×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бермесе де, бай жақсы... Немесе миллиардерлер қанша салық төлейді

10.01.2024, 11:55
Бермесе де, бай жақсы... Немесе миллиардерлер қанша салық төлейді
Коллаж Ulysmedia

Үкімет Қазақстанның олигархтары мемлекеттік бюджетке қанша салық төлейтінінін қашан жариялайды? Ол күнді құр босқа күтіп, қол қусырып отырғанша, өзіміз де әрекет етіп көрейік. Ulysmedia.kz Қазақстанның ең бай азаматтарының бюджетке төлеген салықтары жайлы зерттеу материалын дайындады.  Әрине, тәуелсіз зерттеу жүргізу оңай болмайды, әсіресе алпауыттардың бірі Машкевич – Израильдің, Шодиев – Бельгияның, Ломтадзе Грузияның азаматы болғандықтан, миллиардерлердің салық төлеген-төлемегенін, төлесе, қанша төлегенін тайға таңба басқандай  анықтау мүмкін болмады. Десек те, бұл тәуелсіз зерттеу болғандықтан, ол шындықты көрсетеді. 

«МЫС»-тан тапқан табыстар

Әлемнің ең бай адамдарының байлығын күнбе-күн бақылап отыратын америкалық Forbes журналының мәліметі бойынша, 4,6 миллиард доллары бар Владимир Ким Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде өзінің бірінші орындағы позициясынан айырылды. Ким анау-мынау емес, екі бірдей ірі мыс компаниясын басқарады, олар KAZ Minerals Ltd акцияларының 63,5% және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС кіретін «Kazakhmys Copper» АҚ 70% акциясына ие. 

2022 жылы KAZ Minerals 138,96 миллиард теңге салық төледі, бірақ компания таза табысын жасырып қалған сияқты. Өйткені осы кезеңдегі таза пайда одан да көп, яғни 341,83 миллиард теңге. Компания бұған мыс өндіру көлемін арттыру мен металл бағасын 1,63 триллион теңгеге қымбат сату арқылы қол жеткізді (2021 жылғыға қарағанда +45%). 

Кимнің қалтасына 217,06 млрд теңге түскен.  Қазақстанда жеке тұлғалар табыс тапқан кезде оның 10 пайызын жеке табыс салығы (ЖТС) ретінде төлеуі тиіс. Алайда 2025 жылға қарай салықтық кодекс өзгереді, сол кезде ол 10 пайыз мөлшерінде емес, прогрессивті шкала бойынша есептеледі. Яғни, көбірек табыс тапсаң, көбірек төлейсің деген сөз. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. 

Үкіметтің ұсыныстарын парламент депутаттары мақұлдаса, жылдық табысы 40 миллион теңгеден асатын қазақстандықтар жеке табыс салығын 10 пайыздан жоғары мөлшерлеме бойынша төлейді (оның мөлшері әлі талқыланып жатыр). Бәлкім, бұл қазақстандық олигархтардың салық мөлшерлемесі көтерілгенге дейін өз компанияларының табысын дивидендтер арқылы төлеуді жөн санайтынына немесе ақша алудың басқа жолдарын іздеуіне әкелуі мүмкін. 

Бірақ Кимнің тағы бір компаниясы – «Қазақмыс» корпорациясы 1,35 триллион теңге кіріс пен 18,4 миллиард теңге пайдадан 109,27 миллиард теңге салық төлеген (2021 жылы – 185,28 миллиард теңге). Салықтың негізгі бөлігі– 74,69 млрд теңге корпоративтік табыс салығы (КТС немесе КПН) болды (2021 жылы – 77,63 млрд теңге). Бұдан Кимнің үлесі 12,88 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар Ким «RBK Bank» АҚ-ның 89,71%-ына ие. Банк 37,07 млрд теңге пайда тапқан, оның 5,48 млрд теңгесін корпоративтік табыс салығы ретінде төлеген. Кимге 33,26 млрд теңге пайда түскен. Мұндай кірісті көре тұра американдық сарапшылардың Кимнің капиталын оның компаниялары мен банкінің пайдасын ескере отырып қайта есептемегені таңқаларлық. Айтпақшы, Bloomberg, керісінше, Кимді Қазақстандағы бай адамдардың тізімінде бірінші орынға қойып, оның табысы 7,14 миллиард долларға жеткенін жазған, бұл бір жыл ішінде Кимнің байлығы 1,6 есе өскенін білдіреді.

Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның әрқайсысында қазір 4,7 миллиард доллар немесе екеуін қосқанда 9,4 миллиард долларға тең байлық (бір жыл бұрын әрқайсысында 4,3 миллиард немесе екеуін қосқанда 8,6 миллиард доллар) бар. Ерлі-зайыптылар ALMEX Holding Group АҚ-ның 100 пайыз акциясына ие (әрқайсысында 50%). Өз кезегінде «ALMEX» «Қазақстан Халық Банкі» АҚ ірі акционері (69,52%). Халық банкі 2022 жылы 539,11 млрд теңге табыс тапқан (2021 жылы 460,92 млрд теңге), оның 93,97 млрд теңгесін табыс салығын төлеуге жұмсаған. Бұдан ерлі-зайыпты бизнесмендерге 374,79 млрд теңге түскен. Айтпақшы, ALMEX холдинг тобының өзі, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылы небәрі 2,5 миллиард теңге салық төлеген. 

«Халық» пен «Кипрос»

Сонымен қатар Қазақстан Халық банкі Altyn Bank-тің 40% үлесіне ие, банктің 50,1% China Citic Bank Corporation Ltd.-ға, ал 9,9% China Shuangwei Investment Co. Ltd.-қа тиесілі. Altyn Bank 2022 жылы 24,27 миллиард теңге табыс тауып, 2,59 миллиард теңге салық төлеген. Табыстың 9,71 млрд теңгесі Қазақстан Халық банкінің үлесіне тиді. 

Құлыбаев компанияларының арасында «Кипрос» ЖШС бар, ол өз кезегінде басқа да бірқатар компанияны біріктіреді. Бұл компания 2022 жылы 1,49 млрд теңге салық төлеген. Құлыбаев басқаратын тағы бір «Joint Technologies» ЖШС-нен түскен салық түсімдері, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2021 жылғы 380,55 миллион теңгемен салыстырғанда 2022 жылы 168,13 миллион теңгеге аз түскен. Бұл компанияның басқа да бірқатар кәсіпорындарда акциялары бар. Оның ішінде «Қамқор Менеджмент» ЖШС, «ПетроРетайл» ЖШС (жаңа QazaqOil брендімен бұрынғы «ҚазМұнайГаз» ЖҚС желісі), «SilkwayTransit» ЖШС, «PTC Holding» ЖШС, «Petrolex Group» ЖШС тағы да басқа. 

Сондай-ақ бірінші президенттің күйеу баласы Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент және Дубайдағы жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрге жуық коммерциялық жылжымайтын мүлікті басқаратын «Mercury Properties» ЖШС-нің үлесіне ие. Компания 2022 жылы 195,85 млн теңге салық төлеген. 

Құлыбаев компаниялары қожайынына жақсы дивиденд әкеледі. Мысал ретінде Joint Resources арқылы басқарылатын «Каспий Нефть» АҚ айтуға болады. 

Мұнай компаниясы 2022 жылдың тамызында 2019 жылдың екінші жартысы, 2020-2021 және 2022 жылдың бірінші тоқсаны үшін 95,61 миллиард теңге, ал сол жылдың қазан айында осы кезеңде тағы 10,9 миллиард теңге төлеген. 2022 жылдың қараша айында «Каспий мұнай» ЖШС 2022 жылдың тоғыз айында 35,6 миллиард теңге дивиденд төледі, ал 2023 жылдың тамызында жалпы 2022 жылға және 2023 жылдың бірінші тоқсанына тағы 11 миллиард теңге дивиденд төлейтінін мәлімдеді. Яғни, 2022 жылдың өзінде компания Құлыбаевқа бірнеше рет дивиденд төлеген, жалпы сома 153,11 миллиард теңгеге немесе 330 миллион долларға тең. 

Kaspi

Төртінші орында 4,4 миллиард доллармен Kaspi.kz-тің тең иесі Вячеслав Ким тұр. Оның былтырғы табысы 3,6 миллиард доллар болған.  Kaspi.kz 2022 жылы 588,84 миллиард теңге табыс тапқан, оның 131,73 миллиард теңгесін табыс салығы ретінде бюджетке төлеген. Вячеслав Кимнің қалтасына дивидент ретінде 137,97 миллиард теңге түске, яғни мемлекетке төлеген салықтан көп.

«Переселен»Турлов

Кимнен кейін 3,5 миллиард доллар капиталымен Ресейден Қазақстанға қоныс аударған Тимур Турлов келеді, бұрын оның байлығы 3,1 миллиард доллар болған. Турлов өзінің басқаруындағы АҚШ-та тіркелген Freedom Holding корпорациясының 70,96% акциясына ие. Компания 2022 жылдың алты айында 86,28 миллион доллар табыс тапты, 21,49 миллион доллар табыс салығын төледі. Турловтың үлесі 61,23 миллион доллар болды.

Өзге елдің «Сұлтандары»

Одан кейінгі орындарда «Еуразиялық үштіктегі» жалғыз қазақстандық, марқұм Әлижан Ибрагимовтің мұрагерлері келеді. Оның жұбайы Мұқадасхан Ибрагимова және төрт ұлы (Достан, Даврон, Шухрат және Фурхат) Eurasian Resources Group-тың 20,7% (израильдік Александр Машкевич 20,7%, бельгиялық Патох Шодиев - 18,6%, ҚР Қаржы министрлігі - 40%) иелері. 

 Сондай-ақ Ибрагимовтар отбасы «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіптік компания» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компания» АҚ-ның 33 пайызына иелік етеді.

Құрамына «Еуразиялық банк» және сақтандыру, т.б. компаниялар кіретін «Еуразиялық қаржы компаниясы» ғана 2022 жылы 114,38 миллиард теңге пайда тауып, 27,97 миллиард теңге табыс салығын төлеген. 

Өндіріс кәсіпорындары бұдан да қомақты жетістіктермен мақтана алады. Мәселен, «Қазхром» трансұлттық корпорациясы» АҚ 485,42 миллиард теңге  табыс тауып, 103,42 миллиард теңге табыс салығын төлеген. 

Тағы бір ірі кәсіпорын «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ 163,08 млрд теңге табыс тауып, мемлекетке 44,45 млрд теңге салық төлеген. «Қазақстан алюминийі» АҚ 57,17 млрд теңге табысының 1,17 млрд теңгесін табыс салығы ретінде Қазақстан бюджетіне төлеген. «Еуро-Азия энергетикалық корпорациясы» АҚ 86,63 млрд теңге табыс тауып, 21,5 млрд теңге салық төлеген. 

Бірақ Қазақстандағы ең танымал Шұбаркөл көмірін өндіретін «Шұбаркөл Көмір» АҚ 9,36 миллиард теңге табыс салығын төлеп, небәрі 7,49 миллиард теңге пайда алған. Бір қызығы, осыған  қарамастан, Ибрагимовтардың ешқайсысы долларлық миллиардерлердің соңғы тізімінде жоқ, дегенмен былтыр бұл отбасыға 1,32 миллиард доллар аударылған. 

Сәрсеновтердің отбасылық кәсіпорны

Былтыр капиталы 950 миллион долларды құраған Сәрсеновтер отбасы да қазақстандық долларлық миллиардерлер тізімінде жоқ. Эльдар Сәрсенов Нұрбанктің 87,87% акциясына ие.«Нұрбанк» АҚ 2022 жылы 5,66 млрд теңге пайда тауып, 2,59 млрд теңге корпоративтік табыс салығын төледі. Сонымен қатар Эльдар Сәрсенов «Виктория» сақтандыру компаниясының негізгі акционері. Оның компаниясы 8,44 млрд теңге пайда тауып, 1,07 млрд теңге табыс салығын төлеген. 

Алтын өндіруші Altynex компаниясы (жалғыз иесі – Абай Сәрсенов) 2022 жылы  10,83 миллиард теңге пайда тауып, корпоративтік табыс салығы ретінде 2,82 миллиард теңге төлеген. 

Біреудің қалтасын қарау, ақшасын санау, әрине, дұрыс емес. Алайда Ulysmedia.kz сайты қазақстандық бизнес алпауыттардың бюджетке төлеген салықтары жайлы әлі де зерттей бермек. Оған бір ғана себеп бар. Ол – әділдік. Өйткені біреулер байыған үстіне байи береді, ал үкімет жол салатын ақша жоқ, білім мен медицинаны дамытуға көк тиын таппай отырмыз деп аузын қу шөппен сүртеді. Міне, мұның артында олигархтардың бюджетке салықты толық немесе мүлдем төлемеуі тұр.