Көптеген мемлекеттерде суррогат ана қызметіне толық тыйым салынған. Оның ішіне Германия, Франция, Испания және Швейцария сияқты елдер кіреді. Ал кейбір елдерде бұл қызметке рұқсат берілгенімен, тек өз азаматтарына ғана қолжетімді. Мысалы, Үндістан мен Таиланд. Ал Қазақстанда ешқандай шектеу жоқ. Суррогат ана қызметін тек ел азаматтары ғана емес, шетелдіктер де пайдалана алады. Соның салдарынан түрлі дау-дамайлар мен сот істері жиілеп, суррогат ана қызметін реттеу мәселесі көтерілуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2025 жылы желтоқсанда Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым суррогат ана қызметін реттеуге қатысты депутаттық сауал жолдаған. Оның пікірінше, заңнаманың жеткілікті деңгейде қатаң болмауы Қазақстанды шетелдіктер үшін “тартымды” етіп, құқықтық даулардың туындауына, балалардың азаматтығының болмау қаупіне және «репродуктивтік туризмнің» дамуына себеп болып отыр.
Бала құқығы
Жақында Алматы қаласында Қытай азаматтары суррогат анадан өз баласын алудан бас тартып, сәбиді балалар үйіне өткізгені туралы ақпарат тараған еді. Тіпті ақшасын төлемей қашып кеткен.
- «Алматыда жаңа туған сәбиден Қытайдан келген биологиялық ата-анасы, әрі қазақстандық суррогат ана бас тартқан жағдай тіркелді. Енді бұл нәресте еш кінәсі болмаса да балалар үйінде тәрбиеленетін болады. Қазір оның қай елдің азаматы екені де нақты белгісіз», — деді Гүлдара Нұрым.
Сондықтан депутаттың айтуынша, ең алдымен баланың құқықтары мен міндеттерін реттейтін кешенді нормаларды әзірлеу қажет. Сондай-ақ әйелдерді қорғау шаралары мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету маңызды.
Шетел азаматтарына тыйым салынбақ
Нұрым Қазақстан аумағында суррогат ана қызметін тек ел азаматтарына ғана ұсыну мәселесін қарастыру қажет деп санайды.
2025 жылдың соңында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев та Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында бұл шектеуді енгізуді сұраған. Осы мақсатта «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске тиісті түзетулер енгізу көзделеді.
- «Соңғы жылдары суррогат ана болуға қатысты халықаралық деңгейде жанжалдар көбейіп кетті. Осыған байланысты, суррогат ана қызметін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана көрсету нормасын белгілеу бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.Аталаған өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген, қазір олар мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде», - деп Бозымбаев мәлімдеген.
Бүгінде бұл сала «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңмен және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекспен реттеледі.
«Тыйым емес, қауіпсіз жүйе қажет»
Осы тақырып төңірегінде 13 жылдан астам тәжірибесі бар ИРМ клиникасының репродуктолог дәрігері Қосетова Аяулым Берікболқызы пікір білдірді.
Маманның айтуынша, тыйым емес, қауіпсіз жүйе қажет.
- «Толық тыйым салудан гөрі қатаң реттеу керек деп ойлаймын. Бірақ құқықтық және этикалық бақылау күшейтілуі тиіс. Яғни баланс керек», — дейді Аяулым Берікболқызы.
Сарапшының бағалауынша, еліміздегі клиникаларда шетелдік пациенттердің үлесі шамамен 10–15 пайызды құрайды. Соңғы жылдары олардың саны айтарлықтай артқан.
- «Қазақстанда заң талаптары салыстырмалы түрде жұмсақ әрі қызмет қолжетімді болғандықтан, шетелдіктердің қызығушылығы жоғары», — деп түсіндірді Берікболқызы.
Репродуктолог сөзінше, Қазақстанда суррогат ана бағдарламаларына сұраныс тұрақты және соңғы жылдары арта түскен.
Айына 10 жұп консультацияға келеді
Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының дерегінше, бүгінде елімізде суррогат ана қызметін ұсынатын шамамен 30 клиника бар. Олар жылына орта есеппен 330 бағдарлама жүргізеді. Оның орташа тиімділігі шамамен 40 пайызды құрайды. Нәтижесінде жыл сайын 130 бала суррогат ананың көмегімен дүниеге келеді.
«Болашақ» суррогат ана орталығының қызметкері Ақерке Макулова айтуынша, айына кем дегенде 10 жұп консультацияға келеді.
- «Қазір шамамен 30–35 аяғы ауыр қыз бар», — деді орталық өкілі.
Сонымен қатар соңғы уақытта Ресейден келетін биологиялық ата-аналардың саны артқаны байқалады, дейді.
Қазақстанда қызмет қолжетімді ме?
Шетел клиенттерінің Қазақстанды таңдауының тағы бір себебі — бедеулікті емдеу мен суррогат ана қызметтерінің салыстырмалы түрде арзандығы. Дегенмен, бұл бағаны тек басқа елдермен салыстырғанда ғана төмен деуге болады, ал Қазақстандағы орташа жалақымен есептегенде арзан емес.
Ашық деректерге сәйкес, елімізде суррогат анаға 6,5 млн мен 9,5 млн теңге аралығында төлемақы беріледі. Оның көлемі суррогат ананың тәжірибесі, көпұрықты жүктілік, босану тәсілі және басқа да жағдайларға байланысты келеді.
Бұдан бөлек, бедеулікке шалдыққан жұп ЭКО процедурасына, суррогат ананы іріктеу қызметіне, сондай-ақ жүктілік кезеңіндегі оның тұруы мен күтіміне де қаржы жұмсайды. Жалпы шығын шамамен 16,7 млн – 18,6 млн теңгені (35–37 мың АҚШ доллары) құрайды.
Шетел азаматтары үшін бұл сома жоғары, себебі ЭКО орталықтарында оларға арналған тариф бөлек есептеледі. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш Грузия, Ресей және суррогат анаға рұқсат етілген бірқатар Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда төмен.
Суррогат ана болу талаптары
Қазақстанда суррогат ана болу «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 56‑59 баптары бойынша реттеледі. Заңға сәйкес, суррогат ана 20‑дан 35 жасқа дейінгі, кемінде бір баласы бар әйел болуы тиіс. Ол денсаулығы мықты, психикалық және репродуктивті жағдайы қалыпты болуы шарт, бұл медициналық қорытындымен расталады. Егер әйел некеде болса, жұбайының жазбаша келісімі міндетті.
Суррогат аналар агенттік арқылы іріктеліп, IQ-тест тапсырады, инфекциялық ауруларға тексеруден өтеді, ультрадыбыстық зерттеу жасалады. Барлық көрсеткіштері қалыпты болған жағдайда ғана әйел суррогат ана ретінде қабылданады.
Ақерке Макулованың мәліметінше, бүгінде толықтай дені сау әйелдердің аз, сондықтан болашақ құрсақ аналар алдын ала дайындықтан өтетінін айтады.
- «Өкінішке қарай, 100 пайыз дені сау әйелдер өте аз. Сондықтан біз жүктілікке дайындық үшін қажетті витаминдер мен препараттарды өзіміз береміз. Құрсақ аналар протоколға кіргенге дейін соларды қабылдайды», — деді ол.
Бағдарлама барысында негізгі қиындықтардың бірі — жүктіліктің бірден болмауы. Көптеген әйелдер алғашқы әрекеттен-ақ жүкті болуды күтеді, алайда бұл әрдайым мүмкін бола бермейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Астана тұрғыны елде генетикалық материалдар ұрланатынын мәлімдеді