Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын барынша азайту жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Олар 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен қызметкерлердің жұмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын президентке ұсынуы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымға ие болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда ешкім атқаратын қызметіне, сіңірген еңбегіне немесе тамыр-таныстығына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, заңнан аттап кете алмайды.
Президент кейінгі уақытта кейбір келісімдер мен шарттар қайта қаралғанын, оларға қол қою қате шешім болғанын айтты. Сонымен бірге биліктің кәсіпкерлерге кедергі жасау ниеті жоқ екенін, керісінше, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Тоқаев келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырма бергенін еске салды.
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ жұмысы тоқтамайды
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы қалыпты тәртіппен жалғаса беретінін мәлімдеді.
Оның пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлар мен несие берушілердің бұл институттарға деген сенімін арттырып, олардың тиімді әрі ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ президент Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді қайтарғанын айтты. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған.
Қазір 383 нысан, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер мен спорт кешендері салынып біткен. Жұмыс жалғаса береді.
Алайда Тоқаев салынған нысандардың, әсіресе жолдардың сапасын тексеруге негіз бар екенін айтты. Оның сөзінше, кей жағдайларда нысандардың сапасы талапқа сай болмайды.
Президент мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық құқықбұзушылықтары осы сектордың ең осал тұсы екенін атап өтті.
Осыған байланысты Үкімет пен бақылаушы органдарға биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын барынша азайту, квазимемлекеттік сектор компаниялары мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде ұсыныс әзірлеп, өзіне енгізуді тапсырды.
Контекст
11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отынышиевті ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми хабарлады.
Ведомство басшыларға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша күдік бар екенін мәлімдеді. Олармен бірге өзге де адамдар ұсталған.
Ulysmedia.kz дереккөздерінің мәліметінше, Жақыпов пен Отынышиев уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бұған дейін Нұрлан Жақыпов пен Елжас Орыншиевтің ұсталған сәті түсірілген фото мен видео тараған еді.