×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Президент күзетінен Төтенше жағдайлар министріне дейін: Шыңғыс Арынов кім?

07.02.2024, 15:09
Коллаж Ulysmedia

​Кеше Қазақстанның жаңа үкіметінің құрамы бекітілді. Оның құрамына төрт жаңа министр кірді, арасында Шыңғыс Арынов та бар. Арыновтың арыны қандай, оны білетіндер көп емес, санаулы десек те болады. Тоқаев неліктен Күзет қызметінің бастығына таңдау жасады? Танымал сұрақтың жауабын Ulysmedia.kz тарқатады.

Өмірбаяны жайлы дерек аз

Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов ҚР Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, ол бұрын атқарған қызметінен босатылды, делінген ресми хабарламада. Бірақ оның бұрынғы жұмыс орнында  ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – ҚР Президенті Күзет қызметінің басшысы болғаны, былай қарағанда, әжептеуір салмақ береді. Алайда оның Төтенше жағдайлар министрлігіне келуі тосын болғаны соншалық, қоғам екі қызметтің арасында қандай байланыс бар еді деп басы қатуда.

Ашық дереккөздерде жаңа Төтенше жағдайлар министрі туралы аз-кем ақпарат бар. Шыңғыс Әрінов 1983 жылы 29 қазанда Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша, Азаматтық авиация академиясын «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша бітірген. Ата-анасы, әйелі және балалары туралы мәлімет жоқ. Жалпы мемлекеттік қызметке келген әрбір шенеунік өзінің отбасылық жағдайы туралы кеңірек мағлұмат беруі керек.
 
Мансаптың қасқа жолы
 
Шыңғыс Сайранұлының бұрынғы жұмысы азаматтық қорғаныс, өртке қарсы қызмет немесе құтқару қызметтеріне қатысы жоқ. Кім білсін, мүмкін біз білмейтін оқиғалар кезінде президентті құтқарып қалған да шығар.

Бірақ шынтуайтына келгенде, оның бүкіл мансап жолы мектептің үздік оқушысындай түп-түзу. Оқуды бітіргеннен кейін бірден Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшылық қызметтерде болған. Бұл 2006-2022 жылдар аралығы.

2022 жылдың мамыр айында 39 жастағы полковникке «ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры» арнайы атағы берілді. 2022 жылдың қаңтарында Президент Қ.Тоқаев күштік құрылымдарды тазарту кезінде оны ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзетінің бастығы етіп тағайындады.
 
Президент сенімі
 
Мемлекет басшысының таңдауына неліктен Шыңғыс Әріновке түскенін анық айту мүмкін емес, Десек те, Қасым-Жомарт Тоқаев:

 – Мемлекеттік күзет қызметінің барлық қызметкерінің бойында бірқатар қасиет болуы керек. Бұл, біріншіден, жоғары кәсіби дайындық, оның ішінде жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы. Мемлекеттік күзет қызметінің басшылары елдегі ішкі саяси жағдайға да, халықаралық жағдайға да қанық, білімі мол болуы тиіс. Байқампаз әрі жағдайды талдай білуі оның кәсібилігін байқатады. МКҚ (Мемлекеттік күзет қызметі) офицерлері елімізге шексіз адал, өздеріне жүктелген ісіне берік және нағыз патриот болуы керек, - деген еді.

Қазақстан Президентінің жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министріне артқан сенімі жаңа министрдің жұмысына серпін беретініне сенгіміз келеді.
 
Тәжірибе уақыт өте келе ме?

Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігінің кадрларын дайындайтын бір ғана оқу орны бар – ол Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы.

Мысалы, екі лауазым да жоғары деңгейдегі көшбасшылық пен ұйымдастырушылық қабілетті қажет етеді. Төтенше жағдайлар министрі төтенше жағдайларға байланысты түрлі қызметтер мен бөлімшелердің жұмысын үйлестіре білуі, қиыннан қиыстара жол таба білуі тиіс. Бұл дағдыларды президент күзетінде жүрген Әрінов бұрынғы қызмет жолында меңгеруге толық мүмкіндігі болды.

Дегенмен президенттік күзет пен төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарудың өзіндік ерекшеліктері бар және олар әртүрлі қосымша дағдылар мен құзыреттерді талап ететінін атап өткен жөн.

Мысалы, президенттік күзеттегі жұмыс физикалық дайындықты және қауіпсіздік қатерлеріне жауап беру қабілетін қамтуы мүмкін, ал Төтенше жағдайлар министрі ретіндегі жұмыс төтенше жағдайлардың техникалық аспектілерін тереңірек түсінуді және қолда бар ақпаратқа негізделген шешімдер қабылдауды талап етеді.
Терең талдаумен қатар, сізге күрделі мәселені шеше білетін қабілет те қажет. Оның үстіне «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайлардағы қорғаныс», «Азаматтық қорғаныстың командалық-тактикалық күштері», «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» деген не екенін түсіну керек.

​Өйткені адамдардың өмірі осы саланы басқаратын адамның білімі мен біліктілігіне байланысты болады. Ол үшін қосымша дайындық пен төтенше жағдайларды басқару тәжірибесі қажет болады.

Көлеңкеден күнгейге…

Айта кетейік, осы қызметте бұрын болған Ильин мен Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрлігінің «өз адамдары» еді. Алайда Шәріпхановтың министр ретіндегі қызметі бар-жоғы жеті-ақ айға созылды. Қызметтен босаған Шәріпханов оқытушылық міндетіне кірісті. Өйткені соңғы уақытта болған өрт, жер сілкінісі, жердің опырылып, адамдардың жер патшалығында қалып қоюы бұл қызметтің иесі басқа адам екенін анық көрсетті.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшіде коммуникативтік дағдылардың болуы да маңызды. Ал Әріновтің томаға-тұйықтығы оның қызметіне сын болайын деп тұр. Өйткені қоғам алдына шығып, сұқбат бере алмаған адамға өзінің жұмысын көрсетуі қиынға соғады.

Енді Шыңғыс Әріновтің жаңа министрлік қызметі өз ойлары мен идеяларын көпшілік алдында анық және дәлелді жеткізу, сондай-ақ басқа адамдардың мұң-мұқтаждары мен мәселелерін тыңдау және түсіну қабілетімен байланысты болады. Ол қоғамның пікірін тыңдап, ескере білсе, сондай-ақ ымыраға келе алса және ортақ мақсаттарға қол жеткізе білсе ісінің өрге басқаны.

Күрделі істерде күрмелмей, белсенділер қысымына қысылып қалмай, өз жолын таба білсе бағының жанғаны. Әйтпесе 24 сағаттың қайсысында не боларын болжау қиын. Қазақстан жағдайында апаттың қашан боларын кім білген?

Серіктес жаңалықтары