×
499.11
521.12
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.11
521.12
5.58

«Қазақмыс» жаппай сатып жатыр: қазақтың қазба байлығының қызығын ресейліктер көре ме

Бүгін, 12:57
«Қазақмыс» жаппай сатып жатыр: қазақтың қазба байлығының қызығын ресейліктер көре ме
Ulysmedia коллажы

Аталған жағдайдан хабардар дереккөздің мәліметінше, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы стратегиялық пайдалы қазбаларға жататын сегіз кен орнын сату бойынша келіссөздерді жүргізіп жатыр. Ал әлеуетті сатып алушылардың қатарында тағы да шетелдік инвестор бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЕР ҚОЙНАУЫ КІМГЕ ТИЕСІЛІ

Қазақстанда парадоксалды жағдай қалыптасқан. Жер қойнауы халыққа тиесілі болғанымен, пайдалы қазбаларды игеру ісін шетелдік компаниялар жүргізіп келеді. Алысқа барудың қажеті жоқ – мұнай бойынша шетелдік консорциумдармен жасалған өнім бөлу туралы келісімдерді (ӨБК) ғана алайық. Бұл келісімдер мемлекеттік құпия саналады әрі жария етуге жатпайды. Сондықтан Қазақстан өз мұнайынан қанша табыс алмай отырғанын нақты айту қиын. Бірақ кейбір деректерге сүйенсек, ел тек 2-20% көлемінде ғана пайда көреді.

Қатты пайдалы қазбалар бойынша жағдай одан да күрделі. Ашық дереккөздерден Қазақстан мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы пайдалы қазбаларды өндіру туралы келісімшарттарды табуға болады. Бұл құжаттарға сәйкес, Қазақстан өндірілген шикізаттың 70%-ға дейінгі бөлігін бірінші кезекте сатып алу құқығына ие, бірақ оны әлемдік нарықтағы бағамен сатып алады. Яғни, ел өз ресурстарын сатудың орнына, оларды сатып алуға мәжбүр. Мұның үстіне кен орындарын қазақстандық компаниялар игерсе бір жөн, алайда тағы бірнеше стратегиялық ресурс көздері шетелдіктердің қолына өтуі мүмкін.

«ҚАЗАҚМЫС» БӨЛШЕКТЕЛЕ МЕ

Біздегі ақпарат көзінің хабарлауынша, «Қазақмыс» корпорациясының иелері, қазақстандық олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огай, өз активтерінен құтылуға дайындалып жатыр. Ал Қазақстанның стратегиялық пайдалы қазбаларына негізгі үміткер ретінде ресейлік компаниялар аталады.

Дереккөздің мәліметінше, сатылымға сегіз кен орны қойылған.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Алдын ала бағалау бойынша, Соқрықой кен орнындағы мыс қоры шамамен 350 мың тонна, ал алтын қоры 16 тонна шамасында. Қазір әлемдік нарықта мыстың бағасы шамамен 9,3 мың доллар деңгейінде, ал 2024 жылғы мамырдағы ең жоғарғы көрсеткіште 11 мың доллар болған. Кен орнында кешенді геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның нәтижесінде экономикалық көрсеткіштердің жақсаратыны да айтылады.

БЕЛОУСОВСКОЕ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Бұл кен орнында өндіріс XIX ғасырда басталған, бірақ қазір жұмыстар тоқтап тұр, себебі әрі қарай игеру үшін қосымша барлау жұмыстарына қаржы қажет. Дегенмен, кен орны бай қорларға ие:

  • Мырыш – 490 мың тонна
  • Күміс – 611 мың тонна
  • Селен – 116 мың тонна (қазіргі таңда литий-ионды аккумуляторлар мен фармацевтикалық өндірісте кең қолданылады)

Сонымен қатар, мұнда мыс, алтын және сирек кездесетін барит, теллур, кадмий секілді металдар бар.

ӨЗЕНДІ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Бұл кен орны әлі де барлау сатысында, қорын нақтылау үшін егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізілуде. Алдын ала есептеулер бойынша, мұнда 628 мың тонна мыс қоры бар.

ШЫҒЫС АТАБАЙ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Мұнда да геологиялық барлау жұмыстары жалғасуда. Презентация материалдарына сүйенсек, кен орнында мыс, мырыш және қорғасын қоры жеткілікті.

ДҮЙСЕМБАЙ ОРТАЛЫҚ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ

Биыл бұл кен орнындағы полиметалл кенінің қоры ресми түрде жарияланады. Алдын ала деректерге сәйкес, мұнда:

  • Мырыш қоры – 2,5 млн тонна
  • Қорғасын қоры – 1 млн тонна

АНИСИМОВ КЛЮЧ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Бұл кен орны инвестициялық жоба ретінде қарастырылып жатыр. Мұнда мыс, қорғасын, мырыш, алтын және күміс өндіру жоспарланған. Айта кетерлігі, осы кен орны үшін 2023 жылы үкімет 10 гектар орманды кесуге рұқсат берген.

АЛЕКСАНДРОВСКОЕ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Мұнда мыс, қорғасын, мырыш және алтын өндіріледі. Қор көлемі салыстырмалы түрде аз болғанымен, руданың жоғары металдық құрамының арқасында өндірістік шығындар төмен.

СОЛТҮСТІК НИКОЛАЕВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Бұл мыс-полиметалл кен орны. Мұнда мыс, алтын, мырыш, күміс, қорғасын және күкірт өндіріледі.

«Қазақмыс» негізінен қосымша барлау жұмыстарын қажет ететін кен орындарынан арылуға ниетті екені айқын көрінеді. Демек, қазақстандық олигархтар осындай активтерді сатып, бизнесті біртіндеп қысқартуға көшіп, ақырында «Қазахмысты» бөлшектеп сатуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Ал мемлекет пайдалы қазбалар өндіру саласын өз бақылауына алуды көздеп отырған жоқ сияқты. Яғни, Қазақстанның жер қойнауынан түсетін пайда тағы да шетелдік инвесторлардың қолына өтпек пе?