×
508.05
534.82
5.06
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.05
534.82
5.06

Өспей қалған Өскемен: түтін мен уақыт белдеуінің зиянын билік неге елемейді

07.12.2024, 15:13
Өспей қалған Өскемен: түтін мен уақыт белдеуінің зиянын билік неге елемейді
Тұрар Қазанғапов

Өскемен – еліміздің шығысында орналасқан қала, оны мистикаға толы Сайлент-Хиллмен жиі салыстырып жатады. Шаһарда ауаның ластану мөлшері жыл өткен сайын өсіп барады. Зауыттар мен өнеркәсіптік қалдықтардың арасында өмір сүріп жатқан тұрғындар өткір иісті ауаға үйреніп кеткенімен, мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдағысы келмейді. Қоңыр тіршілік кешіп келе жатқан тұрғындарға уақыт белдеуіне қатысты өзгерістің өзі оңай соққан жоқ. Уақыт белдеуі өзгерген соң күн ертерек бататын болды. Қазір күннің батуы сағат төртте басталып, қалаға одан да ауыр атмосфера сыйлауда. Ulysmedia.kz оқиға орнынан егжей-тегжейлі мәліметтермен бөліседі.

Қараша айының соңында еліміздегі 13 қалада ауаның ластануы байқалды. Әсіресе, Өскеменде бұл өткір мәселеге айналды. Қалың түтін жергілікті билікті шұғыл шаралар қабылдауға, тіпті мектеп оқушыларын онлайн оқытуға көшіруге мәжбүр етті.

Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ және соңғысы да емес секілді. Тұрғындардың тамағының жыбырлауы, жүрек айнуы мен бас айналуы — желсіз ауа-райында ауа құрамының нашарлауынан туындайтын жағдайлар. Өнеркәсіптік аймақтың қою түтіні, көлік қалдықтары мен жеке үйлерден шығатын түтін таза ауадан түк те қалдырмапты.

Желтоқсан айының басында жағдай сәл жақсарғандай болды. Қала тұрғындары терезелерін ашып, күнделікті шаруаларымен далаға шыға бастады. Алайда көпшілігі бұл уақытша деп санайды, себебі жел болмаса, қала қайтадан тұншығады. Өскемен үлкен ойпатты жазықта, яғни төменде орналасқан. Сондықтан бір ғана желсіз күннің өзі ауыр салдарға алып келеді.

Өскемендегі өнеркәсіптік және өндірістік қалдықтардың көлемі жылына шамамен 55 мың тоннаны құрайды. Оның оннан бірі жеке қазандықтарға тиесілі. Ал жеке үйлер қысқы маусымда шамамен 240 мың тонна көмір жағады. Бұл шамамен 14 мың тонна қалдыққа тең.

Соңғы жылдары жағдай мүлдем қиындап барады. Мысалы, «Қазгидромет» 2021 жылы қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) 42 күн бойы тіркелгенін хабарласа, 2022 жылы бұл көрсеткіш 96 күнге жеткен. Демек, қала тұрғындары үшін әрбір үшінші немесе төртінші күні көшеде жүру денсаулықтарына зиян.

Бұл жағдайдан ең көп зардап шегетіндер — зейнеткерлер. Созылмалы аурулармен қатар, ауаның құрамындағы зиянды заттар оларда қатты жөтел тудырады.

– Мүлде сөйлеспеуге тырысамын. Сәл ғана дауысымды шығара бастасам, тұншығып қаламын. Бір-екі ауыз сөз айтсам болды, жөтел қысады. Халықтық медицинамен емделемін, қызылмай жағып жүрмін. Басқа ештеңе көмектеспейді. Кейбіреулер белсендірілген көмір таблеткасын улануға қарсы дәрі деп ішеді. Дәрігерлер тағайындаған емдер көмектеспейді, – деп мұңымен бөлісті бір әйел.

Ол бір апта бұрын терезеден қараған көрініс қорқынышты болғанын, түтіннен аяқ жолды көрудің өзі мұңға айналып, үйге қарсы тұрған ғимараттар мүлдем көрінбей қалғанын жеткізді.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта жоғарғы тыныс жолдары ауруларының саны 11%-ға артқан. Алайда химиялық заттардың әсерінен болатын диагноздар ресми түрде тіркелмейді. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Өскеменде 72 мың адам тыныс алу жүйесінің патологиялары бойынша ем алған.

Қазақстандық эколог Зарина Қайсарованың айтуынша, ауаның ластануы адам денсаулығына өте зиян. Оны жасырын келген әккі жаумен салыстыруға болады. Бір қарағанда байқамауың мүмкін, алайда соның кесірінен бар денсаулығыңнан айрыласың. Бірақ мұны біздің қоғам жеткілікті деңгейде ескермейді.

– Түсінесіз бе, ластанған ауа оқ сияқты бірден өлтірмейді. Бірақ ол ұзақ уақыт бойы азаптап өлтіреді. Планетада әрбір он адамның тек біреуі ғана таза ауамен тыныстайды. Ал Өскеменде бұл көрсеткіш нөлге тең. Анықтамалық әдебиеттерді ашып қарасаңыз, туберкулез бен ЖИТС-тен өлетін адамдардың саны ластанған ауадан өлетін адамдардан әлдеқайда аз. Бірақ ол адамды бірден өлтірмейтіндіктен, бұл мәселеге бейжай қарайды, – дейді Зарина Қайсарова.

Экологтың айтуынша, Өскемен тұрғындары тыныс алу жолдары, жүрек-қантамыр, репродуктивті және жүйке жүйесі ауруларынан, сондай-ақ қант диабеті мен семіздіктен зардап шегуі мүмкін.

– Өнеркәсіптік аймақ қалалық ауаға шаң-тозаң, күйе, күл, күкірт, азот және көміртегі оксидтерін бөледі. Мұның бәрі Өскеменнің микроклиматын нашарлатып, тұман туғызады, қышқыл жаңбыр жауғызады. Күкірт пен азоттың кейбір қосылыстары аэрозольдер мен шаң түрінде атмосферадан түседі, ал кейбіреулері су тамшыларында еріп, топырақты және өзендерді ластайды. Тағы бір мәселе — материалдық зиянды дәл қазір бағалау қиын. Себебі билік бұл шығынды бірден және дәл қазір өтеп беріп жатқан жоқ. Бірақ болашақта осы әрекетсіздігі үшін ол өте қымбат құн төлейді, – деп қосты эколог.

Біз уақыт белдеуінің өзгеруі жоғарыда аталған мәселелермен бірге қаланың тұрғындарына қалай әсер ететінін білу үшін де блиц жүргіздік. Эколог Зарина Қайсарова адам ағзасында тәуліктік циклге негізделген 250-ден астам функция бар екенін түсіндірді. Оған дене температурасы, тромбоциттер, лейкоциттер, гормондар саны және басқа да көрсеткіштер жатады. Сарапшының пікірінше, ШҚО тұрғындары уақыт белдеуінің ауысуынан десинхронозға ұшырайды. Бұл, әдетте, түнгі ауысымда жұмыс істейтіндерге немесе физикалық және эмоционалды түрде жиі шаршайтын адамдарға тән жағдай.

– Биоритмдердің бұзылуы құрылымдық зақымдануға әкеліп, созылмалы ауруларға айналуы мүмкін. Сондықтан Өскемен тұрғындары қазір бір емес, екі қатерді бастан кешіріп отыр. Бұл жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда ауыр. Егер мемлекет халықтың өсуін қаласа, оның жанама түрде жойылуын емес, дәл қазір қандай да бір шаралар қабылдау қажет, – деді эколог.

Өскемен тұрғындары экологтың сөзін растап отыр, олар соңғы аптада жағдайдың айтарлықтай қиындағанына шағымдануда. Қазір күн шамамен сағат 15:28-де батады, сондықтан ерте тұрсаң да, үйге қараңғыда ораласың.

– Күннің алғашқы жартысы, яғни күн батқанға дейінгі уақыт өте жылдам өтіп кететін сияқты, ал екінші жартысы — тым ұзақ. Қараңғы ерте түсетіндіктен, ұйқы режимі бұзылып жатыр. Үйде болсаң, сағат 18:00 шамасында ұйқы қысады. Бірақ бірнеше сағат ұйықтасаң, түннің бір уағында қайта ұйқыға жата алмайсың. Қысқасы, біз үйде қашан соңғы рет дұрыс ұйықтағанымыз есімде жоқ, – дейді қала тұрғыны Жанна.

Сонымен қатар Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар өз қызметінен кетті. Қоштасу бейнежолдауында ол қызметінен мерзімі аяқталғандықтан кеткенін меңзеді. Ол Өскеменді алты жылдан астам уақыт басқарды және қаладағы жағдайды жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырғанына сенімді екенін айтты.

Әкімнің постына жазылған пікірлер әртүрлі болды: біреулер таңданысын жасыра алмай, оны қалуға үгіттесе, енді біреулер экс-әкімге Өскеменнен жырақта сәттілік тілеген. Қалай болғанда да, қала әлі күнге дейін жаңа басшысыз отыр. Ал жаңа әкім осы қордаланған мәселелерді қалай шешеді, оны уақыт көрсетеді.

Фотолардың авторы Тұрар Қазанғапов