×
474.26
514.48
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.26
514.48
5.43

Еуроодақ Орталық Азия елдеріндегі көпвекторлы саясаттың мәнін неге түсінгісі келмейді

14.06.2024, 18:16
Коллаж Ulysmedia

Жақында өткен Еуропарламент сайлауы – әлем назарын бір сәт өзіне аударған маңызды оқиға болды. Әртүрлі мемлекеттерден жиналған журналистер бұл шараға аса ыждағаттылықпен қарады десек, қате айтқандық емес. Өйткені сайлау нәтижесі бойынша тек еуропалық елдердің ғана емес, Еуроодақпен саяси әрі экономикалық байланыс орнатқан мемлекеттердің де бағыт-бағдарына өзгеріс енеді.

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі ресми өкілі Питер Стано өткізген баспасөз мәслихатына қатысты. Брифингте Орталық Азия елдерінің журналистері ресми өкілге Еуропалық Одақ біздің елдермен жасасқан ынтымақтастық шарттарын өзгерте ме деген сыңайдағы сұрақтарын қойды.

Таңдау еркіндігі және асуға болмайтын асулар

Еуроодақ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі осы тақылеттес сұрақтардың қойылатынын алдын ала болжағандай, сұраққа іркілмей жауап берді. Айтуынша, ЕО әр елдің еркін таңдау жасау құқығын құрметтейді.  Питер Станоның айтуынша, сол себепті еуропалықтар Украинаны қолдап отыр. Көршісі Ресейдің әлімжеттік жасауына мүмкіндік бермей, бар қолдауын көрсетуде. Екінші жағынан, егер Орталық Азия елдері Ресеймен тығыз қарым-қатынастан бас тартар болса, онда олар еш ұтылмайды. Оған бірнеше дәлеліміз де бар, - дейді П.Стано.

- Біз сауда-саттық қарым-қатынасты үзіп, тәуелділіктен құтылыңыздар деп кеңес берген болар едік. Өйткені Ресейде жасалған кез келген бизнес бұл оларға ақша түсіп тұрады дегенді білдіреді. Сондықтан біз өз әріптестерімізге Ресеймен қандай да бір келісім жасауға асықпаңыз дегіміз келеді. Біз Ресейге санкциялардың 13-ші пакетін енгіздік. Сіздер де бұған қосыла аласыздар немесе қосылмауға да құқығыңыз бар. Біз мұны нақты жағдаяттарға байланысты деп түсінеміз әрі кінәламаймыз. Өйткені Ресейге түскен ақша Украина халқының қырыла беруіне қызмет етеді.

Питер Стано атап көрсеткендей, Еуроодақ ешқандай елге Ресеймен байланысты үзілді-кесілді үзіңдер деп міндеттемейді.

- Біздің өз құндылықтарымыз бар, біз оны құрмет тұтамыз. Сондай-ақ басуға болмайтын «қызыл сызықтарымыз» бар. Сондықтан әр ел өз мүддесін ескере отырып, шешімді өзі қабылдайды. Бірақ Путиннің қандықол қылмыскер екенін естен шығармағандарыңыз абзал.

Бұл ретте Еуроодақ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі санкцияға түскен Ресейге қандай да бір жолдармен көмектеспеуге үндеді. Өйткені ондай әрекеттер бәрібір әшкере болады және ол жауапсыз, жазасыз қалмайды.

- Егер біреу Ресейге біздің санкцияларды айналып өтуге көмектесуге тырысса, ол елдің өзі Еуропаның санкцияларына ұшырайды, - деді Стано мырза.

Санкциялар тиімді ме?

Журналистің Ресейге салынған санкциялардың тиімділігі туралы сұрағына Питер Стано былай деп жауап берді:

- Санкциялар әсер ететін жалғыз құрал емес, олар Еуропалық Одақ қабылдайтын барлық басқа әрекеттермен бірге қарастырылуы керек. Сондай-ақ санкциялар тілегіңді орындайтын сиқырлы таяқша да емес, біз де мұны білеміз. Ресейге қарсы 100 пайыз санкция салсақ та, ол соғыс бағытын өзгертпейді. Дегенмен, санкциялар Путиннің қазынасын толтыру амалдарының жолын кеседі. Ал қазынада ақша болмаса, Путин армиясын қаржыландыра алмайды. Көрдіңіз бе, санкциялар Ресейді экономикалық жағынан әлсіретіп жатыр. Ресей экономикасы әлемдік нарықтан алшақтап қалды. Мәселен, олар әуе күштерін модернизациялай алмай отыр. Негізінен олар Airbus және Boeing ұшақтарына иек артып отыр, бұл 90 пайыз. Ал оның бөлшектерін шетелден ала алмайды. Сол сықылды флот та жаңғыртылмай тұр. Оларда әскери экономика. Бүкіл қаражат әскери салаға құйылып жатыр. Ал бұл елдің ішкі ахуалына теріс әсер етеді.

Питер Станоның айтуынша, ЕО Ресейді одан әрі оқшаулау тұрғысынан әріптестерімен жұмысты жалғастыруда. Еуропалықтар бұл іске Орталық Азия елдерін де тартқанды жөн көреді.

– Мәселе мынада, Путин өзінің тарихи мақсатына шынымен сенеді және 19 ғасырдағы отаршыл империалистік Ресейді қалпына келтіру керек деп санайды. Ал оның идеологиясында тәуелсіз ұлттарға орын жоқ. Сондықтан ол сіздердің елдеріңізді ойыншық ретінде пайдаланып отыр. Қалауынша ойнай алады. Бірақ мұның жолын кесу керек. Украина соны жасауда. Беларусь Путиннің ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Орталық Азия елдеріне бұрынғыдай тіс батыруы екіталай. Өйткені Қытай да құйрық-жалы жетіліп қалды. Қазір Ресейдің қас-қабағына қарап отырған шамалы ғана ел қалды.

Мүмкіндіктер мен шектеулер

Орталық Азияның БАҚ өкілдері Еуропалық Одақ пен өз елдері арасындағы байланыстан қандай пайда немесе қандай зиян бар деп сұрады.

– Шын мәнінде, ынтымақтастығымызда шектеу жоқ. Мүмкіндіктер қашанда мол – деп сендірді Питер Стано.

- Орталық Азия елдерінің көпшілігі ынтымақтастыққа дайын. Және біз серіктестеріміз қалағандай, бұл қарым-қатынаста соншалықты алысқа баруға дайынбыз. ЕО – ашық әрі сенімді серіктес. Біздің қағидаттар ережелер мен заңдарды құрметтеуге негізделген. Бизнеспен айналысатын кез келген адам үшін сенімділік пен ашықтық өте маңызды, өйткені олар сіздің инвестицияларыңызды, кірістеріңізді және әрекеттеріңізді жоспарлауға мүмкіндік береді. Яғни, шектеулерді негізінен өз тарапымыздан серіктестер белгілейді. Әрине, біз барлық елдер өзіміз сияқты еркін және демократиялық болады деп күте алмаймыз. Бірақ біз өзіміздің осынау еркін қарым-қатынасымызды үлгі ретінде ұсынуға дайынбыз. Бұл серіктестігіміздің бір бөлігі ғана.

Қай жолды таңдайсыз

Бұрыннан қойын-қолтық араласып отырған Ресейді тәрк ету Орталық Азия елдері үшін қиынның қиыны. Еуропа айтты екен деп бір күнде ат құйрығын кесістік деп кете алмайды. Салдарынан қорқады. Ал Еуропалық одақ үшін Ресейді одақтастарынан айыру басты мақсат. Сондықтан олар Орталық Азия елдерін қызылды-жасыл дүниелермен арбап алғысы келеді. Осы жайтты Орталық Азия елдерінің журналистері Питер Станоға айтқанда, әлгі ресми өкіл міз бақпады. Бірінші ат құйрығын кесісу керек, бізбен келісім содан кейін дегенді меңзеді. ЕО Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі ЕО-ның Армениямен және Грузиямен қарым-қатынасын мысалға келтірді. Көрдіңдер ме, бұл елдер Мәскеу ықпалынан шықты, енді олар дамиды дегенді тұспалдады.  

- Ол үшін ЕО-ның мүшесі болу міндетті емес, - деді Стано мырза.

- Еуроодаққа кіруге ұмтылудың қажеті жоқ. Сіздер мен біздің арамызда керемет серіктестік қарым-қатынас бола алады. Ол үшін түрлі халықаралық қауымдастықтар бар, келісімдер жасалады. Оған мына тұрған Қазақстанды мысалға келтіре аламыз. Мұның бәрі екінші тараптың ниетіне байланысты.

Питер Станоның айтуынша, Еуропалық Одақ ешкімге: «Не Ресеймен, не бізбен болыңдар» деп, үзілді-кесілді шарт (ультиматум) қойып отырған жоқ.

- Әлем бір-бірімен тығыз байланыста. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы нарықты таңдайды. Содан пайда тапқысы келеді. Біз белгілі бір принциптерді мығым ұстанамыз. Уәде берсек, орындаймыз. Сіздерге шынымен Ресей керек пе? Ресейде не бар қызығатындай? Жарайды, оның 200 млн-дық нарығы бар. Бірақ білімді, білікті мамандардың көпшілігі қазір Ресейден көшіп кетті. Олигархтарының бүкіл капиталы шетелдердегі есепшоттарда бұғаттаулы тұр. Салыстыру үшін еуропалық нарықты алып қараңыз. Алға жылжып, табыс табу үшін еуропалық нарық қай-қай жағынан алып қарағанда да тиімді: озық технология, жасыл экономика, цифрландыру. Дұрыстап, анықтап қараңыз да, шешім қабылдаңыз. Кіммен серіктес боласыз? Егер бізбен бірге болам десеңіздер, онда бұрынғы бағыттарыңызды өзгертулеріңізге тура келеді.

Серіктес жаңалықтары