2025 жыл Қазақстан туризмі үшін нақты стратегиялық серпіліс жылы болды. Статистикалық мәліметтерден туризм саласы өңірлерде қарқынды дамып, шикізаттық емес экономиканың басты драйверіне айналып келе жатқанын көріп отырмыз.
Елге келген туристер саны мен экономикаға түскен пайда құр статистика ғана емес. Бұл цифрлардың артында бірнеше салада атқарылған жұмыстар тұр.
Туризм не үшін қажет?
Туризм – экономиканың «жұмсақ күші». Қазба байлығы, өнеркәсібі болмаса да туризммен күн көріп, экономикасын жақсартып отырған елдер аз емес. Ал Испания, Түркия, Оңтүстік Корея секілді алпауыт елдер туризмді жүйелі дамыту арқылы өңірлік теңсіздікті жойып, шағын бизнестің тынысын ашты.
Біріккен Араб Әмірліктері мұнайдан ғана табыс таппай, туризмді дамытуға бар күшін салды. Осылайша халықаралық туризмнен түсетін табыс көлемі бойынша әлемдегі алтылыққа кіріп отыр. Бұл сала ел ЖІӨ-нің 12-14%-ын құрап отыр.
Ал Түркия болса туристер ең көп келетін елдер қатарында төртінші орынға жайғасты. Ел экономикасы туризм саласынан 61,1 млрд АҚШ доллар табыс тапты. Түркияның кез келген аймағында туристік инфрақұрылым жақсы дамығандықтан саяхатшылар бұл елге қайта-қайта ат басын бұрады.
Туризм – халықты жұмыспен қамтып, табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік беретін сала. Туристердің жайлылығы үшін жаңа қонақ үй, мейрамхана, демалыс орындарын ашылса жаңа жұмыс орындары да құрылады. Көршілес Өзбекстан халықты жаппай жұмыспен қамтуға болатынына дәлел болып отыр. Қазақстан да осыған келе жатыр.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, былтыр еліміздегі орналастыру орындарында 10,1 млн турист тоқтаған. Шетелдік туристер саны шамамен 1,5 млн адамға жетіп, бұл көрсеткіш 15,8%-ға өскен. Олар қонақ үй және тамақтануға ғана емес, сауда-саттыққа, мәдени іс-шараларға және ойын-сауық қызметтеріне де көптеп ақша жұмсайды.
TOP 5 өңірлік рейтинг
Қазақстан шетелдіктер арасында танымал бағытқа айналғалы өңірлерінде туристік инфрақұрылым жақсарып, туристер үшін жаңа қонақ үйлер, тынығу орындары бой көтеріп жатыр. Алыс бағыттарға жол салынып, интернет желісі тартылуда. Туристер Алматы және Астана қалаларымен шектелмей, Қатонқарағай, Маңғыстау секілді еліміздің көрікті жерлеріне ат басын бұруды жөн көреді.
Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі туризмнің дамуы қарқынын қатаң сынап, нақты қадамдар жасауды тапсырған болатын. Содан бері Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясы нығайып, аймақ басшылары бұл салаға негізгі табыс көзі ретінде қарай бастады.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша рейтінгке көз жүгіртсек.

фотоколлаж: kazakhstan.travel, egov.kz
1-oрын Алматы Орталық Азияның туристік «магниті»
Алматы ішкі және шетелдік туристер ең көп келетін аймақ ретінде Қазақстан туризмінің басты драйверіне айналды. 2025 жылдың алғашқы 9 айында Алматыға 1,8 млн турист келді. Оның ішінде 563 мыңы – шетелдік туристер, ал 1,3 млн адам – ішкі туристер.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша туризм саласына салынған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 171,6 млрд теңгені құрады.
Былтыр Алматы қаласында жеке инвестициялар есебінен 46 туристік нысан пайдалануға берілді.
Алматы қаласы былтыр World Craft City мәртебесіне ие болып, 100-ге жуық шебердің басын қосқан «ALA CRAFT 2025» халықаралық қолөнер фестивалі өтті. Сондай-ақ 41 елден 251 қатысушыны біріктіретін Дүниежүзілік туризм альянсына (World Tourism Alliance) мүше болды.
Алматы алғаш рет CNN ұсынған 52 туристік бағыттың тізіміне енді. Ал британдық The Telegraph басылымы Алматыны «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп атады. Bloomberg басылымы Алматыны 2026 жылы саяхаттауға ұсынылатын үздік 25 бағыттың қатарына қосты. Ал Booking.com Алматыны Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан 10 туристік бағыттың бірі деп баға берді.
«Қайрат» футбол командасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, «Реал Мадрид» клубының Алматыға келуі айтулы оқиғаға айналды. Осы матчты көру үшін Алматыға шетелден туристер ағылды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды:
Туризм – қаланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі, себебі бұл сала болашақта көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға, экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Қазір тау кластерін дамытуды қолға алдық. Соның арқасында Алматыға келетін шетелдік туристер саны 1 миллионға жетеді деп жоспарлап отырмыз.

фотоколлаж: kazakhstan.travel, egov.kz
2-oрын Аcтана MICE-туризм мен іскерлік қарқын
Астана іскерлік, оқиғалық және қалалық туризмнің басты хабына айналып келеді. Астана туризмінің құрылымы Қазақстандағы өзге өңірлерден өзгеше. Алматы немесе Шығыс Қазақстан табиғи-рекреациялық бағыт ретінде танылса, елорда MICE-туризм, яғни халықаралық форумдар, көрмелер, конференциялар мен іскерлік сапарлар бойынша танымал бағыт болып отыр. 2025 жылы 200-ден астам халықаралық деңгейдегі іс-шара өткен.
Қала инфрақұрылымы да MICE-туризм моделіне бейімделген. Туристер саны бойынша елорда Алматыдан кейінгі екінші орында тұр.
Астана MICE туризмі бойынша Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда көш бассында. Былтыр елордада Нейрохирургиялық қауымдастықтың 10-шы Дүниежүзілік конгресі, Математикалық талдау, қолдану және есептеу бойынша халықаралық конгресс (ISAAC), IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі секілді ірі іс-шаралар өтті.
2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы келіп, Қазақстанды әлемге таныта түсті. Ал 2025 жылғы оқиғалық туризмнің жарқын үлгісі ретінде Comic Con Astana фестивалін, әлемге танымал әнші J-Lo, т.б.
Астана ТМД елдері арасында алғаш болып Қолжетімді Туризм Қауымдастығына (ENAT) қосылды. Сонымен қатар, туристік сервистерді цифрландыру дамып келеді. Visit Astana сайтында онлайн турларды брондау, Safe Travel, аудио және жасанды интеллект гидтерімен интеграциялау және бағыттарды 2GIS, TripAdvisor және басқа платформаларда жариялауды қосуға болады.
Осылайша Астана Халықаралық конгресстер мен конференциялар қауымдастығымен (ICCA) белсенді ынтымақтастық орнату және ауқымды MICE іс-шараларын тарту арқылы халықаралық іскерлік туризм картасындағы өз орнын нығайтып келеді.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек:
Біз елорданы халықаралық конгресстер мен іскерлік туризмнің өңірлік хабына айналдыруды көздейміз. Бұл бағыт қала экономикасына тұрақты кіріс әкеліп отыр. Сонымен қатар, медициналық туризм, Астана брендін дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында жұмыс жалғасатын болады.

фотоколлаж: kazakhstan.travel, egov.kz
3-oрын Шығыс Қазақстан Экотуризмнің эталоны
Шығыс Қазақстан – туризмнің негізгі түрлерінің барлығы дерлік шоғырланған санаулы өңірлердің бірі. Мұнда экологиялық және табиғи туризм, тау маршруттары, сауықтыру, жағажай туризмі, тарихи-мәдени орындар секілді бағыттар жолға қойылған.
2025 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша, облыс аумағында 371 туристік нысан, соның ішінде 3 санаторий, 19 пантымен емдеу орындары, 4 тау-шаңғы курорты, 180 демалыс базасы және 81 қонақ үй жұмыс істейді.
Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуеті өте жоғары, себебі өңірде орналасқан Алтай таулары, Катонқарағай ұлттық паркі, Марқакөл, Зайсан, Бұқтырма су қоймасы, Рахман қайнары, Алакөл секілді бағыттар туристер арасында танымал бола түсуде. Алтай өңіріне треккинг, альпинизм, экотуризмге қызығатын саяхатшылар көптеп келеді. Өңірде ауданы 1,7 млн гектардан асатын 24 табиғатты қорғау аймағы бар. Катонқарағай ауданы 2024 жылы әлемдегі ең үздік үш «жасыл» бағыттың бірі болып танылды. Ал Алакөл жазда жағажай демалысына қолайлы туристік бағыт болып отыр. Әрі бұл жердің балшығы емдік-сауықтыру туризмі мақсатында қолданылады.
Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандары пантомен емдеу және марал өсірумен танымал. Марал мүйізі негізіндегі емдік ваннаға, радон ваннаға түсіп, кешенді ем алу үшін келетіндер көп.
Жалпы осы жерлерді айналып аралап шығатын марштрут жасалынып жатыр екен. Оның үстіне, «Алтай Түркі әлемінің алтын бесігі» фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Сонымен қатар, табиғаты бай Шығыс Қазақстан облысында аңшылық және балық аулау да келушілер арасында танымал. Облыста жануарлардың 489-ға жуық түрі және балықтардың 37 түрі мекендейді, оның ішінде олардың 25 түрін аулауға рұқсат етілген.
2025 жылы алғашқы тоғыз айда аймақтағы орналастыру орындары 365 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен. Ішкі туристер саны 351 мың адамды, ал сырттан келген туристер саны 14 510 адамды құрады.
Шығыс Қазақстан облысындағы 2025 жылы туризмге салынған инвестициялар 21,6 млрд теңгені, кейінгі бес жылда жалпы 110,3 млрд теңгені құрады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов:
- Өңірімізде туризм саласы бірнеше бағыт бойынша дамып жатыр. Негізгі төрт бағыт бренд болып қалыптасып келеді. Катонқарағайда сауықтыру туризмі қарқынды дамып келеді, себебі мұнда табиғи медицина, таза ауа, бірегей минералды бұлақтар және Еуразия құрлығындағы ең экологиялық таза жерлердің бірі болып саналатын Алтай таулары бар. Марқакөл экотуризмге баса назар аударады. Ал Риддер тау-шаңғы курортымен танымал болса, Өскеменде және көршілес аудандарда демалыс күндері туризмі қарқын алып келеді.

фотоколлаж: kazakhstan.travel, egov.kz
Кейінгі 4-ші орынды Алматы облысы иеленді
Алматы қаласына келетін туристер Көлсай мен Қайыңды, Шарын шатқалы орналасқан Алматы облысына соқпай кетпейді. Бұл ұлттық парктер жыл бойы туристерді қабылдайды. Сондықтан жылдан-жылға туристер саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. 2025 жылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, өңірге 2,5 миллионнан астам адам келді. Шетелдік туристер саны 12%-ға, ал ішкі туризм 25%-ға артқан.Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 40%-ға көп.
Демалушылар арасында ең танымал бағыттардың бірі дәстүрлі түрде Қапшағай су қоймасы болып отыр. Былтыр жазда Қапшағай жағасында 1 млн 800 мың турист демалған.
Шетелдік қонақтар арасында Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағы ерекше танымал. 2025 жылдың тоғыз айында бұл үш нысанға 700 мыңнан астам адам барып, олардың 530 мыңы Көлсай көлдеріне келген. Әр үшінші келуші – шетелдік турист.
Іле Алатауы ұлттық паркін абаттандыру және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, маршруттар экотуристер үшін жайлы бола түсті.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:
- Алматы облысы географиясы мен табиғи ресурстары жағынан туризмді дамытуда әлеуеті жоғары. Өңірде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген Тамғалы петроглифтері және Алтын адам табылған Есіктегі қорған сияқты тарихи орындар бар. Шарын каньонының тылсым көрінісі, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің көз тартап сұлулығы, Іле Алатауы ұлттық паркінің биік шыңдары туристерді өзіне тартады.

фотоколлаж: kazakhstan.travel, egov.kz
5 орын Маңғыстау облысында.
Маңғыстау облысының қайталанбас ерекше табиғатын көру үшін Қазақстанға келетін туристер көп. Бұл өңір шетелдік туристер саны жағынан үздік бес өңірдің қатарына кіреді. 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам турист келіп, оларға 17,2 млрд теңге сомасында қызмет көрсетілген. Аймақта Кендірлі әуежайының құрылысы басталды. 2025-2029 жылдары жалпы құны 198 млрд теңгеге 17 туристік жобаны іске асыру жоспарланған.
Туристер арасында Бозжыра шатқалы, Торыш (шарлар алқабы), Қарақия ойысы, Каспий теңізі, Бекет ата жерасты мешіті секілді киелі орындар танымал болып отыр.
2025 жылы BBC телеарнасы Маңғыстаудың бірегей табиғаты мен геологиялық тарихы туралы «Мұхит түбіне жасырынған тылсым жерлер» атты бейнеролик жариялады. Материалда Маңғыстаудың миллиондаған жыл бұрын ежелгі мұхит түбінде қалыптасқан үстірттері, шатқалдары мен жартастары бейнеленген. Тылсымға толы Үстірт саяхатшы блогерлер жиі келетін орынға айналды.
Ақша қайда кетіп жатыр? Туризмнің әлеуеті қандай?
Туризм статистикасы келген адам санымен ғана емес, осы салаға тартылған капиталмен де өлшенеді. 2024 жылдың соңына қарай туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 947,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (787,3 млрд теңге) 20,3%-ға артық. 2025 жылдың 9 айында «Саяхат» бойынша туристік қызметтер экспортының көлемі 3,0 млрд АҚШ долларын құрады. Дәл осы кезеңде туризм саласынан түскен салық түсімдері 455 млрд теңгеге жетті.
2025 жылы жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын 328 инвестициялық жоба енгізілді.
2024 жылы туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 614 мың адамды құрады. Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
2025 жылы 30 елмен аптасына 833 рейс жиілігімен 140 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы орнатылды. Былтыр 40 жаңа рейс ашылды. Қазақстанның 17 әуежайында «ашық аспан» режимі жұмыс істейді. Биыл Токиоға тікелей рейс іске қосылмақ.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Алматы және Астана халықаралық әуежайларында 107 елдің азаматтары электронды виза ала алады. 2024 жылдың қараша айында заманауи көшпенділер мен қашықтан жұмыс істейтін туристер үшін «Neo Nomad» визасы енгізілді. Қазіргі уақытта бұл визаны 34 шетелдік азамат пайдаланды.
Қорыта айтқанда инфрақұрылымның дамуы, әуе рейстерінің көбеюі, қонақ үй секторындағы бәсекенің артуы және әлеуметтік желілердегі туристік контент туристердің Қазақстанға келуіне себеп болып отыр. Ал халықаралық туризмді дамыту үшін виза режимін жеңілдету, маркетинг, қызмет көрсету сапасын жақсарту маңызды болып қала бермек. Туризм саласына көңіл бөлген өңірдің экономикасы да дамиды. Себебі жолдар салынып, жаңа нысандар бой көтеріп, халықты жұмыспен қамту үшін жұмыс орындары ашылады. Жергілікті атқарушы органдар осы қарқынды сақтап, инвестицияны инфрақұрылымға дұрыс бағыттаса, Қазақстан туристік бағыт ретінде алдыңғы қатарға шығады.
Жалпы, Қазақстан туризмі – бұл оянған алып. Дегенмен жетістікке мастануға ерте. 2026 жыл сапалы сервис пен цифрландырудың нақты сыны болмақ. Туризм тек әдемі сурет емес, ол – жаңа жолдар, сапалы қызмет және әрбір ауылдағы жаңа жұмыс орны. Егер аймақ басшылары осы қарқынды сақтап, инвестицияны инфрақұрылымға дұрыс бағыттаса, Қазақстан әлемдік туристік элитаға нық қадам басады.