×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Киіктің емес, адамның обалына қалмайық – депутат шығынға батқан шаруалар жайлы

24.05.2023, 13:22
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжілістің депутаты Аян Зейнуллин киіктің санының көбеюінен шығынға батқан шаруалар мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Киіктің киесінен қорқып, жануарға жанашырлықпен қарайтын қазақ үшін обал-сауаптың орны ерекше. Алайда бүгінгі күні жағдай мүлде басқаша болып тұр. Себебі киік санының күрт көбеюі шаруашылыққа жайлы болып тұрған жоқ. Соңғы мәліміттерге сәйкес киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысына тиесілі. Негізінде, салалық министрліктің есебі бойынша киіктердін саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржы желге ұшады», - деді Зейнуллин.

Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанның солтүстігінде жылына 150 мың гектардай егін алқаптары бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды.

«Несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болуда. Мұндай жағдайда Үкіметтің жайбасарлығы таңқалдырады. Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары қауқарсыз болып отыр. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ. Бұған менің еш қатысым жоқ деп, тек сырттан ғана қарап қалай отыра аламыз? Сонымен қатар түрлі себеппен өліп жатқан киіктер де көп кездесуде. Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртының қызығушылығы артатыны – заңдылық. Кәдеге жаратпаса да, қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, оны, ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек», – деді депутат.

Аян Зейнуллин бұл мәселеде киіктің емес, адамның обалына қалуымыз мүмкін екенін айтты.

«Сондай-ақ өліп жатқан киіктер түрлі ауру ошағына айналады. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады. Қазақстанға киік мәселесімен қаншама шетелдік эксперттер келгенімен, ешқандай нақты қадам жоқ. Қорыта келе айтарымыз: Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы. Осы ретте дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін, оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Егер Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізу керек. Бұл мәселеде нақты шешім керек», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары