×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

LRT жобасын қытайлардың салуынан еш проблема көрмеймін – Шарлапаев

12.10.2023, 15:56
LRT жобасын қытайлардың салуынан еш проблема көрмеймін – Шарлапаев
Коллаж: ulysmedia.kz.

Астанада құрылысы бірнеше жыл бойы аяқсыз қалып, қайтадан жанданған жеңіл рельсті LRT жобасын аяқтау міндеті не себепті қытай инвесторларына жүктелді? Бұл сұрақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Таяуда бұқаралық ақпарат құралдарында LRT жобасының бас мердігері қытайлық China Railway Asia-Europe Construction Investment екені жазылған болатын. Қытай компаниясы жобаны соңына дейін аяқтап бермек. Жалпы құрылысқа 1300 адам тартылса, оның 1000-ы қытай азаматтары.

– Бұл жоба Көлік министрлігінің қарауында. Мен шетелден қанша адам келіп жұмыс істейтінін нақты қарамадым. Бірақ ең алдымен, осындай үлкен жобаларды іске асыру үшін бізге технология, серіктестеріміз керек болады. Мысалы, біз қазір полиэтилен өндіретін зауыт Атырауда экономикалық аумақта салынады. Оны салатын Қазақстанда мамандар аз. Осы жобаны іске асыру үшін шетелден кәсіпкерлерді, мамандарды шақыруға болады. Ешқандай проблеманы мен көріп тұрған жоқпын,– дейді Қанат Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, егер “біз өз экономикамызды, өнеркәсібімізді дамытамыз десек, технологиялық серіктестер бізге керек болады”.

– Сонымен, мен шетелдік мамандарды шақыруға қарсы емеспін. Бірақ біз технология трансфертін жасауымыз керек. Ең алдымен, біз шетелдіктерден технологияны аламыз. Одан кейін Қазақстан азаматтары үйренгеннен кейін сол жұмысты істейді, – дейді Шарлапаев.

Айта кетейік, LRT  жобасын жүзеге асыру 2011 жылы басталғанымен, жаңа тас жол ешқашан салынбаған. Тек баған-мұнаралар бой көтерді. Елордада әкімдер ауысқанымен, жоба үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмеді. Соған қарамастан, LRT үшін ақша бөліне берді, ол қазақстандық жемқорлықтың ескерткішіне айналды.

Жыл басында мемлекет басшысы елорданы дамыту жөніндегі жиында LRT жобасына жеке тоқталған.

«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын»,  – деді Тоқаев.

Ақпанда Астана әкімі LRT-ны келесі жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді.

Ал жуырда LRT құрылыс дирекциясының басшысы Серік Әйтімбетов Астанада LRT-ның іске қосылуы 2025 жылға шегерілгенін мәлімдеген.