×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

Журналистерге жасалған шабуылдардың үйлестірушісі ұсталды

28.02.2023, 10:57
Коллаж: Ulysmedia.kz

ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топты ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы “Қорқыту”, 147-бабы “Жеке өмірге қол сұғу”, 158-бабы “Журналистік қызметке кедергі келтіру”, 202-бабы “Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру” және 293-бабы “Бұзақылық” бойынша айып тағылуда. 

“Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда “тапсырыстар” беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді. Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар. Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау”, – делінген ІІМ хабарламасында.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы редацияға жасалған алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар, сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.

Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.

18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.

19 қаңтарда журналист және Hyperborey YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін әлдебіреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.

Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 20 ақпанға қараған түні әлдекім журналист Вадим Борейкноның операторының екі көлігін өртеп кеткен.

Сонымен қатар, 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

 

Серіктес жаңалықтары