×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Құрылысшы, пәлсапашы, электрик: «Әмбебап» министрлердің негізгі мамандығы

15.09.2021, 14:16
Құрылысшы, пәлсапашы, электрик: «Әмбебап» министрлердің негізгі мамандығы
Коллаж:ulysmedia.kz

Жақында мемлекет басшысы қатарынан үш бірдей министрді ауыстырып, қайта тағайындады. «Әмбебап» министрлер жасағының қай салаға бет бұрса да, «қолымнан келмейтін еді» дегенін көрген емеспіз. Бұл жолы экологияны қорғауға қайта-қайта мұнайшылардың тағайындалуы қоғам тарапынан түсініспеушілік туғызды. Ластаушыдан лезде қорғаушыға айналып шыға келу қағытпа әзілдерге арқау болып жатты. Ulysmedia.kz тілшісі үкімет құрамындағы министрлердің негізгі мамандықтарымен танысып көрді. 

АРДАҚТЫ МҰНАЙШЫНЫҢ КҮЙЕУБАЛАСЫ 

Сөзіміздің әлқиссасын күні кеше президент жарлығымен тағайындалған су жаңа министр Серікқали Беркешевтен бастағымыз келіп отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі туралы ашық дерекөздердегі ақпараттарға сүйенсек, ол 1972 жылы Павлодарда дүниеге келген.

Болашақ министр 1995 жылы Атырау политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша бітірген.

Мұнда жас мұнайшының қайын атасы Тергеу Айдарханов өңірге сыйлы жанның бірі болған. Маңғыстау өлкесінің ардақты мұнайшысы, геолог-барлаушы. Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы болған. 

Серікқали Беркешев 1997-2007 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ кен орындарында қызмет еткен. Одан әрі мұнай министрлігінде, «ҚазТрансГаз» АҚ құрылымында басшылық қызметтерді атқарған. Былтыр наурызда, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып келсе, биыл қыркүйекте министр болып тағайындалды. 

ҚҰРЫЛЫСШЫ МАМИН

Ал, Үкімет басшысының өзіне келсек... Нағыз астаналық, 1965 жылы Целиноградта дүниеге келген. Целиноград инженер құрылысы институтын инженер-құрылысшы, мамандығы бойынша тәмамдаған.

Астана әкімінің бірінші орынбасары, Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Индустрия және сауда вице-министрі, Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Ұзақ жылдар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті болды. Сарапшылар сыртқы қарызы шектен шыққан ҚТЖ-ны басқару кейсін сәтсіз деп бағалайды. 2016 жылы премьер-министрдің бірінші орынбасары, 2019 жылғы премьер-министр болып тағайындалды.

ПӘЛСАПАШЫ ОРЫНБАСАР

Премьер-министр орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 1968 жылғы Сайрам ауданына қарасты Ақсукентте туған. Ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген, мамандығы философ. Сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Йенсе Университеті (Корей Республикасы) жанындағы Тілдер институтында тәжірибе алған.

Дипломатиялық қызметін 1993 жылы атташе лауазымынан бастаған. Шетелде Қазақстанның Корей Республикасындағы елшілігінде екінші хатшы және Израиль мемлекетіндегі елшілігінде кеңесші болып қызмет етті.

ҚАЗАҚШАҒА ШОРҚАҚ МИНИСТР

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 1986 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтын, сондай-ақ Йорк университетін тәмамдаған, экономика ғылымдарының магистрі дәрежесі бар. «Ең жас министр кімнің баласы?» деген сауалға баспасөзге берген сұхбатында ол әкесінің 1993 жылы қайтыс болғанын, жалғыз шешесі бар екендігін айтқан.

Әсет Ерғалиев еңбек жолын 2013 жылы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры болып бастады. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Премьер-министр кеңсесінде қызмет еткен.  Биыл қаңтарда Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. 

ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІНІҢ «БАТАСЫН» АЛҒАН

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 1974 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1998-2014 жылдары Ұлттық банкте зерттеулер және статистика департаментінің жетекші сарапшысы болған ол, директордың орынбасары, Үйлестіру департаментінің директорлығына дейін жоғарылады.

Президент Әкімшілігігінде жұмыс істеген. 2018-2019 жылдары президент көмекшісі болған. 2020 жылы Қаржы министрі болып тағайындалды. 

ЭЛЕКТРИКТЕН БАС ЭКОНОМИСКЕ ДЕЙІН

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов 1971 жылы Алматыда дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-электрик мамандығы бойынша аяқтады. Ол 27 жасында мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры атанды. Бұдан соң Сұлтанов Қаржы министрлігіне қарасты, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне қарасты жауапты қызметтерді атқарды. 2007 жылы Қаржы вице-министрі, 2007-2010 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болды. Әр жылдары президент көмекшілігінен бастап, премьер-министрлің орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі лауазымдарын атқарды. 2019 жылы Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. 

БАЛҚЫТУШЫ һәм БИЗНЕСМЕН АТАМҚҰЛОВ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 1964 жылы Ұзынағашта дүниеге келген. 1986 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын аяқтады. Мамандығы – инженер-металлург.

Ол еңбек жолын Норильск тау-кен металлургия комбинатында балқытушы болып бастады. 1996-2006 жылдары кәсіпкерлікпен айналысқан Атамқұлов 2006 жылы «жаңа өмір» бастайды. Ресей, Иран, Германия, Малайзия, Индонезия Республикасы, Бруней-Даруссалам сұлтандығында кеңесші, Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызмет етеді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Сыртқы істер министрі де болған. 2019 жылы  президент жарлығымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне келді.

ОН СЕГІЗІНШІ МИНИСТР

Мемлекеттің аграрлық саясатын басқаруға 1991 жылдан бері кәсіби ауылшаруашылығы мамандары тағайындалып келді. 2011 жылы министрлікке заңгер мамандығын меңгерген Асылжан Мамытбеков келген соң дәстүр бұзылды. Экономист-математик Өмірзақ Шөкеев, экономист-заңгер Сапархан Омаров келді. Қазіргі министр Ербол Қарашөкеев тәуелсіздік алғалы бері Ауыл шаруашылығы министрлігіне тағайындалған 18-ші министр. Ол 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түскен. Мамандығы – экономист.

ФБ-ДА “ФАН ТОБЫ” БАР ТАРИХШЫ АҒАЙ

Камера мен обьективті қалт жібермейтін Асхат Аймағамбетов жұрт алдында қысқа мерзімде жағымды бейне қалыптастырып үлгерді. Әсіресе, әлжеліде  (Facebook) министрдің «фан клубы» жетеді. Ұстаздар қауымы құрып алған түрлі топтар министрдің әр қадамын әйгілеп отырды. Мұғалім мәртебесі туралы заң қызу талқыланды. Кейін  ұстаздардың жалақысы өсті. «Әліппені» қайтарғанын көп жазды. Десе де, бұл бастама экс-министр Күләш Шәмшидинова тұсында қолға алынған.  Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» біліктілігі бойынша тәмамдаған.

Жас кезінде қала мәслихатында депупат болып көзге түскен Асхат Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне дейін өсті. Шалғайдағы аудан әкімі де болды. Үш жылдай Қарағанды облысы білім беру басқармасының басшысы лауазымын атқарған. Содан соң, Білім жəне ғылым вице-министрі болды. Ал 2019 жылы министр атанды.

БАС ДӘРІГЕР БАС БУХГАЛТЕР ДЕ БОЛҒАН

2020 жылы індет жұқтырып, оқшауланып жатқан министр Біртановтың міндетін уақытша атқарады деп таныстырылған Алексей Цой 22 маусымда Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Індет өршіп тұрған тұста келе қалған жаңа министр сынның астында қалса да, осы күндері ковидке байланған күйбең тіршілікпен біте қайнасып кетті. 

Ол 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және басқа да елдерде тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолын 1998-2001 жылдары «Аспан Шымкент» ЖШС бас бухгалтері, коммерциялық директорылықтан бастаған. Дәрігерлік практикада эндоскопист, қалалық ауруханада бас дәрігер болып қызмет етті. 2014-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі лауазымын атқарды. Президент іс басқармасының медицина орталығын басқарды. 2020 жылы Денсауминнің бірінші вице-министрі болып тағайындалып, үш күннен соң министрге айналды.

БАТЫСТАН «СОЛ ЖАҒАЛАУҒА» ДЕЙІН

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 1979 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-математик мамандығы бойынша тәмамдаған. Болашақ министрдің өмірбаянынынан шетелдік маңдайалды білім ошақтарының тәлім-тәрбиесін алғаны туралы тізімді көре алмадық.

Оның мансап жолы осы өзі туып-өскен өңірмен ғана байланысты. Шәпенов еңбек жолын Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастаған. Кейін мемқызметке ойысады. 2001-2002 жылдары Батыс Қазақстан облысы қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманы болып бастаған ол араға жыл салып тұрақты өсіп келеді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Атырау қаласының әкімі. 2018-2020 жылдары Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары. 

2020 жылы өңірмен қош айтысып «сол жағалауға» жетеді. Бір жыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған ол ақыры министр орынтағына жайғасты.

БІР ҮЙДІҢ ЕКІ ҰЛЫ ЕКІ ЖЕРДЕ МИНИСТР

Әділет министрі Марат Бекетаев 1977 жылы Шымкентте дүниеге келген. Мамандығы – заңгер, 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2000 жылы Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Бір жыл премьер-министр орынбасарының кеңесшісі, кейін ПМ кеңесшісі болған. 2007–2010 жылдары Әділет вице-министрі, 2016 жылы мемлекет басшысының жарлығымен Әділет министрі болып тағайындалды.

Айтпақшы, Бектаевтар әулетінде лауазымды қызметте жалғыз Марат емес. Туған інісі Руслан да ірі шененунік. Қаржы министрінің орынбасары болған. Қазір ол ЕЭК-да Экономика және қаржы саясаты министрі болып жүр. Осылайша бір үйдің екі ұлы екі жерде министр.

СОКОЛОВТАН ҰШЫП ШЫҚҚАН БЕКТАНОВ

Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 1965 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Соколов ауылында туған.

Әскери қызметін өтеп келген соң, 1988 жылы Киев жоғары жалпыәскери командалық училищесін бітірген. Аталған училище Кеңес уағында әскери және агенттік барлау қызметі үшін кадрлар даярлайтын ең беделді мектеп болатын. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бола жүріп, 2019-2021 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚК Бас штабының бастығы лауазымына жоғарылады. Биыл Жамбылдағы жойқын жарылыстан соң 31 тамызда Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

ЖЕДЕЛ УӘКІЛ ТҰРҒЫМБАЕВ

Ішкі істер министрлігі десек құқық қорғау саясатының әлсіздігі мен кәсіби дағдысы жетісе бермейтін қазақстандық полиция жасағы еске түседі. Алайда Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев білімі мен кәсіби құзыреттілігі тұрғысынан үздік болып шықты. Ол 1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1984 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер-құқықтанушы мамандығы  оқып шыққан.

Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы Саран қалалық Ішкі істер бөлімі қылмыстық іздеу бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған.

2012-2019 жылдары Ішкі істер министрінің орынбасары, 2019 жылы ақпанда Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі қызметіне тағайындалды.

МОТОАТҚЫШ ВЗВОДЫНЫҢ КОМАНДИРІ

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 1968 жылы РКФСР Куйбышев қаласында дүниеге келген. 1989 жылы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін шынжыр табан және дөңгелекті машинаны пайдалану жөніндегі инженер мамандығы бойынша аяқтады.

Ол еңбек жолы Мәскеу әскери округі 2-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының мотоатқыштар взводының командирі болып бастаған.

Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болады. 2016 жылы ішкі істер министрінің орынбасары, 2020 жылы Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.

«АЙТИШНИК» МУСИН

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 1983 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.
2004 жылы С.Демирел атындағы университетті «Есептеу техникасын бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары ақпараттық технологиялар саласында басшылық қызметтерде болған. 2019-2020 жылдары IТ-кәсіпкер, ReKassa, Tastamat және басқа да стартаптардың тең негізін қалаушы. Былтыр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың кеңесшісі болды, содан күзде министр болып тағайындалды. Мусиннің Egov порталын СБЕР компаниясы платформасында қайта құру туралы бастамасы қазір халық арасында қызу пікірталас туғызып жатыр. Тіпті, мансабына қауіп төніп тұған секілді. 

ӘДЕБИЕТ ЖАНАШЫРЫ АИДА ХАНЫМ

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы Балаева 1974 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Министрлер арасында ақын-жазушыларға бір табан жақын жан болса, ол – Аида Ғалымқызы. Әлеуметтік желілерде поэзияға құштарлығын байқатып жүретін министрдің әдебиетке жақын болатындай себебі бар. Министрдің алғашқы мамандығы педагог, орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін 26 жасында бітірген. 25 жасында бірден Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының жетекші маманы болып тағайындалып, бас маманы, бөлім басшылығына дейін жоғарылаған. Әкімдіктегі қызмет жолы жемісін беріп, алып шаһардың Ішкі саясататын да басқарады. Кейін Астанада әкім орынбасары, Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісі болады. Бір жарым жылдан бері Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

ПИАНИНАШЫ РАЙЫМҚҰЛОВА

Токио-2020 олимпиадасында қазақ спортшылары төмен рейтинг алған соң, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың кетуін талап еткендер көп болды. Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы Алматыда дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «композиция» және «фортепиано» мамандықтарын, «композиция» мамандығының аспирантурасын бітірді.

Еңбек жолын 1990-1991 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушысы болып бастады. 

2014-2016 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнерістері департаменті директоры болады. 2016 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. 2019 жылы президент жарлығымен Мәдениет және спорт министрі атанды.

МЫРЗАҒАЛИЕВТІҢ ОРАЛУЫ

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев 1978 жылы Алматыда дүниеге келген. 1999 жылы «Тұран» университетін экономист мамандығы бойынша, 2003 жылы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар экономисі мамандығы бойынша тәмамдаған. Бертін келе ол мұнайшы мамандығын оқиды. Теңіз кен орындарында және Батыс Сібірде бұрғылау ерітінділері бойынша инженер болып қызмет етіп, АҚШ пен Малайзияда тағылымдамадан өтеді. Одан әрі Қазақстанның мұнай саласында түрлі қызметтер атқарған. Бір сөзбен айтқанда басынан бақайшағына дейін мұнайшы. Сөйте тұра, 2018 жылы жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы болды. Жақында өз саласымен қайта табысты. Қазір Энергетика министрі.

Сарапшылар пікірі:

Айдос Сарым, Мәжіліс Парламентінің депутаты:

Қазақстанда мемлекеттiк саяси қызметшiнің тағайындалуы, босатылуына орай өзіндік тәртіптері, профильдік алғышарттары мен талаптары негізге алынады. Ал олардың кәсіби мамандықтары лауазымдық өкiлеттiктер мен мiндеттеріне анағұрлым әсер етеді деп ойламаймын. Дәл қазіргі жағдайда Ауыл шаруашылығы министрлігін сол саланың маманы басқаруы керек деген талап жоқ. Бастысы ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функциялар ойдағыдай атқарылуы шарт. Әрине, саяси лауазымдағы тұлғалардың сайлау жолымен тағайындалғаны құба-құп, бұл саяси додадағы салмағын арттыра түседі.

Наталия Алюшина, Мемлекеттік қызмет жөніндегі Украина ұлттық агенттігінің төрағасы

Қазір Украинада саяси мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлерді тағайындаудың арнайы талаптары бекітіліп жатыр. 2021 жылы 16 шілдедегі заңнама бойынша украин тілінен емтихан тапсыру міндеттелді. Бірақ мемлекеттік қызмет лауазымына тағайындауда пандемия шектеулеріне байланысты белгілі кедергілер бар. Ал украин тілі емтиханына қаншалықты дайындығы болғандығын украин тілін қаншалықты меңгергенін анықтау керек болды. Конкурстық рәсімнен өтпегендер қайта өтуі тиіс. Сондықтан министрлер, олардың орынбасарлары мен барлық соттар, прокуратура қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері лауазымға тағайындалған кезде украин тілін білетіні жөнінде мемлекеттік сертификаты болуы керек. Бұл – басты талап. Мемлекеттік қызмет лауазымында міндетті түрде белгілі бір құзыреттіліктер тізімі бар, конкурсқа өтінім бергенде сол шарттарға сай болуы тиіс. Елде мемлекеттік мәнге ие және басқарушылық функцияларды орындауға әзір болатын дайындалған менеджерлердің резерві болуы керек.

Ая ӨМІРТАЙ, Нұр-Сұлтан