×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қажы депутат, қандас, желі жұлдызы: Инстабуржуазия өкілдері кімдер

17.10.2024, 10:48
Қажы депутат, қандас, желі жұлдызы: Инстабуржуазия өкілдері кімдер
Коллаж: ulysmedia

Қоғамның экономикалық және әлеуметтік элитасы саналатын көптеген қазақстандық кәсіпкер Instagram желісінде белсенді. Ұлысмедиа ұсынған қазақ инстабуржуазиясы қатарында IT, шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлер, сондай-ақ қаржы, энергетика саласында жұмыс істейтіндер ерекше көзге түседі. Олар қымбат киімдер (кейде ұлттық нақыштағы) мен көліктерін, саяхаттары мен сән-салтанатты өмір салтын жариялау арқылы оқырмандарының назарын аударуға тырысады.

ДИСКЛЕЙМЕР: Буржуазияның классикалық анықтамасы өндіріс құралдарына иелік ететін және елдегі капиталдың едәуір бөлігін иемденген әлеуметтік топ дегенді білдіреді. 

Қазақта ұлттық буржуазия бар ма деген сауал тоқсаныншы жылдардан бері айтылып келеді. Бір кездері Қазақстандағы қоғамдық пікір мен саясатқа едәуір ықпалы бар бизнесмендер шоғыры («Жас түркілер») шыққанда, демократия жақтастарының үмітін оятқандай көрінген. Дегенмен Назарбаев тұсында саяси қарсыластардың дені қуғындалған соң ұлттық демократтар біртұтас саяси күшке айнала алмады. Саяси кезеңдерді артқа тастаған Қазақстанда жаңа партия құрылса да елең ете қалатынымыз жасырын емес. Бүгінгі буржуазия қоғамдағы үлкен өзгерістердің қозғаушы күшіне айнала алды ма? Сәнді өмір салтымен маңғазданатын инстабуржуазия қай жолмен жүріп келеді деген сауал туындайды.

СЫРЫМБЕК ТАУ

Қазақтар қоныстанған Баян-Өлгийде туып-өскен Сырымбек Тау Қазақстанға 2004 жылы көшіп келген. Ол басқаратын «San Group of Companies» ЖШС Қазақстан мен Орталық Азиядағы Yokohama (Жапония) және Nankang (Тайвань), Triangle (Қытай) брендтерінің автомобиль шиналарының ресми дистрибьюторы.

Соңғы 12 айда бюджетке оның басқаруындағы «SAN TYRES» ЖШС 4,5 млрд теңге, «SAN CORPORATION» ЖШС 3,4 млрд теңге салық төлеген.

Түркістандағы Сандық рестораны Сырымбек Тауға тиесілі. Одан бөлек Tary ұлттық ресторан желісінде акциясы бар.

Кәсіпкерлер құрған «Respublica» партиясының тең төрағасы болған Сырымбек Тауды былтыр Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауынан шеттеткен болатын. Мұны ол парламенттегі депутаттар «заңның шикі тұстарын түзетуі керек» деп сынап жазды.

Кәсіпкер әлеуметтік желілерде саяхат, кәсіпкерлік, даму жолындағы жаңалықтарын бөліседі. Мысалы, 2024 жылы 27 елге іс-сапармен барып, 357 сағат ұшақпен ұшқан. Сонымен қатар су тасқыны кезінде 50 млн теңгеге 1600 балаға мектепке қажетті оқу-құралдарын сыйға тартқан.

Сырымбек Тау үйленген, бес баласы бар. Оның қарындасы Нұргүл Тау парламент мәжілісінің депутаты, інісі Нұрымбек Тау Алматы қалалық мәслихатының депутаты.

ҚАЖЫ ДЕПУТАТ

Руслан Берденов ұзақ жыл «Aq Niet Group» фармацевтикалық компаниясында жұмыс істеді. Жалға беру бөлімінің жетекшісі қызметінен бастаған ол бас директор қызметіне дейін көтерілгенін айтады.

«Саясатқа ұмтылмаған» Берденов депутаттық мандат алған соң құмар ойындармен күреске кірісті. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда соңғы үш жылда ойын бизнесіне триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жуырда қазақстандық букмекерлер қауымдастығы Берденовтің өзін сотқа беріп, жария кешірім сұрауды талап еткен.

Депутат бос уақытында спортпен шұғылданып, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырады. Оның спарринг серіктестерінің арасында спортшыларды, блогерлерді және танымал бизнесмендерді көруге болады. Айтпақшы, депутат әлеуметтік желіде діни сенімі туралы ашық көрсетеді. Бірнеше мәрте Меккеге барып, қажылық парызын өтеген. 

Өзін танымал кәсіпкер ретінде насихаттайтын Берденовтің атына тіркелген қандай да бір компанияны google іздеу жүйесінен табу қиын. Дегенмен кей ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, Берденовтің атында Шымкенттегі қонақ үй мен астық таситын компания бар:

Бюджетке «PANA BOUTIQUE HOTEL» ЖШС 10,8 млн теңге, "GOLDEN GRAIN TRADE" ЖШС 8, 2 млн теңге салық төлеген.

2016-2017 жылдары Берденов үш рет сотты болған. Атап айтқанда бір әкімшілік және екі азаматтық құқық бұзушылық бойынша сот ісіне қатысқан.

Мәжіліс сайтында оның үйленгендігі және балалары бар екендігі көрсетілген. Сонымен қатар ағылшын, орыс, түрік, әзербайжан тілдерінде сөйлейді.

ҰЛЫҚБЕК САЛЫҚ ТӨЛЕЙ МЕ

Бизнес-блогер Ұлықбек Шәріпов – Shoqan, Mel.wear, Tumar аксессуарлары киім брендтерінің және Tobe дизайн студиясының иегері. Сонымен қатар Forbes Kazakhstan-ның «30 Under 30» тізімінің иегері.

Ол инстаграмда мотивациялық контент, бизнеске қатысты кеңестер және отбасымен жылы қарым-қатынасын жиі салады. Үйленген, екі қыз өсіріп отыр.

Ұлықбек Шәріпов ерлер костюмін шығаратын Shoqansuits брендін 2022 жылы Тоқаевтың алдына таныстырған. Қазір 3 мегаполисте дүкендер желісі ашылған. Бір қызығы әлеуметтік желіде 200 мыңға таяу жазылушысы бар Shoqansuits дүкенінің соңғы жылдары төлеген салығын көру мүмкін емес.

2023 жылы жеке кәсіпкерлер үшін үш жылға созылған салық жеңілдігі аяқталған еді. Ұлықбек Шәріповке тиесілі SHOQAN ASTANA ЖК 2023 жылы атауын SHARIPOV ЖК атауына ауыстырған.

Қазақстанда жеке кәсіпкердің атауын өзгерткен кезде салық төленбейді. ЖК атауын өзгерту тек тіркеу мәліметтерін жаңарту болып табылады және бұл әрекетке салық салынбайды. Егер салық төленіп жатқан болса6 Ұлысмедиа редакциясына ақпарат беруге болады.

СҰХБАТТЫ «СҮЙЕТІН» ФИЛАНТРОП

1976 жылы туған Жұмабек Жанықұлов әлеуметтік желіде өзін кәсіпкер, қоғам қайраткері, филантроп ретінде таныстырады.

Ол Қазақстанның ең дәулетті 50 бизнесмені қатарында Форбстың 2022 жылғы тізіміне енген. Форбс журналының жазуынша, кәсіпкер іскер серіктестерімен бірге жалпы айналымы шамамен 100 млрд теңге болатын мұнай, металлургия, тау-кен өнеркәсібі, өнеркәсіп және медицина салаларындағы бірнеше кәсіпорындарды басқарады.

Атап айтқанда «Karazhal Operating» ЖШС құрылтайшысы «Saryopan Operating» (Бельгиялық Carmeuse Group-пен бірлесіп химиялық заттар шығаратын зауыт), Тараз металлургиялық зауытын және түрлі салада 11 филиалы бар Nova Medical Center емдеу-диагностикалық орталықтар желісін басқарады.

«Karazhal Operating» ЖШС 2023 бюджетке жарты миллард теңгеден астам салық төлеген.

Одан бөлек компания 3 рет әкімшілік және 1 рет азаматтық сот бойынша жауапқа тартылған.

Ол Форбстың 2022 жылғы ең дәулетті кәсіпкерлер тізіміне енген соң медиаға сұқбат беруді жиілеткен. Оның ішінде орыс тілді аудитория үшін Бейбіт Әлібеков пен Динара Сәтжанның youtube арнасын таңдаса, қазақ тілді оқырман үшін Жылқышыбай Нұрсейітке сұқбат беруді жөн көрген.

Жұмабек Жанықұлов әлеуметтік желілер мен медиада отбасы жайында, балалары турасында ашып айтқан емес. Дегенмен ашық дерекөздердегі ақпаратқа сүйенсек, отбасылы және бес баласы бар.

Ол өзін қарапайым интернаттан шығып, таныс-тамырсыз жүздеген миллиардтық қаржы айналымын жасаған табысты кәсіпкер ретінде таныстырады.

2022 жылы Ұлысмедиа алаңына берген сұқбатында сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловтың тұсындағы Үкімет жұмысын «сөзге бар, іске жоқ» деп сынға алған.

ДЕПУТАТТЫҢ ІНІСІ

48 жастағы кәсіпкер Руслан Шаекин Қазақстанда коммерциялық жылжымайтын мүлікпен айналысады. Оның бөлшек саудада және венчурлық капиталды инвестициялауда үлкен тәжірибесі бар.

Оның иелігінде Қарағанды мен Оралда жалпы ауданы 60 мың шаршы метрден асатын екі қонақүй мен үш сауда орталығы бар.

Руслан Шаекин құрылтайшысы саналатын «BOTAI DEVELOPMENT» АҚ 2024 жылы бюджетке 486 млн теңге салық төлеген.

Ашық дереккөздерде оның бірнеше қаладағы «Magnum» дүкендер желісінің құрылтайшысы екендігі көрсетілген.

Мәселен, «MAGNUM E-COMMERCE KAZAKHSTAN» ЖШС 2024 жылы бюджетке 2,8 млрд теңге салық төлеген.

Сондай-ақ, соңғы жылдары ол өзінің әлеуметтік желілерін белсенді түрде дамытып, Қазақстанның танымал кәсіпкерлерімен сұхбаттасатын «101 друг Шаекина» подкастын жүргізіп келеді. Үйленген, бес баласы бар.

«Мен мұны қайталап айтамын. Жанна (әйелі – ред.) болмаса қазіргі күнге жете алар ма едім. Ер адамның жетістігінде әйел адамның үлесі шүбәсіз», – дейді кәсіпкер.

Ол 1999-2016 жылдар аралығында мәжіліс депутаты болған Рауан Шаекиннің туған інісі. Шаекиндер әулеті Қарағанады облысында танымал. Бірқатар бизнестің қожайындары. Нығматулиндер әулетімен де байланысы бары айтылады.

17 жыл Парламентте орын бермеген Рауан Шаекинның өзі қазір «Жасыл даму» компаниясында тәуелсіз директор, Директорлар кеңесінің мүшесі және сол ұйымның омбудсмені. Компания Экология министрлігіне қарайды.

Інісі Русланның жаңа медиада аса белсенді болуы, қоғам алдында ықпалын арттыруға деген ұмтылысы, «Форбс»-қа құрғатпай сұхбат беруі, оның да ағасы секілді саяси амбициясының барын білдірсе керек.

ҚАЗАҚТАР «TO CANCEL» ЕТКЕН КӘСІПКЕР

Қазақстандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың есімі қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдемесінен соң көпшілік есінде жатталып қалды. Әлеуметтік желіде тараған бейнероликте бейтаныс қыз бала қазақ жеріне келген ресейліктерге «Егер жергілікті тұрғындар сіздің сұрағыңызға қазақша жауап берсе, бұл сізді жек көру деген мағынаны білдірмейді. Түсіністік танытуға тырысыңыздар» дейді. Осы тұста Мухоряпов «Егер маған орысша біле тұра, осылай сөйлесе көңілім түсіп қалар еді. Бұл бәрібір біртүрлі. Бұл ұлтшылдықтың белгісі және мәдениетсіздік» деген еді.

Артынша кәсіпкер кешірім сұрағанымен көпшілік оның компаниясына байкот жариялап, кейін Мухоряпов қазақ тіліндегі жобаларға жиі демеушілік етуімен көзге түсе бастады. Осылайша, өз ол айыбын жуып-шайғысы келген секілді. Мәселен, отарсыздану, қазақ тілі, тарих тақырыбын қаузап жүрген документалист Әлия Әшімнің бастамаларына қаржылай қолдау білдіреді.

Мухоряпов 1984 жылы Алматыда дүниеге келген. Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы академиясының қаржы және несие факультетін бітірген. Ол – Chocofamily Holding-тің негізін қалаушы және тең иесі, сонымен қатар YPO Kazakhstan мүшесі, iQanat білім беру жобасының сенімді өкілі.

2021 жылы Форбстың Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері тізіміне енген.

«Форбстың» сүйікті кәсіпкері бюджетке 2023 жылы 170 млн теңге, 2024 жылы 15,7 млн теңге салық төлеген. Одан бөлек холдингке қарайтын еншілес компаниялар тобы – «Даркстор» ЖШС, «Интернет доставка» ЖШС, «Редпрайс» ЖШС сынды бірнеше компания Мухоряповтың иелігінде.

Ол әлеуметтік желісін белсенді жүргізбейді. Әсіресе, 2022 жылдың күзіндегі қазақ тіліне қатысты даудан соң желідегі белсенділігі тіптен төмендеген. Биыл ол бар болғаны үш-ақ жазба жариялаған.

Отбасылы, екі баласы бар.

P/S Бір айта кетері біз топтастырған кейіпкерлерге ортақ ерекшелік, басым бөлігі көпбалалы әкелер. Әлеуметтік желіде де осы мәртебелерімен мақтанатындары байқалады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі әрі бақытты отбасы қуаттың елдің тірегі. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деген еді.