×
471.46
555.38
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.46
555.38
6.18

Зертхана бриллианты: Депутаттың әйелі жарнамалап жүрген «асыл тас» жайлы

Бүгін, 10:20
Зертхана бриллианты: Депутаттың әйелі жарнамалап жүрген «асыл тас» жайлы
коллаж Ulysmedia

Барлығы бриллиант таққысы келеді. Бірақ асыл тастың бағасы аспандап тұр. Қазір нарықта табиғи бриллианттарға балама зертхана бриллианттары пайда болған. Екеуінің айырмашылығын тек зертханада ғана ажырату мүмкін. Ал бағасы қолжетімді. Ulysmedia.kz  тілшісі гауһар тас нарығын зерттеп көрді.

НАРЫҚТАҒЫ БАҒА ҚАНДАЙ?

Бұрын гауһар тасты әшекей тек арман еді. Ал қазір елімізде эксклюзивті зергерлік бұйымдар жасайтын дүкендер көбейіп кетті. Көбінің ұсынатыны – зертхана бриллианты. Ол табиғи гауһарға 100 пайыз ұқсайды. Ал бағасы кемінде 5 есе арзан. Нарықта халықаралық IGI сертификаты бар 1 карат зертханалық бриллиант – 550 доллар. Дәл осындай сертификаты бар табиғи гауһар тас 2500 доллардан басталады. Тіпті кейбір зергерлік дүкендер зертхана бриллиантының каратын 15 мың теңгеден де сатып жатыр. Осы орайда «Жұрттың таласа алып жатқан тастары кейін құнын жоғалтпай ма?» деген сауал туады.

БРИЛЛИАНТ ЗЕРТХАНАДА 2 САҒАТТА ЖАСАЛАДЫ

Бағалы тастар сарапшысы, геммолог Әлімхан Омаровтың айтуынша, зертхана бриллианттары– арнайы жағдайда, яғни зертханада жасанды түрде өсірілетін асыл тастар. Бұрын оларды әркім өз мүмкіндігіне қарай, тіпті қарапайым жағдайда да жасап көрген. Cол кезде мұндай бриллианттарды жасауға шамамен 10 күннен 1 айға дейін уақыт кететін. Ал қазіргі технологиямен лабораториялық бриллианттарды небәрі 2 сағаттан 1 тәулікке дейінгі аралықта жасап шығарады.

«Өндірісте түрлі химиялық элементтер мен қосылыстар қолданылады. Қазір олардың бәрі қолжетімді, сондықтан процесс жылдамдығы артқан. Тез жасалатындықтан, нарықта да көбейді. Қарапайым тілмен айтсақ, лабораториялық бриллиант – адам қолымен жасалған, ал табиғи бриллиант – жер қойнауында миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан тас. Менің зерттеуімше, Қазақстандағы зергерлік нарықтың 80–90%-ы лабораториялық бриллианттардан тұрады. Ал табиғи бриллианттардың үлесі әлдеқайда аз»,– дейді Әлімхан Омаров.

Геммологтың пікірінше, қазір Қазақстанда асыл тастарға қызығатын адамдар саны артқан. Көп адам бұл салаға әуесқойлықтан келеді. Зертханалық бриллиантты кез келген уақытта, кез келген жерден сатып алуға болады. Тіпті телефонмен тапсырыс берсеңіз, 2-3 сағаттың ішінде үйіңізге жеткізіп береді. Түр-түрі бар, бағасы да арзан.

«Азаматтар көбіне бағасына қарайды. Сатушылар құжаттарын да бірге береді, қағазда “бриллиант” деп жазылып, мөрлері басылып тұрады. Бірақ ондай құжаттарды қолдан жасау қиын емес. Қазір мұндай тастарды көбіне Дубай, Түркия, Армения сияқты жерлерден тасымалдайды. Бірақ олардың көпшілігі – табиғи бриллиант емес, лабораторияда өсірілген тастар»,– дейді сарапшы.

СЕРТИФИКАТТАРҒА СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ

Сырт көзге табиғи тас пен зертханалық үлгінің айырмашылығы жоқ болып көрінеді. Екеуі де бірдей жарқырайды. Яғни қарапайым адам көзбен ажырата алмайды. Сондықтан геммолог кез келген асыл тасты сатып аларда оны күн сәулесіне ұстап қарау керектігін айтты. Сосын міндетті түрде геммологиялық сертификаты болуы тиіс. Gemological Institute of America (GIA), Швейцария зертханалары, МГУ жанындағы зертханалардың сертификаты сенімді. Ал Дубай, Түркия, Арменияның сертификаттарына сақтықпен қарау керек.

«Табиғи бриллиант өз бағасын жоғалтпайды. Себебі ол – табиғи тас. Ал жасанды бриллианттың құны тұрақсыз. Кәсіби маман ғана арнайы лупамен, тәжірибесіне сүйеніп, шамамен ажырата алады. Бірақ нақты қорытындыны тек зертхана береді. Бір жағдайды мысал ретінде айтайын. Танысым 3 караттық бриллиантты 28 мың долларға сатып алған. Біз оны күнге ұстап та, лупамен де қарадық. Бірақ нақты ештеңе айта алмадық. Сосын оны Мәскеу қаласындағы зертханаға тексеріске жібердік. Бірақ зертханадан “бұл тас табиғи емес, лабораторияда өсірілген бриллиант” деген хат келді. Содан алған бриллиантты дүкенге қайтарып бердік», – дейді Әлімхан Омаров.

АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ

Сарапшының айтуынша, табиғи бриллианттың өзіне тән химиялық құрамы бар. Ал синтетикалықта ондай ерекшелік болмайды. Табиғи тастардың ішінде кейде жарықшақтар немесе қоспалар болады. Олар өңдегеннен кейін де толық жойылмайды, себебі ол – табиғи ерекшелік. Осындай табиғи қосындылары бар тастар ең эксклюзивті әрі ең қымбат бриллианттар қатарына жатады.

«Табиғи бриллианттың құрамының шамамен 99,99%-ы көміртектен тұрады. Сонымен қатар оның құрамында азот пен бор да кездеседі. Қазіргі заманауи зертханалар тастың толық химиялық құрамын анықтап қана қоймай, оның қай өңірден алынғанын да айтып бере алады. Мысалы, Килиманджаро маңындағы аймақтардан немесе Мадагаскар жақтан шыққанын анықтауға болады»,– дейді геммолог.

Айта кету керек, табиғи бриллиант 20-30 жылдан кейін де өз құнын, өз сапасын жоғалтпайды. Ал жасанды бриллиант бір жыл ішінде түсі солғындап, бастапқы жарқылын жоғалта бастайды.Себебі ол – миллиондаған, миллиардтаған жыл бойы жер астында қалыптасқан тас емес.

«Айырмашылықты түсіну үшін мынаны білу керек: табиғи бриллиант алдымен алмаз ретінде пайда болады, кейін өңделіп бриллиантқа айналады. Бұл тас бір-екі жылда емес, жүздеген емес, мыңдаған, тіпті миллиардтаған жыл бойы жер қойнауында жатады. Ол жер бетінде динозаврлар дәуірін де, одан кейінгі түрлі кезеңдерді де «көрген» тас деуге болады. Сондықтан табиғи және жасанды бриллианттың айырмашылығы – жер мен көктей»,– дейді сарапшы.

ЖЫЛТЫРАҒАННЫҢ БӘРІ АЛТЫН ЕМЕС

Ендеше зертханалық бриллиантты инвестиция ретінде сатып алу тиімсіз. Ал табиғи гаһар тас ұзақ уақыт сақталады, тіпті мұра ретінде қалдыруға болады. Тарихта патшалар мен ханшайымдарға тиесілі асыл тастар, соның ішінде Диана ханшайым таққан зергерлік бұйымдар әлі де қымбат бағаланады.

«Табиғи бриллианттың тағы бір артықшылығы – оны кез келген уақытта сатуға болады. Оның нарықтағы бағасы сақталады. Қазіргі таңда, мысалы, бір караттық ең қарапайым табиғи бриллианттың бағасы шамамен 3 мың доллардан басталады (бұл тек тастың өзі, алтынсыз, бұйымсыз). Ал сапасына қарай 10-12 мың долларға дейін және одан да жоғары болуы мүмкін. Әр бриллианттың бағасы түсі, тазалығы, ішкі қосындылары мен жарық шағылысына қарай жеке анықталады»,– дейді геммолог.

Әлімхан Омаровтың айтуынша, зертханалық асыл тас сатып алған сәттен бастап құнын жоғалтады. Кейін сатқанда, тек ішіндегі алтынның бағасымен ғана қабылдануы мүмкін. Яғни, тастың өзі есепке алынбайды. Ал табиғи бриллиант – құнын жоғалтпайтын актив.

«Қазір дүкендерде «тексеретін құрал» деп, қалам сияқты құрылғыларды көрсетеді. Оны тасқа тигізсе, белгі береді. Бірақ бұл нақты тексеру әдісі емес, көбіне маркетингтік құрал ғана. Сондай-ақ нарықта муассанит және фианит сияқты тастар көп кездеседі. Олар арзан, жасанды тастар және табиғи бриллиантқа ешқандай қатысы жоқ»,– дейді асыл тастар сарапшысы.

ДЕПУТАТТЫҢ ӘЙЕЛІ ДЕ ЖАРНАМАЛАП ЖҮР

Соңғы жылдары елімізде зертханалық бриллиантқа сұраныс күрт артты. Бұған бағаның арзандығы емес, жарнаманың өтімділігі әсер етіп отыр. Қазір Қытай, Дубай, Түркиядан келетін зергерлік дүкендер қазақстандық блогерлермен жаппай келісім орнатқан. Тіпті Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың әйелі Индира Қожаназарова да желіде зертханалық бриллианттың жарнамасын қыздыруда. Instagram-да 22 мың оқырманы бар Индира халыққа «зертханалық бриллиантты байлар да тағады», яғни, онда тұрған ештеңе жоқ  деген ой тастауда.

Осылайша, аудитория «арзан болса – сапасыз» деген стереотипті ұмытып жатыр. Ал Айгерім Шахман атты блогер Дубайлық бриллианттарды сатуға кірісіп кеткен. Бағасы да айтарлықтай арзан емес. Кемі миллион теңгеден басталады. Бірақ зертханалық бриллианттың табиғи тастан айырмашылығы жоқ деп санайтын халық, әншейін маркетинг құрбандары секілді көрінеді.

Автор: Көктем Қарқын

Серіктес жаңалықтары