Қазақстан билігі экономиканы әртараптандыру және шикізатқа деген тәуелділікті азайту жөнінде қанша ауыз толтырып айтса да, бюджетке негізгі түсім бұрынғыдай табиғи байлықтан келіп жатыр. Қазақстан тәуелсіз ел болғалы 30 жылдан бері мұнайға сүйеніп алды да, одан алшақтай алмады. Бірақ осы қара алтынның өзі бізде өндіріліп жатқан байлықтың жетіден бір бөлігін ғана құрайтынын да атап өту керек.
Қытай компаниялары Қазақстан нарығына 1997 жылдан бастап келді – CNPC алдымен «Ақтөбемұнайгазды» (Жаңажол, Кеңқияқ) сатып алды. 2001 жылы дәл осы CNPC тағы Buzachi Operating Ltd 50% иемденді. 2006 жылы CNPC – PetroKazakhstan-ды, ал CITIC қытай тобы «Қарабамбасмұнайдың» 50% ие болды. 2009 жылы CNPC «Маңғыстаумұнайгаздың» 50% алды. 2013 жылы Қашағанда «Қазмұнайгаздан» ConoccoPhillips (16.8 %) үлесін сатып алды.
Қазір әртүрлі есептерге қарағанда, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 40% қытай компанияларына тиесілі.
Ulysmedia.kz порталы бұл мақалада мұның қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін зерттеп көрді. Статистикаларды салыстырды.
Алғашқы «қытай қарлығашы»
Қазақстанның мұнайлы даласына 1997 жылы алғаш болып түрен салған компания – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» еді. Бұл компания – Ақтөбе облысындағы мұнай-газ аумағында жер қойнауын пайдалану операцияларын жүзеге асыратын, бірлескен қазақ-қытай кәсіпорны. Компания Қазақстанның мұнай секторындағы көшбасшылардың бірі, Ақтөбе облысындағы жетекші мұнай-газ операторы. Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) «Ақтөбемұнайгаз» мұнай-газ кәсіпорнының 60% акциясын сатып алған. Қытай сонымен бірге Қазақстанның батысынан Қытайдың Шыңжаңына дейін 2200 шақырым құбыр желісін тартуға уәде берген. Осы бағдармен күні бүгінге дейін 150 млн тонна мұнай тасылған.
25 жылдың ішінде компания жалпы алғанда 155 млн тонна мұнай мен 89 млрд текше метр мұнайлы әрі табиғи газ өндіріп үлгерген.
«Компанияның акцияларын сатып ала отырып, CNPC Қазақстан Үкіметіне жобаға кемінде 4 млрд доллар салатыны жөнінде қағаз жүзінде міндеттеме алатынын жазып берді. Ал 2019 жылға қарай осы инвестициялар көлемі 10,2 млрд долларға дейін жетті. Негізгі басымдық құрылғылардың жаңартуға, жаңаша кәсіптік және скважиналы техникаларды алуға, экологиялық қауіпсіздік жүйелерін енгізуге берілді», - дейді сарапшы, «Бір белдеу – бір жол» сарапшылар тобының (СТ) басқарма төрағасы Болат Сұлтанов.
Екінші жағынан Қазақстанның заңды тұлғалар санатында жұмыс істейтін шетел капиталы, оның ішінде Қытай капиталы бар компаниялар резидент емес болып табылмайды. Соның салдарынан олардың көп салымы «шетелдік инвестициялар» статистикасына енгізілмейді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-тың жалпы инвестициялары 1998–2020 жылдары жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келісімшарттар бойынша 10,4 млрд доллардан асқан. Бірақ шетелдік инвестицияларды есепке алудың қолданыстағы әдістемесі бойынша олар Қытай инвестицияларының статистикасында көрсетілмеуі керек еді, өйткені Ақтөбемұнайгаз Қазақстанның резиденті болып саналады.
Жалпы СНПС-Ақтөбемұнайгаз әрдайым заң тәртібін сақтап жұмыс істейді деп айту тағы қиын. Бірнеше жыл бұрын Энергетика министрлігі компаниядан сот арқылы 1,3 млрд теңге өндіріп алған. Сот министрліктің СНПС-Ақтөбемұнайгазға қойған талабын ішінара қанағаттандырды. Энергетика министрлігі компаниядан Қазақстан мамандарын 1,749 млрд теңгеге оқытуды талап еткен. Сотта судья акционерлік қоғамды 3,054 млрд теңге көлемінде айыппұл мен 93,6 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік бажды өтеуге міндеттеген.
Айыппұлдардан бөлек, CNPC-Ақтөбемұнайгаз компаниясының жергілікті жұмысшылары таңертең тұрғызып алып, қытай әнұранын орындауға мәжбүр еткен басшылыққа да наразылық білдірген еді. Ескерту келгеннен кейін компания бұл әдетін сап тиды.
Өз-өздерінен сатып алған
«Ақтөбемұнайгаз» келісімінен кейін 10 жыл өткен соң, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары кезінде екі тарап арасында тағы бір келісімге қол қойылды: қытайлық PetroChina мұнай компаниясы қазақстандық «МаңғыстауМұнайГазға» (ММГ) 1,4 миллиард доллар ұсынды.
PetroChina өзінің еншілес кәсіпорны CNPC Exploration & Development Co арқылы МаңғыстауМұнайГаздың 50 пайыздық үлесін сатып алады. Компанияның қалған жартысы «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі болады. Бұл келісімге қол қойылар алдында біздің елімізге сол кездегі Қазақстан бюджетінің жартысынан асатын – 10 миллиард доллар көлемінде несие бөлу туралы келісім жасалған болатын.
Дәлірек айтсақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларын сату-сатып алу келісімі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның 100% дауыс беретін акцияларының иесі, Индонезияның Central Asia Petroleum Ltd - SAP (Британдық Виргин аралдарында тіркелген) арасында жасалған. Mangistau Investments BV құрылтайшылары «Қазмұнайгаз» мен Қытай ұлттық мұнай компаниясы (CNPC). Олардың үлесі тең.
Сол кездегі атқамінерлер бұл жобалардан мұнай-газ саласындағы тәжірибелі компанияларды, атап айтқанда бүкіл әлемге танымал «Амоконы» қалайша ысырғаны қызық. «Амоко» ол тұста «Маңғыстаумұнайгазға» 4 млрд доллар салуға әзір еді.
Мәмілені «Қазмұнайгаз» Қытай тарапы берген 5 миллиард доллар несиенің тең жартысына қаржыландырған.
«МаңғыстауМұнайГаздың» сатып алушылары мен құрылтайшылары, кейбір деректерге қарағанда, төрт адам болған. Олар – Рахат Әлиев, Сарыбай Қалмұрзаев, президенттің қызы Дариға Назарбаева және Рашид Сәрсенов. Бастапқыда онда сол кездегі «сұр кардинал» Нұртай Әбіқаевтың да ММГ-де өз үлесі бар деп те жазылған, бірақ бірте-бірте бұл ақпарат жоғалып кетті.
Осылайша, мемлекет қытай ақшасы есебінен кен орындарының 50% сатып алды. Бірақ не себепті? Кейбір БАҚ-тың жазуынша, елдегі ең тиімді әрі табысы көп мұнай өндіруші компаниялардың бірі елдің басты қожайынына тиесілі болған. Ол Қытайға барады да, 10 млрд доллар мөлшерінде несие алады. Оның 5 млрд долларын Қазақстан Даму банкіне салады. Ол тұста аталған банкте жиен немересі Нұрәлі Әлиев жұмыс істеген. Қалған 5 млрд долларын ҚМГ-ға салады. Туындайтын сұрақ: Елде жағдай онсыз да күрделеніп бара жатқан кезде мемлекет кен орнын не себепті өз-өзінен сатып алған? Қаражат не себепті өзектірек салаларға аударылмаған? Яғни біз қытайлық несие арқылы кен орындарына капитал саламыз, ал ол ақша айналып келгенде жоғалып кетеді.
«ҚазМұнайГаз» несие алып, оның ақшасын ММГ сатып алуға жұмсайды, бірақ бәрібір, бұл көлеммен ММГ-ның кен орындарындағы өндірісі қазіргі бағамен тиімсіз болып шыға келеді. Алайда ақшаны «қолға түсіру» үшін жаңа кен орындарын игеру керек. Кемі 1,5 млрд доллар. Рентабельділік кемі 10-12 млн тонна болуы тиіс. Дәл сондай қиын кезеңде бұрынғы президент халықты ойлағанда тиын-тебенге сатып алынған компанияны не себепті өз халқына қымбат бағаға сатады?
Сарапшылар ҚХР-дың мұнай активін сатып алуын елдің өзіндегі көп мөлшердегі доллар массасынан құтылғысы келгенімен түсіндіреді. Мәселе мынада, егер Қазақстан Қытаймен есепті доллармен емес, шикізатпен айырысса, оның құны өзгеретін нарық конъюнктурасын ескере отырып өзгере ме?
Несиесі бойынша көршіміз ММГ сатып алуға жұмсаған 1,4 миллиард долларды есептемегенде, Қытайға 8,6 миллиард доллар ақшаны қайтаруымыз керек. Жоғарыда жазғанымыздай, несиелік келісімдердің шарттары ашық жарияланбаған.
«Қазақстан Қытай көмегімен Британ Виргин аралдарында тіркелген индонезиялық компаниялардың акцияларын, ал шын мәнінде өз елінің батысындағы кен орындарын сатып алады», - деп жазады қазақстандық журналист Сергей Расов.
KASE мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «Маңғыстаумұнайгаздың» 100 пайыз жай акциялары Mangistau Investments B.V-ға тиесілі. Бұл – ҚМГ ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC компаниясының бірлескен кәсіпорны. Үлес – 50/50.
Қазақстанның мұнай өндіруші «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының пайдасы 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында үш есе – бір жылмен салыстырғанда 71,4 млрд теңгеден 23,4 млрд теңгеге дейін қысқарды. Мұндай мәліметтер Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған компанияның шоғырландырылған қаржылық есебінде келтірілген.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қазақстандағы бес ірі мұнай компаниясының бірі әрі 36 мұнай-газ кен орны бар. Оның 15-і игеріліп жатыр.
Жергілікті лоббистер
Туындайтын сұрақ: Қазақстан Қытаймен ынтымақтастығын неліктен нығайтып жатыр? Сол кезде экс-премьер болған Кәрім Мәсімов Ухань заң университетінің түлегі екенін ұмытпайық. Әрине, қытайлық лобби мемлекеттік органдарда болды. Осылайша, қазақстандық компаниялардың кен орындары мен үлестерін сатып алуы Қытайдың Қазақстан мұнай нарығындағы қатысуын 40%-ға дейін арттырады. Ал бұл жерде ресейлік сарапшы А.Штоктың «Қытай мұндай қомақты несиені «Маңғыстаумұнайгаздың» үлесі үшін ғана беріп отырған жоқ» деген пікірімен де бәлкім келісуге болады. Атап айтқанда, Қытай инвесторларының Қазақстандағы уран кен орындарына қол жеткізуі жайлы әңгіме болып отыр. Қытай атом энергетикасын белсенді дамытып жатыр және ол қазақстандық кен орындарынан алуды көздейді, уран шикізатына мұқтаж».
Тұтастай алғанда, Қытай дағдарысты белсенді түрде сәтті пайдаланып жатыр деп айта аламыз. Қазір көптеген компания қаражатқа мұқтаж, оларды қазіргі жағдайда елге тарту өте қиын. Ал Қытайдың қомақты қаржысы бар, оны мұқтаж компанияларға бөлуге дайын. Алайда оның орнына Пекин өзіне қызығушылық танытатын активтерге қол жеткізуге тырысады. Бұл ретте Қытай үнемдемейді – доллары көп әрі өзіне қажетті активтер үшін артық төлеуге де дайын. Дағдарыс жағдайында Қытай бас тартуы қиын ұсыныстарды жасайды. Осылайша, Пекин шетелдік активтердегі қатысуын белсенді түрде арттырып жатыр.
Осындайда өз елінің ырыздығын өзі көре алмай отырған халыққа обал.
«Жергілікті» басшылық
Құмкөл мұнай-газ кен орны – Қызылорда облысында орналасқан тағы бір «қытайлық» ресурс. Құмкөлді екі мұнай компаниясы игереді: солтүстігінде Торғай Петролеум (ЛУКОЙЛ мен ПетроҚазақстанның бірлескен кәсіпорны – әрқайсысы 50%) және оңтүстігінде ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз (ҚазМұнайГаз және ПетроҚазақстан бірлескен компаниясы, 33% және 67%).
«ПетроКазахстан Инк.» – акционерлері CNPC E&D (67%) және ҚазМұнайГаз (33%) болып табылатын компаниялар тобы.
Барлау және өндіру жөніндегі Қытай Мұнай компаниясы (CNPC Exploration and Development Company Ltd.) «Петрочайна Лтд.» (PetroChina Company Ltd) мен «Қытай барлау және өндіру жөніндегі Ұлттық Мұнай Корпорациясының» (China National Oil and Gas Exploration and Development Company Ltd) еншілес компаниясы саналады. Бұл екі компания жарғылық капиталда тең үлеске ие әрі Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (China National Petroleum Corporation) 100 пайыз еншілес компаниясы саналады.
Тұтастай алғанда CNPC өз жұмысын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» (ПККР) және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (ПКОП), «МаңғыстауМұнайГаз», «Бузачи Оперейтинг Лтд», «Қазгермұнай», «Азиатский Газопровод» кәсіпорындарында, Қашаған кен орнын игеруде North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы құрамында, «ПКОП» ЖШС-да Шымкент мұнай өңдеу зауытында, Almaty Branch of PetroKazakhstan Overseas Services Inc. Және CJSC Turgai Petroleum кәсіпорындарында жалғастырып жатыр.
«Жалпы CNPC Қазақстанда болған жылдары мұнай-газ саласын дамытуға 45 миллиард доллардан астам инвестиция салды» дейді Болат Сұлтанов. 2019 жылдың соңында қытайлық компаниялар отандық (29,5%) және америкалық (29,5%) компанияларынан кейін үшінші орында болды. Жыл ішінде барлығы 16 миллион тонна мұнай өндірілді немесе еліміздің мұнай-газ нарығының 17,7 пайызын құрады.
PetroKazakhstan Inc. Президенті Ян Миньюй болса, ал «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президентінің де қытайлық төрт орынбасары бар, олардың барлығы да «руластар». «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС басшылығы – бес қытайлық, басшылық құрамының 80 пайызын құрайды.
Әзірге үшінші орында
Алайда бұл жағдай қытай жолдастар біздің концертте жетекші рөлге ие дегенді білдірмейді.
Қазақстанның мұнай компаниялары сервистік компаниялары одағының (KazService) мәліметі бойынша, Қазақстанның 10 үздік мұнай компаниясына үш ірі өндіруші жетекшілік етеді. Бірінші орынды «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) иеленеді. Мұнай өндіру бойынша екінші орында Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына тиесілі. Үшінші орында Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (КПО).
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың негізгі көлемі Еуропа нарығына, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай және Жапонияға экспортталады. Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясының үлесі 23,6 млн тоннаны құрайды. Оның 15,7 миллион тоннаға жуығы еншілес және бірлескен кәсіпорындар арқылы алынған. Акционерлік қоғамның жылдық есебінде «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қазақтүрікмұнай» және «Амангелді газ» сияқты мұнай-газ компаниялары толығымен ҚМГ-ге тиесілі. Бірақ листингтегі компаниялар өсімі бойынша да, өндіріс көлемі бойынша да ерекшеленбейді. Бұл жағынан Қытайдан келген жолдастар алдыңғы қатарға шығады. ҚМГ «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және «Қазақойл Ақтөбе» сияқты кәсіпорындарға паритетті негізде иелік етеді. Оның «Қазгермұнай» БК-дағы 66% және «ПетроҚазақстан Инк» компаниясында 33% үлесі бар.
Түсінікті болуы үшін компания бойынша пайыздық үлесті келтірейік:
Қауіп бар ма, жоқ па?
Пропорционалды түрде Қытайдың Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі қатысуы соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келе жатыр дейді кейбір сарапшылар. Дегенмен, басқа сарапшылар әлі де болса Пекиннің еліміздің энергетикалық секторына көбірек араласуынан жасқанады.
Осыдан он шақты жыл бұрын Қытайда елші болған Мұрат Әуезов «қытай экспансиясы шынында да қауіпті» деп сұхбат берген. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 40 пайызы Қытайға тиесілі. Алайда Halyk Finance сарапшысы Мирамгүл Маралованың пікірі мүлде басқа. Ол мұндай қауіп-қатердің жоқтығына сенімді әрі қазақстандық мұнай өндірудегі қытайлық компаниялардың үлесі шамамен 20% құрайды деп мәлімдейді. Бұдан бұрын, 2000-жылдары Энергетика министрлігінің сол кездегі басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Қытай қаупі туралы аңызды қалай таратқанын еске түсірген жөн. Ол Қытайдың Қазақстандағы мұнай өндірудегі үлесі 12 пайыздан аспайтынын, бірақ бұл кезде қытайлықтар қазақстандық мұнай нарығын енді ғана игере бастағанын, уақыт өте келе көршілеріміздің тәбеті соншалықты артады деп ешкім ойламағанын айтқан-тын.
Сонымен, тізгін бізге беріле ме?
Осы аралықта Қазақстан-Қытай мұнай құбыры (Атасу-Алашанькоу) дұрыс жұмыс істеп тұр – бұл Орталық Азиядан мұнай импорттауға мүмкіндік беретін бірінші тікелей мұнай импорттық құбыр. Ол Каспийдің қазақ жағалауынан Қытайдағы Шыңжаңына дейін созылады. Құбыр Қытай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» мұнай компаниясына тиесілі. Сонымен қатар, мұнай басқа елдерден де жеткізіледі, бұл Қытайдың АҚШ-тан кейінгі әлемде осы шикізаттың екінші мұнай тұтынушысы екендігімен түсіндіріледі. 2022 жылдың қыркүйегінде Қытай төрағасы Си Цзинь Пин былай деген:
– Халықаралық конъюнктура қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта да Қазақстанды тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауда қолдайтын боламыз. Қандай да бір елдің ішкі ісіне араласуына қарсымыз.
Өйткені, қытайлар мемлекетіміздің мұнайына, экономикасының басқа да салаларына енген 26 жыл ішінде ондаған миллиард инвестиция құйылды. Осы салымнан көрші ел бір сәтте бас тарта салмайтыны да анық. Әлемдегі екінші экономика, АҚШ-тың 1 триллион долларлық бағалы қағаздарының ең үлкен иесі, бұған жол бермейді.
Таяуда мемлекеттік телеарналардың бірі Қазақстанның мұнай қоры әлі де 130 млрд тоннаны құрайтыны жөнінде ақпарат тартты. Демек қытайлар әлі де қазақ мұнайын жағалап жүре береді деген сөз. Қытай тек Қазақстанның емес, басқа елдерде де осы бағыттағы жұмыс барынша күшейткен.
Әлбетте, Қазақстан мен Қытай экономикасын салыстыруға мүлде келмейді. Қытайдың бір ғана Чуньцин қаласының халқы Қазақстан халқынан бір жарым есе көп. Қазақстан қашанғы батыс пен шығыстан келген концорциумдар мен конгломераттардың жемі бола береді? Күндердің күні өз байлығына өзі ие бола аларлық жағдайға жете ме? Оны тек біздің елдің билігінен сұрау керек болар!?