×
516.85
537.68
5.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.85
537.68
5.26

Тоқаевтың ескертуінен кейін Перуашев «Штрафстан» деген сөзі үшін өкініп қалды

29.01.2025, 10:14
Тоқаевтың ескертуінен кейін Перуашев «Штрафстан» деген сөзі үшін өкініп қалды
Ulysmedia коллажы

Азат Перуашев парламентте "Штрафстан" деген терминді қолданғаным дұрыс болмады деп мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеше президент ешкімнің атын атамаса да, Қазақстанның атауын әртүрлі сөзбен мазақтайтындар ішінде депутаттар да барын айтқан. 

Президент осы ескертуді айтқан кезде сізді меңзеді деп ойлайсыз ба? – деп сұрақ қойды журналистер.

ПЕРУАШЕВ НЕ ДЕЙДІ

Мен президентпен толық келісемін. Расында да, біз өз елімізді, өз мемлекетімізді сыйлауымыз керек. Әсіресе, шетелдік инвесторларды, туристерді шақырған кезде оларды не үшін шақырып отырмыз? Мақтану үшін бе, әлде жамандау үшін бе? Бұл жерде президенттің сөзі өте орынды, өте дұрыс. Ары қарай да біз сол жолдан таймауымыз керек, – деді ол.

“Бұдан былай айыппұл мәселесін көтерген кезде Штрафстан деп айтасыз ба?” деп те Перуашевке сұрақ қойылған. Депутат “парламентте ресми түрде сөйлеуге міндеттіміз” деді. “Сонда сіздің бұлай айтқаныңыз дұрыс болмады деп ойлайсыз ба”? деген сұраққа “ол жерде басқаша айтқанын” жеткізді.

Мен бұл жерде жауапкершілікті заңбұзушылықтың ауыртпалығына сай болуы керектігі туралы айтқанмын. Терминді пайдаланғаным дұрыс емес болды, рас. Мойындауым керек. Ал негізі көзқарасым сол күйі қалды. Жазалау деген заңбұзушылық сай болуы керек деп санаймын, – деді ол.

ТОҚАЕВТЫҢ ЕСКЕРТУІ

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады деп ескерткен еді. Оның сөзінше, “өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар. Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болған”. “Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе”, дейді президент.

ДЕПУТАТ БҰЛАЙ ҚАЙДА АЙТТЫ

Азат Перуашев бастаған “Ақ жол” партиясының депутаттары 2024 жылдың 4 желтоқсанында қомақты айыппұлдарды көздейтін әкімшілік кодекстегі өзгерістерді қолдамаған еді. Ол заңға енгізілген түзетулердің 80%-ы репрессиялық сипатқа ие екенін баса айтып, “Штрафстан құрып жатырмыз” деп өткір сөйлеген.