×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Босқындар өзіне тиесілі жол жүру құжатын ала алмай жүр: Парламенттегі Заң жобасын шаң басты ма?

28.11.2023, 12:26
Коллаж Ulysmedia

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға қарсы жасалған қысымнан қашып, 2018-2019 жылдары шекара бұзып, Қазақстанға келген қандастар әлі күнге дейін «босқын» мәртебесімен күнелтіп жүр. Олар азаматтық алуға көмек сұрауда. Осы орайда, Халықаралық құқықтық бастама қоры басшылығы мен босқындар ҚР Мәжіліс және Сенат депутаттарына үндеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Куәліктің еш күші жоқ, шектеулер көп

Қытай коммунистік билігінің қудалауынан қорқып, атамекенге қашуға мәжбүр болған төрт қазақ – Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы, Қайша Ақан және Бағашар Мәлікұлы әлі күнге дейін өлместің күнін кешіп жүргендерін айтады.

 – Босқын куәлігі берілгенде қуанышымыз қойнымызға сыймай, өміріміз жақсара түсетініне қатты сенген едік. Ол куәлікті 2020 жылы 28-қазанда алдық. Содан бері тек ұзартумен келе жатырмыз. Куәліктің еш күші жоқ, шектеулер көп. Жай ғана бір парақ қағаз екеніне көзім жетті. Куәлікпен жұмысқа тұра алмадым, медициналық көмек те қарастырылмаған. Ең ақыры телефон нөмірін де тіркету мүмкін емес, – деді Қайша Ақан.

Босқындардың айтуынша, құзырлы орган өкілдерінің көбі босқын куәлігі туралы білмейді. Тіпті, алғаш рет көріп, «бұл не құжат, қайдан жасаттыңыздар?» деп қызыға сұрайтын көрінеді.

– Босқын куәлігін беріп, Қазақстанда тұруға рұқсат берген ел Үкіметіне алғысымды айтамын. Десе де, куәліктің заңдық күшін арттырса деген тілегім бар. Ең маңыздысы – азаматтық алуға көмек берсеңіздер, – деді Бағашар Мәлікұлы.

Құзырлы органдар «сендерге азаматтық берілмейді, себебі сотталғансыңдар» деп турасын айтқан.

 – Азаматтық берілмесе де, жол жүру құжатын берсін. Заңнан асып ештеңе сұрап жатқанымыз жоқ. «Босқындар» туралы Заңда жол жүру құжаты берілу керек екені жазылған. Оны 2021 жылы беру керек еді. Содан бері үш жыл өтті. Күн өткен сайын жағдайымыз қиындап барады, – деді Мұрагер Әлімұлы.

Заң жобасы жедел қаралсын!

Халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева «Босқындар» туралы Заң 2010 жылы күшіне енгенін айтты.

Қазақстанның «Босқындар туралы» Заңының 9-бабында босқындар «Қазақстан заңнамасына сәйкес еңбек етуге не кәсіпкерлікпен айналысуға және жол жүру құжатын алуға құқығы бар» деп анық жазылған. Былтыр сәуір айында босқын куәлігі барларға жол жүру құжатын жасауға мүмкіндік беретін заң жобасы парламентте қаралған болатын. Бірақ одан кейін еш өзгеріс орын алмады. Заң да қабылданбады. «Босқындар туралы» Заңының 7-бабында (2.2 тармағы) Ішкі істер министрлігіне жол жүру құжатын беру құзыреті берілген. Бірақ, Парламентте заң жобасы бекітілмей, құжатты бере алмайды. Босқындардың заң былай тұрсын, адами құқықтары да шектеліп жатыр. Біздің талабымыз – Заң жобасы жедел қаралсын! – деді Айна Шорманбаева.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Серіктес жаңалықтары