×
526.11
542.31
4.76
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
526.11
542.31
4.76

Ұлу жылы қалай есте қалды: Қазақстанды дүрсілкіндірген оқиғалар

Ұлу жылы қалай есте қалды: Қазақстанды дүрсілкіндірген оқиғалар
Коллаж Ulysmedia.kz

2024 - Ұлу жылы Қазақстан үшін оңай соққан жоқ. Табиғи апаттар, үкіметтің кейбір томпақ шешімдері мен саяси оқиғалар, оқыс жағдайлар және төтенше жайттар жылды айтулы оқиғаларға толы етті. Ұлысмедиа соларды еске алып, маңыздыларын тізіп шағыды.

АЛМАТЫДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ

Қаңтар айы салыстырмалы түрде тыныш, оқыс оқиғасыз басталған. Алайда ел арасында Алматыда жер сілкінісі болады-мыс деген әңгіме тарап, оны жауапты органдар терістеп, елді дүрлікпеуге шақырған. Расында ондай әңгімеге еріп кеткендер көп болмады. Бәрі күнделікті тұрмысын кешіп жатқан. Алайда сағат тілі 23 қаңтарға ауысқаны сол еді алдымен гүрілдеген дауыс шығып, еден дірілдеп, қабырға сырқырап, аспа шамдар шайқалды да кетті. Жер сілкінді. Күші 6,7 балл деп бағаланды. Әп-сәтте жұрттың есі шығып, бәрі далаға атылды. Асығыста киініп үлгермегендер біразға дейін жартылай жалаңаш күйде қаңтардың суығында бүрсеңдеп жүрді. Әсіресе көп қабатты үйде тұратындарды үрей биледі. “Зілзала қайталанады екен”, “дабыл жүйесі неге істемеді”, “жер үйге көшу керек”, “Алматыдан көшу керек” деген сан сауал мен ой көпті толғантты. Осыдан кейін жер сілкінісі білінер-білінбес шамада қайталанып келіп, 4 наурыз күні қаланы тағы да бір шайқап алды. Мыңнан аса адам қабылдау пункттеріне жүгініп, Алматы шынымен үрейлі қалаға айналғандай әсер қалдырды. Көптің бақытына орай, ондай ірі зілзала кейін қайталанбады.

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАСЫ

Қалың бұқара арасында жер сілкініс туралы небір алып-қашпа әңгіме тарап жатқанда, саяси орталарда үкімет отставкаға кетеді екен деген әңгіме жүрді. Әңгіме қаңқу сөз болып шықпай, 5 ақпанда шынымен үкімет отставкаға кетті. 6 ақпан күні министрлер кабинетінің басшысы болып Олжас Бектенов тағайындалды. Жас, негізінен жемқорлыққа қарсы қызмет саласында істеген Бектенов мұның алдында 10 айдай президент әкімшілігін басқарған. Бектеновке күрделі міндеттер жүктелді. Өйткені шаруашылық салада тәжірибесі жоқ оның алдында ЖІӨ-ні 2030 жылға дейін екі есе арттыру туралы президент тапсырмасын орындау процесінің негізін қалау жұмысы тұрды. Осындай оңай емес жүк тұрғында Бектенов кабинетінің алғашқы елең еткізерлік ісі экономикаға байланысты емес, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы болып шықты.

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан 2024 жылғы 1 наурыздан бастап бірыңғай UTC + 5 уақыт белдеуіне көшті. Әрине мұндай шешім Смайловтың үкіметі тұсында қабылданған. Ал Бектенов кабинеті мұны дұрыс деп тауып, алайда ұзамай көптің сынына ұшырады. Бәлкім бұл үкіметтің халық ең көп әрі ұзақ уақытқа дейін қолдамаған шешімдерінің бірі болар. Өйткені жаңа уақыт белдеуі бәріне бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген. Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді. Ал денсаулық сақтау министрлігі жаңа уақыт денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин болса, уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деп отыр. Билік жаңа уақыт белдеуіннің пайдасын қанша қайталағанымен қараша халық үкіметтің шешімін қолдамайды. Нақтырақ айтқанда, жуырда DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнамаға сай, қазақстандықтардың жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы. Сауалнама мәліметі бойынша, азаматтардың басым бөлігі (53,1%) бұл шешімді қолдамайды. Респонденттердің 22,1%-і оны құптаса, 15,5%-і бұл мәселеге бейтарап қарайды, ал 7,4%-і мүлдем бейхабар. Сауалнама Қазақстанның барлық дерлік облысында бұл шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым екенін көрсеткен. Әсіресе, уақыт бір сағат артқа жылжыған өңірлерде наразылық айқын көрінеді. Айталық, елдің шығысында жазғы уақытта таңғы 2 жарымдарда жарық түсе бастайды. Ал қыста түскі 3-тен кейін қараңғы. Бұл халықтың тыныс-тіршілігіне кері әсер етіп, күннің жарығына тәуелді салаларға көптеген қиындық туғызуда. Осынша қарсылықтан кейін үкімет уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттейтін болып, оған 160 млн теңге жұмсағалы жатыр.

СУ ТАСҚЫНЫ

Tengrinews/Turar Kazangapov

Күн мен түннің айырмашылығы көп бола қоймайтын көктемде жұртшылық жаңа уақыт белдеуінің айырмашылығын бірден сезінбегенімен, көктем өзге жағымсыз жағдайды дайындап отыр екен. Күн жылып, қардың еруімен Қазақстанда соңғы 80 жыл бойы болмаған тасқын тіркелді. Елдің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Тасқын салдарынан 7 адам қаза тапты, ел бойынша 19 мыңнан астам тұрғын үй қирады. Оның жартысына жуығы жөндеуге жарамай қалды. Үймен бірге дүние-мүлік, қоса кетті. 10 мыңға жуық мал қырылды. Су тасқынымен күреске 63 мыңнан астам күш құрылымдарының қызметкері қатысты. Құтқару операциялары барысында 120 мыңнан астам адам, соның ішінде 40 мың бала эвакуацияланды. Тасқыннан келген жалпы шығын 800 млрд теңге немесе 2 млрд долларға таяды.

БИШІМБАЕВ СОТЫ

Қырғын сумен қатар азаматтық некедегі әйелін азаптап өлтірген Қуандық Бишімбаевтың соты миллиондаған адамның назарын аударды. Онлайн көрсетілген сот отырыстарын қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдіктер де құдды сериал тамашалағандай бақылады. Белді әлемдік БАҚ-тардың бәрі қылмыс жайлы ақпарат таратты. Ақырында 13 мамыр күні Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевты 24 жылға соттады. Соттағы соңғы сөзінде Бишімбаев өз туыстарының еш кінәсі жоқтығын айтып, оларды кінәламауды өтінді. Онымен бірге сотталған бауыры Бақытжан Байжанов 4 жыл “арқалап” кетті. Байжанов Салтанаттың отбасына, жақындарына көңіл айтып, олардан кешірім сұрады. “Мен ант етемін – сол кезде Салтанат өлім аузында жатқанын білмедім” дейді ол. Бұл оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды тезірек қабылдауға себеп болып, оған сай тұрмыстық зорлық үшін жаза қатаңдатылды. Әрі Нүкенованың кейсі көптеген қыз-келіншектер үшін кезінде көрген зорлықтары туралы батыл айтуға түрткі болды.

ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ

Қазақстан әскеріндегі әлімжеттіктен зардап шеккен сарбаздардың оқиғасы әр кез баспасөз бетттері мен әлеуметтік желі арқылы кең аудиторияға жетіп жататын. Ал 22 жастағы Ербаян Мұхтардың оқиғасы қазақ әскеріндегі қатігез әлімжеттіктің шырқау шегіндей болды. 2023 жылғы мамырда әскерге өзі сұранып барған Ербаян сол жылдың 4 желтоқсанында түнде Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 бөліміндегі дәретханада құлап, бас-миының ашық жарақатын алған. Орталық клиникалық ауруханасының анықтамасы бойынша, сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді. Ербаянның оқиғасы биыл сәуірде комадан оянғаннан кейін қоғамдық резонансқа айналды. Әскерге кетпес бұрын спортпен шұғылданып, сап-сау жүрген жігіттің емхана керуетіндегі бас сүйегің жартысы жоқ күйде күннен күнге солып бара жатқаны бейнеленген сурет қазақстандықтардың жанын түршіктірді. Әке-шешесінің шырылы мен халықтың қолдауының арқасында Ербаян бүгінде Түркияда емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты. Аталған жайтқа байланысты Ә Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі (бір-біріне бағынышты емес әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынасы туралы қағиданы бұзу) бойынша тергеу жүріп жатыр.

УТИЛЬАЛЫМ МӘСЕЛЕСІ

Бірнеше жыл бойы дүркін-дүркін көтеріліп келген утильалымды алып тастау немесе мөлшерлемесін едәуір төмендету мәселесі биыл қатты көтерілді. Мәселені айтып жүргендердің желідегі видеолары миллиондап қаралым жинап, утиль алымды алып тастау туралы петицияға санаулы күнде 50 мың қол жиналып, тіпті депутаттардың өзі мінберден қаһарлы үнмен тақырыпқа үнқосқанда осы утиль мәселесінде шынымен де өзгеріс болатындай әсер қалдырды. Бірнеше қоғамдық талқылау өтіп, қос тараптың уәжі тыңдалды. Сырттан машина кіргізіп жағымды жаңалық болып қала ма деп көлігін рәсімдемей жүрген елде есеп болмады. Алайда 20 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизация алымына қарсы петиция талаптарын орындаудан ресми түрде бас тартты.

ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА

Биыл спорт сүйер қауымның назары Парижде өткен жазғы олимпиада ойындарына ауды. Қазақстан төр жылдықтың басты бәсекесінде бір алтын, үш күміс, және үш қола иеленіп, жалпы есепте 43-орынды місе тұтты. Бұл алдыңғы Токио олимпиадасындағы көрсеткіштен тәуір нәтиже болғанымен, бұл жеткістікке шаттанғандар көп болмады. Әсіресе қазақтың оң жамбасына келетін бокстан қатарынан екінші олимпиадада алтынсыз қайту жанкүйерлерді де, спортшылардың өзін да жабырқатты. Олимпиададан соң спорттың тұтқасын ұстаған азаматтарға жаттықтырушыларға, жалпы спорт саясатына көп сын айтылды. Ұзамай спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев қызметінен алынды. Президенттің өзі соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскенін, бірақ соған лайық нәтиже жоқ екенін айтты. Сондай-ақ спортындағы жағдайды сынап, шетелден спортшылар шақыруды тоқтату керектігін мәлім етті.

АЭС РЕФЕРЕНДУМЫ

6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өтті. Ол жерде бастаманы қолдайсыз ба, жоқ па деген екі сұрақ қана болды. ОСК мәліметі бойынша жалпы дауыс берушілердің 71,12 пайызы бастаманы қолдаған. Референдум қарсаңында қоғамдық белсенділер ұсталып, ОСК-де тіркелмеген ұйымдардың референдум туралы сауалнама жүргізуіне қатаң тйым салынды. Кей сарапшылар билік референдумда АЭС-ті қай ел салғанын қолдайсыз деген сауал да болуы керек еді деп санайды. Алайда оны үкімет өз құзырына қалдырып отыр. Бүгінде үкімет АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай, Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлады. Ел арасында билік АЭС-ті ресейлік Росатом компаниясына салдыра ма деген қауіп бар. Оның арты Ресейге деген энергетикалық, саяси тәуелділікке әкеліп соғып, қауіпсіздікке байланысты тәуекелдер тудыруы мүмкін деп санайды көпшілік. Үкімет АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысы Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылын белгілеп отыр.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. Бұл оқиға елдегі көп қылмыстың бірі ретінде ұмытылып кетер ме еді, егер марқұм тұрған үйді әлдекімдер өртеп кетпесе…12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйін өртеп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды. Шерзаттың өлімін тергеу орбитасында 13 адам бар. Оның 11-і күдікті, 2-екеуі куәгер.

Жасөспірімнің қазасын тергеу жұмыстары аяқталуға жақын қалғанда 9 желтоқсан күні Шерзаттың ағасы, жәбірленушілердің бірі Нұрқанат Ғайыпбаев қайтыс болғаны хабарланды. Ресми нұсқа бойынша ол өзіне қол салған. Жақындары бұған сенбейді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары жиналып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен әділ тергеуді талап еткен. Оның ақыры Шерзаттың әкесі мен әпкесін 15 күнге қамаумен аяқталды. Одан бөлек Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша іс қозғалып, қарындасы Бақыт Реймоваға елден депортациялану қаупі төніп тұр.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

Бастапқыда апатқа ұшақтың құстармен соқтығысуы себеп болуы мүмкін екені айтылып, кейін бұл нұсқа күрт өзгерді. Қазір апатқа сыртқы фактор, нақтырақ айтқанда ұшақ ресейлік зымыраннан атылғаны туралы нұсқа қарастырылып жатыр. Бұған Әзербайжан тарапы сенімді. Апаттан аман қалғандар да сырттан қандай да бір шабуыл болғанын айтып жатыр. Әзірге Ресей мұндай нұсқаны растап отырған жоқ. Апатты тергеу жалғасып жатыр.