Өскеменде киік етін сатушылар бөлшек саудадан ірі көлемдегі көтерме жеткізілімге көшуді көздеп отыр. Әзірге бұл ерекше өнімді тұрғындар көбіне үйде дайындау үшін сатып алады. Алайда алдағы уақытта киік еті жергілікті дәмханалар мен мейрамханалардың мәзіріне енуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сиыр және тауық етіне бәсекелес
YK-news.kz жазуынша, киік еті Өскеменде қазан айында сатылымға шыққан. Қала тұрғындарының жаңа өнімге көзқарасы әртүрлі болды. Бірі оның қауіпсіздігіне күмән келтірсе, енді бірі дәмі мен қолжетімді бағасын жоғары бағалаған. Киік етінің бір келісі үйреншікті ет түрлерінен арзан болған.
– Қазір Өскеменде ет негізінен жеке адамдарға бөлшек саудамен және тұтас ұша түрінде сатылып жатыр. Алайда бұл кезең тек өніммен таныстыруға арналған. Алдағы уақытта тұрақты әрі ірі көлемдегі көтерме жеткізілімдерді жолға қоюды жоспарлап отырмыз, – деп жазды басылым KOC company қызметкеріне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қала тұрғындарының өнімге қызығушылығы жоғары. Ал кафе мен мейрамхана иелері әзірге киік етін мәзірге қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Контекст
Қазақстанда киік атуға 1999 жылдан бері мораторий қолданылып келді. Оны 2023 жылғы қазанда алып тастады.
2025 жылдың жазына қарай киік саны 3,9 миллион басқа жетті. Осыдан кейін Экология министрлігі жануарлар популяциясын тұрақты реттеу шараларын қайта қолға алып, олардың жалпы санының 20 пайызына дейін алуға мүмкіндік беретін шешім қабылдады.
Киік етін өңдеуге ірі кәсіпорындар да қосылды. 2025 жылғы тамызда киік еті алғаш рет заңды түрде бөлшек саудаға шығарылды. Ал 2026 жылғы қаңтарда дүкен сөрелерінде одан дайындалған консервілердің алғашқы партиялары пайда болды.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандықтардың киік етінен жасалған консервілерді сатып алуға құлықсыз екенін мойындаған еді.