×
$
444.3
€
490.91
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.3
€
490.91
₽
5.41

Бизнес, қомақты бюджет және өңірлік мүдде: мәслихатта кімнің ықпалы басым

Бүгін, 11:15
Бизнес, қомақты бюджет және өңірлік мүдде: мәслихатта кімнің ықпалы басым
Ulysmedia.kz коллажы

29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Дауыс беру науқанын ұйымдастыруға 35,8 млрд теңге бөлінген. Депутаттар екі түрлі жүйе бойынша сайланады. Аудандық деңгейде және облыстық маңызы бар қалаларда сайлау бірмандатты округтер бойынша өтеді. Ал облыстық мәслихаттарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалған жартысы бірмандатты округтерден сайланады.

Сайлаудың сандары мен рәсімдерінен бөлек, мәслихаттардың қоғамдағы рөліне қатысты маңызды сұрақтар бар. Азаматтар өз депутаттарын қаншалықты жақсы таниды? Депутаттық мандатқа кімдер мүдделі? Жергілікті өкілді органдар өңірдің дамуына ықпал ететін шешімдерге қаншалықты әсер ете алады?

Ulysmedia.kz осы сауалдарды саясаттанушылармен талқылады. Сарапшылар мәслихаттардың мүмкіндігіне әртүрлі баға бергенімен, жергілікті басқару жүйесіндегі бұл институттың рөліне айрықша назар аудару қажет деген пікірге тоқтайды.

Неліктен мәслихат сайлауы жұрт назарынан тыс қалады?

Мәслихат сайлауы президенттік немесе парламенттік сайлауларға қарағанда қоғамда жиі талқылана бермейді. Мұның бір себебі – азаматтардың жергілікті депутаттардың өкілеттігі мен олардың қандай мәселелерді шеше алатынын жете білмеуі.

Саясаттанушы Максим Казначеевтің пікірінше, сайлаушылар жергілікті өкілді органдардың құзыретін толық түсінбегендіктен, мәслихат сайлауына қызығушылық та төмен.

– Әдетте мәслихат сайлауына көп көңіл бөлінбейді. Оның қарапайым себебі бар: сайлаушылар жергілікті билік органдарының қандай өкілеттігі бар екенін жете түсіне бермейді. Солтүстік Америка мен Еуропа сияқты демократиялық елдерде жұртшылық жалпыұлттық мәселелерден гөрі жергілікті проблемаларға көбірек назар аударады. Ал бізде сайлауға қатысу көрсеткіші өте төмен. Өйткені адамдар өз дауысының ауладағы күнделікті тіршілікке қалай әсер ететінін көрмейді, – дейді ол.

Қазақстанда экономикалық және салық саясатының негізгі бағыттары республикалық деңгейде айқындалады. Ал мәслихаттар жергілікті бюджеттерді бекітуге, өңірлерді дамыту бағдарламаларын қарауға және бақылау жүргізуге қатысады. Бірақ бұл өкілеттіктер іс жүзінде қаншалықты тиімді пайдаланылып жүр деген мәселе бар.

Саясаттанушы Замир Қаражановтың айтуынша, жергілікті өкілді органдардың экономикалық және салық заңнамасына ықпал ету мүмкіндігі шектеулі.

– Жергілікті өкілді органдар салық немесе экономикалық заңнамаға елеулі өзгеріс енгізе алмайды. Негізінен, олар кеңес беру, талқылау және бақылау қызметін атқарады. Әкімдіктер мәслихат алдында есеп бергенімен, депутаттардың әкімге қысым көрсетуге немесе оны қызметінен босатуға мүмкіндік беретін нақты тетіктері жоқ. Бюджетті  талқылау үшін емес, келісу үшін ұсынады, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Расул Қоспанов та депутаттардың қоғамға қаншалықты танымал екеніне назар аударады. Оның зерттеуіне сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі өз округінен сайланған мәслихат депутатының кім екенін атай алмайды.

Оның байқауынша, жергілікті өкілді органдар құрамында білім беру және медицина мекемелерінің басшылары, спортшылар мен қоғамға танымал тұлғалар жиі кездеседі. Олардың кәсіби беделі мен жұртшылыққа танымалдығы сайлау науқаны кезінде белгілі бір артықшылық беруі мүмкін.

Депутаттық мандатқа кімдер таласады?

Мәслихат құрамына саяси тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жағынан да назар аударуға болады. Депутаттар арасында кәсіпкерлер, түрлі ұйымдардың басшылары, қоғамдық сала өкілдері және мемлекеттік қызметте тәжірибе жинаған азаматтар бар. Дегенмен әр өңірдегі депутаттық корпустың құрамы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.

Алматы. Сарапшылар құрылыс саласы өкілдерінің мәслихаттағы үлесіне ерекше назар аударады. Максим Казначеевтің айтуынша, «осыдан 20 жыл бұрын Алматы мәслихатындағы 37 депутаттың 19-ы құрылыс компанияларының өкілдері болған».

Ірі қала үшін жерді пайдалану, құрылыс, бас жоспар және инфрақұрылымды дамыту мәселелерінің маңызы зор. Сондықтан құрылыс бизнесі өкілдерінің мәслихат жұмысына қатысуы қоғамдық және коммерциялық мүдделердің шешім қабылдау кезінде қалай ескерілетініне қатысты сұрақ туғызады.

Астана. Елордадағы жергілікті басқару жүйесінде мемлекеттік құрылымдарда, коммуналдық салада және инфрақұрылымдық ұйымдарда тәжірибе жинаған азаматтардың салмағы басым. Мұны қаланың даму ерекшелігімен түсіндіруге болады. Өйткені мұндағы көптеген жоба мемлекеттік инвестиция есебінен жүзеге асырылады.

Шымкент пен өңірлер. Бұл аймақтарда өзге кәсіби топтармен қатар сауда, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер де бар. Мұндай өңірлер үшін жерді пайдалану, қала аумағын кеңейту және инфрақұрылымды дамыту мәселелері өзекті.

Статистикаға сүйенсек, ірі қалалардағы мәслихат депутаттарының орташа жасы шамамен 47-де. Яғни олардың басым бөлігі кәсіби және басқарушылық тәжірибесі бар азаматтар. Сонымен бірге жергілікті саясатқа жаңа қоғамдық көшбасшылардың, тәуелсіз кандидаттар мен азаматтық белсенділердің араласу мүмкіндігі туралы сұрақ туындайды.

Саясаттанушы Талғат Ісмағамбетовтің пікірінше, белсенді азаматтар мәслихатқа өткен күннің өзінде, олардың үні депутаттардың арасында еленбей қалуы мүмкін.

–  Мәслихат құрамына белсенді екі-үш адам кірген күннің өзінде, ондаған депутаттың арасында олардың дауысы естілмей қалады. Ал бизнес, халық және үкіметтік емес ұйымдар арасында өзара байланыс болмағандықтан, азаматтар жүйемен жеке-дара күресуге мәжбүр, – дейді ол.

Қомақты қаржы және үлкен үміт

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлуді жоспарлап отыр. 2029 жылға дейін бұл мақсатқа Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге қарастырылған.

Мұндай жағдайда бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалатыны және оның игерілуін бақылауда жергілікті өкілді органдардың қандай рөл атқаратыны маңызды бола түседі.

Саясаттанушы Талғат Ісмағамбетов инфрақұрылымдық құрылыс басымдықтарын белгілеу кезінде бірқатар тәуекел барын айтады.

– Өңірлерді дамытуға орасан зор қаржы бөлініп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ құрылысшылар мен жол салушылар тендерлерді ұтып алып, сырт көзге әдемі көрінетін жұмыстарды ғана атқармай ма деген сұрақ бар. Яғни тақтайша төсеп, балалар алаңын салып, жолды асфальттауы мүмкін. Ал жер астындағы тозығы жеткен жылу және су құбырлары назардан тыс қалуы ықтимал. Үй ішіндегі инженерлік желілер мен коммуникациялар әбден тозған. Ал құрылыс бизнесінен шыққан депутаттар ең алдымен өздерінің тендерлік мүддесін қорғауы мүмкін, – деп ескертеді Талғат Ісмағамбетов.

Бюджет қаражатын бөлу мәселесі өнеркәсібі дамыған әрі инфрақұрылымын жаңартуды қажет ететін өңірлер үшін айрықша өзекті. Мәселен, мұнай-газ саласының әлеуеті жоғары Атырау және Маңғыстау облыстарында коммуналдық желілер мен жол шаруашылығына қатысты түйткілдер әлі де бар. Сонымен қатар салық түсімдерінің бөліну тәртібі мен жергілікті бюджеттердің республикалық трансферттерге тәуелділігі өңірлердің қажетті жобаларды өз бетінше қаржыландыру мүмкіндігін шектейді.

Жол құрылысын басқару тәсілдерінің өзгеруі де қосымша сұрақтар туғызады. Көлік министрлігінің рөлін күшейту өкілеттіктердің бөлінуіне әсер етуі мүмкін. Алайда жобаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін жергілікті мердігерлердің қатысуы бұрынғыдай қажет.

– Жол құрылысы жергілікті жағдайға тікелей байланысты. Құрылыс техникасы мен асфальтты басқа өңірлерден тасымалдау тиімсіз. Орталық билік қай жолдың салынатынын жоғарыдан шешкенімен, өңірлердегі құрылыс топтары қосалқы мердігер ретінде негізгі рөлін сақтап қалады. Оларды жұмыстан толық шеттетуге болмайды. Өйткені қаржы айналымы мен жұмыс орындарының бір бөлігі солар арқылы қамтамасыз етіледі. Егер өңірлік элиталарды қаржы ресурстарынан мүлде айырса, әлеуметтік тұрақсыздық қаупі артады. Сондықтан орталық билік белгілі бір ымыраға келуге мәжбүр, – дейді Максим Казначеев.

Орталық пен өңірлер мүддесін қалай үйлестіруге болады?

Орталық билік пен өңірлердің қарым-қатынасы Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты пікірталастардың негізгі тақырыптарының бірі саналады. Бір жағынан, жалпыұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бірыңғай ережелер мен бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау қажет. Екінші жағынан, әр өңірдің өзіндік экономикалық құрылымы, еңбек нарығы және инфрақұрылымдық қажеттіліктері бар.

Бұл жүйеде жергілікті бизнестің де орны ерекше. Ірі кәсіпорындар, құрылыс компаниялары, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен сауда ұйымдары халықты жұмыспен қамтып, өңірлік жобаларды жүзеге асыруға қатысады. Сондықтан қаржыландыру және мемлекеттік тапсырыстарды бөлу тетіктері өзгергенде, бюджеттің тиімді жұмсалуымен қатар, оның жергілікті экономикаға ықтимал әсерін де ескеру керек.

Мемлекеттің ықпалды өңірлік кәсіпкерлік топтармен қарым-қатынасы да назар аударуды қажет етеді. Саясаттанушылардың пікірінше, экономикалық және басқару құрылымдары арасында қалыптасқан байланысты өзгерту оңай емес.

– Бұған дейін өңірлік элиталар орталық билікке бағынудан бас тартқан жағдайлар болған. Мұндайда орталық билік өңірдегі бақылауды қалпына келтіру үшін қатаң күштеу тетіктерін қолдануға мәжбүр болды. Яғни өңірлік деңгейде меншік пен активтерді қайта бөлуге тура келді. Жергілікті қылмыстық топтарға да қысым жасалды. Олар, әдетте, өңірлік элиталармен тығыз байланыста болған. Қазақстанның саяси тарихында мұндай жағдайлар кездескен, – дейді Максим Казначеев.

Жолды кім салады, бюджет қаржысы кімге тиеді?

Орталық мемлекеттік органдардың өкілеттігін кеңейту инфрақұрылымдық жұмыстардың барлығы елордадан тікелей атқарылады дегенді білдірмейді. Жол, коммуналдық нысандар мен басқа да құрылыс жұмыстарына арнайы техника, өндірістік қуат, білікті мамандар және жергілікті жағдайды жақсы білу қажет.

Көптеген өңірде мұндай ресурстар қолданыстағы мердігер ұйымдардың қолында. Олардың мемлекеттік жобаларға қатысуының өзі мәселе емес. Ең маңыздысы – конкурстық рәсімдердің қаншалықты ашық өткені, бәсекелестіктің қамтамасыз етілуі және атқарылған жұмыстың сапасы қалай бақыланатыны. Осы тұста мәслихаттардың рөліне қатысты сұрақ та туындайды. Депутаттар кәсіпкерлер қауымдастығын қоса алғанда, түрлі кәсіби және әлеуметтік топтардың мүддесін білдіре алады. Алайда бюджет пен инфрақұрылым мәселелерін қарастырғанда заң талаптарын сақтау және мүдделер қақтығысына жол бермеу аса маңызды.

Сондықтан алдағы сайлаудың мәні депутаттар құрамының жаңаруымен ғана шектелмейді. Сайланған өкілдердің өңірлік бағдарламаларды талқылауға және олардың орындалуын бақылауға қаншалықты белсенді қатысатыны да маңызды.

Жаңа мәслихаттар не өзгерте алады?

Жергілікті өкілді органдарға айтылатын сынға қарамастан, саясаттанушылар мәслихат институтынан бас тарту керек деген пікірде емес. Керісінше, оның жұмысын азаматтарға жақындатып, депутаттар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту қажет.

Замир Қаражановтың айтуынша, мәслихаттардың қызметін елемеу немесе оларды пайдасыз институт ретінде бағалау дұрыс емес.

– Мәслихаттарды елемеу және оларды пайдасыз деу – қате. Бізге орталықтағы жабық кабинеттерде қабылданатын шешімдерден туындайтын басқарушылық қателіктерді азайту үшін өңірлердің дербестігін арттырып, жергілікті биліктің құзыретін кеңейту қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, экология сияқты жергілікті мәселелер сол жерде шешілуге тиіс. Бірақ бұл үшін бюджет жүйесін реформалап, шынайы саяси бәсекелестік қалыптастыру керек, – дейді саясаттанушы.

29 қарашадағы сайлау жергілікті өкілді органдардың мүмкіндігі мен өкілеттігіне тағы да назар аудартады. Инфрақұрылымдық ауқымды бағдарламалар мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер аясында өңірлік деңгейде қабылданатын шешімдердің маңызы арта түспек.

Ал сайлаушылар үшін мәслихат жұмысының тиімділігін көрсететін нақты өлшемдер бар: жолдардың жағдайы, коммуналдық қызметтердің сапасы, абаттандыру, қоғамдық көлік және күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелердің шешілуі. Азаматтар өздері сайлаған депутаттардың жұмысына ең алдымен осы нәтижелер арқылы баға бере алады.

Мәслихаттар үшін де бұл – қызметінің тек отырыстарға қатысып, атқарушы билік, яғни әкімдіктер ұсынған шешімдерді бекітумен шектелмейтінін дәлелдеуге мүмкіндік.

Сізге қызық болуы мүмкін