×
526.11
542.31
4.76
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
526.11
542.31
4.76

Күлейік пе, жылайық па: депутаттардың 2024 жылғы «хит» мәлімдемелері

31.12.2024, 11:07
Күлейік пе, жылайық па: депутаттардың 2024 жылғы «хит» мәлімдемелері
Ulysmedia коллажы

Депутаттық мінберден жасалған мәлімдемелер қоғамда үнемі қызу талқыланады. Кейбірі халықтың айызын қандырып, “әп-бәрекелді” дегізсе, кейбірі езу тартқызады. 2024 жылы көпшілігіміздің жадымызда қалған осындай мәлімдемелерге Ulysmedia.kz арнайы тоқталды. 

“ТЕАТР КИІМ ІЛШІКТЕН БАСТАЛАДЫ”

Биыл 25 қаңтарда елорда мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин тағы бір резонанс тудырған ұсыныс айтты. Ол Астана қаласына кіретін жолдарға блокпосттар орнату қажеттігін ұсынды. Оның пікірінше, шығу тегі белгісіз елдің оңтүстігінен келген азаматтардың мегаполиске келуі қаланың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Бұл шаралар қылмыс деңгейін төмендету мен миграциялық ағындарды бақылауға бағытталған деп түсіндірген мәслихат депутаты.

– Барлығы елордаға ұмтылады. Блокпосттар қойыңыздар. Бұл мәселеге тезірек назар аудару керек. Театр гардеробтан басталады, солай емес пе? Елордаға кім көрінген кіріп жатыр, – деп мәлімдеген ол, қоғамда қызу пікірталасқа жол ашты.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ “СӨЗШЕҢДІГІ” МЕН ТҰРМЫСТЫҚ ЖАНЖАЛ

Ақпанда мәжіліс депутаты Анас Баққожаев отбасылық жанжалдарға қатысты мәлімдемесімен қоғамның қызу талқысына түсті. Ол әйелдердің «сөзшеңдігін» тұрмыстық жанжалдардың басты себебі ретінде атап, ерлерді де түсіну қажет деген пікірін білдірді.

– Тек ең бақытсыз еркек қана әйелге қол көтереді. Бірақ барлық жанжал ұрып-соғумен басталмайды. Ерлерді де түсіну керек. Көп жағдайда жанжал әйелдердің тым ащы тілінен туындайды. Әйелдерден кешірім сұраймын, бірақ мұндай фактілер бар. Қазақта “Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс” деген сөз бар, – деді депутат.

Сонымен қатар депутат қазіргі таңда қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатқанымызды да атап өтті. Алайда ол бұл пікірін нақты мысалдармен дәйектеген жоқ.

НАСЫБАЙ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП

Наурыз айында мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы насыбайға ел аумағында толықтай тыйым салуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл зиянды затты тіпті мектеп оқушылары да қолдана бастаған.

– 4-5-сынып оқушыларының насыбай атып жатқанын көрген соң, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын түсіндім. Бұл зиянды зат ашық сатылуда, бағасы қолжетімді, ал зияны орасан зор. Бұрын оны ересектер қолданса, қазір жастар, тіпті қыздар да пайдалана бастады. Жыл өткен сайын олардың саны артуда. Бұдан бөлек, бұл әдет ел сенім артқан спортшылар арасында да таралып жатыр, – деп алаңдаушылығын білдірді депутат.

Мәжілісмен бұл жағдайға тосқауыл қою үшін арнайы органдардың сауда нүктелеріне қатаң шаралар қолдануы қажеттігін атап өтті.

– Елімізде заң бойынша тыйым салынғанына қарамастан, бұл мәселені орындауда әлсіздік танытып отырмыз, – деп толықтырды ол.

Айта кетейік, 2015 жылы Қазақстанда никотин мен шайыр мөлшері шектен асқан темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды дайындау, жеткізу, сату және таратуға заңды түрде тыйым салынған. Алайда, депутаттың айтуынша, бұл шектеу толыққанды жүзеге асырылмай келеді.

ЛГБТ НАСИХАТЫНА ТЫЙЫМ

Сәуір айының басында Amanat партиясының депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжанов бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын түзету енгізуді ұсынды. Олардың пікірінше, ЛГБТ құндылықтарын қолдайтын материалдар қатаң санкцияларға ұшырауы керек, тіпті БАҚ қызметін тоқтату немесе оны толық жабу мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

– Қазақ қоғамы үшін дәстүрлі отбасы – ер мен әйелдің және олардың балаларының одағы, – деп атап өтті депутаттар.

Бұл бастамаға кейіннен партия өкілдері Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев қосылып, дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

– Дәстүрлі отбасы – қоғамымыздың ең маңызды элементі, сондықтан мұндай отбасылық құндылықтарды қорғау үшін тиісті шаралар қабылдау қажет, – деді Жаңбыршин мен Мұсабаев.

Олардың пікірінше, қазақстандық заңнама дәстүрлі моральдық қағидаттарға қайшы келетін ақпараттың таралуына жол бермеуі керек.

– Кез келген өзге қатынастарды насихаттау әрекеттері жол беруге болмайтын құбылыс, – деп мәлімдеді Amanat партиясының өкілдері.

- Бұл ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырып, әлеуметтік желілерде түрлі көзқарасты қалыптастырды.

TikTok-ҚА ДА ТЫЙЫМ

Сәуір айында Amanat партиясының мүшесі Ерлан Саиров депутаттық сауалында TikTok-тағы заңға қайшы барлық контентке шектеу қоюды және бұл әлеуметтік желіні кәмелетке толмаған балаларға пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Мәжілісменнің айтуынша, бұл платформа жастарға моральдық зиян келтіруде.

– TikTok арқылы түрлі ойындардың, онлайн казинолардың жарнамасы, порнографиялық бейнелер, суицидке шақырулар, жала жабу және былапыт сөздер таралуда. Балалар тек оларды көрумен шектелмей, зорлық-зомбылық пен құмар ойындардың құрбанына айналуда. Бұл мәселе туралы бізбен кездесулерде ата-аналар, ата-әжелер жиі айтып келеді. Хайп пен пранк үшін ар-ұятты жоғалтуда. Қоғамда мейірім, ізгілік, қамқорлық сияқты қасиеттердің орнына қатыгездік, зұлымдық, өтірік пен алдау, қызғаныш пен тәкаппарлық белең алуда. Әлеуметтік желілерде оқушылардың бір-біріне қатыгездік көрсету фактілері жиі тарауда, – деді депутат.

Саиров осыған байланысты кәмелетке толмаған балаларға TikTok-ты пайдалануға қатаң шектеу енгізуді немесе Қытай тәжірибесіне сүйене отырып, бұл платформаның арнайы балаларға арналған нұсқасын жасауды қарастыруды ұсынды.

Бұл бастама да қоғамда түрлі пікірлер тудырып, ата-аналар мен сарапшылар арасында қолдаушылар мен қарсы пікір айтушылардың қатарын көбейтті.

ҮКІМЕТ ЖАУАБЫНАН ҚАН ҚЫСЫМЫҢ КӨТЕРІЛЕДІ

Мамыр айында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса үкіметтің депутаттардың сауалына дұрыс жауап бермейтініне шағымданды. Оның айтуынша, депутаттар халықтың талаптарын орындау мақсатында сауалдар жолдайды, бірақ үкіметтің берген жауаптары көбінесе сапасыз, атүсті  болып келеді.

– Үкіметтің кейбір жауаптарын оқу үшін алдын ала қан қысымыңызды өлшеп, оны қалыпқа келтіретін дәрі дайындап алмасаңыз, сізге өте қиын болады, – деп әзіл-шыны аралас пікір білдірді Қазыбек Иса.

АСТАНА – НАМЫССЫЗ ҚАЗАҚТАР ТҰРАТЫН ҚАЛА

Мамыр айында депутат Абзал Құспан Астанадағы орыс тілінің үстемдігіне байланысты ашу-ызасын білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ол «Жетісу» саябағында серуендегенде қазақ тіліне құрметтің жетіспейтінін байқаған.

–  Астанаға өңшең намыссыз, арсыз қазақтар жиналады білем, дәл Астанадағыдай өз тілінен безген өресіз ата-аналарды еш жерден көріп, еш жерден кездестірмеппін! - деп жазды депутат Абзал Құспан желідегі парақшасында.

Бұл жазба қоғамда қызу талқыға түсіп, қазақ тіліне қатысты пікірталастарды қайта жандандырды.

ЖАҢБЫРҒА САЛЫҚ: РАС ПА, ӨТІРІК ПЕ

12 маусымда Су кодексін талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында мәжіліс депутаттары жаңбыр суына тариф енгізуді ұсынды. Павел Казанцев бұл мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтті:

– Жаңбыр суы үшін кімнен ақы алуды анықтау қиын. Бірақ алу керек!, – деді ол.

Табиғатты мемлекеттің бюджетіне «жұмыс істету» идеясы қоғамда көптеген сұрақтар туғызды. Мысалы, шалшық су үшін кім төлейді? Немесе шатырдан жиналған судың сапасын қалай бағалау керек? Егер көршіңіз жаңбырды жинау үшін шелек қойса, ол жиналған сумен бөлісуі керек пе?

Казанцевтің айтуынша, жаңбыр суы үшін төлем – салық емес, оны өңдеу шығындарын өтеу тәсілі. Дегенмен бұл бастама әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, кейбіреулер көшеге жаңбырдан қорғау үшін ғана емес, шығынды азайту мақсатында қолшатырмен шығу қажет болатынын әзілдеп айтты.

Жыл бойы бұл бастамаға ұқсас жаңа ұсыныстар түседі деп ойлағанбыз: ауаға тариф немесе қар үшін төлем. Себебі бюджет тапшылығымен күресуде депутаттардың қиялы шексіз сияқты көрінеді.

ПАРЛАМЕНТТЕГІ ХАРРАСМЕНТ

Бұл мәлімдеме болмаса да, қоғамға үлкен резонанс тудырған оқиға болды. «Ақ Жол» партиясының Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың парламент қызметкеріне қырындау фактісі жария болды.

– Мен сенен бала сүйгім келеді. Сен тамаша ана боласың. Ал босануға дейінгі тоғыз ай бойы жағымды істермен айналысу керек, – деп жазған Садықовтың хабарламаларын партия төрағасы Азат Перуашев жария етті.

“Парламент қызметкерінен Асқар Садықовтың бірнеше рет қырындағаны туралы арыз түсті. Бұл әрекеттердің дәлелі ретінде WhatsApp-тағы оның жазбаларының скриндері келтірілген. Мәселенің қиындығы – жәбірленуші Садықовтың депутаттық иммунитетіне байланысты құқық қорғау органдарына жүгіне алмаған” деп мәлімдеді Перуашев. Осы оқиғадан кейін Асқар Садықов депутаттық мандатынан айырылды.

СОҒЫС БОЛА МА

12 қыркүйекте мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 2025–2027 жылдарға арналған бюджет жобасын сынға алды. Әсіресе, елдің қорғанысын дамытуға арналған қаражаттың аздығы оны ашуландырды. Ол Украинадағы соғысты мысалға келтіріп, Қазақстанда да әскери қақтығыстар болуы мүмкін екенін ескертті.

– 2030 жылы соғыс болуы ықтимал – мұндай қауіп бар. Тіпті қорғаныс ведомствосы да осындай болжам жасайды, – деп мәлімдеді Бапи.

ФЕМИНИСТЕР – ЖАСТАРҒА ҚАУІП

Қазан айында мәжіліс депутаты Ринат Зайытов феминистік ұйымдардың бірін экстремистік деп тануды ұсынды. Өзінің депутаттық сауалында ол ЛГБТ және феминистік қауымдастықтарды «жастарды жоюға бағытталған зұлымдық» деп атады.

Ол Қазақстандағы феминистік бастамалардың бірі – «Феминита» ұйымын ерекше мысал ретінде келтірді.

– Бұл жиіркенішті ұйым біздің жастарды азғындыққа апарды. Аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған балаларға насихат жүргізді. Алматы көшелерінде үлкен жиындар өткізіп, митингілер ұйымдастырып, ашық дискуссиялар өткізді. Петиция жарияланып, оған 11 мәжіліс депутаты қол қойды. Мұндай ұйымдарға қарсы 50 мың қол жиналды. Алайда құқық қорғау органдары ешқандай шара қолданған жоқ. Осыдан кейін олар жазаланбайтынына сенімді болып, Алматыда лесбийлік құрылтай өткізетіндерін ашық мәлімдеді, – деп наразылығын білдірді Зайытов.

Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен пікірталас тудырып, әртүрлі көзқарастардың айтылуына себеп болды.

КВАДРОБИҢ: ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАНУАРЛАРҒА ЕЛІКТЕП ЖҮР

18 қазанда депутат Дәулет Мұқаев жасөспірімдер арасында жаңа субмәдениеттің таралуы туралы мәселе көтерді.

– Жануарларға еліктейтін жасөспірімдердің саны ай сайын  артуда. Олар мысықша мияулайды, итше үріп, ұлиды, тіпті адамдарды тістеп алатындар бар. Осылайша адамдар өздерінің адамдық болмысын жоғалтып, жануарларға тән мінез-құлыққа жақындай түсуде. Бұл құбылыс жұқпалы аурудай таралып жатыр, – деп мәлімдеді ол.

Бұл мәселе қоғамда резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде көптеген талқылауларға себеп болды.

ҰЛЫМ ҰЛКЕН ҚЫСЫМ КӨРДІ

Біздің шолуымызға мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың да сөзі еніп отыр. Ол Алматыда танымал заңгерлер Черновтарға шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылған кіші ұлын ақтап алуға тырысты. Ұлы сот шешімдерін бұзып, моральдық тұрғыда теріс әрекеттер жасағанына қарамастан, депутат оны «жақсы бала» деп сипаттады.

– Біз оны қолдан келгенше тәрбиеледік. Бірақ ол жақсы бала. Не себепті осындай жағдай болып жатқанын білмеймін. Оның артынан аңду жүріп жатыр. Жасы 21-де. Ертең жүйкесі сыр беріп, ауруға шалдықса, оған кім жауап береді? Сондықтан менің ұлым өте жақсы әрі тәрбиелі. Ол достарымен араласа алмай ма? Туған күнге баруға болмай ма? Бұл мені қатты алаңдатады. Ұлымның денсаулығы да маңызды, – деп мәлімдеді депутат.

Сонымен қатар Тұрлыханов ұлын түрмеге қамаудың себептерін түсінбейтінін атап өтті:

– Оны не үшін түрмеге жабамыз? Кешкі сағат 20:30-да әріптестерімен отырған. Ол ішімдік ішпейді. Егер осылайша бірден түрмеге қамай берсек, бұл дұрыс тәрбие болмайды, – деді депутат.

Ол ұлы Нұрасылдың қатты қысымнан өзін-өзі өлтіруге әрекет жасауы мүмкін екенін айтып, оның денсаулығына алаңдаушылық білдірді.

УАҚЫТ БЕЛДЕУІ. БІТПЕЙТІН ЖЫР

Қостанай облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл ел үшін бірыңғай уақыт белдеуі туралы идеяны белсенді түрде ілгерілетумен есте қалды. 10 қарашада ол бүкіл Қазақстанды UTC+5 уақыт белдеуінде қалдыруды ұсынды. Бұл қадам күтпеген жағдай болды, себебі бұған дейін Е.Әбіл Қостанай облысының "табиғи" уақыт белдеуіне ауысуына қарсы болған.

Сұраққа жауап бергенде ол өзінің көзқарасын өзгерткенін айтты:

– Менің ойымша, денсаулыққа ешқандай әсер болмайды. Себебі бұған дейін де зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер өте көп. Әлемдік консенсус бар: адамдар табиғи уақыт белдеуінде өмір сүруі тиіс. Бұл зерттеудің жаңа ештеңе көрсетпейтініне сенімдімін, – деді депутат.

Сонымен қатар Әбіл осы зерттеуге жұмсалған 160 миллион теңге шығынды негізді деп атап, оны қоғам қолдамаса да, дұрыс шешім деп бағалады.

Экология және ресурстарды үнемдеу: өзгерістерге шақыру

Қараша айында депутат Бауыржан Смағұлов энергия мен суды тұтыну нормативтерін қатаңдату туралы бастама көтерді. Ол ресурстарды үнемдеу мен энергия үнемдейтін технологияларды енгізу елдің тұрақты дамуының негізгі кілті екенін атап өтті.

– Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, энергия мен суды тұтыну нормативтерін өндіруден бастап, түпкілікті тұтынуға дейінгі барлық деңгейлерде қайта қарап, біртіндеп қатаңдату қажет. Бұл шаралар ресурстарды басқарудың тиімділігін арттырып, бақылауды жақсартып, шығындарды азайту арқылы экономикалық тұрақтылықты нығайтуға көмектеседі, – деді Смағұлов.

Ал депутат Әділ Жұбанов шетелдік мұнай компанияларымен келісімшарттарды тоқтату қажеттігін мәлімдеді. Ол «Теңізшевройл» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» сияқты шетелдік компаниялармен келісімдерді ұзартпауға шақырып, Қазақстанның табиғи ресурстарын қайтарып алуды және отандық басқарушы компанияларды даярлауды талап етті.

– Мен үкіметтен «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» сияқты шетелдік компаниялармен келісімшарттардың мерзімі аяқталғаннан кейін оларды ұзартпауды талап етемін. Біздің табиғи ресурстарымызды қайтарып алатын кез келді, – деді Жұбанов.

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР МЕН БІРЕГЕЙЛІК

21 қарашада мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қазақтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қорғау мәселесін көтерді. Ол ұлттық мәдениеттің орынсыз пайдаланылғанына наразылық білдіріп, ұлттық киімдегі қыздардың «жалаңаш билеуін» мысалға келтірді.

– Мен ұлттық киімде, киіз үйде билеп жүрген жалаңаш қыздарды көрдім, бұл мүлдем орынсыз болды. Мұндай жағдайларда біз қандай шаралар қабылдай алатынымызды, тіпті Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу қажеттілігін анықтауымыз керек, – деп мәлімдеді депутат.

Алайда бұл мәлімдеме тек талқылау туғызып қана қоймай, Сатыбалдиннің өзіне қатысты қылмыстық іс қозғауға себеп болды. Тіпті бұл мәселемен Бас прокуратура айналысуда. Мұндай белсенділікті басқа да өзекті мәселелерге бағыттау мүмкіндігі назардан тыс қалмауы керек деген пікірлер де айтылды.

ДАУ ТУҒЫЗҒАН МӘЛМДЕМЕЛЕР

12 желтоқсанда мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жануарларға жауапты қарау туралы заң жобасын талқылау барысында кастрацияға қарсы пікір білдіріп, оны адаммен салыстырды.

– Біз хирургиялық үстелге сау жануарды жатқызып, бір нәрсесін алып тастасақ, ол мүгедек болып қалады. Бұл – гуманизмге қайшы, – деді Баққожаев.

Ол сөзін жалғастырып:

– Егер менің бір дене мүшемді, мысалы, бір жұмыртқамды алып тастаса, құдай сақтасын, мен өзімді сау адам деп санамаймын, мен мүгедекпін, – деп мәлімдеді.

Бұған дейін де Баққожаев осындай пікір айтып, «барлығы көбейгісі келеді, мен де солай» деп мәлімдеген болатын. Бұл сөздер әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға түсіп, түрлі мемдерге айналды.

ШТРАФСТАН

4 желтоқсанда мәжілісте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң екінші оқылымда қабылданды. Алайда «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев бұл заң жобасына қарсы шығып, айыппұлдың құқық бұзушылықты жоюға ынталандырушы болуы керектігін айтты.

– Бүгінде заңдарға енгізілетін түзетулердің 80%-ы репрессивті сипатқа ие. Айыппұл, айыппұл, тағы да айыппұл. Біздің шенеуніктер мемлекет тек жазалау үшін емес, қолдау көрсету үшін де бар екенін ұмытқан. Реттеу саясаты тек жазалауды ғана емес, ынталандыруды да қамтиды. Құрметті Әділет министрлігі, Сауда министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа министрліктердің өкілдері, мен сіздер үшін ұяламын. Жылы кабинеттеріңізден шығып, бір рет кәсіпкерлердің немесе тұтынушылардың орнына тұрып көріңіздер. Сіздер айыппұлдарға негізделген "штрафстан" құрып жатырсыздар, – деп шенеуніктерді сынға алды Перуашев.

Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен қолдау тапты, себебі көптеген кәсіпкерлер мен азаматтар жазалауға бағытталған саясаттың орнына қолдау мен ынталандыруды талап етіп жүр.

ТЫНЫМСЫЗ ШАЛ НЕГЕ ШАПҚЫЛАЙ БЕРЕДІ

Желтоқсан айында мәжіліс депутаты Самат Нұртаза бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси белсенділігін сынға алды. Ол әлемнің басқа экс-президенттерінің саяси процестерге араласпай, бейбіт өмір сүретінін атап өтті және мұндай кездесулердің Қазақстанның тұрақтылығына кері әсер ететініне алаңдаушылық білдірді.

– Басқа экс-президенттерге қарасаңыз, олар зейнетке шығып, тыныш өмір сүреді. Жастарға кеңес беріп, шақырған жерлеріне барып, саясатқа араласпайды, бірақ құрметке ие болып қалады. Мен Шушкевичтің немесе Кучманың “экс” мәртебесінде басқа елдердің президенттерімен кездескенін көрген емеспін. Шеварднадзе немесе Ақаевтың өз қызметінен кеткеннен кейін саяси кездесулерге қатысқанын естігенім жоқ. Ал біздің экс-президент неге тынышталмайды? Жыл сайынғы Мәскеуге қарай жүйткулер не үшін керек? – деп жазды депутат.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, 2024 жыл Қазақстан саясаткерлерінің маңызды бастамаларымен қатар, кейде абсурдты және арандатушылық сипаттағы мәлімдемелерімен де есте қалғанын байқауға болады.

Анас Баққожаевтың ерекше пікірлері ақпараттық кеңістікте үлкен резонанс тудырып, сын мен әзілдің нысанасына айналды. Еркін Әбіл тұрақсыз ұстанымымен символдық тұлғаға айналды, ал Самат Нұртаза саяси этика туралы өткір пікір қозғап, қоғамда қызу пікірталасқа түрткі болды.

Мәдениет, экономика және саясат саласындағы сұрақтар өзекті болып қала береді. Ulysmedia.kz редакциясы 2025 жыл да кемінде 2024 жыл сияқты есте қаларлық және маңызды оқиғаларға толы болатынына сенімді.