×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Құзыретіміз жоқ: Жақыпова ұлттық компания басшыларының миллиондаған сыйақысын қысқарту туралы

17.10.2023, 13:47
Коллаж: Ulysmedia.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова квазимемлекеттік компания басшыларының миллиондаған теңге жалақысы мен сыйақысы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкіметтегі брифинг барысында БАҚ өкілдері ұлттық компания топ-менеджерлерінің қыруар сыйақы алатыны қоғамда дау тудырғанын атап өтіп, аталған басшылардың айлығы мен сыйақысын ең төменгі күнкөріс деңгейіне байлау туралы депутаттардың ұсынысына қатысты министрдің ойын сұрады.

Светлана Жақыпова еңбек министрлігі ведомство квазимемлекеттік сектордағы еңбекақы мәселесін реттеуге құзырлы емес екенін айтты. Оның айтуынша, бұл ұсынысты депуттар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері бірлесіп шешуі керек.

«Үкіметтің №1193 деген қаулысы бар. Азаматтық қызметкерлердің жалақысын ғана мемлекет реттейді. Яғни бұл қаулы білім саласында, денсаулық саласында және әлеуметтік саладағы қызметкерлердің жалақысын ғана реттейді. Ал квазимемлекеттік секторға министрліктің құзыреті жоқ», - деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ, Жақыпова квазимемлекеттік сектордың жалақысын реттеу мәселесі халықаралық деңгейде де жоғын атап өтті. Ол бұл мәселені нарық өзі реттеуі керек деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының топ-менеджменті 2022 жылы 406,5 млн теңге көлемінде сыйақы алғаны белгілі болған.

Бұдан бұрын қазақстандықтар еңбек министрлігінің елімізде 85 мың теңгеге (кітапханашылар айына осындай жалақы алады) өмір сүруге болады деген мәлімдемесіне шүйліккен.

Депутат Ринат Зайытов еңбек вице-министрінің сөздерін сынға алып, қазіргі бағамен есептегенде Қазақстанда ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керегін айтты.

Депутаттың бұл ұсынысына қатысты пікір білдірген Жақыпова 85 мың теңге шекті сома екенін,  яғни, жұмыс берушілер қызметкеріне осыдан төмен айлық төлемеуі тиіс екенін түсіндірді.

Бір қызығы, халыққа 85 мың теңгеге өмір сүруді ұсынған вице-министрлердің өздері 1 млн теңге жалақы алатыны анықталды.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары