігі ауыстырылған. Жылыту маусымы уақтылы басталып, ЖЭО қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, Екібастұз ЖЭО әкімдік балансына берілген.

«Жылу электр орталығы әкімдіктің балансында. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет жауапты. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жылу трассасын қайта құрылып, негізгі магистральдар ауыстырылды. Осылайша өткен жылғы болған апаттың қайталану қаупі төмендеді», - дейді ол.

Еске салсақ, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.

Сонымен қатар Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.

Айта кетейік, Екібастұз ЖЭО олигарх Александр Клебановқа тиесілі болды. Олигарх – «ОАЭК» АҚ акционерлерінің бірі. Ол 47,1 % үлеске ие. Осынша үлесті, яғни 47,1 %-ды Сергей Кан да алып отыр. 

«Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының» екі еншілес энергетикалық компаниясы бар. Оның бірі –  Севказэнерго» АҚ, екіншісі – «Павлодар энерго» АҚ.