×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Сұхбат па, сырласу ма немесе Путин Карлсонға не айтқысы келді?

12.02.2024, 09:12
Сұхбат па, сырласу ма немесе Путин Карлсонға не айтқысы келді?
ulysmedia

Такер Карлсонның Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағаттық сұхбаты бүкіл әлемде үлкен реакция тудырды. Ресей басшысынан сұқбат алу, әсіресе, шетелдік журналист үшін оңай шаруа емес. Бұл жағдайда бір ғана ой келеді. Сұқбатқа Путиннің өзі мүдделі болғанға ұқсайды. 

Ulysmedia.kz сарапшысы, тарихшы, ҚР  Президентінің бұрынғы баспасөз хатшысының айтуынша, мұндай жағдайда, алдымен, шетелдік БАҚ өкілінің репутациясы тексеріледі. Қойылатын сұрақтар, журналистің кандидатурасы мұқият талқыланады. Бұл мәселеде ең бастысы - журналист тарапынан қажетсіз сұрақтар мен теріс интерпретациялардың болмауы.

Дәл осындай жағдайлардың себебінен Ресей президентінің баспасөз қызметі шетелдік БАҚ-қа сұқбат беруден бас тартатын. Соңғы уақытта шетелдік басылымдар Путинге қырсыққанда одан сұқбат алмай қойып, Ресей басшысы әлемдік БАҚ-та елеусіз қалып бара жатты. 

Дегенмен Ресей пропагандасының Путиннің екі жылдық соғыстан кейінгі беделін қалпына келтіру мақсатында әртүрлі іс-әрекетке көшуі түсінікті жағдай. Сондықтан болар, В.Путиннің батыстың жетекші бұқаралық ақпарат құралдарындағы бет-бейнесін, оның саясатының дұрыстығын, соғыстың басталуына кінәлі еместігін, тек елінің мүддесі үшін амалсыз соғысқа кіргенін көрсету маңызды болып отыр. Жағдайды объективті бағалаудан гөрі Ресей «түсіндірмесіне» құлай сену шетелдік БАҚ-тың ғана емес, батыс саясаткерлерінің де көңілінен шықпады. Кремльдің талаптарымен келісу соғысты қолдап, өз беделіне нұқсан келтіру деген сөз.

Карлсонның келуі

Осындай жағдайда ресейлік саясатқа Такер Карлсон оң жамбасқа келе қалды. Өйткені ол соңғы екі жыл бойы Украинадағы соғысты қолдады және АҚШ пен НАТО одақтастарын соғыс өртінің тұтануына себепкер деп айыптады. Ол сонымен қатар иммигранттарды Американы лас, кедей елге айналдыруда деп айыптап, жарты әлемге танымал болып кеткен. Сондай-ақ оның сексизмдік ұстанымы да көпшіліктің көңіліне кірбің ұялатқан. Міне, Путиннен сұқбат алған журналистің қысқаша түйіндемесі осындай еді.  

Такер Карлсон сонымен қатар АҚШ-тың бұрынғы президенті және алдағы сайлаудағы үміткер Дональд Трамптың жақтасы. Ол Америка үкіметінің Украинаны қолдауға бағытталған әрекеттерін жиі сынап, Владимир Зеленскийді «христиандарды қудалаушы» және «егеуқұйрық» деп атаған.

Айта кету керек, Такер Карлсон соғысты қолдауда жалғыз емес. Америка Құрама Штаттарының және басқа да Батыс елдерінің өзінде Владимир Путинді және соғысты тікелей қолдамаса да, агрессияға наразылық білдірудің қажеті жоқ деп санайтын өте консервативті топтар бар.

Қалағаныңды істе

Консервативтік ұстанымның айқын үлгісі экс-президент Д.Трамптан анық байқалады. Мұндай ұстанымдағылардың танымалдығын арттырып жіберген де Трамптың мәлімдемелері болатын. Оның «Америка Құрама Штаттары қорғанысқа бюджеттен жеткілікті қаражат бөлмейтін елдерді қорғамайды» деген мәлімдемесі, тіпті Ресейдің мұндай елдерге қалағанын істеуге болатынын айтуы біздің сөзімізге дәлел.

Такер Карлсонның Мәскеуге келуі Батыста наразылық толқынын тудырды. Сонымен бірге кремлшіл БАҚ оны батыстың қитұрқы саясатына бағынбайтын, соғыстың  басталу себептері мен барысы туралы бар шындықты бүкпесіз айтуға дайын ең ықпалды американдық журналист ретінде сипаттады. Ресейлік пропаганда үшін Украинаның ұлтшылдығын бетке басу міндеті басты орында тұрған сыңайлы.

– Карлсонның тұлғалық қасиеті және оның  Ресейге келуі, Путинмен сұхбаты – осының бәрі тек Америкада ғана емес, біздің елімізде де ерекше резонанс тудырған оқиға болды», - деді баспасөз хатшысы Песков.  

Такер Карлсонның ресейлік билікке ұнайтын тұсы – ол американдық, АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарына тәуелсіз, тек өзінің жаңалықтар сайты бар, соған ғана жұмыс істейді.

Сұхбат Путиннің көңілінен әбден шықты. Карлсон Путинді кез келген ыңғайсыз сұрақтан «құтқарып» отырды. Олай дейтініміз, сұқбат барысында ондыққа тиетін орайлы сәттер көп еді. Бірақ Карлсон оны әдейі өткізіп жіберіп отырды.  Негізінде сұқбат Путиннің монологы іспетті көрінді.

«Карлсон автократқа қоғамды манипуляциялауға және соғыстың ресейлік нұсқасын дұрыс деп көрсетуге мүмкіндік берді, сонымен қатар Путиннің ықпалын көрсетуге жағдай жасады» дейді «әдеби қаһарман» Оливер Дарси.

Әңгіме қайда жатыр

Путин Австрия-Венгрияның арнайы қызметі құрған Украина мен украин халқының жасандылығын майын тамыза айтып берді. Оның айтуынша, Украинаның құрылуына кезінде пролетариаттар көсемі В.Лениннің өзі себепкер болған. Арнайы әскери операция, Путиннің айтуынша, Киевке ұлтшылдарды билікке әкелген және Ресейге басып кіруге дайын болған НАТО-ның әскери жоспарларына Мәскеудің реакциясы болды. Шын мәнінде, Путин екі сағат бойы шындыққа еш жанаспайтын ойдан құрастырылған ертегісін айтып шықты.

Оның үстіне, Путиннің кейбір сөздері орыс пропагандасының өзіне, тіпті ресейлік тарихтың ресми оқулықтарындағы мәтіндерге қайшы келеді. Владимир Путиннің айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына  Польша себепкер болған, Гитлердің соғысты бастаудан басқа амалы қалмаған. Осылайша, Гитлер әу баста соғысты бастауды мақсат етпеген, әлемді жаулау ойында да болмаған, миллиондаған адамды қырып-жою, жөйттердің геноциді дегенді мүлде ойламаған. Кейбір сарапшылар Путиннің мәлімдемесін фашизмді ақтау жолындағы қадам деп бағалады.

Бұл ретте Ресей президенті Гитлер мен Сталиннің Шығыс Еуропаның тағдырын шешіп, Польшаны екіге бөлуге бағытталған  Молотов-Риббентроп пактісі туралы ауыз ашпады. КСРО-ның Финляндияға қарсы «арнайы әскери операциясы» мен «капиталисттерден азат ету» мақсатында Литва, Латвия және Эстонияны басып алғанын да айтпады. Бұдан бөлек, Сталиннің Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны Румыниядан тартып алғаны, жаппай қуғын-сүргін, халықтарды депортациялау, ГУЛАГ және басқалары туралы ештеңе айтылмады.

Путин бенефисі

Екі сағаттық спектакльде Путин өз рөлін жақсы сомдап шықты. Ол ресейлік үгіт-насихаттың барлық жоспарын, соның ішінде келіссөздерге дайын екенін бірнеше рет қайталап, Ресей «ешқашан ешкімге шабуыл жасамағанын», «басқа ұлттар мен діндердің өкілдерін ешқашан қудаламағанын» еске алды. Украинадағы арнайы әскери операция НАТО мен Батыс елдерінің ісі екенін айтудан жалықпады.

Бірақ бұл мәлімдемелердің барлығы президент сөзінің құнын түсірмесе, көтерген жоқ. Путин Владимир Зеленскиймен әңгімелескенін айтып, екеуара әңгімеде В.Зеленскийге оның әкесі фашистермен соғысқанын, ал ұлы болса, украиндық неонацистерді қолдағаны үшін ренжитінін айтты. Бір ғана мәселе – Украинаның қазіргі президентінің әкесі Александр Семенович Зеленский 1947 жылы желтоқсанда дүниеге келген. Сондықтан президенттің әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыса алмайды.

Карлсонның уәдесі

Айтпақшы, Такер Карлсон объективтілік үшін Украина президентінен сұхбат алатынын айтты. Бірақ бұл енді мүмкін емес. Зеленскийдің бұқаралық ақпарат құралдарында Карлсонсыз да сұқбат алуға дайын журналистері жетерлік.

Путин не айтқысы келді?

Сұхбат Ресей Президентінің соғысты жалғастыруға дайын екенін көрсетті. Ол үшін бітімгершілік келіссөздері Украинаның өз территориясынан бас тартуы, ел басшылығының ауысуы, кремльшіл қуыршақ үкіметтің орнауы және ЕО-мен интеграциядан бас тартуы дегенді білдіреді. Украина үшін бұл нұсқа толық және сөзсіз берілуді білдіреді, ал оған олар ешқашан келіспейді. Сондықтан президент Зеленский Ресеймен келіссөздерден бас тартып отыр.

Осылайша Такер Карлсон өзінің беделіне нұқсан келтірсе де, мойнына алған жұмысын атқарып шықты. Карлсонды енді «Путиннің микрофоны» деп атайтыны сөзсіз. Бірақ бұл сұхбат Батыстың қарапайым адамы үшін қажетсіз әрі түсініксіз.  Бұл Владимир Путин үшін қажет болған, оның алдағы сайлауалды үгіт-насихатына азық болатын кезекті бір өнімі деп түсінген жөн.

Авторы: Асылбек Бисенбаев