×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Әкімге 3,5 сұрақ: Жеңіс Қасымбек айлығы қанша екенін айтты

05.11.2021, 09:54
Әкімге 3,5 сұрақ: Жеңіс Қасымбек айлығы қанша екенін айтты
Коллаж: ulysmedia.kz

Оқырман назарына бүгіннен бастап апта сайын әкімдер жайлы «Әкімге үш жарым сұрақ» атты тың айдарды ұсынбақпыз. Жаңа айдар шенеуніктердің ашықтығының бір көрсеткіші болар деп ойлаймыз. Өңірлерді басқаратын әкімдер бұқаралық ақпарат құралдарына қаншалықты жақын? Олардың қызметтік көлігі қандай? Айлығы қанша? Әкімдердің бәріне Ulysmedia.kz порталы атынан осындай үш сауал жолданған еді. Жауап ең бірінші болып Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектен келді.

ӘКІМ КІМДЕРГЕ СҰХБАТ БЕРДІ

 «Журналистермен кездесу - бұл менің жұмысымның ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, сіздер білетіндей, карантиндік шектеулер біздің жұмысымызға түзетулер енгізді. Бірақ соған қарамастан, біз облыста әлеуметтік желілер мен Zoom алаңы арқылы ақпарат құралдарымен диалог құра алдық. Бірақ әкімдік қызметкерлері мен жеке өзім дәстүрлі ақпарат алаңдарында журналистермен тілдесу мүмкіндігінен қашпайтынымызды атап айтқым келеді», - дейді Жеңіс Қасымбек сауалға берген жауабында.

Әкім биыл облыстық SARYARQA телеарнасында халықпен есеп беру кездесуі ұйымдастырғаны, оған журналистер қатысып, өз сұрақтарын қойғанын айтады. Бұдан басқа, Президент Телерадиокешенінің деректі фильмі үшін өңірдің дамуы туралы көлемді сұхбат жазылған. Облысты дамытудың өзекті мәселелері бойынша үкімет сайтының youtube арнасында сұхбат берген. Орталық коммуникациялық қызмет биылғы көктемде бір рет сөз сөйлеген. Осы қараша айында тағы бір брифинг өткізіледі. Сондай-ақ әрбір дүйсенбі сайын бізде журналистердің қатысуымен аппаратық жиналыс өтеді.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар ZOOM алаңында ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізгенін, барлық қала және аудан әкімдері айына бір рет Instagram және Facebook-те «Әкім сағатын» өткізіп отыратынын атап өтті.

КӨЛІГІМ – «Mercedes», ГАДЖЕТІМ...

Қарағанды облысының әкімі қызметтік сапарлар үшін 2016 жылы шығарылған «Mercedes» маркалы автокөлік пайдаланылатынын айтып, жауап берген. Әкімнің ұялы телефоны – iPhone 11. Оның жаңа түрі дүкендерде шамамен 339 мың теңге тұрады.

Фото: Mercedes-Benz S-Класс, ашық дерекөзден

ӘКІМНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ЖАЙЛЫ

«Жалақы Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік саяси қызметшілерге жалақы есептеу туралы қаулысына сәйкес есептеледі. Еңбек өтілін ескере отырып, бір айдағы жалақым 967 мың 672 теңгені құрайды, барлық міндетті салықтар мен төлемдерді шегергеннен кейін қолыма 786 мың 642 теңге аламын», - дейді Жеңіс Қасымбек.

P.S Жеңіс Қасымбектің баспасөз қызметі мақала шыққаннан кейін әкімнің айлығына қатысты ақпаратқа түзету енгізді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жеңіс Қасымбек 20 жылдық еңбек өтілімен міндетті салықтар мен төлемдерді шегергенде қолына 1,9 млн теңге алады.