Соңғы жылдары Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендегені байқалады. Чайлдфри ұстанымының бұған қатысы бар ма? Мәселені психолог Назым Алтайқызы мен демограф Шынар Пазылбекқызымен талқылап көрдік.
Чайлдфри деген не?
Психолог сөзінше, «чайлдфри» ұғымы бұрыннан бар.
- «Чайлдфри термині 1970-жылдары «баласыз» сөзіне балама ретінде пайда болды. Негізгі айырмашылығы: баладан айырылған емес, одан азат, еркін дегенді білдіреді. Психологиялық тұрғыдан бұл диагноз, симптом немесе ауытқу емес. Бұл — қалыптасқан репродуктивті бірегейлік (идентичность)», - деді ол.
Қандай түрлері бар?
Назым Алтайқызы берген Поллард пен Уильямс типологиясы мәліметінше, чайлдфридің бірнеше түрі бар.
Атап айтқанда:
«Ерте бас тартушылар» — бала кезден бастап балалы болуды ешқашан қаламаған адамдар.
«Кейінге қалдырып, соңында шешім қабылдағандар» — балалы болуды үнемі кейінге ысырып, соңында оның мүлдем қажет еместігін түсінгендер.
«Аффективтілер» — балаларды ұнатпайтын, олардың қасында өзін жайсыз сезінетін жандар.
«Идеологиялық» — құндылықтарға, экологиялық немесе әлеуметтік себептерге байланысты бас тартқандар.
Чайлдфри болу себептері
Психолог бұл шешімнің ғылыми себептері бар екенін айтады.
- «Ғылым бұл себептерді бірнеше топқа бөледі. Тұлғалық факторлар - кей адамдар ата-ана болуға ішкі дайындық сезінбейді немесе дәстүрлі емес өмірді таңдайды.
Экономикалық себептер – бала тәрбиесі үлкен шығын мен жауапкершілік талап етеді. Балалық шақ тәжірибесі – көпбалалы отбасында өскендер ерте «ата-аналық» рөлді атқарып, кейін балалы болудан бас тартуы мүмкін. Идеологиялық себептер – антинатализм және экологиялық алаңдаушылық», - деді Алтайқызы.
Сондай-ақ, экологиялық және философиялық көзқарастар да бар. Кей жастар «антинатализм» идеяларын қолдап, саналы түрде бала сүюден бас тартады.
Антинатализм — бұл философиялық көзқарас, оған сәйкес жаңа адамдарды дүниеге әкелу моральдық тұрғыдан дұрыс емес немесе қажетсіз деп есептеледі.
«Чайлдфри болу туралы шешімге 14 жасымда келдім»
Назым Алтайқызы айтуынша, кей адамдар бастапқы кезеңде өз көзқарасын жасырып, «уақыт өте өзгерермін» деп үміттенеді. Алайда бұл көбіне қарым-қатынастың үзілуіне алып келеді.
Қазақстанда бала сүюден саналы түрде бас тартатын жастардың бірі — 21 жастағы студент Аруна және Данияр (аттары өзгертілген) Аруна бала тумау туралы шешімге жасөспірім шағында келгенін айтады. Алайда оның бұл таңдауы отбасында қолдау таппаған.
- «Мен чайлдфри болу туралы шешімге 14 жасымда, осы терминді алғаш рет білген кезде келдім. Ал нақты әрі саналы түрде бұл позицияны 18 жасымда қабылдадым», — дейді ол.
Арунаның айтуынша, бұл шешімге әсер еткен негізгі факторлардың бірі — отбасындағы жағдай.
- «Мен көпбалалы отбасыдан шыққан соң, 12–13 жасымда-ақ ана қызметін атқардым. Барлық баланы өзі тәрбиелеп, жауапкершілікті ата-анам маған артып қойды. Өзімді отбасының мүшесі емес, күтуші мен үй қызметшісі сияқты сезіндім. », — дейді Аруна.
Денсаулық мәселелері де оның шешіміне әсер еткен.
- «Мен дені сау бала туа аламын ба — белгісіз. Ал басқа жолдар маған тым қымбат немесе қолжетімсіз», — дейді кейіпкер.
Аруна қазіргі таңда өз шешіміне сенімді болғанымен, күмәндардың кейде болатынын жоққа шығармайды. Ол өзін жақсы ата-ана бола алатынына сенімді емес екенін де ашық айтады.
Дегенмен, оның серіктесі Данияр бұл шешімді толық қолдайды.
- «Мен үшін Арунаның пікірі мен қалауы маңызды», — деді ол.
Қоғамға қауіпті ме?
Психолог бұл құбылысты қоғам үшін тікелей қауіп деп есептемейді. Дегенмен, белгілі бір алаңдаушылық бар. Оның айтуынша, мәселе адамдардың бала қаламауында емес, ата-ана болу қиын болғандықтан бала сүймейді.
Психология ғылымы бұл мәселеде ең алдымен адамның таңдау еркіндігін қолдайды. Себебі «жеткілікті деңгейдегі жақсы ата-ана» болу үшін, ең бастысы — баланы шын қалау қажет.
- «Ата-ана болуға мәжбүрлеу — клиникалық тұрғыда дәлелденген нашар ата-ана болуға апаратын жол. Сондықтан қоғам үшін негізгі қауіп — «саналы баласыздық емес, қаланбаған бала және психологиялық тұрғыдан дайын емес ата-ана», - деді Назым Алтайқызы.
Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеп жатыр
Сарапшы-демограф Шынар Пазылбекқызының айтуынша, ең жоғары көрсеткіш 2021 жылы тіркелген.
- «2021 жылы тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары туу көрсеткіші тіркелді. Сол жылы 440 мыңнан астам бала дүниеге келді. Жалпы туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 3,42 баланы құрады», — дейді демограф.
Алайда кейінгі жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп төмендей бастаған.
- «2022, 2023, 2024, 2025 жылдары ішінде туу коэффициенті төмендеп, 2025 жылғы статистика бойынша бір әйелге шаққанда 2,57 балаға дейін түсті», — дейді Тулешова.
Маманның сөзінше, бұл үрдіске «чайлдфри» феноменінің әсерін нақты бағалау қиын.
- «Репродуктивті жастағы әйелдердің ішінде бала сүюден саналы түрде бас тартқандар, тұрмыс құрмағандар немесе денсаулығына байланысты бала көтере алмайтындар бар. Бірақ олардың нақты саны статистикада көрсетілмейді», — дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай деректер тек ұлттық санақ немесе арнайы әлеуметтік зерттеулер арқылы ғана анықталуы мүмкін. Демограф чайлдфри құбылысын жаһандық демографиялық үрдістермен байланыстырады. Мұндай өзгерістер Еуропа елдерінде әлдеқашан байқалған екен.
Демограф мәліметінше, халық санының табиғи өсімін сақтау үшін бір әйелге шаққандағы туу коэффициенті кемінде 2,1 болуы тиіс.
- «Қазіргі таңда Еуропаның көптеген елдерінде бұл көрсеткіш 1,4–1,5 деңгейінен аспайды», — дейді демограф.
Бұл жағдай, Еуропа елдерінде сыртқы миграцияға тәуелділіктің артуына себеп болған.
Сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың болжамдары да бұл үрдістің жалғасуы мүмкін екенін көрсетеді.
Кең таралған үрдіс пе?
Шынар Пазылбекқызы сөзінше, Қазақстанда бала сүюден саналы түрде бас тарту — яғни чайлдфри құбылысы бар болғанымен, ол әзірге кең таралған үрдіске айналған жоқ. Бұл құбылыс жалпы демографиялық өзгерістердің бір бөлігі ретінде қарастырылады.
- «Біз мұны демографиялық ауысым теориясы деп атаймыз. Яғни, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен бірге туу көрсеткішінің төмендеуі, соның ішінде чайлдфри трендінің пайда болуы — заңды процесс», — дейді демограф.
Сонымен қатар, демограф кеш некеге тұру мен кеш бала сүюдің салдарына да назар аударды.
- «Репродуктивті жас 49 жасқа дейін деп есептелгенімен, іс жүзінде 40 жастан кейін бала туу мүмкіндігі табиғи түрде төмендейді», — дейді Пазылбекқызы.
Бұл, өз кезегінде, бала санының азаюына немесе мүлде болмауына алып келуі мүмкін.
Мысал ретінде ол дамыған елдердегі жағдайды келтірді.
- «Оңтүстік Кореяда туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 0,75. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Себебі жастар алдымен өз өмірін реттеуге тырысады», — дейді демограф.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда да урбанизация мен өмір сапасына деген талаптың артуы осыған ұқсас үрдістерге әкелуі мүмкін.