×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Салықтан жалтарғандар: Мобильді аударым 100-ден асса не болады

04.01.2024, 15:45
Ашық дереккөзден

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде мобильді аударымдарды бақылау басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әзірге алаңдауға негіз жоқ

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Нұржан Қуандықовтың мәліметінше, жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңіне 570 мыңнан астам адам қатысқан. Қазіргі таңда бір тоқсанда ай сайын 100-ден астам аударым алған 8122 тұлғаның жеке шоты тексеріліп жатқан көрінеді. Олардың арасында сіз бар ма екенсіз?!

Сізді, досыңызды, көршіңізді толғандырған сұрақ бар: жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына айына 100-ден астам аударым жасалса не болады?

Сондай жағдай болса және ол 3 ай қатарынан қайталанса, мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғадан салық талап етуге құқылы болады. Сәйкесінше, бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операциялар қатарына жатқызылады.

Әзірге бұл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларының шотына түскен ақшаға қатысты. Екінші кезеңде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері ілігеді. 2025 жылы үшінші кезеңде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бақыланса, 2026 жылдан бастап барлық қазақстандықтардың ақшалай аударымдары туралы мәлімет комитеттің қарауына түсетін болады. Сондықтан да, қарапайым тұрғындарға әзірге алаңдаудың еш қажеті жоқ.

Жеке тұлғалардың туыстарымен не әріптестері арасындағы ақшалай мобильді аударымдар кәсіпкерлік қызметке жатпайды, сондықтан оларға салық салынбайды.

Банктен келген деректер негізінде мемлекеттік кірістер органдары тексерудегі кәсіпкерлерге хабарлама жібереді. Жеке шоты тексерілу барысында ол расымен кәсіпкерлік мақсатта тапқан табысы болса, оған қосымша салық төлеуге міндетті болады.

Айта кетейік, бизнестік мақсаттағы төлемді қабылдау үшін кәсіпкерлердің жеке бизнес шоттары болуы керек. Сауда орындарында кассалық аппаратпен саудаласу міндеттеледі.

Егер кәсіпкер жеке шотына мобильді аударым түсіріп отырса онда айыппұл төлейді. Жеке шоттарын тексеру барысында көлеңкелі бизнес өкілдерін анықтау,  арнайы өлшемшарттар аясында тіркелмеген кәсіпкерлер, кірістерін жасырып жүрген салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік кірістер комитеті бірінші кезең бойынша жеке шоты тексеріліп жатқан адамдардың қатарында мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жатқан адамдар және жұбайлары барын айтты.

Кірістерін жасырғандар қалай жазаланады

Жоғарыда атап өткендей, кәсіпкерлер мобильді төлемдер арқылы ақша қабылдау үшін кәсіпкерлік қызметке бөлек шот ашу керек. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді.

Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін - төленбеген соманың 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда – 300 пайызға өседі. Ал чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін (198 100 теңге) айыппұл салынады.

Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгерістердің адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын баса айтты.

100 аударымнан асып кеткен жағдайда кәсіпкерлердің жеке шоты бұғаттала ма

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы қайырымдылықпен де айналысып жатқан азаматтар бар. Олар көбінесе жеке шоттарын пайдаланып жатады. Себебі бұл шара кәсіпкерлік бағыттағы жұмысқа жатпайды. Дегенмен олардың шоттарына 100-ден аса аударым түсетіні белгілі. Бұл жағдай қалай ескерілетіні жөнінде БАҚ-қа берген сұхбатында Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Ерқанат Шыңберген түсіндіріп берді.

Төлемдердің мақсаты мен себебін анықтау бойынша тексеру жүргіземіз. Камералық бақылау аясында хабарлама жолданғаннан кейін салық төлеуші хабарламаға түсіндірме бере алады. Ол түсіндірме аясында осындай жағдайлармен төлемдерді қабылдадық деп айтса, біз әрине оны кіріс ретінде қабылдамаймыз. Негізінде Салық кодексінде бұл кіріске жатады. Дегенмен корректировка деген нәрсе бар. Ондай кірістерге салық салынбайды. Ол декларацияда көрсетілген. Бірақ ол кірістерге салық төлемейді. Сол себептен мұндай жағдайларды біз ескереміз, - деді ол.

Маманның сөзінше, қайырымдылық көмек ретінде қабылданғаны туралы растайтын құжаттар болған жағдайда ғана ескеріледі.

Салық комитетінің өкілі Айнұр Сартаева егер жеке тұлғаның шотына 100-ден астам аударым жасалса және ол үш ай бойы қайталанса, онда ол адамның шоты бірден бұғатталмайтынын айтты.  

Бірден ешкімнің шоты бұғатталмайды. Алдымен тиісті талдау жұмыстары жүргізіледі. Егер азамат кәсіпкерлік мақсатта алды деген күдік туындаса, онда ол азаматқа хабарлама жіберіледі. Осы хабарламаны алғаннан кейін ол  мобильді аударымдарды қандай мақсатта алғаны жөнінде түсіндірме беруі керек. Егер де азамат тиісті бақылауға қатысты жауап бермесе немесе салық төлеуге міндетті болып, салығын төлемесе, әрі қарай мемлекеттік кірістер органының заңды талабын орындамағаны үшін тиісті әкімшілік шаралар жүргізіледі. Оның ішінде жеке шоттың бұғатталуы да мүмкін. Бірақ азаматтар салық органынан хабарламалар келгеннен кейін оған міндетті түрде жауап береді, - деді Салық комитетінің өкілі.

Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып жатқан адамдар бар. Мысалы, курьерлер мен такси жүргізушілері. Олар арнайы платформаның көмегімен жұмыс істейтіні белгілі. Бүгінде мемлекеттік кірістер комитеті өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін платформалармен келісімге келгендерін айтты.

Серіктес жаңалықтары