×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Париж Олимпиадасының медалі бар спорт федерацияларын кімдер басқарады

14.08.2024, 16:05
Париж Олимпиадасының медалі бар спорт федерацияларын кімдер басқарады
Коллаж Ulysmedia.kz

Сарапшылар Парижде өткен Олимпиада ойындары Қазақстан үшін сәтсіз болды деп есептейді. Бюджеттен миллиардтап қаражат бөлгендегі жеткен жетістігіміз – үш қола, үш күміс және бір алтын медаль. Жалпы командалық есепте 42-ші орыннан көріндік. Парижге Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия алып, артынып-тартынып барғанына қарамастан қоржынға жеті-ақ медаль түсті.

Қазақстанда спорт түрлерін дамытуға тек функционерлер емес, қоғамдық ұйымдар – федерациялар да жауапты. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі осы федерациялардың қайсысы үдеден шығып, қайсысы үмітті ақтай алмағанына үңіліп көрді.

Париждегі Олимпиада Қазақстанда 109 республикалық федерация жұмыс істеп тұрғанымен (оның 40-ы Олимпиадалық спорт түрлері бойынша), негізгі міндетті орындауға тек бесеуіінің қабілеті жеткенін көрсетіп берді. Мұндай тұжырымды біздің олимпиадалық спортшыларымыздың медальдық есебіне сүйене отырып жасауға болады. Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтын медальді дзюдошы Елдос Сметов, күміс медальді гимнаст Нариман Құрбанов, боксшы Нұрбек Оралбай және грек-рим стилінің балуаны Демеу Жадыраев алды. Қола жүлдегерлер: дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, мергендерден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле.

Zertteu Research Institute қорының атқарушы директоры Шолпан Әйтенова Қазақстандағы спортты қаржыландыру мөлшерін спортшылардың Олимпиададағы нәтижесімен салыстырып, 1998 жылдан бері Қазақстанда спортқа мемлекет бюджетінің шығыны 10 есе өскенін, әйтсе де, елдің олимпиадалық спорт түрлерінің жетістігі айтарлықтай жақсармағанын атап өтеді.

Шолпан Әйтенова қаржының спорттағы түпкілікті нәтижемен сәйкес келмеуін бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың нақты стратегиясының болмауынан деп есептейді.

Дзюдо федерациясы

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан дзюдо федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігін Президенттің қазіргі кеңесшісі, бұрынғы басқарма төрағасы әрі Қазақтелеком АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қуанышбек Есекеев басқарады.

– "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасының осы жауапты лауазымға таңдалуын негізгі қызметінен басқа, Қуанышбек Есекеевтің отандық спортпен байланысты бірнеше құрылымдағы тиімді қызметте болуымен түсінуге болады, - деп түсіндірді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Шынында да, 2018 жылы Қазақстанда киберспорт ресми танылған сәттен бастап Есекеев Qazaq Cybersport Federation – Қазақстан киберспорт федерациясын басқарды. Оның басшылығымен ұйым Ұлттық тұрақты турнирлердің бүкіл желісін өрістетіп, халықаралық жарыстарды өткізуге дейінгі жағдайға жетті.

Сондай-ақ Қуанышбек Есекеев Qazaqstan Barysy Қазақ ұлттық күресін қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Жас кезінде Есекеевтің өзі кәсіби түрде дзюдомен  айналысқан.

Қазақстандағы дзюдо федерациясы 1973 жылы құрылған. Дзюдоның дамуының екінші кезеңінің Қазақстанның егемендігімен байланысты. Ол кезде бізде ресми халықаралық турнирлерде жеке ұлттық құрама ретінде ел атынан өкілдік ету мүмкіндігі туған еді.

Қазір Қазақстанның дзюдо федерациясы басшылығының басым міндеттерінің бірі – әлемдік тәжірибе бойынша клубтық дзюдоны дамыту. Бұл бағыттағы клубтар қатарында Алматыдағы "Лашын" және "Арлан", Қарағандыдағы "Еңбек" және "Дзюдо Азия" бар.

Олимпиадалық жеңісте Алмас Альсеновтің еңбегі бар. Ол қазіргі Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі – бұрынғы Қазақстан чемпионы, Гонконгтағы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері әрі Германиядағы Under 21 International Masters турнирінде алтын жүлдегер атанған спортшы.

Гимнастика федерациясы

Бүгінгі таңда біз қарастырып отырған спорт федерациялары басшыларының ішінде тек екі қоғамдық ұйымның тізгінінде сол спорт түрлерінің өкілдері отыр. Солардың бірі – Қазақстан гимнастика федерациясы.

2021 жылдың 9 ақпанынан бастап Қазақстан гимнастика федерациясының президенті - Әлия Юсупова. Бұрын әлем аренасында отандық көркем гимнастика мектебін дәріптеген. Гимнастика федерациясының қазіргі президенті - Қазақстанның 2000-2009 жылдардағы абсолютті чемпионы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Дохадағы 2006 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы және 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарының вице-чемпионы, үш бірдей Универсиаданың жүлдегері.

Гимнастикадағы мансабын аяқтағаннан кейін Әлия Мақсұтқызы Шымкентте көркем гимнастика мектебін ашып, жаттықтырушылық қызметпен айналысты. Әлия – көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері.

Қазақстанның гимнастика федерациясы – ҚазКСР гимнастика федерациясының мұрагері. Сондықтан оның "туған күні" ресми түрде 1991 жыл болып саналғанымен, федерацияның тарихы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан басталады. Жылдар бойы федерацияның құрамына тек гимнастиканың үш түрі кірді: спорттық гимнастика, көркем гимнастика және акробатика. 1999 жылдан бастап Қазақстанда батутта секіру сияқты гимнастиканың қосымша түрі дами бастады.

Қазақстанда аэробты гимнастиканың ресми дамуы 2018 жылдан басталады.

Қазір Қазақстан гимнастика федерациясы спорттың бес түрін дамытып келеді. Олар: спорттық гимнастика, көркем гимнастика, батут гимнастикасы, спорттық акробатика, аэробты гимнастика.

Федерацияның гүлдену кезеңі жаттықтырушылар мен спортшылардың айтуынша, 2011 жылдың мамырында және 2016 жылдың қаңтарында қоғамдық ұйымның басшысы лауазымына екі рет сеніп тапсырылған Үміт Шаяхметованың президент болып сайлануынан басталады. Үміт Шаяхметова қоғамдық жұмысты Halyk басқарма төрағасы лауазымымен ұштастырған. Осы кезеңдегі федерацияның маңызды жетістіктерінің бірі-Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алу. Бұл әлемдік ареналардағы спортшыларға сенім бере білді.

Бокс федерациясы

Қазақстан бокс федерациясының тізгінінде дәстүрлі түрде бизнес өкілдері тұр. Биыл ақпан айында 2019 жылдан бастап қоғамдық бірлестікті басқарған Forbes тізіміндегі кәсіпкер Кеңес Рақышевтің орнын Integra Construction KZ құрылыс компаниясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп басты.

Кәсіпкердің боксқа қандай қатысы бар екенін айту қиын. Уикипедия деректеріне сүйенсек, Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысының КазЦИК ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) The Asia Pacific University of Technology & Innovation (APU) білім ошағында оқыған. Integra Construction KZ бенефициар иесі. Үйленген, үш баланың әкесі.

EGov мәліметтеріне сәйкес, оның компаниясы теміржол және метро құрылыстарымен, сондай-ақ басқа топтарға кірмеген басқа да инженерлік құрылыстармен айналысады. Компаниялар тобы 1997 жылы тіркелген. Құрылтайшылары – Мүтәліптің өзі және Management&Construction LTD жеке компаниясы. Соңғысының БАӘ, Грузия, Италия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Словакия және Ресейде филиалдары бар.

– Маған жүктелген жауапкершілікті қабылдай отырып, Қазақстанның боксын одан ары дамыту, спортшыларымыздың мүдделерін жан-жақты қолдау және қорғау, федерацияның ел ішінде де, одан тыс жерде де рөлін күшейту үшін бар күшімді саламын, - деп уәде етті Мүтәліп федерация президенті қызметіне кіріскен кезде.

Алайда бокс құрамасына ең үлкен үміт артылған Париж Олимпиадасының қорытындысы жұмсарта айтқанда көңіл көншітпеді: кәсіпкер сөзінде тұра алмады.

– Біз барлық жауапкершілікті өзімізге аламыз, ақталғымыз келмейді. Бәріміз кінәліміз. Федерация да, жаттықтырушылар да. Қателіктерімізді, кемшіліктерімізді көріп, Қазақстан бокс федерациясына үлкен реформа қажет деген қорытындыға келдік, - деп мойындады Қазақстан бокс федерациясының басшысы.

Қазақстанда бокс ең танымал спорт түрінің бірі саналады. Біздің еліміз әлемге Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Данияр Елеусінов сияқты бокстың әлемдік жұлдыздарын сыйға тартты. Қазақстан спортшылары бокста үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Әуесқой жарыстарда Қазақстан әуесқой бокстағы олимпиадалық медальдар бойынша жалпы есепте ондыққа кіреді. Ал кәсіпқойлар арасында бірнеше дүркін әлем чемпионы Геннадий Головкинді, 1996 жылғы Олимпиада ойындарының алтын иегері Василий Жировты және бірінші ауыр және жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Бейбіт Шүменовты, сондай-ақ орта салмақтағы екі нұсқа бойынша бокстан қазіргі әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын атап өтуге болады.

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы

Бұл ұйымды 2021 жылдан бастап спортшы Дәулет Тұрлыханов басқарады. Ол елге белгілі депутат, кеңестік және қазақстандық балуан әрі грек-рим стилінің жаттықтырушысы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1989), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Күрес федерациясы президентінің жеңісі ауыз толтырып айтарлықтай көп. 1989 жылғы әлем чемпионы және 1993 жылғы әлемнің вице-чемпионы, 1988 жылғы Еуропа және 1995 жылғы Азия чемпионы. Олимпиада ойындарының күміс (1988) әрі қола (1992) медаль иегері. КСРО-ның сегіз дүркін чемпионы, әлем кубогының екі дүркін иегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1991), ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы (1994). Педагогика ғылымдарының кандидаты, қауіпсіздік, қорғаныс және құқықтық тәртіп мәселелері академиясының академигі. 1992 жылдан бері "Дәулет" кәсіби спорт клубының президенті, 1993 жылдан бастап грек-рим күресінен ұлттық команданың бас жаттықтырушысы. 1996-1999 жылдары – Мәжіліс депутаты. 2000 жылдың мамырынан 2004 жылдың қыркүйегіне дейін-туризм және спорт агенттігінің төрағасы болған. 2004 жылдың қыркүйегінен 2006 жылдың наурызына дейін ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Дәулет Тұрлыхановтың әкесі және оның бірінші жаттықтырушысы Болат Тұрлыханов қазақтың танымал балуаны, кейін республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы болған. Болат Тұрлыхановты еске алу үшін 1994 жылдан бастап Семейде грек-рим күресінен жыл сайынғы турнир, 2017 жылдан бастап Алматыда "Болат Тұрлыханов кубогы" өткізіліп келеді. Оның есімімен қала көшелерінің бірі аталады.

Алайда күрес федерациясы президентінің оң имиджін кейінгі жылдары оның басы дауға қалған ұлдары айтарлықтай бұзып жүр. 

Қазақтың алғашқы кәсіби балуаны – аңызға айналған Қажымұқан (Мұқан) Мұнайтпасов (1871-1948). Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы, грек-рим күресінен халықаралық жарыстар мен әлем чемпионаттарының жеңімпазы, "қазақ халқының батыры" құрметті атағының иегері саналады.

Қазақстан спортшылары арасында КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері әрі Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы (1964) – грек-рим стилінің балуаны Анатолий Колесов.

Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы 1992 жылы Қазақстанда жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін грек-рим, еркін және әйелдер күресі сияқты спорт түрлерін дамыту үшін құрылды.

Қазақстанда әйелдер күресі салыстырмалы түрде жас спорт түрі. Ол 2007 жылы Баку қаласында өткен әлем чемпионатында қыздар медаль жеңіп алғаннан кейін қарқынды дами бастады.

Спорттық ату федерациясы

Қазақстандағы мергендердің Париж Олимпиадасындағы жетістігінен кейін ғана осы спорт түріне назар аударыла бастады. Қазақстанның спорттық ату федерациясын Бас прокуроры Берік Асылов жетекшілік ететіні де жаңалықпен пара-пар.

Бас прокурор қай кезден бастап қоғамдық жүктемені өз мойнына алғаны белгісіз, интернетте ол жайлы мәлімет жоқ. Бірақ біздің спортшыларымыздың Олимпиада ойындарындағы нәтижелеріне сүйенсек, Берік Ноғайұлы спорт федерациясы президентінің міндеттерін сәтті орындағанға ұқсайды.

Бас прокурор лауазымына Берік Асылов 2022 жылы Қаңтар оқиғаларынан кейін тағайындалды. Шенеунік Жамбыл облысында дүниеге келген, орта мектепті бітіргеннен кейін Литваның Каунас қаласында Кеңес әскері қатарында қызмет еткен. 1991 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде "Құқықтану"мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының тағылымдамадан өтушісі қызметінен бастаған. Отыз жыл ішінде қазіргі лауазымына дейін көтерілген.

Берік Асыловтың мансабы әрдайым сәтті бола бермеді. 2018 жылы 26 қаңтарда Асылов Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры ретінде бірнеше қала мен облыстың прокурорларымен бірге "қылмыстық және азаматтық процестерде, қылмыстық жазаларды орындау саласында, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізуде заңдылықты қамтамасыз ету ісіндегі елеулі кемшіліктері үшін" тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алматы прокуроры ретінде Берік Асылов өзін бақылау-қадағалау органдары тарапынан бизнеске қысымды төмендетуді және әкімшілік кедергілерді жоюды жақтай отырып, өзін кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы ретінде көрсетті.

2019 жылдан бастап Бас прокурордың бірінші орынбасары ретінде Асылов құқық қорғау саласын реформалау шеңберінде үш буынды қылмыстық сот төрелігі жүйесінің моделіне көшуге, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-ның өлім жазасын жою туралы пактісіне екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау шеңберінде қылмыстық кодекске түзетулер енгізуге жетекшілік етті. 2021 жылдың соңында Асылов Тоқаевтың Жарлығымен президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құрамына енгізілді.

"Қазақстан спорттық ату федерациясы" қоғамдық бірлестігі 2009 жылдың 15 наурызында ашылды. Қазір онда спорттың 2 түрі жұмыс істейді: оқ ату және стендтік ату.

1896 жылы мылтық пен тапаншадан ату жарысы алғашқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді, ал 1897 жылдан бастап оқ атудан Әлем чемпионаттары үнемі өткізіле бастады. 1958 жылға дейін әлем чемпионаттарына тек ер адамдар қатысты, ал 1958 жылдан бастап әйелдер арасында жарыстар өткізіліп келеді.