×
474.26
514.48
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.26
514.48
5.43

«Шанхай бестігі» толығады немесе Астана саммитінде қандай мәселелер қаралады

02.07.2024, 16:46
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бүгін Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) тарихи саммиті басталады. Форум алғаш рет Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы және «ШЫҰ +» форматында өтеді. Ұйымға төрағалық етіп келген Қазақстан енді бұл қызметті Қытай Халық Республикасына тапсырады. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның ШЫҰ-дағы рөлі өте жоғары, өйткені еліміз аталған ұйымның құрылтайшыларының бірі және отыз жылдан бері осы ұйымның әлемдегі беделді саяси институтқа айналуына зор еңбек сіңірген. 30 жыл бұрын бес мемлекеттің бастамасымен құрылған ШЫҰ қазір әлемдік аренадағы ірі ойыншыға айналды.

Міне, сол себепті бүкіл әлем назары қазір біздің Астанамызға ауып тұр. Саммит өтетін екі күнде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қаралады. Тіпті Еуразия құрлығындағы тағдыршешті шешімдер де қабылдануы ғажап емес. Ол қандай шешімдер болуы мүмкін, бұл сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрмек.

Астанадағы саммит

Астана мәртебелі қонақтардың кездесуіне дайындықты белгіленген мерзімнен әлдеқайда бұрын бастады. Солай болуы заңды да. Өйткені мұншама мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйымдардың төрағалары күнде келе бермейді. Елорда төрінде, Тәуелсіздік сарайында  Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Катар, БАӘ, Түркия, Түркіменстан елдерінің мемлекет және үкімет басшылары жиналады. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ТМД, ЭЫДҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, IOFS және ЕЭК сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, бақылаушы елдердің басшылары ереке Есілдің жағасындағы Астана шаһарында бас қосады.

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында саммиттің маңыздылығына тоқталып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының ерекше мәртебесін атап өтті.

- Мен 1996 жылы сәуірде аталған ұйымды құру шараларына атсалыстым,  келіссөздер жүргізуге, ұйым құжаттарын дайындауға қатыстым, - деді Қазақстан Президенті.

– Осы жылдары “Шанхай бестігінің” қатары артты, Астана саммитінде олардың саны 5-тен 10-ға дейін жеткелі отыр, әрине, саммит барысында біздің қатарымызға Беларусь қосылмақшы.

Ол сондай-ақ Қазақстанның «Әділетті әлем және ортақ келісім туралы» доктрина жобасын саммитке қатысушы тараптың барлығы қолдап отырғанын айтты.

– Астанадағы саммитке қатысушылар халықаралық қауымдастықты адал және ашық жаһандық диалогты бастауға, қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдауға, әділ экономикалық орта құруға және планетаның тазалығын сақтау үшін қажетті күш-жігерді бірге жұмсауға шақырады, - деді Тоқаев.

Ол сондай-ақ Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының маңыздылығына тоқталды:

– ШЫҰ-ға төрағалық ету өте маңызды және сонымен бірге өте жауапты миссия екенін ерекше атап өткім келеді. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі және көпжақты диалогты дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан ұйымды өзінің теңгерімді сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астанадағы ШЫҰ саммиті Қазақстанның төрағалық ету мерзіміндегі басты оқиға ғана емес, сонымен қатар ұйымды одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылдау алаңы да болады.

– Саммитте орта мерзімді кезеңге арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалады, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге дер кезінде ден қою үшін бастамалар әзірленеді. 

ШЫҰ дегеніміз не

Сарапшылар Астанадағы саммитті «тарихи» деп бекер айтып отырған жоқ.  Бүгінгі күні ШЫҰ халықаралық аренада әлемдегі жаһандық үдерістерге ықпал етуге қабілетті ірі ойыншыға айналды. Қазір ШЫҰ дегеніміз 3 миллиард адам және әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі деген сөз. Ал 2001 жылы 15 маусымда Шанхайда бес мемлекеттің (Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан) басшылары Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы тарихи шешім қабылдаған кезде бұл одақтың келешегі қалай болатынын ешкім елестете де алған жоқ.

ШЫҰ-ын құру туралы Декларацияда «жаңа ұйым аясындағы ынтымақтастық саяси көпполярлықты, экономикалық және саяси көпполярлықты қалыптастыру процестерінің қарқынды дамуы жағдайында жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру және туындайтын қиындықтарды бірлесіп тиімді шешуге ықпал етеді» делінген. Шұбалаңқы сөзден бір нәрсені түсіну қиын, алайда бір анық нәрсе ол – ШЫҰ басқа мемлекеттер мен аймақтарға қарсы бағытталған одақ емес.

2002 жылы 7 маусымда Санкт-Петербургте өткен саммитте ШЫҰ Жарғысына қол қойылды, Ұйымның негізгі жарғылық құжаты кейіннен БҰҰ Хатшылығында тіркелді.

ШЫҰ-ның негізгі мақсаттары: өзара сенімді, достық пен тату көршілікті нығайту; аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау және нығайтудағы көпжақты ынтымақтастықты қолдау; жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұру; әртүрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты ынталандыру; экономикалық өсуге, әлеуметтік және мәдени дамуға жәрдемдесу.

ШЫҰ қызметінің маңызды бағыты – гуманитарлық ынтымақтастық. 2007 жылы Ресей ұйымға мүше елдердің барлығында ашылуы тиіс желілік университет құруды ұсынды.

2008 жылы ШЫҰ желілік университетін құру туралы шешім қабылданды. Университет 2010 жылы жұмысын бастады, қазір оның құрамына Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның 80-нен астам университеті кіреді. Мамандар магистратураның жеті бағыты бойынша дайындалады, соның ішінде: аймақтану, экология, энергетика, IT-технологиялар, нанотехнологиялар, педагогика және экология мамандықтары бар.

Идея қайдан шықты

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ең жоғарғы органы – Мемлекет басшыларының кеңесі. Көшбасшылар саммиті жылына бір рет өткізіледі. ШЫҰ-ның екі тұрақты органы: Бейжіңдегі Хатшылық және Ташкенттегі Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның Атқару комитеті бар.

2001 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының бірінші отырысында өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен бағыттары және сауда мен инвестиция саласында қолайлы жағдай жасау үдерісінің басталуы туралы Меморандумға қол қойылды. Мұнай-газ секторын, көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту, тауарлардың, капиталдың, қызметтер мен технологиялардың еркін айналымы үшін жағдай жасау өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде бекітілді.

2003 жылы Бейжіңде ШЫҰ елдері үкімет басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша ұйым аясында ортақ экономикалық кеңістік құруды көздейтін 2020 жылға дейінгі көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді бағдарламасы қабылданды. Құжаттағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация, қоршаған ортаны қорғау және т.б. салалар болды.

ШЫҰ-ның басым міндеттерінің бірі – қаржы секторындағы ынтымақтастық. Қытай ұйымға мүше елдердің Даму банкін құру туралы бастаманы 2010 жылы көтерді. ШЫҰ Даму қорын құруды 2013 жылы Ресей президенті Владимир Путин ұсынды. 2015 жылы ШЫҰ елдері ұйымның Банкаралық бірлестігі негізінде Халықаралық жобаларды қаржыландыру орталығын құру ниетін растады.

2013 жылы Ресейдің бастамасымен ШЫҰ энергетикалық клубы өз жұмысын бастады. Бұл ұйымды құру туралы меморандумға Ресей Федерациясы және Қытаймен бірге Ауғанстан, Беларусь, Моңғолия, Үндістан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркия және Шри-Ланка қол қойды.

Қауіпсіздік бәрінен маңызды

ШЫҰ әскери блок емес, тек ұйым елдері қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күрес мәселелерін ғана қарастырады.

2004 жылы ШЫҰ елдерінің сыртқы істер министрліктері арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Негізгі мәселелер қатарында Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Азия-Тынық мұхиты аймағында ұжымдық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін қалыптастыру, халықаралық лаңкестікпен, экстремизммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымымен күрес болды.

2006 жылы ұйым халықаралық есірткі мафиясымен күресу жоспарын, ал 2008 жылы Ауғанстандағы жағдайды қалыпқа келтіруге қатысу жоспары туралы жариялады.

2009 жылы ШЫҰ қамқорлығымен ЕО, ҰҚШҰ, НАТО және басқа да ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Ауғанстан бойынша бірінші ауқымды халықаралық конференция өтті.

2011 жылдың 15 маусымында ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитінде ұйымның мемлекет басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын бекітті. Сонымен бірге, ШЫҰ мемлекеттерінің аумағында лаңкестікке қарсы бірлескен іс-шараларды өткізу туралы, террористік, сепаратистік және террористік әрекеттерге қатысы бар тұлғалардың ШЫҰ елдерінің аумағына ену арналарын анықтау, оны бөгеу туралы ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды.

2012 жылы ШЫҰ елдерінің басшылары 2013-2015 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресте ынтымақтастық бағдарламасын қабылдады.

Қазақстан төрағалығы кезінде қандай жұмыстар атқарылды

- Біздің мемлекетіміз үшін ШЫҰ құрылуы және оған мүше болу бұрынғы КСРО кезіндегі республикалармен болған одақтан әлдеқайда басқа форматта болды, - деді саясаттанушы Эдуард Полетаев.  

– Ал Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы Қазақстан жай мүше ғана емес, негізін қалаушылардың бірі болғандықтан, ШЫҰ-ның Қазақстанға тигізген пайдасы және Қазақстанның ШЫҰ-на тигізген пайдасы туралы айту өте қиын. Бұл екеуін бөліп-жару мүмкін емес секілді. Қазақстан үшін ШЫҰ Үлкен Еуразия архитектурасының бір бөлігі және ол еуразиялық интеграция контексінде қарастырылады. ШЫҰ – әртүрлі мәдени және өркениеттік кодтары, өзіндік сыртқы саяси бағдарлары мен ұлттық даму үлгілері бар елдерді біріктіре білген мемлекетаралық құрылым.

Тарихи өлшемдер бойынша алып қарасақ, ШЫҰ қысқа мерзімде қазіргі жаһандық саяси және экономикалық тәртіптің ажырамас элементіне айналып, ұзақ жолдан өтті.

Эдуард Полетаев «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбындағы саммиттің күн тәртібі Қазақстанның төрағалық еткен кезеңіндегі негізгі басымдықтарды көрсетеді деп санайды. Ол басымдықтар қатарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық байланыстарды кеңейту, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, цифрлық интеграция, мәдени және экологиялық бастамалар бар.

- Қазақстанның төрағалығы күрделі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде болды, - дейді саясаттанушы.

– Бірақ Қазақстан халықаралық қақтығыстарды дипломатия және ымыраға келу жолымен шешу жөніндегі өзінің таңдаған ұстанымын берік ұстанды. Негізінде, бұл ШЫҰ идеясына толығымен сәйкес келеді. Айта кетейік, ШЫҰ аясында, тіпті тарихи қиын қарым-қатынастары бар елдер де,  мысалы, Үндістан мен Пәкістан бейбіт жолмен өнімді іскерлік байланыс орнатып отыр.

Тұрақтылық пен бейбітшілік үшін

Полетаев саммит қорытындысы бойынша 20-дан астам құжатқа қол қойылады деп күтіліп отырғанын, оның ішінде терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы жоспарланғанын атап өтті. Соңғы құжат ұйымның өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдарын бейнелейді, ШЫҰ қызметінің жұмысын қорытындылайды және оны дамытудың болашақ бағыттарын анықтайды.

– Бірақ, саммит бағдарламасы аясында өтетін келіссөздерден бөлек, жекелеген елдердің басшылары арасында бөлек кездесулер де өтуі ықтимал. Мысалы, 2022 жылы Самарқандта өткен ШЫҰ саммитінде Түркия осы ұйымға мүше болғысы келетінін мәлімдеген.  Түрік Республикасы басшысының Астанаға сапары барысында бұл мәселе көтерілуі мүмкін.

Саясаттанушының пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия құрлығындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың кең ауқымды өзекті мәселелерін қарастыруы бұл ұйым «Үлкен жетіліктің» (G7) баламасы және бәсекелесі деген пікірлерді жоққа шығаруға мүмкіндік береді.

– «Үлкен жетілік» – бұл, дәлірек айтсақ, ЖІӨ жоғары экономикалық дамыған елдердің элиталық клубы, ол бастапқыда экономикалық мәселелермен айналысып, кейіннен саяси және әскери мәселелерге дейін қызмет аясын кеңейтті. Сондықтан оны ШЫҰ немесе БРИКС елдерімен салыстыру түбегейлі қате. Шанхай ынтымақтастық ұйымы алғашында трансшекаралық мәселелерді шешуге арналған, бірақ қазір ол аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау тұрғысынан мүше елдер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырады.

Байтас Құрманов

Серіктес жаңалықтары