×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

Киевтің көңіліндегі алаң: Трамп Украинаны Ресейге жығып бере ме

08.11.2024, 12:32
Киевтің көңіліндегі алаң: Трамп Украинаны Ресейге жығып бере ме
Julia Demaree Nikhinson/The AP.

Дональд Трамп сайлауалды науқанында Украинадағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтататынын бірнеше рет айтқан. Трамп президент болды, енді мұндай қиын да күрделі міндетті орындай ала ма? Оның соғысты тоқтату жоспары қандай? Соғысушы тараптар нендей ұстанымда? Төмендегі материалда осы сұрақтарға жауап іздейміз.

“БҰЛ ОҢАЙ БОЛАДЫ”

“Мен Зеленскийді де, Путинді де жақсы білемін. Бұл оңай болады”, – деген Трамп сайлауалды науқанында соғысты тоқтататынына сенімді болған.

ВВС сөйлескен сарапшылар оның жеңісі бейбіт келіссөздерге көшу процесін жеделдетуі мүмкін деп санайды, бірақ олардың сәтті аяқталатынына күмән бар.

“Трамптың командасы бұл келіссөздер қаншалықты қиын және күрделі болатынын әлі түсінбейді”, – дейді саяси зерттеулер орталығының директоры Владимир Фесенко. 

Қыркүйек айындағы теледебатта Камала Харрис Трамптың Украинадағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтатамыз деген уәдесін келеке қылып, “ол Украинаны сатып жіберіп қана соғысты тоқтатады” деп мәлімдеген еді.

КИЕВТІҢ КӨҢІЛІНДЕГІ АЛАҢ

Украина АҚШ-тың жаңа президенті тиімді емес шарттарға қол қоюға мәжбүрлейді деп алаңдайды.

Бұрын Украинаға әскери көмекті тоқтатқан республикашылдар мен Украинаға қатысты сыни көзқарастарымен танымал вице-президент Джей Ди Вэнс бұл алаңдаушылықты қоюлатып отыр. Вэнс жаңа әкімшілік Украинада бейбіт келісімді қалай көретінін сипаттап, ол шекара сызығы бойымен демилитаризацияланған аймақ құруды және Киевтің бейтараптылығын сақтауды көздейтінін айтқан. 

Бұл келісім бойынша Ресей оккупацияланған аумақтарда қалады, ал Украина НАТО-ға кіруден бас тартады. Киев мұндай шешімді капитуляция ретінде қабылдап, ел басшылығы оны қолдай қоюы екіталай.

ТРАМП АҚШАНЫ САНАУДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

Дегенмен, украин қоғамы үмітін үзген жоқ. Владимир Фесенконың пікірінше, Трамп тек Ресей шарттарына бейбітшілік орната қояды деп айту қиын. Бұл жағдайды АҚШ-тың жеңілісі деп бағалау мүмкін екенін ескере отырып, Трамп жеңілген тарап ретінде көрінгісі келмейді.

Фесенконың ойынша, АҚШ әскери көмектің форматын өзгертеді, бәлкім көмек кредит немесе ленд-лиз арқылы жалғасуы мүмкін. «Трамп қаржыға мұқият қарайды», – дейді сарапшы. Бірақ АҚШ-тың қару-жарақ пен қаржылық көмекті толық тоқтату ықтималдығы аз, себебі бұл республикашылдардың өз тарапынан да сынға ұшырауы мүмкін.

Жаңа АҚШ әкімшілігі Мәскеуге келіссөздер бастау үшін ұсынатын басты жеңілдік – Украинаның НАТО-ға кіру перспективасынан бас тартуы болуы мүмкін. Бұл жағдайда Украина қауіпсіздік кепілдіктерін талап етеді.

КЕЛІСІМНІҢ ҚОЛАЙСЫЗДЫҒЫ

Фронттағы жағдай Украина Қарулы Күштері үшін қиын болып тұр. Ресей Донбасстағы шабуылдарын жалғастыруда, соңғы айда шамамен 500 км² аумақты басып алды. Мұндай жағдайда бейбіт келіссөздерді жақтаушылар саны артып келеді. «Разумков» қорының зерттеулері бойынша өткен күзде респонденттердің 21%-ы Ресеймен келіссөздер жүргізу идеясын қолдаса, биыл бұл көрсеткіш 35%-ға жеткен.

Сондықтан Трамптың бейбіт келісімдер туралы мәлімдемелері Украинада оң қабылданады. Дегенмен, Трамп пен оның командасы ұсынған қақтығысты «тоқтата тұруды» ғана қамтуы мүмкін. Яғни, Ресей басып алған аумақтарда қала береді. 

Бірақ Украина үшін оккупацияланған аумақтарды Ресейдің құрамдас бөлігі ретінде мойындап, соғысты тоқтату мүмкін емес шешім. Киев үшін мұндай келісімге келу – саяси суицид. 

ПУТИННІҢ ТАЛАБЫ

Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөздердің шарты ретінде украин әскерінің Ресей өзіне тиесілі деп есептейтін Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан шығарылуын атады, оның ішінде осы облыстардың оккупацияланбаған территориялары да бар.

«Тек украин әскері осы аймақтардан шығарыла бастағаннан кейін және Украина НАТО-ға қосылудан бас тартқан жағдайда ғана Мәскеу атысты тоқтатып, келіссөздерді бастауға дайын болады», –  деді Путин маусымда.

Әрине, 2014 жылдан кейін Кырымда болған жағдай сияқты конфликтіні оккупацияланған территорияларды мойындамай-ақ тоқтатып қоюға болады.

Фесенко көптеген украиндықтар бұл шешімге қарсы болса да Киевке осындай қадамға баруға тура келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ресеймен қандай келісім болса да, бұл мәселе бойынша Украинада бірлік болмайды, дейді сарапшы.

Дегенмен, егер мәміле америкалықтар тарапынан ұсынылса, бұл бірқатар мәселелерді шешуі мүмкін.

«Егер Зеленский осы бастаманы көтерсе, ол басты құрбан болып, сатқын атанар еді; ал егер бұл АҚШ-тың қысымымен жасалса, онда Трамп сатқын болады», –  деп түсіндіреді Фесенко.

Бірақ сарапшының айтуынша, мәселе украин қоғамында қалай қабылданатынында емес, Путинде: «Путинге соғысты уақытша тоқтату қажет емес. Путинге өз шарттарымен бейбітшілік керек».

Сондықтан Украина Жоғарғы Радасының депутаты Александр Мережко дипломатиялық жолмен бейбітшілікке жетудің мүмкін еместігін айтады. Ресей мен Путинге деген сенімнің болмауы бейбіт келісімдер іздеуді мағынасыз етеді, деп есептейді ол.

«Егер біз атысты тоқтату туралы келісімге келсек, бұл тек біздің жеңілісімізді кейінге қалдырады. Ал келесі агрессия толқыны қазіргі жағдайдан да қауіпті болады», – дейді Мережко.

ҮМІТ СӘУЛЕСІ

Осыған ұқсас пікірді британдық Chatham House аналитикалық орталығының зерттеушілері де білдіріп жатыр. Олар өткен жылдың қазанында «Ресейдің Украинадағы соғысын қалай тоқтатуға болады» атты баяндама ұсынған. Баяндама авторларының бірі Джеймс Шер Ресей әскері Украинадан күшпен қуылмаса, кетпейтінін жазады.

«Ресей үшін тоқтатылған конфликтілер әрқашан бейбітшілікке жетудің тәсілі емес, қарсыластарын әлсірету үшін платформа», – дейді ол.

Баяндама авторлары Украинаны әскери әрекеттерді тоқтатуға мәжбүрлеуге қарсы шығып, Киевке қосымша қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Олардың пікірінше, бұл оған соғыс жүргізуге және жеңіске жетуге мүмкіндік береді.