Жас инженер Санжар Тайжан Ұлыбританияның Корольдік комиссиясының мүшесі атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Ұлыбританияның Корольдік комиссиясының мүшесі болу және марапатын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Комиссияның қазіргі басшысы – Жоғары Корольдік мәртебелі Анна ханшайым. Комиссия өзінің қызметі тарихында әлемге Нобель сыйлығының 15 иегерін сыйлаған. Global Talent Visa-сына лайық болу да жоғары мәртебе”, – деп жазды ол желідегі парақшасында.
Республикалық физика-математика мектебін, Ұлыбританиядағы Кембридж колледжін, сондай-ақ машина жасау және инженерия саласындағы әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Уорик университетін тәмамдаған талантты инженердің командасы 2019 жылы Илон Маск жариялаған SpaceX Hyperloop Pod Competition байқауына қатысып, топ-50 қатысушының қатарына енген болатын.
Ал биылғы жылдың көктемінде Санжар Тайжанның командасы The Boring Company мен SpaceX компаниялары ұйымдастырған Not-A-Boring Competition байқауында үшінші орынға қол жеткізді.