×
450.61
488.91
4.97
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
450.61
488.91
4.97

Өзім дегендер өзектен тепсе: Нұрқаділов 19 жылдан кейін неліктен қаһарманға айналды

15.01.2024, 19:24
Коллаж Ulysmedia

Жексенбі күні Алматыдағы мейрамханалардың бірінде 18 жыл бұрын қайтыс болған Заманбек Нұрқаділовтың 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Белгілі саяси және қоғам қайраткерінің құрметіне оның туған жерінде – Алматы облысының Кеген ауылында ескерткіш қойылады. Сонымен қатар Алматыдағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылады. Нұрқаділовті саяси режимнің құрбаны деуге бола ма, марқұм көзі тірісінде қандай азамат болды, бұл жағын Ulysmedia.kz баяндайды.

Жоғары жақтың жарылқауы

Биліктің  бұрын жабулы саналған тақырыпқа кенеттен назар аударуы нені білдіреді? Құдайы аста Қ.Тоқаевтың хатын оның баспасөз хатшысы Берік Уәли оқығаны мәселенің маңызын арттырғанда сөзсіз, сондай-ақ Нұрқаділовтің отбасына дәл осындай мәндегі хатты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та жолдапты. Осылайша, саясаткердің мәртебесі ерекше аталып өткенге ұқсайды. Ол бұған дейін "жабық" тақырып болған. 

Екеуі дос еді…

Заманбек Нұрқаділов 1944 жылы Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келген. ҚазПТИ-ді (политехникалық институт) инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Кеңес өкіметі тұсында еңбекке араласып, құрылыс бригадирінен Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысына дейін өскен. Алматы қалалық кеңесінің төрағасы, Алматы қаласының әкімі, Мәжіліс депутаты болды, Алматы облысы мен төтенше жағдайлар агенттігін басқарған.
Заманбек Нұрқаділов Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңадан құрылған жас мемлекеттегі беделді саясаткерлердің бірі болды. Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы, бүгінгі тілмен айтқанда, қала әкімі болды.

Алғашында Нұрқаділовтың мансабы бірыңғай өсіп келе жатты. Бірақ 1990 жылдардың ортасында жоғары жақтың көзқарасы өзгеріп,  Заманбек Қалабайұлы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы мінез көрсете бастады. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрқаділов Нұрсұлтан Назарбаевтың үзеңгілес жолдастарының, сенімді серіктерінің бірі болды, ол Назарбаевқа сол кездегі ықпалды Парламент - Жоғарғы Кеңесті қолына алуына және билігін нығайтуға көмектесті.

Келіспеушілік неден басталды?

Ол кезде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Сергей Терещенко еді, оның Заманбек Нұрқаділовпен қарым-қатынасы, жұмсартып айтқанда, шиеленіскен жағдайда болды. Атап айтқанда, 1994 жылы Өзбекстанның Алматыға газ беруді тоқтатқаны, Терещенконың көршілерге келіссөздер жүргізуге батылы жетпегені белгілі. Мұндайда білікті менеджер не істеуі керек? Қол қусырып отыра берсе, өзі басқаратын қалаға газ келмесі анық. Билік иерархиясындағы сақталуы тиіс қарым-қатынас тәртібін бұзуға мәжбүр болған Нұрқаділов Ташкентке ұшып барып, өзбек ағайындармен келісімге келіп, Қазақстанның сол кездегі астанасына «көгілдір отын» қайтадан жеткізіле бастайды. Қол астындағы қызметкерінің жетістігіне қуана алмай, іші күйген Сергей Терещенко бірден Назарбаевқа шағымданады. Ал Назарбаев премьер-министрді жақтап шыға келеді. Онысымен қоймай, әркім өзінің орнын білуі керек деп ұрсады.

Осыдан кейін, 1994 жылы маусымда Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. Дегенмен бұған одан да маңызды себеп болуы мүмкін. Мысалы, Нұрқаділов астананы Ақмолаға көшіруге қарсы шыққандардың бірі. Бұл туралы ол өзінің айналасындағыларға бір емес, бірнеше рет айтқан. 

Оппозицияның «былғары күртесі»

Алматы әкімі қызметінен кеткеннен кейін бір жарым жыл өткен соң, 1995 жылы желтоқсанда Нұрқаділов бірінші шақырылымдағы Мәжіліс сайлауына өзін ұсынып, депутат болып, үкімет пен жалпы билеуші режимді сынай бастады. Айта кету керек, бірінші шақырылымдағы Мәжіліс салыстырмалы түрде еркін болды және жалпы отырыстарда Назарбаевтың президент ретіндегі қызметіне қатысты мәселелер көтерілетін. Әрине, бұл билікке ұнай қойған жоқ және бірінші шақырылымның ғұмырының қысқа болуына себеп болды. 

Осы аралықта парламент Ақмолаға көшетін болып, бұған әу баста қарсы болған Нұрқаділов көшуден бас тартып, депутаттық мандатынан  автоматты түрде айырылды.

1996 жылы желтоқсанда Заманбек Нұрқаділов Алматыда оппозиция митингісінде сөз сөйлеп, бір айдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғашқы ашық хатын жариялады. Алғашқы ашық хатта Нұрқаділов барынша ұстамдылық танытқан. Бірақ кейбір жерлерінде «сен» деп тұрып, өзінің үзеңгілес серігін сынның астына алды. Оның жұмысын ашық сынап, халқытың наразылығын жеткізді.

Сол кездер жайлы журналист Светлана Тараканова былайша еске алады:

- Оның үстінде былғары күртесі болды... 1997 жылы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші жанындағы митинг әлі есімде. Нұрқаділов нағыз оппозиционер секілді жанындағы серіктерімен алаңды айналып жүрді. Ауыздарын орамалмен жауып, митинг өткізуге тыйым салған билікке наразылықтарын осылайша жеткізіп еді. Өкінішке қарай, ол кезде смартфондар жоқ, суретке түсіріп алғанда болатын еді.

Журналист әріптестерім кейде: «Егер Нұрқаділов тірі болса, қай жерде жүретін еді, биліктің шенеунігі ме, әлде Назарбаев режиміне қарсы халықтық тұлға болып қала ма деп», әңгіме етіп қоямыз. 

Назарбаев Нұрқаділовтің шамына қалай, не істеп тиді? Бұл жағы бізге беймәлім. Оппозициялық баррикадаға итермелеген оның Назарбаевқа деген реніші болған сияқты. Зәкең өзіне тиіспейтініне, одан именетініне сенімді еді. Неге? Ол Назарбаевтың бүкіл іс-әрекетін білетін. Компроматтар құтқарады деп сенген сияқты. Бірақ оның қайтыс болғанына қанша жыл өтсе де, компромат жинақталған кейс әлі табылған жоқ. Айтпақшы, Нұрқаділов Алматы облысындағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жинаған алтын толы бар тағы бір чемодан жұмбақ күйінде қалды.

«Мен облысқа бармаймын!»

Назарбаевқа ашық хат жарияланғаннан кейін көпшілік Алматының экс-әкімінің болашағы қалай болар екен деп ойға батты. Көп ұзамай оған Алматы облысын (сол кезде Талдықорған облысы қосылған) басқару туралы ұсыныс түсті. Екі саясаткердің арасында оңаша кездесу болды ма, болмады ма, белгісіз, алайда мұндай лауазымдарға тағайындалар кезде кандидат президент қабылдауында болып, алдағы жұмыстың бағыт-бағдары айқындалатын және Президент саясатына қолдау жағы айтылатын. 

Алматы облысының әкімдігі Талдықорған облыс орталығына айналғанға дейін ғана өмір сүрді, ал Нұрқаділов Ақмолаға көшпей қалғаны секілді, ол жаққа да көшуден бас тартып, 2001 жылы облыс әкімі қызметінен кетті.   

Сұхбаттарының бірінде Нұрқаділов өз шешімін былай түсіндірді:

– Бұл, біріншіден, менің өтінішім еді. Талдықорғанға барғым келмеді, өйткені Мақпал (Мақпал Жүнісова, З. Нұрқаділовтың екінші әйелі – Авт.) екеуміз сәбилі болған жылдар еді. Отбасы не жұмыс, осы екеуінің бірін таңдау керек болғанда, мен отбасымды таңдадым. Алматыдан кете алмадым. 

Суыған көңіл

Мұны тағдыр сыйы дейміз бе, әлде Назарбаевтың кеңшілігі дейміз бе, әйтеуір Нұрқаділовтің осы жолы да «жолы болды». Ол ғимараты Алматы қаласында орналасқан Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.

Бірнеше жылдан кейін, нақтырақ айтсақ, 2000 жылдардың ортасына қарай Заманбек Нұрқаділов Назарбаевқа тағы қарсы шықты. Ол 2004 жылы мемлекеттік қызметте жүріп, баспасөз мәслихатын өткізіп, Назарбаевты қатты сынады. Нұрқаділов өзін әлі күнге кінәлі сезінетінін айтты.  Өйткені ол 1994 жылы, Назарбаевтың үзеңгілесі ретінде, өзіне қараған Алматының аудандық кеңестеріне ықпал еткенін мойындады. Нұрқаділовтің ықпал етуімен, алдымен, аудандық кеңестер өз-өзін таратып жіберді, бұл саяси шешім Жоғарғы Кеңеске де әсер етіп, олар да өз-өзін таратты. Мұның соңы Назарбаевқа пайдаға шықты. Яғни, бұрын құрыққа көнбей жүрген Жоғарғы кеңес депутаттары мандатынан айрылды. 

Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты болған Виталий Вороновтан Нұрқаділов туралы «ол өз заманының батыры ма?» деп пікірін сұраған едік: 

- Мен бұл туралы ойламадым. Оны ерекше, қайталанбас тұлға деп атар едім, бірақ оның іс-әрекетін «ерлік» деуге күмәнім бар. Лермонтовтың Печорин атты кейіпкері бар, мен Заманбек Қалабайұлын соған ұқсатамын. Қарама-қайшылықты тұлға. Расында Қазақстанның тәуелсіздік алған кезден бергі тарихында Заманбек Қалабайұлы сияқты адамдар көп болған жоқ», - деп түсіндірді Виталий Иванович.

Әйтсе де Назарбаевқа тағылған айыптардың көбісі әлі күнге жоққа шығарылған жоқ. 

– Сол кезде мен жасап жатқан әрекетімнің дұрыстығына сендім: бұл Қазақстанға, енді ғана еңсесін тіктеген мемлекетімізге бейбітшілік пен тыныштық әкелетініне бар пейіліммен сенетінмін. Тек Сіздің басшылығыңызбен ғана біз экономикада, ішкі және сыртқы саясатта ең үлкен серпілістерге қол жеткізе аламыз деп ойладым. Бұл ойымның дұрыс болып шыққан тұстары да жоқ емес, шын мәнінде ол сіздің еңбегіңіз», - деді Нұрқаділов баспасөз мәслихатында.
   

– Бірақ алғашқы қиын жылдардың қыспағынан аман шыға салысымен, сіз бірден билікті толық өз қолыңызға алып, саяси әрі экономикалық жоспарларыңызды басқа бағытта  өзгерттіңіз. Сіз, Құдай мол қарым-қабілет берген дарынды адамсыз, алайда бізге белгісіз себептермен бойдағы дарыныңызды өзіңіздің жеке мүддеңізге пайдаландыңыз.

Шегінерге жол жоқ, артымызда оппозиция

Қалай болғанда да, осы баспасөз мәслихаты арқылы Нұрқаділов өзіне шегінерге жол қалдырмады. Ол өзінің саяси мәлімдемесінде Алматы қаласы мен облыс әкімдіктерінде, сондай-ақ Төтенше жағдайлар агенттігінде жұмыс істеген кезінде жинақтаған бірқатар фактілерді мысалға келтірді. Оның ішінде Орталық Комитеттің, Министрлер Кеңесінің санаторийлерді заңсыз жекешелендіруі, қала маңындағы алма бақтарының жекенің қолына өтуі, тау беткейлерін жеке мүддеге иелену және осының бәріне Назарбаев әулетінің, оның жанындағылардың қатысы барын жайып салды. Бұл жолы мәймөңкелемей, тіке айтты. Саяси мәлімдеменің ең ауыр тұсы Нұрсұлтан Назарбаевқа президенттік өкілеттіктен бас тарт дегені болды. 

Айта кетейік, Нұрқаділов басқаратын Төтенше жағдайлар агенттігі ғимаратындағы айқай-шудан кейін Премьер-министр Даниал Ахметов Заманбек Қалабайұлын қызметінен босату үшін шұғыл түрде ұшып келді. 

Бір чемодан компромат

Атышулы баспасөз мәслихаты алдында Заманбек Нұрқаділов Еуропаға сапар шегіп, нәтижесінде өзі басқаратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық комиссия құрылды. Нұрқаділов Қазақстанның кейбір жоғары билік өкілдеріне қатысты айғақтардың барын айтып, мұны сақтық әрі қауіпсіздік үшін жасадым деп мәлімдеді. 

– Мен бұл сапарды Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық комиссия ашуға пайдаландым. Кеңсе Бонн қаласында орналасқан, жеке банк шоты ашылды. Мен бірінші болып осы есепшотқа 777 еуро салдым. Шетелдік бюро қазіргі үкімет пен президенттің билігін әлсіретуге тырысқан барлық адамға жан-жақты көмек көрсетеді», - деді саясаткер.

«Біз, әрине, Қазақ-гейттен бастаймыз», - деп қосты ол.

Нұрқаділов айыптау материалдарының  Германияға жеткізілгенін, Еуропаның төрт банкіндегі уақытша сақтау сейфтеріне сақталғанын айтты.

– Ол жерде Караваев ісінен бастап бүгінгі күнге дейінгі құжаттар бар. Оның ішінде Ержан Тәтішевтің өлімі де. Сіздерге түсінікті ме?! – деп қызықтырып қойды журналистерді.

Алайда, бұл дәлелдер расында Нұрқаділовтің қолында болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Нұрқаділов Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына біріккен оппозициядан кандидат ретінде ұсынылмады. Оның орнына Жармахан Тұяқбай ұсынылды.  Қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев мұны Заманбек мінезіндегі «авторитарлық тенденциялармен» байланыстырады.

Жұмбақ суицид

2005 жылғы президенттік сайлауға үш апта қалғанда Нұрқаділов өз үйінде өлі күйінде табылды. Оған үш оқ тиген: екеуі кеудеден, біреуі басынан. Биліктің ресми мәлімдемесінде: «Нұрқаділов өз-өзін атты» делінді. Бұл халықтың ашуын тудырды. Барлығы оның өліміне не себеп болғанын біліп отыр.

Неліктен кеудесіне оқ атқаннан кейін ол басынан атады және атып болып, диванға жатып, көрпесін жамылады? Қисынға келмейді. Оның үстіне қуғында жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев киллер болуы мүмкін делінген күдіктінің есімін атады. 

Шектен шыққан шенді

Нұрқаділовпен жұмыс істеген немесе жақын жүрген адамдар оның ысырапшыл болғанын айтады. Оның өткен ғасырдың аяғында Алматының басты әуежайына айналатын Қапшағайдың солтүстігінде әуежай салу идеясы көпшіліктің есінде болар. Бірақ сол кезде жобаның экономикалық тиімділігі үлкен күмән тудырды.

Соған қарамастан бір жылдан кейін Нұрқаділов әуежай құрылысы туралы келісімге қол қойылғанын және алаңды дайындау жұмыстары басталғанын хабарлады. Үкімет жобаға ешқандай кепілдік бермеді, ал Нұрқаділовтың өзі инвесторға сенуге болатынын айтты. 

Немесе Алматы облысының әкімі ретінде Нұрқаділов жерлестерін жаһандық дағдарыс жағдайында мемлекетке көмектесу үшін алтын бұйымдарын «Отан қорына» өткізуге шақырды.

Бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, бірінші болып Нұрқаділов өзі бастап халыққа үлгі көрсетті. Ол жұбайы Мақпал Жүнісованың алтындарын қорға әкеп тапсырды. Артынша облыстағы ондаған бюджет саласы қызметкері «жұмыстан шығарамыз» деп қорқытқандықтан,  алтын бұйымдарын беруге мәжбүр болғанын айтып шағымданды. 

Алтын жинау науқанын үкімет те, қоғамда да дұрыс қабылдамады. Көп ұзамай Нұрқаділов өз бастамасын тоқтатып, алтындар иелеріне қайтарылды. Дегенмен ондаған облыс тұрғыны алтын бұйымдарын ала алмай жүргендіктерін айтып, көп жылдар бойы шағымданды. 

Бұдан бөлек, қаладағы қоғамдықтәртіпті сақтау үшін жұмыссыз жастардан құрылатын әскери ұйым жұмысы да көпшілік көңіліне жаға қоймады. Ол «Мың бала» деп аталуы керек-тұғын. Бұл пионерлік немесе скауттық ұйым форматында болады деп шешілген. 

– Ертеде қазақтың бір батыры мың жігітті жинап қол бастапты. «Мен мұны жас патриоттар қозғалысы арқылы жандандырғым келді, бірақ қандай да бір себептермен республикалық Жастар Одағынан қолдау таппадым», - деп түсіндірді Нұрқаділов өз жоспарын. 

Элитааралық бөліну

Нұрқаділовке арналған ас өтті деген жаңалықтан кейін сарапшылар қауымдастығы мен әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталып кетті. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымның қазақстандық бюросын басқаратын Евгений Жовтис бұл жанжалды өзінше түсіндірді.     

- Нұрқаділов оппозицияға кеткеннен кейін онымен көп сөйлестім, саясатқа қатысты тұстарын айтты. Ол қазақ халқының өкілі. Харизмасы, қыңырлығы, батылдығы ерекшеленіп тұратын. Бірақ ол осы жүйені жасаған, оның жақсылығығы мен жамандығына ортақ адам... Өзі кірген элитааралық қақтығыстың нәтижесінде ол өзін жақсылықтың жақтаушысы ретінде көрсетті. Және оның Назарбаевтың бүкіл сырын білетіндігі, айналасындағы адамдар туралы білетіндігі оның батыл әрекет етуіне мүмкіндік берді.

Іс қайта қарала ма?

2022 жылдың наурыз айында Нұрқаділовтың ұлы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына әкесінің өлімін саяси кісі өлтіру ретінде тергеп-тексеруді талап етіп, арыз жазған. Бас прокуратура «тергеу органы қаулысының күшін жоюға негіз жоқ» деп істі қараудан бас тартты. Ал енді әкесінің асында Қ.Тоқаевтың «Нұрқаділовтің  есімін ұлықтау» туралы сөзінен кейін іс қайта ашылуы мүмкін. 

Айта кетейік, Тоқаев бұл қадамға Назарбаевтың көзі тірісінде барып отыр. 

Осы орайда Заманбек Нұрқаділовтың Тоқаев премьер-министр болып тұрған кезінде айтқан сөзін келтіре аламыз:

 – Тоқаевты қанша сынаса да, оның үкіметі – әлдеқайда жақсы жұмыс істеп жатыр. Әрине, 100 пайыз дей алмаймын, алайда өзінен бұрынғыларға қарағанда бір бас жоғары. 

Жалпы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қудалауынан зардап шеккендер мен құрбан болғандардың барлығына ескерткіштер орнатсақ, онда ол тұтас бір мемориалға айналар еді.

Серіктес жаңалықтары