×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

Dauletten Парламентке не үшін бара жатыр – Ұлыс сұхбат

17.03.2023, 10:45

Ұлыс сұхбаттағы кезекті қонағымыз – жұртқа аты мәлім қоғам белсендісі, блогер, елдің қаржылық сауаттылығын арттырам деп еңбек етіп жүрген Дәулет Мұқаев.

Дәулет саяси өмірге бүгін ғана араласып отырған жоқ. Кезінде «Адал» партиясының құрамында болып, Парламентке ұмтылып, саяси ойындардан көңілі қалған. Бұл жолы ол бірмандаттық жүйе беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, тәуелсіз кандидат ретінде бақ сынап көрмек. Ол сайлауға Астана қаласының Есіл, Сарыарқа аудандарынан түсіп жатыр.

Мәжілісте қарапайым халықтың баспаналы болуына, әлеуметтік жағдайының дұрысталуына атсалысқысы келеді.

Білім беру жүйесіне, мемлекеттік тіліміздің қанат жаюына, құмар ойындарға шектеу қоюға қатысты да ұсыныстары бар. Біз оның басқа да стратегиялық маңызды сұрақтарға қатысты позициясын білдік.

Көңілімді қалдырғаны – Адал партиясы

«Сайлауға бармаймын деп ойлап жүретін едім. Себебі көңілім қалған бір нәрсе – Адал партиясы. Тізімді болып, сайлаудың үгіт-насихатын жасап, сөйтіп жүрген кезде нәтижесі 3,7 пайыз ба сондай ғана болды. Кейін балаларға «мыналар бізге сүттің процентін қойып бере салды ғой» дегенім бар. Қаншама адам жазды. Содан кейін сайлаудан көңілім қалды», - дейді ол.

Дәулет Мұқаев әйтсе де Қаңтар оқиғасынан кейін елге өзгерістер келіп, сайлауға тек партиялар емес мажоритарлы тізіммен өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі туған соң сайлауға түсуге бел шешкен. Оның алдында мәжілістің кейінгі құрамы тараған кезде блогер әлеуметтік желіге «Жаңа Қазақстанның жаңа парламентінен кімдерді көргіңіз келеді?» деп сұрақ қалдырған екен. Сол жазбасында 6,5 мыңға жуық адам пікір қалдырып, 6 мыңы «Дәулет депутат болсын» деген сөз қалдырған.

«Сол пікірлерді оқып отырып, рухтанып күш жинап аладың екенсің. Содан кейін сілтемені алдым да, өзімнің туысқандарымның ортақ чатына жібердім. Ата-анам саясатқа қарсы адамдар. Олардың пікірі маған қымбат еді. Бір уақытта кешке қарай әкем «ойыңды түсіндім, батамды берейін» деп жазды. Содан кейін командамның балаларына айтып едім, олар қолдаймыз деді. Содан кейін штабты ашып, қазір сол жұмысты белсенді түрде жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Ақорданың жобасысыз ба?

Дәулет  Мұқаевқа қазір біршама адам осылай да сұрақ қояды. Сұрақтың қойылатын жөні де бар. Бірақ ол барынша ақпаратты дұрыс беруге тырысатынын, кейбір адамдардың ақпаратты «былай жазып әлеуметтік желіңе салшы» деген өтінішін орындамайтынын атап өтеді.

«Мені де жоба ретінде айтып жататындар бар. Мысалы президент Тоқаевпен түскен суретімді көрсетеді. Пандемия кезінде алғашқылардың бірі болып 300 оттегі концентрат аппаратын Түркиядан әкелдік. Өйткені қаншама адамға ауа жетпей жатқан кезде шыр-пыр болып, біздің үніміз президентке дейін жеткен. Алты ай сертификатын күтесің деген кезде күйініп пост жазғаным бар. Сол әсер етті ме, сол оқиғадан кейін біз бүкіл Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып 300-ден астам оттегі концентратын алып келдік», - дейді ол.

Депутаттыққа кандидат бала кезден көп мәселені ақылмен шешу керек деп есептейтінін айтады. Сөзінше, кез келген азамат мемлекеттік қызметке «жоқшылықпен емес, тоқшылықпен баруы керек».

Кандидат сонымен бірге АЭС туралы да ойын ортаға салады. Алып нысан Қазақстанда салынған кезде елдегі жемқорлықтың салдарынан үлкен қауіп туғызбай ма деген қоғамның үрейін де жеткізеді.

«Менің ішкі позициям – Франция салса екен деймін. Ресей салсын деген мәселе дауысқа салынса, мен қалыс қалам. Мүмкін бұл нәрсені референдумға шығару керек шығар. Мысалы ол мемлекет кез келген мәселені халықпен ақылдасады. Тіпті қоғамдық орында темекі тартамыз ба, әлде жоқ па деген мәселеге дейін. Сондықтан, осындай бір мемлекеттік деңгейдегі мәселені референдумға шығару керек», - дейді ол.

Дәулет Мұқаевтың сәләфиттерге қатысы бар ма?

Қоғамда «салафиттер алға жылжытып жатқан кандидаттың бірі – Дәулет Мұқаев» деген де пікір бар. Әлеуметтік желіде мұны ашық жазып жатқандар бар. Кандидат бұл мәселені өзі қозғады.

«Мені біреулер Айнұр Тұрсынбаевамен байланыстырып салафит қылып қойды. Оның артында Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабековтар бар деп. Менің бір артықшылығым немесе кемшілігім – өз ұлтымнан ешқашан жамандық көрмейді екенмін. Әзілхан Нұршайықовтың «ең жаман адамның өзінің жақсылығы болады» деген сөз бар. Қандай адам болмасын жақсылық көргім келеді. Қазақстанның жамандығы айтылып жатыр, мен бірақ барынша алдағы болашақ жақсы болатынына сенгім келеді», - дейді ол.

Соғыс жайлы пікірі

Журналист Дәулет Мұқаевтан Украина мен Ресей арасындағы соғыс жайлы пікірін сұрады. Блогер барлық елде бейбітшілік болуы керектігін, елдің тыныштығы жоғары тұруы керек деп есептейді.

«Кейде маған сіз Ресей жақтасыз ба, әлде Украина жақтасыз ба деп сұрайды. Мен Қазақстан жақтамын. Өзіміздің де проблемамыз көп. Әскер саласында өзіміз мықты болуымыз керек», - дейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын ULYSMEDIA youtube-арнасынан көре аласыздар.

Серіктес жаңалықтары