×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Ескі де жаңа министрлер: қызметінен айырылған шенділердің орнын кім басты

04.09.2023, 08:47
Коллаж: Ulysmedia.kz

Сол жағалаудағы ауыс-түйістер бірнеше күннен бері қоғамдық талқының негізгі тақырыбына айналды. Санаулы сағаттан кейін экономикаға, табиғи ресурстарға, ақшаға, білімге, денсаулық сақтауға және басқаларға жауапты адамдардың тағдыры қалай өзгеретіні белгісіз. Кімді не күтіп тұрғанын тап басып айту мүмкін емес, біз тек жылы орнынан алынғандардың не себепті қызметінен айырылғанын және тізгінді қолға алғандардың қандай еңбегі үшін жоғары лауазымға лайық деп танылғанын болжай аламыз. Ulysmedia.kz ауыс-түйістерді талдауды жөн көрді.

Елде оңтайландыру тоқтатылды – өткен жылы президент ескі әкімшілік бөліністі қайтарып, бірнеше облысты қалпына келтірген. Бұл жолы, кадрлық өзгерістермен шектелмей, Тоқаев министрліктерді де қайта құрды:

  • су ресурстары және ирригация министрлігі экология және табиғи ресурстар министрлігінен жеке ведомство болып бөлінді;
  • индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екіге бөлінеді – көлік министрлігі және өнеркәсіп министрлігі;
  • ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәдениет және ақпарат министрлігі болып қайта құрылады;
  • мәдениет және спорт министрлігі туризм және спорт министрлігі болып қайта құрылады.

Алты министр қызметінен айырылды:

Марат Қарабаев – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінен;
Дархан Қыдырәлі – ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен;
Асхат Оралов – мәдениет және спорт министрі қызметінен;
Зульфия Сүлейменова – ҚР экология және табиғи ресурстар министрі қызметінен;
Марат Ахметжанов –  ішкі істер министрі қызметінен босатылды.

Рас, олардың кейбіреулері жаңадан құрылған министрліктерде немесе мемлекеттік қызметпен байланысты басқа ұйымдарда қайтадан басшылық қызметке тағайындалуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, Марат Қарабаев көлік министрлігінің тізгінін ұстап үлгерді.

36 жастағы Өзбекстанның тумасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін бір жарым жылдан астам уақыт атқарды.  Бұл, әрине, күрделі айлар болды – өндірістің баяулауы, ресейлік бизнестің Қазақстанға көшуі, дауға айналған жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы, Орал әуежайының ресейлік олигархқа сатылуы, нашар автожолдар, жер қойнауын дамыту, құрылысы бітпеген LRT, "Арселлор Митталдағы" апаттар, Маралдыдағы алтын дауы және тағы басқалар.

Енді ол тек көлік саласына жауап береді. Қарабаев теміржолдағы күрмеуі көп мәселелерді шешіп, республиканың шұрық тесік жолдарын жөнге салады деген үміттеміз.

Су экология емес

Зульфия Сүлейменова экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарғанына бір жыл да болған жоқ, дегенмен ол жаңа су және ирригация министрлігіне басшылық етеді деген болжам бар. Айтпақшы, жоғарыда аталған министрлік Сүлейменова келгенге дейін қайта құрылған – одан геология саласы бөлінген.

Сүлейменова ең жас министр, сондай-ақ ЭКО-құндылықтарды ұстанушы ретінде танылды – ол ет жемейді, жүннен тон кимейді және хайуанаттар бағына бармайды-мыс. Абай облысындағы орман өртінен кейінгі көз жасы да көптің жадында.

Тәртіпке кім жауапты

Ішкі істер министрлігі – елдегі ең маңызды ведомстволардың бірі, ол мемлекет ішіндегі тәртіпке жауап береді. Тұрғымбаев 2022 жылдың қаңтарында ішкі істер министрлігі басшысының креслосынан қағылған кезде ешкім таң қалмады. Тәртіпсіздіктер басталған кезде полицейлердің әрекеті халықтың ашуын туғызды – біреу қашып кетті, біреу азаптады, біреу өз кеңселерін күзетті. Жаппай тәртіпсіздіктердің салдары – қаза тапқан азаматтар, қираған ғимараттар, тоналған дүкендер. Содан кейін жұртшылық министрді отставкаға жібергеніне емес, керісінше оның президент аппаратына кетіп, мемлекет басшысының кеңесшісі болғанына таң қалды. Содан кейін ол мүлдем көрінбей кетті. Қаңтар айынан кейін ІІМ бас кабинетіне Марат Ахметжанов келді. Айтпақшы, министр лауазымында бір жылға жетер-жетпес уақыт отырған соң оған генерал-полковник атағы берілді. Бас полицейдің Астанадағы Kaspi Bank филиалының басқыншыларымен келіссөз жүргізгені есте қалды. Не үшін қызметінен алынғаны белгісіз. Қайда барып жайғасатынын да болжау қиын.

Ахметжановтың лауазымын оның орынбасары Ержан Сәденов қабылдады. Шығыс Қазақстан облысының тумасы, қаңтар оқиғалары кезінде Астана полициясын басқарған. Алайда ол уақытта негізгі соққы барлық министрліктер мен ведомстволар орналасқан Астанаға емес, Алматыға тиген болатын.

Халықты әлеуметтік тұрғыдан кім қорғайды

Тамара Дүйсеноваға вице-премьерлік пен министр лауазымын қатар атқару қиынға соққанға ұқсайды. Әлде тағы да шаршады ма екен? Енді ол үкімет басшысының орынбасары ретінде бүкіл әлеуметтік саланы қадағалайды. Ереуілшілермен, зейнеткерлермен, қаза тапқан кеншілер мен орманшылардың отбасыларымен енді министр Дүйсенованың бұрынғы орынбасары Светлана Жақыпова айналысады.

Жақыпова әдетте көп сөйлемейді, бірақ оның бірнеше жыл бұрын айтқан сөзі әлі күнге дейін ұмытылмай келеді. Астанада өрт болып, бір отбасының өрімдей бес қызы жанып кеткен уақытта журналистер Жақыповадан көпбалалы ата-ана неге түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болғанын сұрағанда, шенеунік “бұл – олардың өз таңдауы” деген еді.

Ақпарат сенімді қолда

Аида Балаева ақпарат және мәдениет жүйесінде жаңа адам емес – бұған дейін ол ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарған. Сол уақытта редакцияларға ар-намыс пен беделді қорғау туралы шағымдар азайды, сотқа жеткен істердің көбі бейбіт келісіммен шешілді.

Екінші жағынан – бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан журналист Айнұр Коскинаға қатысты сексистік сөз сөйлеп, оған лифтіде шабуыл жасаған кезде, Аида Балаева журналист адамның жеке өміріне араласты деп мәлімдеді. Айтпақшы, Коскина жеке болса да, заңға қайшы мәселе – нұротандықтың сұлтан секілді бірнеше әйел алғандығы жөнінде сұраған еді.

Ал ендігі бір жағдайда министрдің мәлімдемесі демократ екенін көрсетті. Мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілген видеодағы қысқа белдемше киген қызға жұрт жаппай тас атып жатқан уақытта Балаева Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және адамды сыртқы келбеті бойынша кемсітуге ешкімнің құқығы жоқ екенін еске салды.

Отставкаға кеткен тағы бір шенеунік – бұрынғы мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың да тағдыры әлі белгісіз. Кадрлық резерв іріктеуінен өткен адам ретінде ол жаңа мемлекеттік құрылымдардың бірінен орын табады деп болжаймыз.

Ulysmedia.kz елорданың сол жағалауындағы кадрлық өзгерістерді бақылауда ұстайтын болады.

Серіктес жаңалықтары