Мемлекет басшысы Ресей президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қазақстандықтардың атынан Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына қайғырып көңіл айтты.
Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын, терроризмге қарсы күресте Ресеймен бірге екенін тағы да растады.
Өз кезегінде Владимир Путин қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Мәскеудегі теракт
22 наурызда қарулы лаңкестер "Крокус Сити Холл" концерт залына басып кіріп, "Пикник" тобының қойылымын тыңдауға келген адамдарға оқ жаудырды. Осыдан кейін ғимаратта жарылыстар естіліп, өрт шықты. Ресей тергеу комитеті (РТК) 60-тан астам адамның қайтыс болғанын әрі бұл көрсеткіш артуы мүмкін екенін хабарлады. РТК террористік акт туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.
Кремль Ресей қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі, тергеу комитеті, төтенше жағдайлар министрлігі, росгвардия басшылары Владимир Путинге "Крокустағы" шабуылға қатысты тергеу барысы жөнінде баяндағанын хабарлады.
Бүгін таңға жуық "Крокустағы" шабуылдан зардап шеккендердің бәрі оқиға орнынан эвакуацияланғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Тікұшақтар өртті сөндіру жұмыстарын аяқтаған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Мәскеудегі теракттан қаза болған адам саны 115-ке жеткен.