Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы жеңісінен кейін Қазақстанда дзюдоға қызығушылық еселеп өсті. Баласын спорттың осы түріне беруге ықыласы артып, үйірме іздей бастаған ата-ана да, ел дзюдошыларының тұрмысын зерттеп, табысын санай бастаған қырағы есепші де көбейді.
Табыс демекші, дзюдоның айналасында жүрген қалталылар да назардан тыс қалған жоқ. Соның бірі – Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі және JENYS клубының негізін қалаушы Алмаз Әлсенов. Forbes тізіміндегі ірі кәсіпкер жұрт назарына дәл Елдос алтын алған күні ілікті. Макронмен қол алысып, француз басшысының құттықтауын тыңдап тұрған қазақтың кім екенін білуге асыққандар көп.
МАКРОННАН СӘЛЕМ
Париж төрінде Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз желбіреген күні – Елдос Сметов пен француз дзюдошысы Лука Мхеидзе арасындағы финалдық белдесуде Франция президенті көрермен болып отырды. Жеңіс қазақтың қанжығасына байланған сәтте Макрон Әлсеновке жүгініп, қазақстандықтарға сәлемін жолдады.
Фото: instagram.com / jenysjudoclub
«Сізді және Қазақстан халқын осы айтулы жеңіспен құттықтау мен үшін үлкен мәртебе. Мен Қазақстанның дзюдодан тұңғыш Олимпиада алтынын Францияда алғанына қуаныштымын. Барша Қазақстан халқына және Президент Тоқаевқа сәлем жолдаймын», – деген Макронның сөзі JENYS баспасөз қызметінің релизінде келтірілген.
JENYS – Қазақстанда 2022 жылы құрылған тұңғыш кәсіпқой дзюдо клубы. Клуб құрылтайшысы және қамқоршылық кеңесінің төрағасы – бұрынғы дзюдошы, кәсіпкер әрі меценат Алмаз Әлсенов. 2023 жылдың желтоқсанында ол Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды, сол уақытта БАҚ Әлсенов осы беделді спорт ұйымының басшылығындағы алғашқы қазақ екенін жарыса жазған.
FORBES ТІЗІМІНЕ БИЫЛ ҚОСЫЛДЫ
43 жастағы бизнесмен Forbes тізімінде 53-орында тұр. Айта кету керек, ол аталған тізімге биыл қосылды. Жүздеген миллион долларлық айналымы бар кәсіпті дөңгелетіп отырса да, Қазақстанда оны кәсіпкер ретінде танитындар аз. Өйткені олигарх 10 жылдан астам уақыттан бері бизнесін де, отбасын да Отанына жолатқысы жоқ. Жылдық айналымы 450 млн доллардан асатын (2023 жылдың қорытындысы бойынша) Harvest Group SA сауда-логистикалық компаниясы Швейцарияда тіркелген. Өткен жылы Алмаз Әлсенов қарындасы Анельмен (бизнестің операциялық бөлігімен айналысады) бірге сол мемлекеттегі «Жыл кәсіпкері-2023» байқауының «Қызметтер және сауда» санатында үздіктер қатарынан көрінді.
ОЛИМПИАДА – ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН
Алмаз Әлсенов – Қарағанды тумасы, зиялылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Жеңіс Әлсенов – техника ғылымдарының кандидаты, өмір бойы Қарағанды политехникалық университетінің тау-кен жабдықтары кафедрасында жұмыс істеген. Анасы да – ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор. Балаларының шет тілдерді меңгеруіне, музыкалық аспаптардың құлағында ойнауына мүдделі болған әке ұлының спорттық жекпе-жекпен айналысуына қарсы болыпты. Алайда анасының қолдауының арқасында Әлсенов 14 жасында дзюдодан ұлттық жасөспірімдер құрамасына енеді. Бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанады, 2000 жылы ол Гонконгтағы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль және Германияның Бремен қаласында өткен Under 21 International Masters турнирінде алтын медаль жеңіп алған.
Астанада жаттыққан жас жігіт сондағы А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтына «Қаржы және несие» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын кәсіби спортпен ұштастырған Әлсенов Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Алайда 2004 жылы 22 жастағы жігіт ауыр жарақатына байланысты үлкен спортпен де, асқақ арманымен де қоштасқан.
«Дзюдодан алғаным көп. Үш қағида – бейімделу, физикалық және ақыл-ой энергиясын тиімді пайдалану, осы спортта игерген топтық жұмыс маған өмір бойы септеседі, мен бұларды бизнесте де қолданамын», - депті ҚР спорт шебері баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде.
СПОРТТАН – БИЗНЕСКЕ. АЛҒАШҚЫ МИЛЛИОНДАР
Спорттан қол үзуге мәжбүр болғаннан кейін Алмаз Әлсенов өзінің немере ағасымен бірге студент кезде бастаған бизнесін жалғастыруды жөн көреді. Қарағанды облысының ірі кәсіпорындары үшін металл прокатын, мырышталған металл табақтарын қайта сатумен айналысады. Туысынан қарызға қомақты ақша алып, жастық жалынмен бастап кеткен кәсіптері өрге домалап, көп ұзамай Қарағандының ауданы 45 гектарға жуық, темір жол айрықтары, крандары, металл сынықтарын өңдеуге арналған жабдықтары бар орталық металл базасын сатып алады. Сөйтіп ағайындылар өз компаниясын құрып, «Қазақмыс» және Теміртау металлургия зауыты сияқты алпауыттармен жұмыс істей бастайды, тіпті Қытайдан сұраныс түседі.
Әлсенов алғашқы миллион долларын осы кәсіптен табады. Бірақ уақыт өте келе нарық кеңейіп, кәсіпорындар тендерлік сатып алуға көшкенде маржа күрт төмендейді. 300%-ға дейінгі жоғары кірістілікке үйреніп қалған ағайындылар металл прокатын сатуды тоқтатады.
«ЕСКІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ӘЛЕГІ
Кейінірек Алматы облысындағы кірпіш зауытына, одан соң Ресейге көшіп, Мәскеуде макулатураны қайта өңдеуге инвестиция салады. Одан әрі табысын еселеудің жолын іздеп жүріп ет экспортын зерттейді. 2009 жылы банкротқа ұшырағалы тұрған Жамбыл облысының негізгі ет комбинаттарының бірі – «Мерке-Ет» базасында өз компаниясы – Kazakh Beef Company-ді құрады. Серіктесімен 400 мың доллар инвестиция салып, халал стандарттары бойынша ет өңдеу кешенін жаңғыртады. 2010 жылдың қыркүйегінде Әлсеновтің компаниясы ирандық Diba Sun компаниясымен 15 миллион долларға ұсақ және ірі қара мал етін экспорттауға келісімшарт жасайды.
Бизнесін кеңейте түскісі келген кәсіпкер 50 млн доллар көлемінде қаржы құя алатын инвестор іздей бастайды. Көп ұзамай сол кездегі мемлекет басшысының туыстарына жақын топтар хабарласып, Әлсеновке компанияның 20%-ын және басшылық қызметті сақтай отырып серіктесуді ұсынған. Әлсенов келіскен, алайда арада біраз уақыт өткен соң серіктестері оны бизнестен шығарып жіберген және оған тиесілі үлесті тиын-тебенге сатып алыпты.
ЖЕНЕВА ЖАРҒА ЖЫҚПАДЫ
Ет саудасының соңы сәтсіз аяқталғанымен, логистика саласында жинаған тәжірибесінің арқасында Әлсеновтің жаңа кәсібі – астық саудасында асығы алшысынан түседі. Арпаның алғашқы партиясы Иранға жөнелтіледі. Табыс арта бастайды, бірақ мемлекет қолдайтын және жеңілдікті шарттармен несиеленген ірі кәсіпорындармен бәсекелесу қиын екенін түсінген бизнесмен компанияның бас кеңсесін Дубайға көшіреді, тағы біреуін Гонконгта ашады.
2015 жылы кәсіпкер Harvest Group бас кеңсесін Женеваға ауыстырды. Швейцариядағы қызмет сапасы, банктермен жұмыс істеудің жеңілдігі, халықаралық сауда үшін жасалған қолайлы шарттар Әлсеновтің оң жамбасына келіп, кәсібі өзі армандаған деңгейге көтеріледі.
Фото: forbes.kz
Қазір Harvest Group 40 елде жұмыс істейді және бүкіл әлем бойынша 15 кеңсесі бар. 100-ден астам компаниямен сауда-саттық жасасып отыр, оның 20-сы негізгі әлемдік сатып алушылар: Египеттің GASC мемлекеттік корпорациясы, америкалық Cargill компаниясы, бразилиялық Amaggi.
Harvest Group флоты 28 кемеден тұрады. Бұл – сыйымдылығы 50 мың тоннаны құрайтын 20 кеме, оның екеуі компанияның өз меншігі, қалғанын ұзақ мерзімді жалға алған. Сондай-ақ, көлемі орта есеппен 3 мың тонна болатын «өзен-теңіз» санатындағы сегіз құрғақ жүк кемесі бар.
2020 жылы Harvest Group Оңтүстік Америка нарықтарына шықты. Онда жылдық айналым қазірдің өзінде 250 млн долларға жетеғабыл. Компанияның ендігі межесі – бұл аймақпен сауда-саттықты 1 млрд долларға жеткізу.
Сондай-ақ, 2023 жылы Harvest Group Кенияда еншілес компаниясын ашты. Жаңа компания импортқа лицензия алып үлгерген және жергілікті ұн тартушыларға тауарды делдалсыз сатып алуға мүмкіндік беретін тарату жобасын жүзеге асыруда.
УКРАИНАНЫҢ КҮЙЕУБАЛАСЫ
Желідегі суреттер мен видеолардан түсінгеніміз – Әлсеновтің кәсібі ғана емес, отбасылық өмірі де берекелі. Бизнесменнің әйелі – Украинаның танымал тележүргізушісі, актриса Иванна Онуфрийчук. Еңбек жолын модельдіктен бастаған ару түрлі сұлулық байқауларының жеңімпазы атанған екен. Суреті сән журналдарының мұқабасынан түспеген Онуфрийчук жасы ұлғая бастаған соң тележүргізушілер мектебін бітіріп, телевизия саласына бет бұрыпты. «Без галстука» авторлық шоуы арқылы танымалдығы артқан Иванна мүйізі қарағайдай украин саясаткерлерінің талайымен сұхбаттасқан.
Фото:instagram.com/ivannaonufriichuk
Украин аруы қазақ жігітімен Испаниядағы демалысы кезінде танысыпты. Біраз уақыт бір-бірінен жырақта сөйлесіп жүріп, танысып-біліскеннен кейін Әлсенов үйлену туралы ұсыныс жасаған.
ИВАННА АРМАНДАҒАН ТОЙ
Кәсіпкер мен тележүргізушінің аста-төк тойы Мальдив аралдарында өтті. Бір күндік жалға алу ақысы адам басына 40 мың долларды құрайтын Воава жеке аралындағы салтанатты неке қию рәсімі жайлы Украина басылымдары тегіс жазды. Иваннаның үш сағатта үш рет көйлек ауыстырғанын, той қонақтарының көңілін Дан Балан, Дима Монатик секілді атақты әншілер көтергенін украин әріптестерімізден естігенбіз.
Фото:instagram.com/ivannaonufriichuk
Айтпақшы, Онуфрийчуктің неке қиюға киген негізгі көйлегін тігуге 35 метр эксклюзивті шілтер, 4 келі хрусталь, 2 келі ұсақ моншақ, 1 келі меруерт және 3 мыңнан астам циркон пайдаланылыпты. Қалыңдықтың мұндай ерекше көйлекпен жүріп-тұру үшін 6 адамның көмегіне жүгінген. Қысқасы, Әлсенов әйелінің арманындағы тойды жасап берді. Келіншегінің тілегі бойынша екеуінің отау көтеруі Украинада да тойланды.
Жуырда Әлсенов пен Онуфрийчук ұлды болды. Тұңғыштары Адамның дүниеге келгенін тележүргізуші Instagram-да сүйіншіледі. Желідегі парақшасын белсенді жүргізетін Иванна отбасылық өмірлерін, Швейцариядағы тұрмыстарын ашық көрсетеді. Сондай-ақ, украин қызы өз еліндегі соғыс жайлы көп жазады. Жазбаларының бірінде бейбіт күннің қашан туарын білмегендіктен, отанына, сүйікті жұмысына оралуды жоспарлай алмайтынын айтыпты.
Бизнесмен сүйікті жарының көңілі түспесін деп барлық бастамаларын қолдайтынын да желідегі суреттер мен видеолардан ұқтық. Мәселен, Онуфрийчук Швейцариядағы украиналық босқын әйелдер мен балаларды қолдайтын IvAlive қайырымдылық қорын ашыпты. Жазбаларда көрсетілген сомаларға сүйенсек, Әлсенов әйелінің отандастарынан қаржы аямайтын секілді.
ҚАЗАҚСТАНҒА НЕГЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛМАЙДЫ
Олигарх бір сұхбатында өз еліне де пайдалы болғысы келетінін айтыпты. Алайда ет бизнесінде опық жегеннен кейін Қазақстанға инвестиция салудан тартынады екен. Елімізде Harvest Kazakhstan сауда компаниясын ашқанымен, әлі ешқандай алыс-беріс жүргізбеген. «Жаңа Қазақстан» жайлы әңгімелерге де, Қазақстан паспортына да бейтарап қарайтынын атап өтіпті.
Әлсенов ел экономикасының дамуына үлес қоспаса да, қазақ спортының өрлеуіне бір кісідей атсалысып жүрген кәсіпкер. Бір жыл ішінде JENYS дзюдо клубына 3,5 млн еуродан астам инвестиция салған. Кәсіпқой спортшыларға арнап арнайы жаттығу залын салып, ішін толық жабдықтап берген. Жаттықтырушылардың жалақысын да өзі көтеріп отыр.
Фото: instagram.com / jenysjudoclub
Айта кетейік, күні кеше Париж Олимпиадасында қазақтың қоржынын алтынмен қампайтқан Елдос Сметов – Алмаз Әлсенов қаржыландырып отырған JENYS клубының капитаны.