Бұл мамандық сырт көзге бейбіт көрінгенімен, қорықшының өліммен бетпе-бет келуі табан асты. Тыныш далада, түнгі алқапта, бала кезден таныс төбелердің арасында да ол үшін қауіп-қатер жеткілікті. Мұны қазақстандықтар 2019 жылы Қарағанды облысында қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқанда түсінді.
Ал осыдан бірнеше күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл аңшылық шаруашылығының басшысы Павел Тепенко оның тағдырын қайталауға шақ қалды. 25 қыркүйектен 26 қыркүйекке қараған түні ол арнайы киімде, қызмет бабында жүрген. Қашып бара жатқан пикаптың жүксалғышынан бір қолымен ұстап тұрған қорықшыны қараңғыда жаңа ғана жыртылған егістікпен сүйреп әкетті. Көлік оны таптап кете жаздаған.
Қорықшының айтуынша, көліктің ішінде оның көз алдында елікті атып өлтірген адамдар – қызметтегі полиция майоры, орман шаруашылығының директоры және әкімнің жүргізушісі болған. Алайда қылмыс үстінде ұсталғанына қарамастан, оларды үйлеріне жібере салған. Оның үстіне, ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, заңсыз аңшылық фактісі мойындалғанына қарамастан, СҚО полиция департаменті сол пикапта мылтық ұстап отырған полицейдің «еңбек демалысында болғанын» және оның жануарларды заңсыз аулауға қатысы «қазіргі кезеңде анықталмағанын» ресми түрде мәлімдеді.
Демек, погонын шешіп, табельдік қаруын тапсырса болды, майор емес, браконьерлердің арасында кездейсоқ жүрген қарапайым аңшы болып шыға келеді екен. Бәлкім, ол жай ғана жанында тұрған шығар, сыра ішіп, мылтыққа фонарьды тек инженерлік іске деген сүйіспеншілігінен тағып жүрген шығар. Анық-қанығын қызметтік тексеру анықтайды.
Ал қорықшы тергеудің алғашқы әрекеттерін күтпестен бұл оқиғаны неге БАҚ арқылы жария етуді жөн көргенін Ulysmedia.kz тілшісі анықтауға тарысты.
ҮШ РЕТ АТЫЛҒАН ОҚ
Павел Тепенконың айтуынша, сол түні ол екі қорықшымен бірге кезекті жоспарлы рейдке шыққан. Әдеттегі жұмыс: діттеген жерге бару, тоқтау, тыныштыққа құлақ түру. Бірақ ол түні тыныштық болған жоқ.

Павел Тепенко
– Шықтық, тұрмыз, тыңдап тұрмыз. Тыныш. Әрі қарай жүрдік, айналаны қарап шықтық – тағы да тыныш, – деп еске алады ол.
– Кенет Кировка ауылының маңынан үш рет атылған оқтың дауысын естідік. Бағытын шамамен анықтап, сол жаққа қарай жүрдік. Тоқтадық, қарап тұрмыз – қарсы беттен көліктің шамы көрінеді. Біз жарық жақпай, алдынан шықтық. Қуып жетіп, тоқтаттық. Жергілікті тұрғындар екен. Жүксалғышын тексердік – бос. Жібере салдық.
Қорықшылар әрі қарай жүріп, тағы да тың тыңдаған. Тағы бір жарық көрініпті. Далада әрлі-берлі ойқастаған жарық.
– Қарасақ, далада фаралар шеңбер сызып жүр, аң іздеп жүргені анық. Сол жаққа бардық. «Nissan» маркалы бір көлік, ішінде бес адам отыр, – дейді Тепенко.
Қорықшылардың көз алдында пикап елікті қуып жеткен. Табиғатты қорғаушының айтуынша, осыдан кейін болған жағдайды ол «жануарды қинау» деп қана сипаттай алады.
– Олар ұрғашы елікті қуып жетіп, көліктің ішінен ата бастады. Аяғын жаралады, елік құлап түсті. Көлік кері бұрылып, тағы бір рет атты. Сосын жанына келіп, фарамен жарық түсіріп, сыртқа шықты да, тамағын кесті, – дейді қорықшы.

Оның түсіндіруінше, аңшылардың әрекетінің заңсыз болғанына күмән жоқ. Еліктің ұрғашысын аулауға 15 қыркүйектен бастап рұқсат берілген. Алайда өзіне тиесілі аңшылық шаруашылығында ол әлі рұқсат бермеген және беруді де жоспарламаған.
– Мен оларды қысқы аңшылыққа қалдырдым. Төлдері өсіп, енесінен бөлініп кетсін дедім. Өйткені обал. Жүгенсіз аңшылар жаңа туған төлдерді де қырып тастайды, – деп түсіндірді ол.
ӨМІРІНЕ ТӨНГЕН ҚАУІП
Қорықшылардың басшысының айтуынша, олар пикапқа білдіртпей жақындаған.
– Олар атылған еліктің жанында сыра ішіп тұрды. Біз жарық жақпай жақындап барып, бірден фараларды қостық, – деп еске алады Тепенко.
– Олар бірден пикапқа қарай жүгіріп, көлікке секіріп мінді. Мен көліктен түсіп: «Тоқта! Қорықшылар қызметі!» деп айқайладым. Олар газды басып, қаша жөнелді.
Одан кейін Павелдің қазір ақсандап жүруіне себеп болған жағдай басталған. Өзінің айтуынша, дәл сол сәтте ол өлімге бір-ақ қадам қалған.
– Мен жүксалғыштан мықтап ұстап алдым. Олар газды басып, мені далада жүз метрге жуық сүйреді, – дейді ол. Даусынан әлі де сол кездегі қорқыныш сезіледі.
– Сосын тежегішті басты. Мен көліктің төбесіне секіріп шықтым. Қашып кетсе, тым болмағанда бір жерінен ұстап қаламын деп ойладым. Кабинасын ұрып: «Тоқта!» деп айқайладым. Біздің жігіттер маған тура фонарь түсіре бастады. «Мылтықты ал, дөңгелектерін ат! Өміріме қауіп төніп тұр!» деп айқайладым. Мені өлтіре салуы мүмкін екенін түсіндім.
Ол сол сәтте өзін көлік басып кетуі немесе жүріп келе жатып лақтырып жіберуі мүмкін деп ойлағанын жасырмайды.
– Олар менің көлікке жабысып алғанымды көрді. Көлікті ұрғылап, айқайлап жаттым. Терезелері ашық болды. Қолымды терезеден ішке сұғып, көлікті ішінен ашқым келді. Олар қолымды қысып қалды. Әупірімдеп қолымды жұлып алдым, – дейді қорықшы.
Оның айтуынша, мұның бәрі әріптестерінің көз алдында болған.
Барлығы арнайы киімде, қызмет бабында жүрген. Кейін аңшылар отырған пикапты тоқтатқанда қорықшылар камераны қосып, болған жағдайдың бәрін түсіріп алған.

ПОЛИЦИЯ МАЙОРЫ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ӘКІМНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ
Пикап ақыры тоқтағанда, оның ішінде кім отырғаны анықталды. Тепенконың айтуынша, көліктегі адамдардың лауазымы жоғары болған.
– Көліктің ішінде Сергеевка қаласындағы Шал ақын ауданына қарайтын орман шаруашылығының қазіргі директоры болды. Қазіргі полиция майоры да сонда отырды, – дейді ол.
– Рөлде көліктің иесі емес, оның ағасы болды. Көлік иесі Ресейден, ал оның ағасы жергілікті тұрғын. Бәрінің үстінен ішімдік иісі мүңкіп тұрды.
Одан кейін, қорықшының айтуынша, саудаласу басталған. Оған бәрін ұсынған: жылқы да, сиыр да, ақша да. Тек полиция шақырмасын, шу шығармасын дегендері. Ең қызығы – бұл ұсыныстардың бәрі камераға жазылған. Видеодан қорықшының «келісуге» жасалған әрекеттерді үзілді-кесілді қабылдамағаны естіледі.
– «Маған ештеңе керек емес. Бәрін заң бойынша жасаймыз. Ешқандай келісім болмайды» дедім.

Одан кейін Тепенко кезекші бөлімге қоңырау шалып, жедел-тергеу тобын шақырған. Жүксалғыш ашылғанда, аңшылықтың кездейсоқ болмағанын дәлелдейтін тағы бір нәрсе табылған.
– Жүксалғышта қақпақтың астында ет салынған астау тұрды. Екі елік төлі бар екен. Әлі кішкентай, енесін еметін төлдер. Жаныма қатты батты. «Бұл не қылғандарың? Бұлардың төл екенін көрмедіңдер ме? Ашсыңдар ма?» дедім. Бәрі ауқатты адамдар, оңай адамдар емес, – дейді ол.
Тепенконың айтуынша, аңшылар жедел топқа бір ғана лицензия көрсете алған. Ол еліктің аталығын атуға берілген лицензия екен және аң аулауға басқа аумақта рұқсат етілген.

Жамбыл аңшылық шаруашылығының аумағында ұрғашы елікті атуға браконьерлерде лицензия болмаған және болуы да мүмкін емес еді. Өйткені мұндай лицензияны тек Павелдің өзі бере алатын, ал ол лицензия бермеген.
– «Мұнда не істеп жүрсіңдер? Бұл басқа аумақ қой» дедім. Олар: «Адасып кеттік» деді. Мен: «Бұл тіпті басқа аудан, жігіттер. Басқа аңшылық қоғамы» дедім.
ЛИЦЕНЗИЯНЫ ҚАЙДАН АЛҒАН?
Тепенко полиция бастығына қоңырау шалып жатқан кезде браконьерлер, оның айтуынша, бірден екі лицензияға қол жеткізіп үлгерген.
– Біз оларды тоқтатқанда, қолдарында бір ғана лицензия болды. Қолдарындағы лицензия еліктің аталығын атуға берілген. Мен: «Мұнда еліктің аталығы жоқ. Жүксалғышта екі төл жатыр, ал олардың енесін көз алдымызда атып өлтірдіңдер» дедім.
– Содан кейін біз кетіп қалдық, ал олар өз олжасының терісін басқа шаруашылықта сыпырды.
Екі елік төлін атуға арналған электронды лицензияның кенеттен қайдан пайда болғанын Павел түсінбей отыр. Оның болжамдарының бірі – бұл лицензиялар кейіннен, яғни өтіп кеткен мерзіммен рәсімделген. Оның айтуынша, бұл заңсыз.
– Өтіп кеткен мерзіммен рәсімдеу – әрине, заңсыз. Бұл анық нәрсе, – дейді ол.
Одан кейін, Тепенконың айтуынша, ең келеңсіз жайт басталған – оқиғаның мән-жайын бұрмалау әрекеті. Ұсталғандарды полицияға жеткізіп, таң атқанша ұстаған. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде ішілген сыраның мастығы да тарқап үлгерген.
– Түнгі сағат екілер шамасында полицияға бардық. Бәрін таңғы сегіз-тоғызға дейін ұстады. Осы аралықта мастығы тарқап үлгерді. Кейбірінің алкотестері жеңіл мас болғанын көрсетті, кейбірінен ішімдік ішкені ғана анықталды. Рөлде болған адамның мас болғаны анықталды. Бірақ үшеуіміз де көрдік, видеода да рөлде отырғанын өзі айтып тұр. Ал полицияға келгенде оның ресейлік ағасы: «Рөлде мен болдым» деді.
Оның айтуынша, кейін сол түні болған оқиғаның өңін айналдыруға кіріскен.
– Полиция бастығы: «Мұнда барлық құжат бар ғой» деді. Мен: «Қай жерде бар?» деп сұрадым. Ол істі жабуға тырысқан сияқты болды. Бірақ полиция департаменті бастығының орынбасары оған мүмкіндік бермеді: «Мұны сенің қорықшың тоқтатты ма? Бұл фактіні сенің қызметкерің өз ауданыңның аумағында анықтады ма?» деді. Мен: «Иә, біздің қызметкер. Бұл Жамбыл аңшылық қоғамы, Жамбыл ауданы. Аудан шекарасына дейін жеті шақырымдай ғана» дедім. Сонда ол: «Тергеу тобы, мына іспен айналысыңдар» деп бұйырды.
АВТОМАТ ПЕН ИТ
Қорықшының айтуынша, нұсқалар көз алдында өзгеріп отырған. Алдымен автомат туралы нұсқа пайда болған.
– Сол майор менің автоматпен, жеке қаруыммен жүгіріп шыққанымды ойлап тапты. Менің қолымдағы азаматтық автомат, қайта жасалған қару. Мені сүйреп бара жатқанда жігіттерге: «Қаруды алыңдар, дөңгелектерін атыңдар! Өміріме қауіп төніп тұр!» деп айқайладым. Өйткені олар мені сүйреп бара жатты, басып кетуі мүмкін еді, – деп еске алады ол.
– Кейін полиция келгенде, мен автоматпен жүгіріп шығып, көліктің алдына тұрып алды деген нұсқаны ойлап тапты. Олар қорқып, көлікке отырып, кеткісі келген-мыс. Бірақ ондай жағдай болған да жоқ.
Одан кейін, оның айтуынша, ит туралы нұсқа пайда болған.
– Кейін басқа нәрсе ойлап таба бастады: олардың иті жараланған аңды қуып, біздің аумаққа кіріп кеткен-мыс. Бірақ түнгі сағат 12-де аң аулау деген ақылға сыя ма? Қараңғыда бірдеңе көру мүмкін бе? – дейді қорықшы.
– Қандай ит? Мұның бәрі сылтау.
Тепенконың түсіндіруінше, аңшылықта жарық беретін құралдарды пайдалану – «жай ғана ереже бұзу емес, нағыз қылмыстық бапқа жататын әрекет».
– Заң бойынша түнде аң аулауға тыйым салынған. Құралдармен, прожектормен аң аулауға болмайды. Автокөлікпен қуып жетуге тыйым салынған. Бұл – қылмыстық бап. Олар көлікпен қуған, жарық құралдарын, фараларды пайдаланған. Оның үстіне мылтыққа фонарь тағып қойған.
Оның айтуынша, қарулары да жай қару болмаған.
– Карабин және екі тегіс ұңғылы мылтық болды. Карабин сол пикапта отырған қазіргі полиция майорына тіркелген. Екі мылтық кімге тіркелгені есімде жоқ. Бірақ ең бастысы – майор бұл жерде толық жауап береді. Төменгі жағына фонарь әдейі тағылған, түнде жарық түсіріп, ату үшін. Барлық мылтық оқталған, карабин де толық оқталған – тоғыз патроны бар, оныншысын алып тастаған. Түркиялық бесатар да толық оқталған.
КЕШІРІП, БОСАТА САЛДЫ МА?
Міне, Павел Тепенконың қазір дабыл қағуының басты себебі де осында жатқан сияқты. Ол тек өз өміріне қауіп төнгеніне емес, бұл істің жазасыз қалуы мүмкін екеніне алаңдайды.

– Заңсыз аңшылық үшін, түнгі аңшылық үшін, қару үшін, мені көлікпен сүйрегені үшін – осының бәрі үшін оларды ұстауы керек еді. Үшеуін де, – дейді ол енді жай ғана ашумен емес, шын мәнінде ызаға булығып.
– Ал оларды неге екені түсініксіз, үйлеріне жіберді. Мені бәрінен бұрын алаңдататыны – осы. Екі күн өтті, ешқандай әрекет жоқ.
Қорықшының айтуынша, оны алаңдататыны – дәл осы әрекетсіздік.
– Сондықтан мен баспасөзге жүгінуді жөн көрдім. Өйткені мұның бәрін жабуға тырысып жатыр. Мұнда Сергеевка қаласының қазіргі орман шаруашылығының басшысы мен қазіргі полицей бар. Олар сол жерде-ақ бірден келісуге тырысты.
Тепенко егер сол түні оларды еркіне қоя берсе, істің әрі қарай қозғалмайтынына күмән келтірмейді.
ЕКІНШІ ЕРЛАН НҰРҒАЛИЕВ БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ
Бұл оқиға – жай ғана қылмыстық хроника емес. Бұл – браконьерлермен түнгі арпалыстың қорықшылар үшін немен аяқталуы мүмкін екенін еске салатын жағдай.
2019 жылдың қаңтарында Қарағанды облысының Нұра ауданында браконьерлерді ұстау кезінде «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиев қаза тапқан.
Сол кезде Қызылорда облысының жеті тұрғыны ақбөкендерді заңсыз аулап, 17 жануарды өлтірген. Кейін мемлекетке келтірілген шығын 45 миллион теңгеден астам деп бағаланды.
Нұрғалиев пен оның әріптесі Петр Ницык браконьерлерді тоқтатуға тырысқан. Қуғын басталып, кейін төбелеске ұласқан. Нұрғалиевті соққыға жығып, екі күннен кейін ол ауруханада есін жимастан қайтыс болды. Оның артында төрт баласы қалды.

фото: nur.kz
Браконьерлердің үшеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қалғандары алты жылға кесілді. Іс Бас прокуратураның бақылауында болды. Ал Нұрғалиевтің жаңа туған ақбөкен төлімен түскен әйгілі суреті қайғылы оқиғадан шамамен тоғыз ай бұрын түсірілген еді. Бұл фото бүкіл Қазақстанға тарады.
Биыл 26 қыркүйекке қараған түні Павел Тепенко да қаза табуы мүмкін еді.
Ол бір қолымен көлікке ілініп тұрған, ал көлік оны далада әрлі-берлі сүйреді. Ол айқайлады, көлікті ұрды, есігін ашуға тырысты. Айтуынша, көліктегілер оны көре тұра тоқтаған жоқ.
– Бұл шын мәнінде өте қауіпті, – дейді ол.
– Қарағанды облысында қорықшы қаза тапты. Мен екінші адам болуым мүмкін еді. Мен бұл істің жылы жабылмағанын қалаймын. Өйткені егер іс жабылып қалса, келесі жолы басқа қорықшыны бүйректері бүлк етпестен көлікпен таптап кете салуы мүмкін.
P.S. Ulysmedia.kz редакциясы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаровтың атына ресми сауал жолдап, жағдайға түсініктеме беруді және тергеудің барысы туралы ақпарат ұсынуды сұрады.
Ресми жауап көп ұзамай келді. Онда ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны және заңсыз аңшылық фактісінің мойындалғаны айтылған. Бес аңшы үш елік атқан. Екеуі мас болған.Ал мылтық ұстап пикапта отырған полиция қызметкері еңбек демалысында болған-мыс. Яғни ол қызмет бабында болмаған, кезекшілікте тұрмаған. Ал оның браконьерлермен бір пикапта отырғаны, қарудың оның атына тіркелгені, сол карабинге фонарьдың түнгі аңшылық үшін арнайы тағылғаны – мұның бәрін полцейлер ұсақ-түйек деп есептеген сияқты. Өйткені ол демалыстағы адам емес пе. Соншама не бүлінді дерсіз: карабинін алып, бөтен аңшылық шаруашылығына барған, сол жерде оның жолдастары елікті атып, тамағын кескен. Ал полицей жай ғана бақылап отырған! Жолдастары қылмыс үстінде ұсталғанда қорықшымен келісуге тырысқанын да үнсіз бақылаған. Не дегенмен, бұл да демалыстың бір түрі ғой. Сондықтан оның бұл оқиғаға қатысы «қазіргі кезеңде анықталмаған».
Майор ма? Қандай майор? Ол демалыстағы адам ғой. Жай ғана куәгер...Қаруы бар куәгер. Бәлкім, атқан да шығар. Бірақ мұны әлі дәлелдеу керек. Ал әзірге – тек қызметтік тексеру. Және тыныштық. Павел Тепенконы түнгі дала мен қозғалтқыштың гүрілінен де қатты алаңдататыны – сол тыныштық.