×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Кореядан айына 400 көлік жеткізіледі: «Япошка» Қазақстанға қалай келеді

14.10.2021, 13:59
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстандықтардың кейбірі Оңтүстік Кореядан көлік алдыруға неге қызығады? Ол елде көліктер қаншалықты арзан? Оған тапсырыс беру үшін кімдерге жүгінуге болады? Тапсырыс берген көлік елге қанша уақытта жеткізіледі? Автокөлікке әуес азаматтардың біразы осы сұрақтардың жауабын білгісі келер деген оймен Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақаланы көлік тақырыбына арнап отыр. 

АВТОСАЛОНДАРДА КӨЛІК ЖОҚ

Оңтүстік Кореядан Қазақстанға айына шамамен 350, күз айларында тіпті 400-ге тарта көлік жеткізіледі екен. Алда тіпті көбеюі мүмкін, себебі елдегі автосалонға барсаңыз, сатып аларлық дайын көлік жоқтың қасы. Тапсырыс берсеңіз, 1-2 ай күтуге тура келеді. Ал ескі көліктердің елде арзандайтын түрі жоқ. Міне, сол себепті бүгінде Оңтүстік Кореяға тапсырыс беріп, көлік алғысы келетіндер көбейіп барады.

Оңтүстік Кореядан көлік жеткізіп жүрген Жандос Рысмендиев Қазақстаннан тапсырыс әр кезде әрқалай түсетінін айтады. 

«Маған хабарласқан көп адам ол жақта, мәселен «Toyota Camry 70 бағасы қанша?» деп сұрайды. Қазақстандағы бағасымен салыстыруға тырысады. Бірақ Toyota нұсқалары Ресейде, ал Кореядағылары Жапонияда құрастырылғанын ескере бермейді. Олардың айырмашылығы жер мен көктей. Бізде «япошка» аталып кеткен көліктердің сапасы бәрібір жақсы. Өткенде бір досым «ресейлік тойотаны» теуіп, енді теппегенім осы болсын деп отыр. Дәл осы Camry 70 бұл жақтан тапсырыс берсеңіз, 13,5-14,5 млн теңгеге сізге барады», - дейді ол.

КӨЛІКТІҢ ҚАЙ ТҮРІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Жандос жұмыс істейтін компания қызметкерлері Қазақстаннан тапсырыс берушілерден өз қызметі үшін 500 АҚШ долларын алады екен. Қазақстандықтар көп тапсырыс беретін көліктердің қатарында Toyota Camry көліктері, Hyundai маркасынан Santa Fe, Starex, Sonata, Kia-дан Carnival және К5 түрлері тұр.

Бір қызығы, корейлердің өзі көлігімен 1000 шақырым жүргеннен кейін сатылымға жиі шығаратын көрінеді. Жандостың айтуынша, олар бір көлікті алғаннан кейін тест-драйв жасап, айдап көре алатын жағдайда. Ұнамаса сатып жібереді.

«Бізде жүйе былай: инстаграм парақшамыз арқылы бізге көлік алуға ниет білдірген азамат хабарласады. Сіз егер Camry 70 алам десеңіз, мен сізден 1 мың доллар көлемінде алдын ала ақы аламын. Кейін көлікті толық сатып алған кезде сол 1 мың доллар көлік құнына кіреді. Сұраған көліктерің суретін, ол туралы мәлімет жібереміз. Осы көлік маған ұнайды десеңіз, фирма арқылы біз сол көлікке кепілақы қалдырамыз. Осыдан кейін сізге хабарласып, аты-жөніңіз, тұрақты тіркеуіңіз арқылы инвойс (сатушының сатып алушыға берген құжаты) шығарып береміз. Артынша Алматыдағы біздің фирмамыз арқылы көліктің ақшасын төлеп, ала берсеңіз болады», - дейді ол.

ТАПСЫРЫС БЕРУШІ БАЖ САЛЫҒЫН ӨЗІ ТӨЛЕЙДІ  

Көлік Қытай арқылы теміржолмен жеткізіледі. Бір контейнерге 4 көлік сияды. Көліктің біреуін жеткізу құны 2,5 мың доллар. Оны клиент төлейді. Көлік 1-1,5 айдың ішінде барады.

Яғни тапсырыс беруші көлік құнынан бөлек, контейнермен жеткізу (2,5 мың АҚШ доллары), тауып берген компанияға қызмет үшін (500 АҚШ доллары) ақы төлейді. Ал елде жеткізілгеннен осы көлікті заңдастыру үшін, яғни, кеден салығын, кеден бажын, қосымша құн салығын, утилизациялық алым мен алғашқы тіркеуден өткізу үшін біршама шығын шығарады.

«Осы шығындардың бәрін есептегенде де көлік бағасына сай болады. Соның өзінде елдегі көліктерден 1,5-3 млн теңгеге дейін арзанға түседі. Сенімді адамдар болса, көлікті Кореядан алдырған дұрыс», - дейді Жандос Рысмендиев.

УТИЛИЗАЦИЯҒА КЕТКЕН «МИЛЛИОНДАР»

Көлік әкеліп жүрген Мағжан Талғатұлы атты азаматтың айтуынша, отандастарымыз ең алдымен кореялық көліктер сол жақта құрастырылғандықтан қызығады. Оны бағалайды. Отандық автозауыттарға сеніңкіремейді. Біздегі зауыттардың өзінде «брактардың» көп шығып жатқанынан қорқады. Мағжан Талғатұлы Қазақстанда 9 млн теңге тұратын көліктің бағасы Оңтүстік Кореяда 4-4,5 млн теңгеден аспайтынын айтып қалды.

«Корея көліктерді өз халқына арнап құрастырғаннан кейін комплектациялары жақсы. Қазақстан нарығында көліктердің бағасы оның жай-күйіне сай келмейді. Соғылған көлік болса да бізде онысын мойындағысы келмейтіндер көп. Көліктің ұрылғанын немесе боялғанын тіркеп отыратын бізде ешқандай база жоқ. Керек десеңіз, көліктің жүрген шақырымдық көрсеткішін кері айналдырып қоятындар бар. Төртіншіден, біз көлікті ұқыпты айдай алмаймыз. Уақытында сервиске апармаймыз. Тіпті майын уақытында ауыстырмаймыз. Ал Кореяда көліктердің күтімі жақсы», - дейді ол.

Мағжан Талғатұлы Қазақстанда утилизациялық алымның мөлшері тым көп екенін айтады.

«Бұл алым елдің айлығына сәйкес келмейді. Мысалы Еуропада азаматтардың айлығы айына 2 мың еуро болса, утилизациялық алымның мөлшері бар-жоғы 50-70 еуро. Ал қазақстандықтардың айлығы 150 мың теңге шамасында десек, утилизация көлемі екілік көлікке 1 млн 25 мың теңге. Ал көлемі үштен асатын көлікті алғысы келетіндер 3,5 млн теңгедей төлейді. Мұның бәрі әрине, айналып келгенде бағаға қосылады», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары