2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа талап бойынша, тұрмысы бақуатты деп танылған азаматтар бюджеттен берілетін бірқатар төлемді ала алмайды. Ulysmedia тілшісі қандай өзгерістер енгізілетінін және жаңа ережелер қоғамда, әсіресе, әйелдер арасында неліктен қызу пікірталас туғызғанын анықтап көрді.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Өткен аптада үкімет азаматтардың материалдық жағдайын ескере отырып тағайындалатын 10 түрлі жәрдемақының тізімін бекітті. Азаматтардың тұрмыс деңгейін бағалау үшін оларды бес санатқа бөлмек:
Жаңа тәртіп бойынша, А және В санатына жатқызылғандар аталған жәрдемақыларды ала алмайды. Егер оларға төлем бұған дейін тағайындалған болса, оны тоқтатуы мүмкін.
ДЕКРЕТТІК ТӨЛЕМДЕР КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?
Ең көп талқыланған мәселенің бірі – әйелдерге берілетін жәрдемақылар. Атап айтқанда, А және В санатындағы әйелдер бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыны ала алмайды. Оның мөлшері 164 350 теңгеден басталады.
Бұған қоса, осы санаттарға жататын әрі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әйелдер бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы күтім жәрдемақысынан қағылады. Бұл төлемнің мөлшері 24 912 теңгеден басталады.
Ал ресми жұмыс істеген әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін жәрдемақыларды бұрынғы тәртіппен ала береді.
А және В санатындағы қазақстандықтар асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақыдан және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін төлемдерден де қағылады. Мұндай жәрдемақыларды алушылардың арасында әйелдер, соның ішінде баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар да аз емес.
«БІР КҮНДЕ БАҚУАТТЫ ОТБАСЫ БОЛЫП ШЫҒА КЕЛДІК»
Әзірге мемлекет азаматтарға өздерінің тұрмыс деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін ресми есептеу құралын ұсынған жоқ. Алдын ала есептеп көруге Tengrinews сайтында жарияланған калькулятор мүмкіндік береді. Ол Еңбек министрінің бұйрығымен бекітілген отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесіне негізделген.
Өзін орта таптың өкілі санап келген талай қазақстандық осы калькулятор арқылы есептеп көргенде, күтпеген жерден «тұрмысы бақуатты» азаматтардың қатарына қосылғанын білген.
Алматыда тұратын 25 жастағы Жанель де редакцияға хабарласып, осы мәселеге қатысты пікірін бөлісті. Ол – тұрмыстағы келіншек, жақын арада ана болуды жоспарлап жүр. Егер декреттік демалысқа шықса, күйеуі Диас отбасында жалғыз асыраушы болып қалмақ.э

Диас – веб-дизайнер, фрилансер. Ол күні-түні дамылсыз еңбек етіп, жеке кәсіпкер ретінде айына 800 мың теңге табады. Ерлі-зайыптының ипотекаға алған пәтері мен несиеге сатып алған көлігі бар. Барлық несие төлемін өтегеннен кейін қолдарында 450 мың теңге қалады. Үш адамнан тұратын отбасының барлық шығындарына осы соманы жеткізуге тура келмек. Соған қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған алдын ала есептеу құралы оларды «тұрмысы бақуатты» отбасылар санатына жатқызады.
Жанель мұндай бағалаумен үзілді-кесілді келіспейді. Оның пікірінше, мемлекет күнкөріс қамымен жүрген отбасыларды шынымен ауқатты адамдармен бір санатқа қосып отыр.
– Калькулятор бойынша біз «тұрмысы бақуаттылар» санатына жатамыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған калькулятор бізге 740 балл берді. Бірақ 730–740 балл дегеніміз – осы санаттың ең төменгі шегі екенін түсіну керек. Бұл – өз күнін өзі көріп отырғанымен, әрең күнелтіп жүрген адамдар.
Бала туған кезде берілетін жәрдемақы несие мен ипотеканы төлегеннен кейінгі отбасылық бюджетіміздің үштен біріне тең. Сол ақшаға бала төсегін, жөргек сатып алып, педиатрға қаралу ақысын төлеуге болады. Біз үшін бұл – айтарлықтай көмек. Бірақ жаңа тәртіп бойынша одан қағыламыз. Мен де басқа әйелдер секілді жұмыс істедім, декретке шыққанға дейін жұмысымды жалғастырамын, салықты уақытында төлеп келемін.
Бір жағынан, жәрдемақы төлеудің жаңа жүйесі азаматтарды таптарға бөлгендей әсер қалдырады. Екінші жағынан, күнкөріс қамымен жүрген қарапайым отбасыларды қолма-қол ақшаға сатып алған он шақты пәтері бар нағыз байлармен бір деңгейге қояды. Мұндай адамдар үшін жәрдемақының бар-жоғы аса маңызды болмауы мүмкін. Бірақ біз сияқты орташа табысы бар азаматтардың шынымен бай адамдармен теңестірілуі дұрыс емес, – дейді ол.
«МҰНДАЙ ҰСТАНЫМ МҮЛДЕ ӘДІЛЕТСІЗ»
Бұл мәселеге қатысты белгілі заңгер, құқық қорғаушы әрі Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова да өз пікірін білдірді. Ол Ulysmedia тілшісімен әңгімесінде жәрдемақы тағайындаудың жаңартылған тәртібін дұрыс әрі әділетті шешім деп санамайтынын айтты.
– Менің ойымша, мұндай тәсіл әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттарына қайшы келеді. Бізге Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені айтылып келеді. Ал заң тұрғысынан қарасақ, бұл – қауіпті тәжірибеге жол ашатын шешім. Мемлекет іс жүзінде балалар мен аналарды бюджет қаржысынан көмек алуға лайықты және лайықсыз деп бөліп отыр. Оның үстіне, бұл шешім адамның ресми түрде жұмыс істеген-істемегеніне ғана сүйеніп қабылданады.
Мен мұны әлеуметтік және материалдық жағдайына қарай кемсіту деп есептеймін. Әйел қандай да бір себеппен ресми жұмысқа орналаса алмаса, мысалы, ауыр науқас туысын күтіп-баптаса, өзі тұратын елді мекеннен жұмыс таба алмаса немесе жүктілік кезінде жұмысынан айырылса, онда ол да, баласы да мемлекет кепілдік берген қолдаудан қағылады, – деді ол.

Заңгердің сөзінше, бұл – адамға деген жанашырлықтың жоғын аңғартатын әдіс.
– Бала туу көрсеткішін арттыру қажет деп айтады. Бірақ ресми жұмыс істемесең, міндетті аударымдар төлемесең, мемлекет саған көмектеспейді дегенге саяды. Менің бір сұрағым бар: жәрдемақы төленбеген сол балалар, соның ішінде ұлдар, кейін әскерге бара ма? Олар да өздерінің «азаматтық борышын» өтеуге міндетті ғой. Меніңше, мұны реформа деп атауға болмайды. Өз азаматтарына, әсіресе халықтың осал тобына жататын адамдарға бұлай қарауға болмайды, – деп толықтырды Айман Омарова.
АНА БОЛУ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
Ulysmedia редакциясы қаржы және инвестиция саласының сарапшысы, қаржылық кеңесші Әсел Әуелбековамен де сөйлесті. Ол да жаңа тәртіпті әділетті шешім деп санамайтынын жеткізді.
– Табыс деңгейіне қарамастан, Қазақстанға жаңа азамат әкелген әрбір әйел мемлекеттің қолдауы мен құрметіне лайық. Оқып, білім алған, мансабын қалыптастырған, жұмыс орындарын ашқан, салықты уақтылы төлеп келген әйел жақсы табыс табады екен деп, неге мемлекеттік қолдаудан қағылуы керек? Ана болу – елдің болашағына қосылған үлес. Мемлекет аналарды кедей және бай деп бөлмей, керісінше, олардың ана болуын қолдап, ынталандыруы керек, – дейді маман.

Оның пікірінше, атаулы әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж адамдарға бағыттау қажет. Алайда бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы әйелдің тұрмыстық жағдайына қарамастан, барлығына бірдей төленуге тиіс.
– Мен eGov арқылы мемлекеттік жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту тетігін енгізуді ұсынар едім. Сонда әр азамат жеке кабинетіне кіріп, өзіне қандай төлемдер тиесілі екенін көре алады да, мемлекеттік көмекті пайдалануды немесе одан бас тартуды өзі шешеді. Мен әйел табысты болып, қаржылай тәуелсіздікке қол жеткізіп, жақсы ақша тауып, бала сүйе алатын әрі сонымен бірге мемлекеттің ел болашағына қосқан үлесін бағалайтынын сезінетін Қазақстанда өмір сүргім келеді, – деп түйіндеді Әсел Әуелбекова.
ҚОҒАМ ИГІЛІГІ БАРШАҒА ОРТАҚ БОЛУЫ ҚАЖЕТ
Зерттеуші, мансап жөніндегі кеңесші әрі қоғам белсендісі Әйгерім Шәдеева да осы мәселеге қатысты пікірін білдірді. Ол Instagram парақшасында видео жариялап, жұртты мәселенің астарына тереңірек үңілуге шақырды.
Әйгерім Шадеева қоғамдық игіліктер баршаға бірдей қолжетімді болуы керек деп есептейді. Оның пікірінше, сонда ғана салық төлеушілер өздері аударған ақшаның бір бөлігі өздері де мүшесі болып отырған тұтас қоғамның игілігіне жұмсалып жатқанына көз жеткізеді. Ал олай болмаған жағдайда, тұрмысы бақуатты азаматтардың кейбірі салық төлеуді қайырымдылық жасаумен шатастыра бастауы мүмкін.
– Біздің қоғамда қайырымдылық дегенде көпшіліктің ойына бірден жақсы нәрсе келеді. Бірақ біреуге көмектесуді қайыр-садақа берумен теңестірудің астарында адамның өзін өзгеден жоғары қоюы жатыр. Яғни, «мен өзімнің мол дүниемнен мұқтаждарға азын-аулақ бөліп бердім» деген түсінік қалыптасады. Жағдай жақсы кезде қайырымдылыққа аздап ақша бөлуге болады. Ал қиындық туындаса, тегін білім беру, медицина және басқа да салаларға бөлінетін қаржыны қысқартуды қалауың мүмкін. Өйткені «менің салығым, менің еңбегім жалқаулар санатына жататын әлдебір адамдарды асырауға жұмсалып жатыр» деп ойлай бастайсың, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі редакцияның сауалына жауап беріп, әлеуметтік жәрдемақының 10 түрін есептеу тәртібіне мұқтаждық өлшемін енгізу кезінде қай елдердің тәжірибесіне сүйенгенін түсіндірген еді. Министрлік Қазақстандағы жүйені қайта құруға кіріспес бұрын көп елдің тәжірибесін зерделегенін мәлімдеді.