×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Қысқарған топ-менеджерлер мен детектордағы үміткерлер: «Самұрық-Қазынаның» кадрлық саясаты қалай өзгеріп жатыр

26.01.2023, 15:56
Фото: Самұрық-Қазына

Кадрлық саясат, қор жұмысының жоспары, қайырымдылық іс-шаралары мен БАҚ-пен жұмыспен бағытында есеп беру үшін Самұрық-Қазына басшылығы бүгін баспасөз мәслихатын өткізді. Журналистер алдына қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

10 шетелдік маманның орнына қазақстандықтар келген

Ғибрат Ауғановтың айтуынша, былтырғы жыл қор басшылығындағы ауқымды өзгерістермен басталған. Топ-менеджерлердің саны екі есе қысқарып, бес басқарушы директордың үшеуі ауысқан. Бір жылдың ішінде қор тобындағы 12 ірі өндірістік компанияның 8-іне жаңа басшы тағайындалған. Олар – «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Qazaq Air», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Қазына Өндеу».

«Басшылық қызметке қазақстандықтарды тағайындау – тағы бір атап өтер жаңалығымыз. Бір жыл ішінде «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялардағы 10 шетелдік басшының орнын қазақстандық мамандар басты. Олардың қатарында «Qazaq Air» мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірінші басшылары, сонымен қатар  «Air Astana» әуе компаниясының вице-президенті бар. Директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны да азайып келеді. Бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға, яғни 40%-ға қысқарды», - дейді Ғибрат Ауғанов.

27 адам детектордан өтпей қалған

Ғибрат Ауғановтың сөзінше, тағы бір атап өтетін жаңалық – бірқатар болашақ басшының жұмысқа тағайындалмас бұрын психологиялық тексерулер мен шындық не жалғанды анықтайтын детектордан өтуі. Мұндай тексерістен міндетіне сатып алу жұмыстары кіретін «Самұрық-Қазына» қоры тобының менеджерлеріне үміткерлер өтеді. Бір жыл ішінде «Самұрық-Қазына» тобындағы 52 компанияға жұмысқа тұруға өтініш білдірген 133 үміткер жалған детекторы арқылы сынақтан өтті. 27 адам сынақтан өте алмай, жұмысқа қабылданбады.

Басқарушы директордың сөзінше, жаңа кадрлық саясат тек басшыларға ғана емес, қарапайым қызметкерлерге де қатысты. «Самұрық-Қазынаның» басымдығы – ашықтық пен барлығына тең мүмкіндік. 2022 жылы Samruk Qyzmet бірыңғай рекрутинг порталы толыққанды жұмысын бастаған. Бір жыл ішінде портал арқылы өтініш бергендердің саны 60%-ға өсіп, 134 мыңға жетті, 7300 қазақстандық жұмысқа тұрды. Топ-менеджер кез келген азамат qsamruk.kz сайтына кіріп, қазіргі кезде Қазақстан бойынша бос орындарға өтініш білдіре алатынын хабарлады.

Қайырымдылыққа бөлген бюджет 10 млрд теңгеден асты

Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысында «Самұрық-Қазына» қоры тобы бір жылда ауқымды жұмыс атқарып, жақында ғана Астанада өткен ашық іс-шарада есеп берген. Ғибрат Ауғанов 2022 жылы Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық жобаларының бірыңғай операторы бүкіл Қазақстан бойынша 43 әлеуметтік бастаманы жүзеге асырғанын тағы да еске салды. 500 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетілді. «Самұрық-Қазына» қоры тобының қайырымдылыққа бөлетін бюджеті 40 пайызға, яғни 10 миллиард теңгеге дейін артқан.

«Енді еңбекті қорғау саласында қор Vision Zero халықаралық концепциясына қосылып, өнеркәсіп қауіпсіздігін басқару жүйесін жүйелі түрде жетілдіруді бастады. Біз еңбек жағдайын жақсарту бойынша шеберлік сабақтарын, жаттығулар мен курстарды үнемі өткізіп тұрамыз. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда жұмыста жарақаттану көрсеткішін 16%-ға төмендетті. Оған қоса 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоғаммен БАҚ-қа ашықтықты күшейтті. Қорға қарасты Қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін 13 отырыс өткізілді. Оларға 230 қазақстандық жетекші сарапшы қатысып, қор басшылығына 118 ұсыныс берген», - деп түйді Ғибрат Ауғанов.

Серіктес жаңалықтары