×
530.15
617.47
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.15
617.47
6.64

Әке ықпалының күші ме? Жеңіс Қасымбекке жол ашқан кім

Бүгін, 09:32
Әке ықпалының күші ме? Жеңіс Қасымбекке жол ашқан кім
Ulysmedia.kz коллажы

Әлеуметтік желілерде қазіргі Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысы немесе вице-премьер қызметіне тағайындалуы мүмкін деген болжамдар тараған соң, Ulysmedia.kz тілшілері Қасымбектің өзінен – оның мансап жолында әкесі, ұзақ жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбековтің ықпалы қаншалықты болғанын сұрады.

Әке ұлы үшін, ұлы әкесі үшін

2000-жылдардың басында Жеңіс Қасымбектің мансабына көбіне әкесінің қызметімен байланыстырғандар көп болды. Махмұд Қасымбеков 1990-жылдардан бері Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызмет еткен. Ол алғашында Қазақ КСР Президенті аппаратының сектор меңгерушісі, кейін тәуелсіз Қазақстанның Президенті аппаратында жұмыс істеді. 1996 жылдан бастап Президент Кеңсесін басқарды және Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін де оның Кеңсесінің басшысы болып қалды.

Ал әкесі елдің бюрократиялық жүйесін басқарып отырғанда, жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған Жеңіс Қасымбек Антимонополиялық саясат комитетінің бөлім басшысы қызметін иеленіп, одан кейін саты-сатымен көтеріліп, министр, вице-премьер, кейін стратегиялық аймақтардың әкімі болды.

Бұл мансап – туыстық байланыстың нәтижесі ме, әлде Жеңіс Махмұдұлының өз еңбегі мен қабілетінің жемісі ме деген сұрақ көпшілікті мазалайды.

– Менің ойымша, Қазақстанда меритократия принципі жұмыс істейді. Егер мен бір қызметке көтерілсем, онда басшыларым менің білімім мен тәжірибемді бағалады деген сөз, – дейді Жеңіс Қасымбек.

Ол ең алдымен әкесіне берген тәрбиесі үшін алғыс білдіреді. Ал «Махмұд Қасымбеков қызметте көтерілуге көмектесті ме?» деген тура сұраққа әкім қысқа жауап берді:

– Жоқ.

Осылайша, меритократияның қазақстандық үлгісі: беделді адамның ұлы да беделді тұлғаға айналады, бірақ бұл тек дұрыс тәрбие мен білімнің арқасы, өзге себептерден емес.

Үлкен кемеге алып барған жаңа орын ба?

Шынтуайтына келсек, бірнеше жыл бұрын, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі кез келген есікті ашатын кезең өткен соң, кейбір саясаттанушылар керісінше, әкесінің өмірбаяны Жеңіс Қасымбек үшін кедергіге айналғанын айтқан еді.

Оны премьер-министр қызметіне де лайық көргендер болған. Вице-премьер қызметін атқарып жүрген кезінде де осындай пікірлер айтылды. Бірақ ол күтпеген жерден Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. Сарапшылар бұл шешімді «болашақ премьер қызметі үшін тәжірибе жинау қадамы» деп бағалаған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Жеңіс Қасымбек жоғары лауазымға тағайындалады деген болжам азайды. Сарапшылардың пікірінше, «ескі Қазақстанның» «сұр кардиналының» ұлын «жаңа Қазақстанды басқаруға» жолатпайды деген көзқарас қалыптасты.

Алайда оған ел астанасын басқару сияқты мәртебелі, бірақ өте күрделі міндет жүктелді. Үш жылға жуық уақыт өткенде, астаналықтардың өз әкімін құрметтейтіні айқын байқалады. Тіпті президенттің өзі де Астананың бүгінде ел үшін тартымды орталыққа айналғанын атап өтеді – бұл ең алдымен әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымның дамуына ерекше көңіл бөлудің нәтижесі.

Ulysmedia тілшілері Жеңіс Қасымбектің тұрғындармен бірнеше есептік кездесуіне қатысқан. Әкім әр кездесуге дәл уақытында келіп, сұрақ қоюға жазылғандардың бәрі сөйлеп болғанша кетпейді. Бір кездесудің өзі 6 сағатқа созылған, ал орта есеппен тұрғындармен диалог 4 сағатқа жуық уақыт алады. Ол кездесулерге барлық қалалық басқарма басшыларын ертіп апарып, тұрғындардың мәселесін жедел шешуді талап етеді.

Бірақ осындай «қолмен басқару» тәсілі үкіметті басқаруға сай келе ме? Әлде елдің барлық өңірінде де осындай жеке, нақты тәсілмен мәселелерді шешетін кезең келді ме?

Серіктес жаңалықтары