Ресей мен Украинаның Қара теңіздегі қақтығысы күн өткен сайын ушығып барады. Оның салқыны соғыстан әлде қайда тысқары аймақтарға да әсер етіп жатыр. Ең басты соққы – мұнай тасымалына тиюде. Ол Қазақстанды да айналып өтпеді.
ҚҰРСАУДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ
Кейінгі бірнеше күнде халықаралық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Қара теңіздегі танкерлер мен кемелерге жасалған дрон шабуылдары туралы жарыса жазып жатыр. Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеп, Каспий құбыр консорциумы танкерлерге жасалған дрон шабуылынан кейін Қазақстан мұнайын қабылдауды уақытша тоқтатқаны туралы жазды. Басылым мәліметінше, Новороссийск терминалындағы резервуарлар толып қалған.
17,19,20 шілдеде болған дрон шабуылдарынан кейін кеме иелері Новорссийскке танкер жіберуден тартынып отыр. LSEG дерегінше, кемінде екі танкер бағытын өзгерткен.
22 шіледе дрон шабулына ұшыраған NELSA танкерінің Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың санкциялық тізіміне енгені туралы ақпарат тарады. Камерун туы астында жүрген танкер санкциялық тізімге Ресей мұнайын тасымалдағаны үшін іліккен.
20 шілдеде NELSA танкеріне Каспий құбыр консорциумының терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан уақытта дрон шабуылдаған. Салдарынан кемеде өрт шыққан. Алайда ол кейін сөндірілген.
КҚК терминалындағы тұрақсыздыққа байланысты Румынияда жанармай дағдарысы басталуы мүмкін. Осы елдің жергілікті Stiripesurse басылымының жазуынша, Қазақстан Румынияға импортталатын мұнайдың 63 пайызын қамтамасыз етеді. Каспий құбыр консорциумы арқылы өтетін Қазақстан мұнайының тоқтауы ел экономикасына елеулі соққы болып тиеді. Себебі Румыниядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттары Қазақстаннан жеткізілетін мұнайға тікелей тәуелді. Ең алдымен, KMG International компаниясының бақылауындағы Petromidia зауыты мен негізінен Қазақстан мұнайын өңдейтін Petrobrazi зауыты қиындыққа тап болмақ.
Қазақстан мұнайын жеткізу мәселесі ұзаққа созылатын болса, ол Румынияда жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай мұнай өнімдерінің қолжетімділігіне де, бағасына да кері әсерін тигізіп, елдің бүкіл жанармай нарығына ықпал етеді.
ҚАЗАҚСТАН РЕАКЦИЯСЫ
Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғу деп бағалап, оларды тоқтатуға шақырған. Алайда шабуылдардың артында кім тұрғанын нақты атаған жоқ.
БІРІН-БІРІ АЙЫПТАҒА РЕСЕЙ МЕН УКРАИНА
Ресей бұл шабуылдарға Украинаны айыптап, «Киевтің мақсаты – әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандыру» деп мәлімдеді. Украина айыптауды жоққа шығарып, мұндай әрекеттерге қатысы жоғын айтты.
Каспий құбыр консорциумының 15 пайыз акциясына ие Chevron компаниясы жағдайды бақылап отырғанын және қызметкерлердің қауіпсіздігіне басымдық беретінін мәлімдеді.
Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80 пайызын КҚК желісімен жөнелтеді. Әлемдік нарыққа шығарылатын мұнайдың 2 пайызға жуығын қамтамасыз етіп келген КҚК жұмысындағы іркіліс жаһандық нарықтағы алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
«ӘЗЕРБАЙЖАН АЛМАСТЫРУҒА ДАЙЫН»
Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен қоймаларына дрон шабуылын күшейтіп, елдегі жанармай нарығына ауыр соққы жасап жатқан тұста Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер жүргізді. Ол Ресей бұдан былай мұнай мен газ экспорттауға қауқарсыз екенін ашық айтты. Есесіне оның орнын Әзербайжан баса алады деді.
– Әзербайжан қажетті көлемде мұнай жеткізе алады. Бұған өзіміздің ішкі ресурстарымыздың да, сондай-ақ біздің ұлттық энергетикалық компаниямыз – SOCAR-дың трейдингтік бөлімшесінің де мүмкіндігі жеткілікті. Сондықтан бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ, – деді ол.
«ДОСТЫҚТА» ТОҚТАҒАН ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫ
Сәуір айының аяғында Reuters агенттігі «1 мамырдан бастап Ресей «Достық» құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдауды уақытша тоқтатқаны» туарлы жазды. Сол уақытта Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Ресей «Достық» құбыры арқылы мұнай экспорттауды тоқтатқаны туралы ресми хабарлаған жоқ» деп мәлімдеді.
Кейіннен энергетика министрлігі Қазақстан қыркүйекке дейін техникалық себептерге байланысты «Достық» құбыры арқылы Германияға мұнай тасымалдай алмайтынын хабарлады.
Оқи отырығыз: Неміс армиясы және қазақ мұнайы: Ресей «Достық» құбырын неге тоқтатты?
2025 жылы Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Германияға 2 миллион тонна мұнай экспорттаған. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 44 пайызға көп.
Германияға мұнай «Достық» құбырының солтүстік тармағы арқылы тасымалданады. Ол Польша аумағын басып өтеді. Бұған дейін Украин дрондарының құбырға шабуылы салдарынан тасымал тоқтаған кездер болған.
Ресей Украинаға басып кіргелі Германия Ресей мұнайын алуды тоқтатып, ішінара Қазақстан мұнайын сатып алып келген. Қазақстан билігі кейінгі жылдары Германияға мұнай экспортын арттыру қажеттігін айтып келеді.