×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Журналистер жапа шеккен жыл. Қазақстанда баспасөз еркіндігі кімге қолайсыз?

08.01.2024, 09:48
Коллаж Ulysmedia

Елдегі елеулі оқиғадан хабар таратып, күрделі мәселеде қоғам көзін ашуға жұмыс істейтін журналистердің өзі жапа шексе, бұл – елдің дамуына қалай әсер етпек? Азаттық радиосы 2023 жылы тілшілер жасалған шабуылдарды шолып, сарапшылардың биылғы жылға болжамын ұсынды, деп жазады Ulysmedia.kz.

Шабуыл толастамаған қыс

2023 жылдың қаңтар және ақпан айларында қазақстандық медиа өкілдеріне бірнеше шабуыл қатар жасалды: Elmedia YouTube-арнасының кеңсесіндегі есікті сындырып кетті, журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберді, одан кейін біраз уақыт өткен соң оның ұлына шабуыл жасады, UlysMedia сайтын бұзып, интернетте сайттың бас редакторы Самал Ыбыраева мен оның отбасы мүшелерінің жеке деректерін таратып жіберді, журналист, "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейконың пәтерінің есігін монтаж көбігімен бітеп тастады және Борейкомен бірге жұмыс істеген видеооператор Роман Егоровтың екі көлігін бірдей өртеп жіберді.

Наурызда Аркадий Клебанов есімді біреудің қолға түскені анықталды. Сот оны қазақстандық БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырғаны үшін айыпты деп таныды. Тергеу нұсқасы бойынша, Клебанов журналистерді қорқыту үшін хакерлер тобын және бірнеше адам жалдаған-мыс. "Журналистік қызметке кедергі келтіруден" бөлек, оған "Қорқыту", "Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу", "Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" және "Бұзақылық" баптары бойынша айыптар тағылды.

Сот Клебановты ақыл-есінен адасқан деп танып, психиатриялық стационарға күштеп емдеуге жөнелтті. Айтқандай, Аркадий Клебанов – қазақстандық олигарх Александр Клебановтың немере інісі.

Қаскөйлерден зардап шеккен журналистердің бірі Динара Егеубаеваның пікірі сот үкіміне қайшы: ол журналистерге билік өкілдері шабуыл ұйымдастырды деп есептейді.

– Соттан кейін және бұл тапсырысты орындаушылармен сөйлескен соң түсінгенім, маған қоқан-лоққы жасағандарына Қаңтар оқиғалары туралы хабар таратқаным себеп болған, – дейді Егеубаева. – Басымнан өткен оқиғалардың себебін бірден түсіндім де, өз пікірімді ашық айттым әрі сол пікірден айныған жоқпын. Көлікті өртегені үшін ұсталғандарға сот шығарған үкім ол ойымды растай түсті. Бұл оқиғаның кәсіби қызметіме тікелей қатысы барына о бастан күмәнданбағанмын. Көлікті өртеу – қорқыту әрекеті, өйткені маған қысым 2022 жылы қыркүйекте, Украинадан оралған бойда басталған. Алдымен ақпараттық шабуылдар болды, интернетте мені кемсітетін әртүрлі әңгімелер тарады, ал 2022 жылы қарашада, тұп-тура президенттік сайлаудың алдында көлігімнің есігін бітеп, алдыңғы терезесіне терезе сүрткішін жабыстырып, дөңгелегін жарып кетті. Одан соң "көлігіңде мина бар" деген аноним қоңырау түсті.

Егеубаеваның айтуынша, мұндай қоқан-лоққылар оның пікіріне және журналистік қызметіне теріс ықпал ете алмаған, алайда 2023 жылы қазақстандық журналистикада болған оқиғаларға қарап ол енді журналистерге мүлде басқа қырынан қысым жасала бастайды, ол үшін бірінші кезекте заңдамаға өзгерістер енгізеді деп есептейді.

"Жалған ақпарат таратуға қатысты онлайн-платформалар туралы заң мен масс-медиа туралы заңнан бастайды", – дейді журналист.

Масс-медиа туралы заң және басқа да келеңсіздіктер

2023 жылы қазақстандық медиақауымдастық өкілдерінің басынан өткен келеңсіз оқиғалар тізімінде Марина Низовкинаның Оны Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ермахан Әбдіраманов жалған жала жапты деп айыптады. "Қаржылық экстремизм" бабы бойынша күдікті деп танылып, әлі күнге қамауда отырған Думан Мұхаметкәрімнің ісі – бір төбе. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов қорғаушысын қудалау кәсіби қызметімен тікелей байланысты деп есептейді. Журналист Әйгерім Тілеужанға да "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша айып тағып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Осы оқиғалардың бәрі "Шекара білмейтін тілшілер" ұйымының сөз бостандығы рейтингінде Қазақстанды бірден 12 позиция төмендетіп, еліміз 122-ші орыннан 134-ші орынға бір-ақ түсті. Жалпы медиа сарапшыларының пікірінше, елдің рейтингтерде төмендей түсуі мұнымен тоқтамайды және құлдырауға қазір талқыланып жатқан, мемлекеттің медиа саласын бақылауда ұстауды күшейтуі, сөз бостандығына кері әсер етуі ықтимал "Масс-медиа" туралы заң жобасы барынша көмектесуі мүмкін.

2023-те жаңа заңды қабылдаудың маңызы мен оның сөз бостандығына ықпалы жыл бойы талқыланды. Заң жобасын әзірлеу барысында жиырмадан астам отырыс өтті. Оған министрлік өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдар, медиа сарапшылар қатысып, 200-ден астам толықтыру енгізілді, бірақ соған қарамастан жоба әлі де тартысқа толы, жанға бататын мәселе болып қалып отыр.

Әсіресе, ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау істері бойынша талап қою мерзімінің шектелмеуі, сарапшылардың пікірінше, кәсіби алалауға жол беретін журналистерге арналған баспасөз карталарын енгізу, сондай-ақ "ерекше жағдайларда", яғни төтенше жағдайлар, соғыс қимылдары және техногендік немесе әлеуметтік сипаттағы режим кезінде мәтіндерді шенеуніктермен келісуді талап ету сияқты тармақтар күшті наразылық тудырды.

– Тоқаев бізге сөз бостандығына, журналистердің құқығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін жаңа БАҚ туралы заң керек деді. Бірақ қазіргісі біз қалаған заң емес, – дейді "Құқықтық медиаорталық" директоры Диана Өкремова. – Біз халықаралық тәжірибелерді ескерген, еуропалық стандарттарға сай жаңа, озық мәтін, яғни журналистердің кәсіби құқықтарына кепілдік беретін, қорғайтын жоба болса дедік. Бірақ соңында мәтінінің үштен-екісі министрліктің қызметі мен өкілеттігін ғана алға тартатын, ескі заңдардан тұратын қойыртпақ бірдеңе алдық: журналистерге мынаны істеуге тыйым салынған, мынаны істесе жазаға тартылады дейді де, қауіпсіздік кепілдігі туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Құдды мемлекеттің сөз бостандығын қолдайтын, Қазақстанның медианарығын күшейтетін ойы жоқ сияқты.

Сарапшының айтуынша биліктің жеке БАҚ-тарға жарияланымдар үшін ақша төлейтін мемлекеттік қаржыландыру жүйесін енгізуі де бұл сөздеріне дәлел. "Бұл ең ыңғайлы, қинамай қысым көрсетудің кең тараған әдісі, өйткені сенде үнемі ақшасын төлеп отырған бұқаралық ақпарат құралы бар, бұл – сол БАҚ-тар саған адалдық танытатынының кепілі", – дейді Өкремова.

– Соңғы айларда біз журналистердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін қандай да бір нормаларды енгізу үшін депутаттармен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз, – деп жалғады сөзін Диана Өкремова. – Бізде "Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау" деген бап бар. Бірақ ол жұмыс істемейді, өйткені журналистерге қарсы жасалған заңбұзу әрекеттері қылмыстық іс қозғауға дейін жетпейді. Мысалы, журналисті бір жерге кіргізбесе немесе дене жарақатын салмай итеріп жіберсе, мұның бәрі қылмыстық іс қозғауға татымайтын ұсақ әрекет саналады. Сондықтан мұндай әрекеттерге қатысты әкімшілік жауапкершілік белгілеу керек, біз қазір журналистердің заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін әкімшілік кодекске норма енгізуді талап етіп жатырмыз. Сонда шенеуніктер журналистердің жұмыс істеуіне кедергі жасауға тырысқаны үшін жауапкершілік арқалайтын болады.

DDos-шабуылдар мен басқа да әдістер

2023 жылы желтоқсанда ProTenge, Kursiv.Media және КазТАГ сияқты бірқатар қазақстандық медиаресурс ауқымды хакерлік шабуылға тап болды. Аталған медианың сайттарына ғана емес, әлеуметтік желідегі парақшаларына да шабуыл жасалды. Мәселен, Kursiv.Media-ның Telegram-арнасына аз уақытта 90 мыңға жуық бот жазылған. Ал қаржы туралы ақпарат тарататын, тек қана әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейтін ProTenge-нің Instagram-аккаунты біраз уақытқа бұғатталып қалды.

ProTenge жобасының авторы Жәмила Маричева Азаттықпен әңгіме барысында редакциясы медиаға шабуыл жасауға нақты "қандай контент" себеп болғанын әлі де анықтай алмай жатқанын айтты.

 

– 2023 жылдың басында ботофермалар ма, әлде шын сенетін адамдар ма, әйтеуір біреулер бұл шабуылдарды журналистердің өзі ұйымдастырды деген теорияны қайта-қайта тықпалап бақты, – дейді Жәмила Маричева. – Уақыт өте келе біз олардың ойдан шығарылмағанын, артында нақты адамдар, орындаушылар мен хакерлер тұрғанын білдік. Иә, басты тапсырыс берушінің кім екенін, Аркадий Клебановтың артында кім тұрғанын білмейтін шығармыз, бірақ оны журналистердің өзі ойлап таппағанына сенімдіміз: ешкім өз есігіне өзі көбік құймайды, өз подъезіне өзі туралы балағат сөз жазбайды, өз аккаунтын өзі бұзбайды және өзіне-өзі DDoS-шабуыл жасамайды. Ал жыл соңында не көрдік? БАҚ-қа жүйелі жаппай шабуылды. Қазір біз қандай контенттік бірлік кімнің шамына тиіп, шабуыл жасауға себеп болды деп ойланып жүрміз.

2023 жылы Азаттық сайттары да веб-парақшалардың жұмысын баяулататын технология – троттлингке тап болды. Оны сарапшылар интернет-цензураның бір формасы деп атады. Әлем елдеріндегі интернет-цензураны қадағалайтын Оpen Observatory of Network Interference үкіметтік емес ұйымының зерттеуі Азаттықтың сайттары бұғатталғанын немесе провайдерлер деңгейінде парақшалардың жүктелуі айтарлықтай баяулағанын көрсетті.

Алдыңғы жылдары да журналистерге жасалған көптеген физикалық шабуыл зерттелмей қалды, ал кінәлілер сол күйі жазасын алмады. Мысалы, 2019 жылдың жазында Алматыда өткен адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның баспасөз конференциясында бір топ ашулы әйел журналистерге тап беріп, қол жұмсап, техниканы бүлдіріп, іс-шараның шырқын бұзды. Азаттық кейбіреуінің кім екенін анықтағанымен, полицейлер шабуылдаушыларды әлі "таба алмай жатыр".

ProTenge авторы Жәмила Маричева тәуелсіз журналист болу күннен-күнге қиындап бара жатыр дейді. "Журналистерге шабуыл жиілеп кеткенін байқап жүрміз, сөз бостандығының халықаралық рейтингіндегі позициямыздан айырылып қалдық, мұндай тренд бізді алаңдатпай қоймайтыны анық", – дейді журналист.

– Біз 2023 жылдың басында болған журналистерге шабуылдың артында кімдер тұрғанын да анықтай алмадық, жыл соңында DDoS-шабуылдар жасаған кім екенін де әзірге білмейміз. Қолымызда мәлімет болмаған соң келесі жылы журналистикадағы мақсатымызды жүзеге асыра аламыз ба, цифрлық және физикалық шабуылдарға алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіндік бола ма, ол жағын болжай алмаймыз, – дейді Маричева. – Былтыр жұмысымызға шектеу қоймадық, іштей өзімізді тежемедік, цензураға жол бермедік, бірақ қатты күйзелдік. Мұндай мәселелерге алаңдамай тұра алмайсың.

Серіктес жаңалықтары