Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Футболды дамытуға айрықша назар аударылады
Ақорданың хабарлауынша, Президентке елімізде «Атлетико Мадрид» футбол академиясын ашу жобасы таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін атап өтіп, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда футболды дамытуға айрықша назар аударылады. Қазір еліміздегі спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамытуға бағытталған бұл бастамаға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Футбол клубының президенті не деді
Энрике Сересо Торрес «Атлетико Мадрид» футбол академиясы әлемнің көптеген елінде ашылғанын жеткізді.
Академияда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға мән беріледі.
«Атлетико Мадрид» футбол академиясы Алматы облысы Талғар қаласындағы «Akbulak» олимпиада орталығының базасында құрылмақ. Кездесу соңында Энрике Сересо Торрес Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Атлетико Мадрид» ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлады.