×
474.26
514.48
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.26
514.48
5.43

Қызметті сағынып қалған сияқтысыз ба – билікке оралған Тоғжанов не дейді

20.06.2024, 11:14
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бүгін Мәжілісте депутаттар мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен "Ауыл аманаты" бағдарламасы талқыланды. Жиынды премьер-министр Олжас Бектеновтың жақында кеңесшісі болып келген Ералы Тоғжанов жүргізді. Былтыр қызметтен кеткен Тоғжанов бірнеше ай бойы саясат сахнасынан көрінбей кеткен-тін. Отырыс аяқталғаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі оған бірнеше сұрақ қойып үлгерді.

– Былтыр 8 ай бұрын қызметтен кетіп, биыл билікке оралдыңыз. Көңіл-күйіңіз қалай жалпы? Қызметті сағынып қалған сияқтысыз ба?

– Әңгіме сағынған-сағынғанда емес деп ойлаймын. Әңгіме – сенім білдірген жерде халыққа жұмыс жасау керек. Сондықтан, сенім білдірілді. Келіп, елге жаныңды салып жұмыс істеу керек.

– Премьер-министрге кеңесші болғанда нақты қандай бағытта кеңес бересіз? Немен айналысасыз?

– Бірінші бағытта, өзің көргендей, үлкен «Ауыл аманаты» деген жобамен айналысып жатырмыз. Бұл жай ғана жоба емес – әрбір ауылдың болашағы. Әрбір ауылдың болашағы елдің болашағы. Ауыл аманаты деген жоба әрбір нақты ауылды ғана, ауланы қамтитын жоба ғой.

– Жалғыз ауыл бағытында ма, жалғыз әлдеқалай?

– Басқа да сұрақтар бар. Бірнеше. Су тасқынына байланысты сұрақтар бар. Бәрін қарастырып жатырмыз.

– Кеңесші болып келген кездегі жоспарыңыз, ұсыныстарыңыз бар ма?

– Ұсыныстар болмаса, бүгінгі сұрақтардың бәрі күн тәртібіне шығарыла ма? Бұның бәрі нақты ұсыныстардың арқасы. Оның ішінде «Ауыл аманатын» бір жүйеге келтіру керек. Мәселе ол жерде жоқ емес. Көп ұсыныс бар.

– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жылына 100 млрд теңге бөлінетіні айтылады. Бізде бірақ сол қаражаттың көп бөлігі мал шаруашылығына бөлінеді. Бірақ депутаттар қанша қаражат бөлінсе де, мал саны өспей-ақ қойды деп сынайды. Себебі неде ойлайсыз?

– Қазір 100 млрд теңгенің 96 млрд теңге ақшасы тұр. Ақтөбе облысы 4 млрд теңгені игермей қайтарған. Игеру деңгейі 89 пайыз. Ешкімге жасырын емес, бөлінген қаражаттың 80 пайызы мал шаруашылығына бөлінген. Сондықтан, ол жерде үлкен мәселе күн тәртібінде тұр. Бөлінген қаражаттың бәрі апробациядан өтіп, бірнеше облысқа берілген. Оның ішінде Түркістан, Жамбыл облысы бар. Ақтөбе облысында малға бірде-бір ақша бөлінген жоқ. Кейін жарты жылдың ішінде ғана бөлінді.

– Өзіңіз әкім болған өңір ғой...

– Иә, онда бірде-бір ірі-қараға ақша бөлінген жоқ. Біз тауарлы несие арқылы толық шешімін тапқанбыз. 4800 басты еш пайызсыз таратып бергенбіз. 80 пайыз мәселесі күн тәртібінде тұр. Ол облыстармен қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сұрақ өте орынды. Малға қаражат бөлінгеннен кейін оның өсімі де болуы керек. Еттің көлемі, сүттің көлемі өсуі тиіс. Нақты анализ жасалғаннан кейін сұрақтардың бәріне толықтай жауап береміз.

Тоғжанов жайлы

61 жастағы Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысында былтыр бір жыл әкім болып, қызметінен кеткен. 

2008-2017 жылдары ол Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарды. 2019 жылдан 2020 жылға дейін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы болды. 2020 жылғы 11 ақпанда премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Бұл елде пандемия басталатын кез еді. Кейін Ақтөбе лблысына әкім болып барып, былтыр қыркүйекте мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылды.

Серіктес жаңалықтары