Иран әскері АҚШ тарапынан жасалуы мүмкін жаңа соққыларға дайын екенін мәлімдеп, Вашингтон шабуылды қайталаса, оның салдары бұрынғыдан да ауыр болатынын ескертті. Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның Ормуз бұғазын ашу және соғыс қимылдарын тоқтату жөніндегі ұсынысын қабылдамағанын айтқаннан кейін жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қарсы тұруға толық дайынбыз»
Иран армиясының өкілі Мохаммад Акраминья мемлекеттік БАҚ-қа елдің қарулы күштері толық дайын екенін айтты.
Оның сөзінше, АҚШ Иранға қайтадан шабуыл жасаса, америкалық тарап үшін оның салдары бұрынғыдан да ауыр болады.
«Соғыс шешуші кезеңге өтті»
Иран армиясының бас қолбасшысы Амир Хатами қазіргі текетірес шешуші кезеңге жеткенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тегеран Иран қалыпты сауда жүргізе алмайтын, ал басқа елдер өңірдегі аса маңызды теңіз жолдарын емін-еркін пайдаланатын жағдаймен келіспейді.
Иран Ормуз бұғазы туралы тағы да ескертті
Хатами әлемдік сауда мен энергия ресурстарын тасымалдауда аса маңызды орын алатын Ормуз бұғазына ерекше тоқталды.
- Егер Иран сауда жасай алмаса, егер Иран қалыпты өмір сүре алмаса, онда ешкім де сауда жасап, қалыпты өмір сүре алмайды. Ормуз бұғазы - біздің абыройымыз бен намысымыздың бұғазы, - деді ол.
Хатами егер Иранның өзі бұл стратегиялық бағытты пайдалану мүмкіндігінен айырылса, Тегеран қарсыластарына да оны пайдалануға жол бермейтінін айтты.
Иран әскерилерінің бұл мәлімдемелері Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс пен Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер жалғасып жатқан тұста жасалды.