×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Теңізге тамған тамшыдай: Жылыстаған капиталды қайтару заңы несімен әлсіз

11.09.2023, 12:53
Теңізге тамған тамшыдай: Жылыстаған капиталды қайтару заңы несімен әлсіз
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанның бас прокуратурасы өткен аптаның соңында қоғамның назарына активтердің қайдан алынғанын зерделейтін құжатардың ережелері жөнінде арнайы жобаны ұсынды. Құжат «Ашық НҚА» сайтына талқылау үшін жарияланған. Жобаға көз жүгірткен Ulysmedia.kz тілшісі елден ұрланған байлықты қайтару не себепті қиынға түскенін және сол үшін тиісті заңды база не үшін құрылмай жатқанын біліп көрді.

Аудит мақсаты

Аудит активтерді ашу туралы декларацияны ұсынғанына немесе ұсынбағанына қарамастан, реестрде тіркелген әрбір субъектке жүргізіледі. Тексерудің негізгі мақсаты – активтерді сатып алу көздерінің заңды екендігін анықтау, сондай-ақ активтерді заңсыз алу фактісін растау немесе жоққа шығару, заңсыз болғанын қайтару.

Тексеру барысында уәкілетті орган талап етуге құқылы:

  • тексеру жүргізу үшін қажетті ақпарат, материалдар мен құжаттар, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, атқарушылық іс жүргізу материалдарын;
  • қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің, атқарушылық іс жүргізулердің, қадағалау іс жүргізулерінің ақпараттарына, мәліметтеріне және құжаттарына және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарын;

нәтижелер бойынша қабылдануы мүмкін шешімдерді (оларды тізімдемейміз, бірақ заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары бар адамдармен біріктірілген олигополиялық топтарға қолданылатынын еске саламыз).

Қандай тәуекелдер бар?

Алайда Қазақстанда активтерді сатып алу көздерінің заңдылығын тексеру қағидаларының өз тәуекелдері болуы мүмкін. Олардың кейбірі:

  • тексерулердің күрделілігі мен көлемі;
  • репутациялық тәуекелдер;
  • мәміле процесінде кідірістер;
  • қате түсіндіру тәуекелдері.

Алайда егер бұл тәуекелдер ескеріліп, тексеру процесі ашықтықты, әділдікті және меншік құқығын сақтай отырып жүзеге асырылса, мұндай ережелерді енгізу ақшаны жылыстатуға, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заңсыз практикаларға қарсы күресте құқықтық мемлекеттің нығаюына және Қазақстандағы бизнес-ахуалды жақсартуға ықпал ете алады.

Неге ұзаққа созылды?

Жалпы Қазақстанның қазіргі тарихында алғаш рет жоғары лауазымдық деңгейде заңсыз сатып алынған капитал туралы сөз 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғалардан кейін басталды. Алдымен «Қазақстан халқына» қоры құрылып, заңды және жеке тұлғалар соған ақша салуға шақырылды. Сол кезде олигархтар Тоқаевтың билігіне адалдығын дәлелдеу үшін миллиондаған долларын қорға тапсыра бастаған-тын.

Жаңа Қазақстанды құру үшін ескіліктен арылу керектігін түсінген Тоқаев 2022 жылдың 5 маусымында өз жарлығымен Қазақстан азаматтарының шетелге заңсыз шығарған қаржысын қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізу мақсатында Бас прокурордың басшылығымен ведомствоаралық комиссия құрды. Тағы алты айдан кейін Қазақстан президенті «заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, үкіметке 2023 жылдың 31 наурызына дейін заңсыз шығарылған активтерді ашу, шығу тегін растау және қайтару тетіктерін регламенттеуге, сондай-ақ оларды қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуі қажет болды. Заң жобасында келіп түсетін активтерді жинақтайтын және басқаратын арнайы мемлекеттік қор құру көзделді.

Алты айдан кейін ғана қол қойылды

Алайда шыққан жарлық – қол қойылған заң емес. Уақыт созса, мемлекет ұтылатынын білген Тоқаев 2023 жылдың 29 наурызында Парламентке заңды тезірек қабылдауды тапсырды. Себебі бұл қаражат экономиканың ішкі резерві еді, әрі мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары өсіп бара жатты, Ұлттық қордан аударымдар да төмендемеді.

VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Тоқаев президент болып қайта сайланғаннан кейін қол қойған алғашқы құжаттардың бірі - заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы жарлық екенін еске салды.

«Парламенттен жақын арада тиісті заң қабылдауды сұраймын. Бұл қаражат біздің экономикамыздың ішкі резерві – ол тек елдің дамуына бағытталуы керек. Бұл бюджеттік шығындарға да қатысты. Алайда бюджетті жоспарлау мен орындаудың жағдайы бүгін де мәз емес», - деді президент сол тұста.

Қаңтар оқиғаларынан кейін бір жарым жыл өткен соң 2023 жылдың 12 шілдесінде мемлекет басшысы «заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Ол жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар болып табылатын (болған) субъектілерді, мемлекеттік заңды тұлғалардағы, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі, сондай-ақ аталған тұлғалармен үлестес субъектілердегі лауазымды адамдарды қамтиды. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару ерікті тәртіппен не мәжбүрлеп – республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе олардың құзыретті органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.

Егер уәкілетті органдар сатып алынған активтердің заңдылығына күмәнданса, олар премьер-министр мен Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған активтерді қайтару жөніндегі комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті тізілімге енгізу туралы ұсыныстар енгізеді.

Шыққан түбі түсініксіз активтер

Алайда қабылданған заңның ойға сыймайтын тұстары да бар. Мәселен, заң ережелерін қолдану үшін «нысанаға алынған тұлғаның» активі 13 млн АЕК-тен (44 млрд 850 млн теңге немесе 100 млн АҚШ доллары) көп болуы тиіс. Сонымен қатар заң уәкілетті органның күмәндануға негіз болатын критерийлерді нақты анықтайды деген де түсініктеме бар. Оған заңды табыстың мөлшеріне активтердің құнының сәйкес келмеуі, сол секілді басқа да заңды негіздер бар.

Яғни егер әлгі адам активтерін қайдан алғанын растай алмаса, ол байлық – шыққан түбі түсініксіз активтерге жатады.

Десе де 100 млн доллар сома сұрақ туғызады. Егер комиссия 99 999 999 доллар көлемінде заңсыз алынған активтерді анықтаса не болады? Комиссия мүшелері қолды бір сермеп, заң оны қуғындай алмайтынын айтып тарқаса ма?

«Қайтеміз енді. Заңды шығарушылар солай ұсынды, заңды қабылдады, президент қол қойды. Заңды шығарушылар Қазақстанның бай мемлекет екені соншалық, 100 млн доллардан аз сомаға маңыз берудің қажеті де жоқ деп ойласа керек. Заңның қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсете жатар. Алдағы уақытта сол шекті төмендету жөнінде заңды өзгертуге ешкім кедергі бола алмайды», - дейді Ulysmedia.kz порталына сұхбат берген заңгер Виталий Воронов.

Шетке ауғандарды ұстай ала ма?

Активтер шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, заңда соттар шешімдерінің орындалуын, ақпарат алмасуды және өзге де құқықтық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.

Заңда «осы заң Қазақстан Республикасында заңсыз алынған қаражатқа (кірістерге) иемденілген Қазақстан Республикасының аумағындағы активтер не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтер меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған) не болжам бойынша болатын (болған) жеке тұлғаларға – Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаларға, сол сияқты құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымдарға қатысты Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады» делінген.

«Қазақстан Республикасынан тыс активтер» туралы формулировка сұрақ туындатпай қоймайды. Себебі басқа елде заң да басқа.

«Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына (2003), осы саладағы басқа да халықаралық келісімдерге қосылды. Сонымен қатар көпжақты да, екіжақты да көптеген мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер жасалды. Қаласа, кез келген адамға, Қазақстаннан тыс жүргендерді де «таптап өтуге» болады. Тек осы «таптау» заңға негізделіп, кәсіби түрде жүргізілуі керек», - деп түсіндіреді заңгер Виталий Воронов.

Еске сала кетейік, осы жылдың сәуір айында Швейцарияда Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Оның құрамына кіретін халықаралық активтерді қайтару орталығы (ICAR) әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі саналады.

Туыстар да нысанада

Мемлекет пайдасына түскен активтер Қаржы министрлігінде қолма-қол ақшаны бақылау шоты болатын арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Одан түскен қаражатты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттау жоспарланып отыр.

Заң бойынша активтерді қайтару субъектілері ретінде тек жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілер танылады. Алайда, тоқсан жастағы қайынененің «поршеге» мініп, мұнай ұңғымаларына иелік етуі мүмкін екенін түсінгеннен бе, заңға бірнеше өлшем қосылып отыр. Критерийлерге «туыстық қатынастары бар адамдар – ата-аналар (ата-аналар), балалар мен олардың жұбайлары, асырап алушылар, асырап алынғандар және олардың жұбайлары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен әпкелері мен олардың жұбайлары, аталары, әжелері, немерелері, шөберелері мен олардың жұбайлары, үлкен атасы, үлкен әжесі» жатады.

Алайда қазақтың туыстығынан бөлек, тоқал алатыны бар. Ақшаның көптігі соншалық тоқалдың туысының туысына дейін ақша табылуы әбден мүмкін.

Кімнен не қайтарылды?

Бас прокуратурада 12 мамырда экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жоғарғы деңгейдегі жиналыста Жоғарғы сот Бас прокурордың олигополия субъектілерінің пайдасына бұрын негізсіз шығарылған шешімдерге 24 наразылығын қанағаттандырғаны аталып өтті. Мысалы, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды (Болат Назарбаевқа тиесілі).

Тағы бір жағдайда Жоғарғы соттың қаулысы елордалық «Думан» қонақүй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару туралы ондаған талапты қанағаттандырды. Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және тағы басқалар бар.

Мәселен, сот шешімі бойынша Атырау МӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің 50% қайтарылды (Тимур Құлыбаевқа тиесілі).

Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сауал жолданды. Олар бойынша 100 млн АҚШ долларынан астам мүлікке тыйым салынды.

Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды.

Прокурорлар бұрын олигополия субъектілеріне негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 460 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтарды.

Сондай-ақ олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайының нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлестері мемлекетке қайтарылды.

«Ұсақ-түйектер» де қайтарылып жатыр. Өткен аптада сот Үшқоңыр су шаруашылығы колледжін Қазақстанның экс-президентінің туған әпкесі болып табылатын Әнипа Назарбаевадан тәркіледі. Іс материалдарына сүйене отырып, колледж бұрын Назарбаевтың әпкесіне кейіннен сатып алумен сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Бұл істе Назарбаев Әнипа Әбішқызынан мемлекет кірісіне 3 450 теңге сомасында мемлекеттік баж өндірілді.

 «Комиссия қызметі аясындағы шаралар кешені экономикалық ресурстар тар шеңбердің қолында шоғырлануды тоқтатқанға дейін және адал бәсекелестік пайда болғанға дейін қабылданады», - деп сендіреді Бас прокуратура.

Теңіздің тамшысындай

Бұған дейін Бас прокуратура «бүгінгі күні мемлекетке 760 млрд теңгеден астам соманың активтері, оның ішінде 575 млн доллар шетелдік юрисдикциялардан қайтарылды» деп хабарлаған болатын. Алайда бұл кімнің активтері, қай елдерден және қандай сомаға ақпарат ашық жарияланған жоқ.

Егер бір ғана Боранбаевтың өзі мемлекетке 1,5 млрд долларды – Алматы бюджетінің жартысына баламасын қайтаруға дайын болса, онда 30 жыл бойы өз байлығын көбейткен «ескі Қазақстанның» қалған өкілдерінің қолында қанша ақша барын болжау тіпті қиын.

Сонымен, заң бойынша жоғарыда аталған мәселелерден басқа, азамат заңсыз алынған активтерді өз еркімен қайтару туралы келісімге қол қоя алатын және жауапкершіліктен аулақ бола алатын норма да күмән туғызады. Адам мемлекет пен халықтан ақша ұрлаған кезде бұл ақша салықтарға, экономиканың құрылысы мен дамуына жұмсалмады, яғни заңды тілмен айтқанда, «жоғалған пайда» болды. Біздің ойымызша, жауапкершілік қандай нысанда болуы керек. Бәрін сот шешсін.

«Мамандар» сытылып кететін жолдар да бар

Сонымен қатар заңсыз сатып алынған активтерді жасыруға көмектесетін бірнеше әдісі де бар, бірақ олардың барлығы күрделі қаржылық схемалар мен механизмдерді қолданумен байланысты. Олардың ішінде ең көп тарағаны:

  • оффшорлық компаниялар мен шоттар;
  • жалған құжаттар және идентификация;
  • жылжымайтын мүлікке және бағалы қағаздарға инвестициялар;
  • активтерді үшінші тұлғаларға беру;
  • заңды бизнес арқылы заңдастыру;
  • күрделі құқықтық құрылымдарды қолдану.

Келтірілген бұл жолдар пиғылдылар үшін жадынама іспеттес қабылданбаса екен.