×
499.22
519.14
5.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.22
519.14
5.64

Дипломатиядағы апат: Трамп пен Вэнс Зеленскиймен келіссөздерді қалай құрдымға жіберді

Бүгін, 15:45
Дипломатиядағы апат: Трамп пен Вэнс Зеленскиймен келіссөздерді қалай құрдымға жіберді
Ulysmedia коллажы

28 ақпанда Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі бүкіл әлемнің назарына ілінді. Кездесудің шиеленісті сипаты мен күтпеген нәтижесін атап өтпегендер кемде-кем. Келіссөздердің қалай өрбігенін Ulysmedia.kz осы мақалада толық зерттеп, сараптап көрді.

Дипломатиялық апат

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі күтпеген жерден дау-дамаймен аяқталып, келіссөздердің мерзімінен бұрын тоқтауына апарып соқты. Бүкіл әлемдік БАҚ Трампты сынға алды, әсіресе танымал Daily Mail басылымының мақаласы «Трамп жұма күні қазіргі заман тарихындағы ең үлкен дипломатиялық апаттардың біріне жетекшілік етті» деген тақырыппен шықты.

Келіссөздер басталған сәтте-ақ көп бақылаушының наразылығын тудырған бірнеше негізгі сәттер орын алды.

Барлығы бұл келіссөздер АҚШ-қа “Киевтің минералдық ресурстарына оңай қолжеткізуге мүмкіндік береді, ал Украина қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болады” деп күткен еді.

Алайда бұл күн тәртібі кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ өзгеріске ұшырады. Бұл, біздің ойымызша, Трамп пен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің ықпалынан тыс емес еді. Олар Зеленскийге үстем және ымырасыз түрде қысым көрсете отырып, оған екі жақтан «шабуылдады».

Ақ үйдің кіреберісінде тұрған сәтте Трамп Украина президентінің костюм мен галстук кимегеніне назар аударып, екіұшты комплимент жасады:

Ол бүгін сәнденіп кепті, – деді Трамп мысқылмен.

Ақ үйдің кабинетінде бұл әңгіме жалғасын тауып, белгісіз бір адам Зеленскийден оның костюмі бар-жоғын сұрады. Украина басшысы «бар, бірақ оны соғыс аяқталған соң ғана киемін» деп жауап берді.

Айта кетерлігі, мұндай саммиттерде дресс-код қатаң белгіленбейді және әр тарапқа өз қалауы бойынша киіну құқығы беріледі. Мәселен, КХДР басшысы Ким Чен Ын үнемі френч киеді. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди ұлттық киімде жүреді, ал араб елдерінің басшылары дишдашамен келеді. Егер осы қағида сыналатын болса, онда Ақ үйде футболка, джинсы мен бейсболка киіп жүретін Трамптың жақын серігі Илон Маскқа да сұрақ туындауы керек-тін.

Трамптың «ресейшіл» ұстанымы

Кездесу барысында Трамптың ұстанымы көпшілік тарапынан «Ресейге бүйрегі бұрады» деп бағаланды. Ол Ресей мен Украина арасындағы атысты дереу тоқтатуға шақырып, егер Зеленский бейбіт келіссөздерден бас тартса, АҚШ-тың қолдауын тоқтатуы мүмкін екенін ескертті.

Украина АҚШ-тың көмегі үшін алғыс білдіруі керек, – деді Трамп.

Ол Зеленскийдің саясатын сынға алып:

Сіз миллиондаған адамдардың өмірімен ойнап отырсыз!

Үшінші дүниежүзілік соғысқа жақындап келеміз, – деп мәлімдеді.

Трамптың бұл позициясын бірнеше фактормен түсіндіруге болады:

  • Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылыс – Трамп әкімшілігі Мәскеумен байланысты қалпына келтіруге мүдделі екенін көрсетіп келеді. Украинадағы соғысты тезірек аяқтау – осы процестің бір бөлігі болуы мүмкін.
  • Экономикалық мүдделер – Украинадағы сирек кездесетін металдарды бірлесіп игеру туралы келісімге қол қою жоспарда болған.
  • Соғыстан шаршау – Украинадағы ұзаққа созылған қақтығыс АҚШ-тан тұрақты қаржылай және әскери қолдауды талап етеді.

«Ақымақ және одан да ақымақ»

Ақ үйдегі кездесуде Трамп өзінің бұрынғы риторикасына сүйеніп, АҚШ президенті Джо Байденді тағы да келемеждеп, оны «ақымақ» деп атады.

Кездесу барысында жағдай одан әрі ушығып кетті, әсіресе Трамп:

Сіздер жеңіске жетіп жатқан жоқсыздар. Біздің ақымақ президенттің (Байденнің) арқасында сіздер 350 миллиард доллар алдыңыздар. Біздің қаруымыз болмаса, соғыс екі апта ішінде аяқталар еді, – деді.

Зеленский оған бірден жауап қайтарып:

Путин үш күн деп айтқан еді, енді екі апта болыпты, – деп мәлімдеді.

Көп бақылаушы бұл сөзді Трампқа бағытталған өткір сарказм деп қабылдады.

Бейресми әңгіме

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Украина қауіпсіздігі мен қолдау мәселелері талқыланып жатқанда Трамп Зеленскийді АҚШ-қа құрмет көрсетпеді деп айыптап, Украинаның жеткілікті әскери күштерді жұмылдыру қабілетіне күмән келтірген.

Саяси риторика одан әрі ушығып, Зеленский АҚШ басшыларының Украинаға келмегенін және жағдайды толық түсінбеуі мүмкін екенін атап өтті.

Оған вице-президент Джей Ди Вэнс қысқа ғана былай деп жауап берді:

«Мен стористерді көрдім»

Вэнстің араласуы

Кездесу барысында Вэнс ерекше белсенділік танытты: ол президенттердің сөзін бөліп, даусын көтеріп сөйледі. Зеленскийді АҚШ-қа жеткілікті деңгейде алғыс білдірмеді деп айыптады.

Ол Ақ үйге келіп, америкалық БАҚ алдында есеп бергісі келеді, – деп сынға алды Вэнс.

Бұл – Илон Маск пен Дональд Трамптың ұлының серігі саналатын Вэнстің мінез-құлқын бірнеше тұрғыдан қарастыруға болады:

  1. Қысымды күшейту – Вэнс Трамптың бейбіт келіссөздерге мәжбүрлеу тактикасын қолдап, Зеленскийге психологиялық қысым жасауды мақсат етті.
  2. Саяси амбициялар – Ол осы жағдайды өз саяси имиджін нығайту үшін пайдаланып, қатал әрі ұлттық мүдделерге берілген саясаткер ретінде көрінгісі келді.
  3. Дипломатиялық хаттаманы бұзу – Шетелдік көшбасшыны ашық сынап, сөзін бөлу – дипломатиялық этикаға қайшы әрекет. Зеленский кездесуге Трамппен тең дәрежедегі мемлекет басшысы ретінде келгенін ескерсек, Вэнстің араласуы оны төмендету әрекеті ретінде қабылданды.

Тактикалық «қайшы» әдіс

Бұл кездесуде Трамп пен Вэнс екі жақтан бірдей Зеленскийге қысым көрсеткенін байқауға болады. Мұны саясаттағы «қайшы» әдісі деп атауға болады – екі күш бір нысанды әр түрлі бағыттан қыспаққа алады.

  • Трамп – оны әлсіздік пен тиімсіздік үшін сынға алды.
  • Вэнс – оны АҚШ-қа тәуелді әрі «мақтаншақ» деп айыптады.

Бұл шахмат тақтасындағы стратегияға ұқсайды, мұнда бір фигура (Зеленский) екі жақтан бірден шабуылға ұшырап, маневр жасау мүмкіндігін жоғалтады.

Бірақ бұл тек Зеленскийге қарсы шабуыл ғана емес, сонымен қатар Украина жөнінде жаңа республикандық нарратив қалыптастыруға бағытталған әрекет.

Вэнсті келіссөздерді әдейі бұзды деп айыптап та үлгергендер бар. Сенатор Марк Келли оның әрекеттерін «шоу» деп атады, ал АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол вице-президенттің мемлекет басшысының сөзін бөлуі орынсыз екенін мәлімдеді.

Қызу айтыс

Қызу пікірталастан кейін яғни жанжалдан соң, Украина президенті Fox News арнасында сұхбат берді.

Трамптан кешірім сұрау ойында бар ма деген сұраққа Зеленский «Мен президентті де, АҚШ халқын да құрметтеймін. Біз қателік жібердік деп ойламаймын» деп жауап берді.

Трамп пен Вэнспен болған айтысқа өкінесіз бе деген сұраққа Зеленский «онша жақсы болмады» деп мойындады. Дегенмен, ол Трамппен қарым-қатынасы тек екі президент арасындағы байланыстан жоғары болуы керек екенін атап өтті, өйткені бұл «екі халықтың қарым-қатынасы туралы мәселе» деді ол.

АҚШ-тың Украинаға көрсеткен көмегі туралы Зеленский «мен Трампқа және АҚШ халқына алғыс білдіремін. Сіздер бізге аман қалуға көмектестіңіздер. АҚШ-тың қолдауынсыз бізге қиын болады. Сол үшін осындамын» деді.

Бірақ ол «барлық құрметке қарамастан, АҚШ-тың жаңа көмегі жеткілікті деңгейде емес» екенін ашық айтты.

Беймәлім кепілдіктер

Бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілдіктері туралы айта келе Украина президенті украиналықтарға ұзақ мерзімді тұрақты бейбітшілік қажет екенін атап өтті. Зеленскийдің пікірінше, «қазіргі жағдайда тек атысты тоқтату келісімі Ресей тарапынан бұзылады».

«Ешкім тоқтамайды, өйткені ертең Путин қайта оралады деп қорқады», – деді ол.

Зеленский Ресеймен дипломатиялық келіссөздерге дайын екенін, бірақ АҚШ-тың Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруі маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ, ол АҚШ-пен пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл келісім АҚШ-тың кепілдіктеріне қарай жасалған алғашқы қадам болуы мүмкін.

«Карточкалық ойын»

Трамп Зеленскиймен болған пікірталастан кейін «сіздер соғысты тоқтатасыздар немесе жағдайды сол күйінде қалдырып, не болатынын көресіздер. Қаласаңыздар, соғысты жалғастыра беріңіздер» деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Украинамен диалог тек Зеленский Ресейді ашық сынауын тоқтатып, бейбіт келіссөздерге дайын екенін мәлімдеген жағдайда ғана жалғасады.

Трамп Зеленский АҚШ-қа көбірек алғыс білдіруі керек деп есептейді, себебі Украина «Вашингтонға талап қою үшін жеткілікті жақсы карталарға ие емес».

Бұған жауап ретінде Зеленский «мен АҚШ-қа картамен ойнау үшін келген жоқпын» деп бір-ақ кесті.

Оқиғаны ушықтырған шешімдер

The Wall Street Journal мәліметінше, сәтсіз келіссөздерден кейін Трамп АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жеткізуін уақытша немесе толықтай тоқтату мүмкіндігін тексеруді бұйырған.

Ал Financial Times басылымы Украина АҚШ-тың көмегінсіз де кем дегенде алты ай бойы қарсылық көрсете алады деп мәлімдеген украиналық шенеуніктер мен әскери мамандардың пікірін келтіреді.

Трамп әкімшілігінің баспасөз хатшысы Ливитт:

«Украинаға бұдан былай АҚШ-тан әскери көмек көрсетілмейді, басты басымдық – бейбіт келіссөздер», – деп мәлімдеді.

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет АҚШ киберқолбасшылығына Ресейге қарсы кез келген операцияларды тоқтатуды бұйырды. Дегенмен бұл шешім АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігіне (NSA) қатысты емес, сондықтан NSA Ресейге қатысты барлау жұмыстарын жалғастыра береді.

Бұл уақытта АҚШ-тың көмегінің тоқтауына жауап ретінде, Австралия Украинаға 1,5 млрд доллар бөлді, оның 1,3 млрд доллары әскери көмекке бағытталған.

«Австралия Украинаға қажет болғанша қолдау көрсетеді», – деді премьер-министр Энтони Альбанезе.

Келісімге дайындық

Зеленский Украина «әділ және ұзақ мерзімді бейбітшілік» орнатқысы келетінін тағы да растады. Ол үшін Украина күшті әскери позицияға, халықаралық серіктестердің қолдауына және қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болуы тиіс. Оның айтуынша, Украина АҚШ-пен пайдалы қазбалар туралы келісімге әлі де дайын. Бұл келісім АҚШ тарапынан алғашқы кепілдік болуы мүмкін.

Сондай-ақ, ол Еуропаға да АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктері қажет екенін атап өтті, өйткені соғыс аяқталғаннан кейін Украинаға еуропалық бітімгершілік күштерін орналастыру мәселесі маңызды болмақ.

Бұл бірінші рет емес

Бұл – сәтсіз аяқталған алғашқы келіссөз емес. 2019 жылы Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен Вьетнамда кездескен болатын. Келіссөздер Вашингтонда жалғасады деп күтілгенімен, санкциялар мен ядролық қарусыздану мәселесіндегі келіспеушіліктер салдарынан кездесу мерзімінен бұрын аяқталды. Кейін тараптар ортақ шешімге келе алмады, ал Ақ үй диалогтан іс жүзінде бас тартты.

Көп жағдайда келіссөздердің сәтсіздікке ұшырауы екі жақтың саяси мүдделері мен принциптік айырмашылықтарына байланысты, бірақ кейде АҚШ өз стратегиялық артықшылығын сақтау үшін жағдайды әдейі шиеленістірген кездері де болған.

Картаның бәрі қолда

Fox News арнасына берген сұхбатында Зеленский Ақ үйдегі пікірталас жөнінде ойын айтты.

«Егер Украина толығымен қирады, сарбаздар қашып жатыр, миллиондаған бейбіт тұрғын қаза тапты, ал президент – диктатор» деп айтылса, қандай реакция болуы мүмкін?

Сондай-ақ, Трамптың Путинге тым жақындығы туралы тікелей сұраққа Зеленский ашық жауап берді:

«Біз бұл туралы сөйлестік. Ол өзін бейтарап ұстанымда болғысы келетінін айтты. Бірақ мен оның біздің жағымызда болғанын қалаймын. Ресей біздің елімізге, отбасыларымызға соғыс әкелді. Олар – агрессор. Сондықтан АҚШ бізді қолдап, Ресейге қарсы нақты әрі батыл қадамдар жасауы маңызды», – деп мәлімдеді.

Украина президенті, сондай-ақ, Украина 100 миллиард доллар алғанын, оның 67 миллиарды қару-жарақпен келгенін, ал 31,5 миллиарды бюджеттік тікелей қаржылық көмек ретінде берілгенін атап өтті.

«Барлық мәліметтер электрондық форматта бар, тексеруге болады», – деді Зеленский.

Қақтығысты қоздыру

Бастапқыда Зеленскийдің келіссөздердегі ұстанымы әлсіздеу болды, себебі олар бейтарап емес территорияда өтті және Зеленскийдің ана тілінде жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, оның АҚШ-тағы сайлау науқанында демократтарды қолдауы да Трамптың командасы тарапынан назардан тыс қалмады.

ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас АҚШ вице-президенті Вэнстің мәлімдемелерін "қасақана арандатушылық" деп атады.

Олар бізді қақтығысқа итермелегісі келеді, ал біз достарымызбен дауласқымыз келмейді, – деді ол.

Ақ үйдегі пікірталас барысында Трамп пен Вэнс Зеленскийді жиі бөлді, оның сөздерін соңына дейін тыңдамады.

«Путин – керемет жігіт»

Ақ үйдің ресми өкілдері:

«Бейбіт келіссөздер барлық тараптардың ымыраға келуін талап етеді, бірақ Зеленский мұны түсінбейді», – деп мәлімдеді.

Алайда, Telegram арналары бұл мәлімдемеге күмәнмен қарап, «неге "барлық тараптар" дегенде тек Украина туралы айтылады? Қай жерде Трамптың Путинді бейбітшілікке мәжбүрлегенін көруге болады?» деп жазды.

Алда Трамп пен Путиннің кездесуі болады деген болжам бар. Бірақ Трамп Ресей президентімен Зеленскиймен сөйлескендей қарым-қатынас жасай ма? Вэнс бұл кездесуге де араласа ма?

Бұл күмәнді, себебі Зеленскиймен кездесу кезінде Трамп пен Вэнс өздерін тәкаппар және жоғарыдан қарайтын позицияда ұстады, ал Путинмен кездесуде Трамп мүлдем басқа риторика қолдануы мүмкін. Бұған дәлел ретінде 2019 жылы маусымдағы Трамптың Путин туралы айтқан сөзі келтіріледі:

Менің ойымша, ол – тамаша жігіт. Біз керемет кездесу өткіздік, – деген еді Трамп.

Еуропаға ым

Еуропа Трамптың болашақ қадамдары туралы нақты сигнал алды.

Bloomberg Трамп пен Зеленскийдің кездесуі Еуропаны алаңдатып отырғанын, себебі Трамп «Украинаны сатып жатыр» деген әсер қалдырғанын хабарлады.

Бұл жағдай Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың жуырдағы мәлімдемесімен тұспа-тұс келді:

Қақтығысты шекара сызығы бойынша "тоқтату" мүмкін емес, – деді ол.

Ал Трамп өзін әу баста шебер мәмілегер және бейбітшілікті орнатушы ретінде көрсеткісі келгенімен, бұл мақсатқа жете алмады.

Ақ үйдегі Зеленский мен Трамптың кездесуі халықаралық қатынастардың күрделілігі мен көпқабаттылығын, сондай-ақ геосаяси стратегиялардың мемлекет басшыларының мінез-құлқына қалай әсер ететінін көрсетті.