Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс тек «бауырлас елдер» деңгейіндегі символикалық қатынаспен шектелмейді. Анкара мен Астана бүгінде қауіпсіздік, логистика, қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, цифрландыру және Транскаспий дәлізі секілді стратегиялық бағыттарда жаңа кезеңге қадам басып отыр.
Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу Ulysmedia-ға берген сұхбатында түрік басшысының Астанаға сапары аясында жасалатын маңызды келісімдер жайлы айтып, Түркі мемлекеттері ұйымының 2040 жылға дейінгі интеграциялық жоспарына, Каспий дәлізінің болашағына, қорғаныс саласындағы ортақ жобаларға және екі елдің жаһандық дағдарыстарға қатысты ортақ ұстанымына тоқталды.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯНЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
– Елші мырза, жуырда өткен Анталия дипломатиялық саммиті тағы да Орта Азия елдерінің маңыздылығын, Қазақстанның дипломатиялық рөлін, Түркияның өңірлік және жаһандық саясаттағы белсенділігін көрсетті. 14 мамырда Түркия басшысы Ердоған мырза Қазақстанға ресми сапармен келіп, Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысады. Қазіргі геосаяси процестерде бұл ұйымның рөлі орасан деп білеміз. Бұл сапарда қандай келісімдерге қол жеткізіледі, қандай келіссөздер жоспарланып отыр?
– Анталия дипломатиялық форумы өңірлік әрі жаһандық өзгерістер аса қарқынды өрбіген кезеңде өте сәтті уақытқа сәйкес ұйымдастырылды. Форум аясында көптеген мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері, сыртқы істер министрлері мен жоғары лауазымды тұлғалар бас қосып, өңірімізде және әлемде болып жатқан оқиғаларды талқылады.
Қазақстан тарапынан форум жұмысына жоғары деңгейдегі делегация қатысты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Анталия дипломатиялық саммитіне қатысуы форумның мазмұны мен маңызын одан әрі арттыра түсті. Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы істер министрі де форум аясындағы іс-шараларға қатысты. Форум шеңберінде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы да өтті. Бұл маңызды оқиға болды. Өйткені өзіңіз атап өткендей, қазіргі кезеңде өңірімізде аса маңызды жағдайлар орын алуда. Осындай жағдайда өзара жақын мемлекеттер мен ұйымдардың кеңесіп, алдағы кезеңнің жағдайын бірлесіп талқылауы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан тек мемлекеттеріміз үшін ғана емес, тұтас өңір үшін де ерекше маңызға ие.
Президентіміз Реджеп Тайип Ердоған мырза мамыр айының ортасында Астана қаласына екіжақты сапармен келіп, сондай-ақ Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдердің басшыларымен кездеседі.
Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар құқықтық әрі саяси тұрғыдан 1991 жылғы 16 желтоқсанда Түркияның Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде тануынан бастау алады. Алайда халықтарымызды байланыстыратын ортақ тарихтың тамыры тым тереңде жатыр. Екі ел арасындағы мәдени және тарихи тұтастық, сондай-ақ екі халықтың өзара жақындығы мен байланысы тек 1991 жылғы дипломатиялық танумен шектелмейді, оның бастауы әлдеқайда бұрын қаланған. Сол себепті Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастарды Қазақстанның басқа мемлекеттермен байланыстарынан даралайтын негізгі ерекшелік – ортақ тарихи тамыр, мәдени жақындық, тілдік және діни бірегейлік. Сондықтан екіжақты қатынастар ресми-құқықтық негізде 1991 жылы бастау алғанымен, іс жүзінде біздің байланыстарымыз өзгелерге қарағанда әлдеқайда бұрын қалыптасқан болатын.
Мынаны да айта кеткен жөн. 1991 жылы Қазақстан әлі тәуелсіздігін ресми түрде жарияламаған кезеңде сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзал Алматы қаласына сапармен келген болатын. Осы сапар аясында Қазақстан өзінің тұңғыш халықаралық келісіміне дәл Түркиямен қол қойды. Сол кезеңдегі Қазақстанның сыртқы саясатына жауапты министрінің «Біз алғашқы халықаралық келісімімізді Түркиямен жасадық» деген мәлімдемесі де бар. Сондықтан Қазақстан 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін ресми түрде жарияламай тұрып-ақ, Тұрғыт Өзалдың сапары екі ел арасындағы қатынастар тарихындағы маңызды бетбұрыстардың біріне айналды.
Жылдар өте келе екі ел арасындағы қарым-қатынастар айтарлықтай нығайып, жаңа деңгейге көтерілді. 1992 жылғы ресми статистикаға сәйкес, екіжақты сауда айналымы шамамен 50 миллион АҚШ долларын құраған еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 10 миллиард долларға жетті. Мемлекет басшыларының соңғы ресми кездесуі, өзіңіз білетіндей, 2025 жылғы 29 шілдеде Анкара қаласында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша 20 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдердің елеулі бөлігі экономикалық ынтымақтастыққа қатысты. Сонымен қатар, қауіпсіздік, энергетика және өзге де салалардағы өзара ықпалдастықты қамтитын келісімдерге де қол қойдық.

«КЕҢЕЙТІЛГЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК» ДЕГЕН НЕ?
Мамыр айында Астана қаласында өтетін сапар аясында да маңызды келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы дайындық жұмыстары Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүргізудеміз. Келісімдердің басым бөлігі экономика, инвестиция, қауіпсіздік және энергетика салаларын қамтиды. Құжаттардың нақты мазмұны толық нақтыланғаннан кейін бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына ресми түрде хабарланады. Аталған сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге де елеулі серпін беретін болады.
Өздеріңіз білетіндей, Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастар 2009 жылы «стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді. Ал 2022 жылы екіжақты байланыстар «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді. Кеңейтілген стратегиялық әріптестік ұғымы қолданыстағы ынтымақтастығымыз бен байланыстарымызды одан әрі тереңдете отырып, өзара байланыс деңгейі төмен салалардағы ықпалдастықты кеңейтіп, жаңа бағыттарды дамыту дегенді білдіреді. Сол себепті 2022 жылдан бері біз қолданыстағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге күш салып келеміз. Бұл ретте жаһандық үдерістерді ескере отырып, ынтымақтастық аясын қауіпсіздік пен энергетика бағыттарымен толықтыруға айрықша мән берілуде. Сонымен қатар жаңа бағыттардағы ынтымақтастыққа жол ашатын жұмыстарды да белсенді түрде жүргізіп келеміз. Әрине, бүгінде әлемде өзгерістер өте қарқынды жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, соңғы 15-20 жылда жасанды интеллект, цифрландыру және телекоммуникация секілді салалар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алдағы онжылдықтың даму басымдықтарын айқындау барысында біз жаңа бағыттардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге мән береміз. Екі елдің өсіп-өркендеуіне нақты үлес қосатын өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мақсатында осы бағыттағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да дәйекті түрде жалғасын табады.
ТМҰ АЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА БАСТАМАЛАР
– Түркі мемлекеттері ұйымы аясында біраз жаңа бастамалар болатыны сөзсіз. Оның ішінде сарапшылар цифрлық, экономикалық кеңістікті бірлесе құру туралы айтып жатыр. Бұл бағыттарда нақты қандай ілгерілеулер болуы мүмкін?
– Өздеріңіз білетіндей, Орталық Азия, жалпы алғанда Азия өңірі соңғы жылдары геосаяси және экономикалық үдерістердің ықпалымен әлемдік қызығушылықтың негізгі орталықтарының біріне айналды. Бүгінде бес мүше мемлекеттен тұратын Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы Түркі әлемі 200 миллионнан астам халықты қамтитын және экономикалық көлемі 2 триллион доллардан асатын ірі кеңістікке айналып отыр. Бүгінде бес мүше мемлекеттен тұратын Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы Түркі әлемі 200 миллионнан астам халықты қамтитын және экономикалық әлеуеті 2 триллион доллардан асатын ірі кеңістікке айналып отыр. Бұл көрсеткіштер Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық ұйымдар арасында экономикалық және сауда әлеуеті тұрғысынан жетекші орындардың бірін иеленетінін көрсетеді. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы ретінде осы зор потенциялды мүмкіндігінше тиімді пайдалануды көздеудеміз.

Түркі мемлекеттері ұйымының басты мақсаттарының бірі – экономикалық және сауда интеграциясы. Бұл бағыт көптеген саланы, атап айтқанда, кедендік рәсімдерді жеңілдету, логистика саласындағы ықпалдастықты күшейту, халықтар арасындағы өзара жақындасуды тереңдету, сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қамтиды.
Егер 2021 жылы қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатына назар аударсақ, Түркі мемлекеттері ұйымы 2040 жылға дейін жүзеге асырылатын негізгі қадамдар мен басым бағыттарды айқындайтын нақты жол картасын қалыптастырғанын көруге болады. Аталған жол картасы негізінен төрт негізгі бағыттан тұрады. Сонымен қатар, осы төрт негізгі бағыт аясында көптеген салалық тармақтар мен нақты ынтымақтастық бағыттары қамтылған. Түркі мемлекеттері ұйымы 2040 жылға дейін атқарылатын негізгі міндеттер мен басым бағыттарды 2021 жылғы Стамбұл саммиті барысында айқындаған болатын. Аталған бағыттардың біріншісі – саяси және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, екіншісі – экономикалық және салалық ықпалдастық, үшіншісі - халықтар арасындағы байланыстарды нығайту, ал төртіншісі – институционалдық құрылымды дамыту мәселелерін қамтиды.
Бұлар жалпы негізгі бағыттар. Алайда олардың аясында білім беру, қауіпсіздік, шекара қауіпсіздігі секілді көптеген қосымша салалар қамтылған. Осы бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар күн өткен сайын Түркі мемлекеттері арасындағы интеграцияны одан әрі тереңдете түсуде. Егер осы бағыттар бойынша көзделген ынтымақтастық шаралары толық іске асса, 2040 жылға қарай Түркі әлемінің интеграциясы толыққанды деңгейге жетеді. Бұл өз кезегінде мүше мемлекеттер үшін ғана емес, өңірлік ынтымақтастықты нығайту, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан да аса маңызды қадам болмақ.
Түркі мемлекеттері ұйымының өңірлік те, жаһандық та бейбітшілікке қосып отырған үлесі айрықша маңызды. Жоғарыда атап өткенімдей, Азия кең ауқымда, ал Орталық Азия тар аяда алғанда әлемдік ірі державалардың назарын өзіне аударған стратегиялық орталыққа айналып отыр. Әлемдік экономикалық және қаржылық орталықтың біртіндеп Батыстан Шығысқа қарай ауысып келе жатқаны бүгінде бәріне мәлім екені анық. Бұл, ең алдымен, Батыс елдері бастаған халықаралық қауымдастықтың аталған өңірге деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркі мемлекеттері ұйымы бұл бағыттағы қадамдарын ерте бастап, маңызды басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан тарихы, мәдениеті және тілі ортақ мемлекеттер арасындағы осындай тығыз ынтымақтастық қазіргі геосаяси өзгерістер мен жаһандық белгісіздік жағдайында айрықша маңызға ие. Біз бүгінгі жеткен 2026 жылында көптеген маңызды мақсаттарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. 2021 жылы қабылданған Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатында айқындалған мақсаттарға сәйкес, мүше және бақылаушы мемлекеттер арасындағы ықпалдастықты толық нығайтып, өңірге бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу әкелетін Түркі мемлекеттері ұйымы қалыптасатынына сеніміміз мол.
ТРАНСКАСПИЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК БАҒЫТЫНЫҢ РӨЛІ
– Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артып отыр. Енді логистикалық түйткілдерді жою, кедендік рәсімдерді үйлестіру үшін Анкара мен Астана қандай нақты қадамдар жасамақ?
– Түркі мемлекеттері ұйымының ең маңызды мақсаттарының бірі – сауда-саттықты жеңілдету. Сондай-ақ ұйымның басты мақсаттарының бірі – инвестицияларды ынталандыру арқылы мүше мемлекеттер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту. Әрине, кеден саласындағы техникалық жұмыстардың маңызы зор. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында да, Қазақстанмен жасалған екіжақты келісімдер шеңберінде де кеден рәсімдерін жеңілдету өзара сауда айналымының артуына елеулі серпін береді. Осы бағытта бұған дейін қол қойылған бірқатар келісімдердің өткен жылдары күшіне енгенін де атап өтуге болады. Кеден рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған келісімдердің арқасында өзара сауда көлемі артып, сауда үдерістері анағұрлым оңай әрі тиімді жүзеге аса бастағанын айтуға болады.

Каспий арқылы тасымал мәселесіне келсек, мен Сыртқы істер министрлігіндегі қызметімді осыдан 35 жыл бұрын бастадым. Сол кезеңнен бері Орта дәліздің маңызы үнемі атап өтіліп келеді. Алайда соңғы он жылда күшейген қайшылықтар, өңіріміздегі соғыстар, қақтығыстар мен келіспеушіліктер Орта дәліздің маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы нақты қадамдар әлдеқайда қарқынды жүзеге асырыла бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, экономикалық бағыт батыстан шығысқа қарай ығыса бастады. Өндірістің Шығысқа қарай ауысуы, ал тұтынудың негізінен Батыста шоғырлануы да бұл дәліздің маңызын арттырған тағы бір фактор болды. Өткен жылы Қазақстан Орта дәліз арқылы жүзеге асатын жүк тасымалы көлемінің айтарлықтай артқанын мәлімдеді. 2029 жылға қарай осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемін жылына 80 мың TEU-ден 300 мың TEU-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Әрине, бұл бағытта әр тарап өзіне жүктелген міндеттерді орындап, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қазақстан логистика тұрғысынан да, инфрақұрылымдық инвестициялар тұрғысынан да аса маңызды рөл атқарады. Ел автомобиль және теміржол салаларын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырды. Біз де өз тарапымыздан тиісті жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Баку – Тбилиси – Карс теміржолы жобасын тамамдадық. Негізінде біз бұл жолдан әлдеқайда бұрын өткен едік. Кейін жаңғырту жұмыстары арқылы бұл бағыттың өткізу қуатын арттырдық. Алдағы уақытта кеңейтілген қуатымен қайтадан толыққанды жұмысын бастайды. Сонымен қатар Түркия аумағында бұғаз арқылы өтетін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастырып келеміз. Стамбұл бұғазы үстіндегі Үшінші көпір аясындағы теміржол жобасы бойынша тендерді жуық арада өткізіп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «Мармарай» желісінен тікелей Батысқа жалғанатын теміржол бағытын да жүзеге асырдық.Сондай -ақ ауқымды инфрақұрылымдық инвестициялар арқылы автомобиль және теміржол желілерімен Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды жобаларды іске қостық. Және бұл бағыттағы жұмыстарымызды әлі де жалғастырып келеміз.
Бұл бағытта белгілі бір табиғи шектеулер де бар. Каспий теңізінің таяздану мәселесі де бар. Қазақстан тарапынан маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын білеміз. Жуырда өткен экологиялық саммит барысында да бұл мәселелер кеңінен талқыланды. Осыған байланысты Каспий арқылы өтетін жобаларға әсер ететін табиғи кедергілерді азайту және Каспий теңізінің таяздануына жол бермеу мақсатында маңызды шаралар қабылданып жатыр. Түркия ретінде біз бұл бағытта Қазақстанды қолдап әрі ынталандырып қана қоймай, екі ел арасындағы шарттық-құқықтық негізін нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Алдағы кезеңде Каспий бағытын толық қуатында тиімді пайдалана аламыз деп сенеміз.
Әрине, Каспий арқылы өтетін логистика туралы айтқанда, ойымызға тек тауар тасымалы ғана келмейді. Бұл бағыт сонымен қатар коммуникация, инфрақұрылым, цифрландыру, интернет байланысын қамтамасыз ету, электрлендіру және электр энергиясын тасымалдау салаларында да маңызды рөл атқарады. Алдағы кезеңде біз бұл бағытты тек жаһандық үдерістердің ықпалымен қалыптасқан маршрут деңгейінде қалдырмай, оны тұрақты әрі сенімді көлік дәлізіне айналдыру бағытында жұмыс жүргіземіз. Қазақстан мен Түркия бұл бағытты тек қақтығыстар мен дағдарыстарға тәуелді емес, тұрақты негізгі транзиттік дәлізге айналдыру жөніндегі берік ұстанымын сақтап келеді.
15 МЛРД ДОЛЛАРЛЫҚ МЕЖЕГЕ ҚАЛАЙ ЖЕТЕМІЗ?
– Екіжақты қарым-қатынаста, әсіресе сауда мәселесінде үлкен межеге жеткен екенбіз. Қазақ-түрік сауда айналымының көлемі 10 миллиард долларға жетті. Энергетиканы есепке алмағанда, қандай салалар арқылы біз осы көрсеткішті 15 миллиард долларлық межеге жеткізе аламыз?
– Әрине, энергетика секторын есептемегенде, Түркия Қазақстанға ең көп инвестиция құюшы мемлекеттердің бірі болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, энергетика саласы ауқымды инвестицияларды талап етеді. Соңғы кезеңде біз энергетика саласындағы ынтымақтастықты да күшейтіп келеміз.
Жалпы алғанда, Түркияға мұнай экспорттайтын елдер арасында Қазақстан үшінші орында тұр. Осыған сәйкес, соңғы кезеңде мұнай экспортын ұлғайтуының нәтижесінде Қазақстан Түркияның негізгі энергия жеткізуші елдерінің арасында үшінші орынға шықты деуге болады. Бұдан бөлек, ынтымақтастықтың ауқымы көптеген сауда және экономикалық салаларды қамтып отыр. Түркия негізінен минералдық ресурстар, мұнай, ауыл шаруашылығы өнімдері мен бидай импорттайтын елдердің қатарында. Біз де Қазақстанға тоқыма өнімдерін, машина бөлшектерін және түрлі өнеркәсіптік тауарларды экспорттап келеміз. Алдағы кезеңде жаңа салаларға басымдық беріле түсетіні сөзсіз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы бағытында түрік компанияларының Қазақстанда ауқымды инвестициялық жобалары бар.
Сондай-ақ цифрлық экономика, еңбек ресурстары және қызмет көрсету экспорты салаларында да Түркия мен Қазақстан алдағы кезеңде өзара сауда көлемін едәуір арттыра алатын әлеуетке ие. Бұл бағыттағы әлеуетті де барынша тиімді пайдалануға ұмтылып отырмыз. 2019 жылы шамамен 3 миллиард доллар деңгейінде болған екіжақты сауда көлемінің бүгінде 10 миллиард долларға жетуі – өте маңызды белес.

2023 жылы Астанада өткен жоғары деңгейдегі кездесуде екі ел президенттері сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу мақсатын белгілеген болатын. Осы мақсатқа қол жеткізу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз осы мақсатқа жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Қазіргі уақытта жаңартылуы көзделген құжаттардың қатарында Инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісім де бар. Дайындық жұмыстары мерзімінде аяқталған жағдайда, бұл құжатқа алдағы жоғары деңгейдегі кездесу аясында қол қою жоспарланып отыр. Аталған келісімді жаңарту жоспарланып отыр. Бұл құжатқа алғаш рет 1992 жылы қол қойылған болатын. Қазіргі таңда біз бұл келісімді бүгінгі күннің шарттарына бейімдеу бағытында бірлесіп жұмыс жүргізіп, құжаттың түпкілікті нұсқасын пысықтап жатырмыз. Егер келісімге қол қойылса, өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратын бұл құжат екіжақты келісімдер қатарын толықтыратын болады.
ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ
– Қазіргі таңда қауіпсіздік мәселесі бүкіл әлемде өте өзекті болып тұр.Түркия мен Қазақстанның қорғаныс саласындағы ортақ жобаларының әлеуеті қандай және оны стратегиялық тұрғыдан қалай бағалауға болады? Бұл қарым-қатынас бұдан әрі өрби ме, әлде тек қару-жарақ сатып алумен ғана шектеле ме?
– Қауіпсіздік, қорғаныс өнеркәсібі және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық екіжақты қатынастарымыздың маңызды бағыттарының бірін құрайды. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері біз осы салалар бойынша өзара ынтымақтастықты кезең-кезеңімен нығайтып келеміз. Бүгінде қол жеткізілген деңгей тұрғысынан алғанда, әрине, алдымызда әлеуеті жоғары маңызды мүмкіндіктер бар және оларды тиімді пайдалануға ұмтылатын боламыз. Қазіргі таңда қорғаныс саласындағы ынтымақтастығымыз өзара көңіл толарлық деңгейде. Қазақстанмен бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізіп келеміз. Сонымен қатар, қорғаныс өнеркәсібі саласында да маңызы бар бірқатар ортақ жобалар мен нәтижелі ынтымақтастық жүзеге асырылып келеді.
Өздеріңіз білетіндей, Түркия 1970-жылдардан бері өз ұлттық қорғаныс өнеркәсібін жүйелі түрде дамытып келе жатқан мемлекет. Соңғы 20-25 жыл ішінде бұл салада айтарлықтай маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Түркия бүгінде қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін экспорттау көлемі бойынша әлемдегі жетекші 11 елдің қатарына енді. Әлемдік алпауыттар мен ірі державаларды ескерсек, Түркияның бұл деңгейге қысқа мерзім ішінде қарқынды әрі табысты түрде жеткенін айтуға болады.
Алайда қорғаныс өнеркәсібі – ұзақ жылдар бойы жүйелі еңбекті талап ететін сала. Бүгінгі күннің шарттарында технологиялық артықшылықты қамтамасыз ету мен заманауи өнімдер әзірлеу мемлекеттер үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды міндетке айналды. Қазақстанның өзінің ұлттық қорғаныс өнеркәсібін қалыптастыруға бағытталған саясатын қолдаймыз. Қазақстанның өз аумағында өндірілетін қорғаныс өнеркәсібі өнімдеріне ие болуын біз стратегиялық тұрғыдан аса маңызды әрі көреген қадам деп бағалаймыз. Біз бұл саясатты толық қолдаймыз. Біз қауіпсіздік пен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастыққа тек коммерциялық тұрғыдан қарамаймыз. Біз бауырлас әрі достас мемлекеттердің Түркияның қорғаныс өнеркәсібі саласындағы тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктерін пайдалануына ешқандай шектеу қоймаймыз. Бұл бағытта бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да мүмкіндік бар.

ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ СҰРАНЫС
– Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстан мен Түркия арасындағы ерекше қарым-қатынастың ішінде гуманитарлық және мәдени байланыстарды бөлек атап өтуге болады. Қазақ студенттері Түркияда оқуды ежелден дәстүрге айналдырған. Соңғы уақытта Қазақстанда үлкен бір тенденция басталды – ол шетелдік университеттердің филиалдарын ашу. Жалпы, Астана мен Алматы қалаларын санамағанда, Қазақстанның басқа өңірлерінде түрік университеттерінің филиалдарын ашу жоспарда бар ма?
– Түркия мен Қазақстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық негізінде 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылы Түркия тәуелсіздігін енді ғана алған Орталық Азиядағы бес мемлекеттен жалпы саны 10 мың студентті «Türkiye Bursları» бағдарламасы аясында білім алуға шақырып, оларға Түркияның жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігін ұсынды. 1992 жылы Қазақстаннан 2 мың студент Түркияға білім алуға барған болатын. Бүгінде елші қызметін атқарып жүрген кезеңде сол 1992 жылы Түркияда білім алып, қазіргі таңда жауапты әрі маңызды қызметтерде жүрген қазақстандықтармен жиі кездесіп, олармен байланысымды жалғастырып келемін. Бүгінде Türkiye Bursları бағдарламасы табысты түрде жалғасып келеді. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 300 студентке Түркияда білім алуға грант берілді.
Қазақстандық студенттердің Түркияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын атап өтейін. Хаджеттепе Университеті (Hacettepe Üniversitesi) секілді Түркияның жетекші медициналық жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттер білім алып жатыр. Сондай-ақ Стамбұл техникалық университеті (İTÜ - İstanbul Teknik Üniversitesi) сияқты елдің ең көне әрі беделді университеттерінде қазақстандық жастар инженерия және сәулет мамандықтары бойынша оқуда. Сондай-ақ Акдениз университеті мен Анкара университеті сияқты жоғары оқу орындарында да көптеген студент білім алуда.
Қазақстан соңғы кезеңде шетелге білім алуға жіберілетін студенттердің әлеуметтік ғылымдардан гөрі жаратылыстану ғылымдары, инженерия және медицина салаларында білім алуына басымдық беріп отыр. Мұны өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені біз болашақта елге қажет болатын инженерлерді, техникалық мамандарды, дәрігерлер мен стоматологтарды даярлап жатырмыз. Алдағы уақытта олардың Қазақстанда қызмет етіп жатқанын көретін боламыз. Тіпті бүгінде-ақ дәрігер қажет болып, ауруханаға барған кезде Түркияда білім алған мамандарды кездестіріп жүрміз.
Алайда өзіңіз атап өткендей, білім беру саясатының сипаты біртіндеп өзгеріп келеді. Қазақстан студенттерді шетелге жіберуден гөрі, шетелдік жоғары оқу орындарының ел аумағында филиал ашып, білім беру саласына инвестиция салуына басымдық беретін саясатты ұстанып отыр. Мәселен, Гази университеті аталмыш бағытта тиісті келісімге қол қойды. Жақын уақытта Шымкент қаласында Гази университетінің бір бөлімшесі ашылады.
Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында да бөлімшелер ашуға қатысты бірқатар жобаларымыз бар. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркия Жоғарғы білім беру кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) арасында келіссөздер жалғасып жатыр. Екіжақты форматта да, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында да Қазақстандағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастығымыз барған сайын тереңдеп келеді. Мұны ерекше қанағаттанушылықпен атап өткім келеді. Қазіргі таңда Түркияда 13 мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда. Біз олардың оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралып, ел игілігі жолында қызмет етеді деп күтеміз әрі мұны қолдаймыз.
ҚАЗАҚ-ТҮРІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА 35 ЖЫЛ
– Елші мырза, 2027 жылы, қателеспесем, Қазақстан-Түркия дипломатиялық қарым-қатынасына 35 жыл толады. Бұл – өте үлкен меже. Жалпы, осы мерейтой қарсаңында екіжақты қатынастың қандай моделін идеал деп санар едіңіз? Немесе біз әлі де назар аудармай жатқан дүниелер бар ма?
– Өздеріңіз білетіндей, мұны тағы да мақтанышпен айтқым келеді: Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Парламенті тәуелсіздік туралы жариялағаннан кейін небәрі 2-3 сағат ішінде Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Бұл екі ел арасындағы қатынастар тарихындағы айрықша маңызды оқиғалардың біріне айналды. Сондай-ақ, 1992 жылғы 2 наурызда дипломатиялық қатынастар орнатылып, бұл бағытта да алғашқы мемлекеттердің біріміз. Өзіңіз атап өткендей, алдағы уақытта екіжақты қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтетін боламыз. Осы 35 жыл ішінде аса маңызды қадамдар жасадық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық біздің басты басымдықтарымыздың бірі болды. Ортақ мәдениетімізді, тілімізді және тарихи байланыстарымызды нақты нәтижелерге ұластырып, оны екі ел мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау негізгі мақсатымыз еді. Бүгінде осы мақсаттарға едәуір деңгейде қол жеткізгенімізді сеніммен айтуға болады. Әрине, біздің әлеуетіміз бұдан да жоғары. Сондықтан бұл мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеміз.
Қазіргі таңда дипломатия тек мемлекетаралық қатынастармен шектелетін ұғым болудан қалды. Бүгінде дипломатия ұғымы қоғамдар арасындағы байланыстар мен қоғамдық дипломатия секілді жаңа бағыттармен толықты. Жаңа айтып өткенімдей, студенттер, шын мәнінде, мәдениет, білім және туризм бағыттарындағы өзара байланыстар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың маңызды әрі ажырамас құрамдас бөлігіне айналып отыр. Халықтар арасындағы тікелей байланыстар екі ел арасындағы ресми дипломатиялық қатынастардың нығаюына да елеулі үлес қосып отыр. Бұның жылдан-жылға дамып келе жатқанын көру біз үшін үлкен қуаныш. Түркияда білім алып жүрген 13 мың қазақстандық студент оқуын аяқтап, төрт жылдан кейін Қазақстанға оралғанда, сондай-ақ Қазақстанда білім алып жатқан түрік студенттері Түркияға қайтқанда, олар екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды жалғайтын маңызды көпірге айналады.
Туризм саласына да тоқталып өттік. Өткен жылы Түркия шамамен 900 мыңға жуық қазақстандық туристі қабылдады. Биыл да осыған жуық көрсеткішке қол жеткіземіз деп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістан қаласында 1992 жылдан бері білім беру қызметін жүргізіп келеді. Жоғарыда атап өткен қоғамдық дипломатия тұрғысынан қарағанда, осы оқу орнындағы студенттер де мемлекетаралық дәстүрлі дипломатиялық қатынастардың дамуына елеулі үлес қосып отырған маңызды факторлардың бірі.

Өзара қатынастарда қандай да бір келіспеушілік немесе мәселе жоқ. Қатынастардың 35 жылдық кезеңінде екі елдің күн тәртібі толықтай оң ынтымақтастыққа негізделіп отыр. Басты мақсат осы оң күн тәртібіндегі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, байланыстарымызды одан әрі нәтижелі деңгейге көтеру және оны екі елдің мүддесіне сай нақты жетістіктерге айналдыру.
ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
– Елші мырза, туризм жайын айтпай кетуге болмайды. Шыны керек, Түркия – қазақстандықтардың демалатын ең сүйікті елі. Халық жиған-тергеніне бала-шағасымен Түркияда демалуға тырысады. Алда туристік маусым келе жатыр. Қазір қазақстандықтарды «туристік пакеттер қымбаттай ма, жаңа бағыттар мен жаңа ұсыныстар бола ма?» деген сұрақтар қызықтырады. Осы тұрғыда ойыңызды айта кетсеңіз.
– Әрине, демалыс пен туризм – жыл бойы еңбек еткен адамдардың отбасымен бірге тынығып, сергіп қайтуына мүмкіндік беретін қысқа кезең. Түркия бұл тұрғыдан ырысты ел. Географиялық жағынан еліміздің үш жағын теңіз қоршап жатыр, сондай-ақ заманауи қонақүйлер желісі жақсы дамыған. Бұл салаға қомақты инвестициялар салынды. Өткен жылы Түркия шамамен 60 миллион турист қабылдады. Олардың қатарында жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақстандық бауырларымыз да болды. Биыл да Қазақстаннан келетін туристер саны осы деңгейде болады деп күтіп отырмыз.
Алайда бізді қуантатын тағы бір жайт – Түркия бүгінде тек жағажай туризмімен ғана танылатын ел болудан әлдеқашан өтті. Көпғасырлық тарихының арқасында мәдени туризм мен табиғат туризмі де қарқынды дамып келеді. Осы саладағы тарихи орындарымызда да қазақстандық бауырларымызды көру біз үшін үлкен қуаныш. Тек Анталия, Бодрум, Мармарис секілді жағалау аймақтарында ғана емес, сонымен қатар таңғажайып табиғатымен ерекшеленетін Қара теңіз өңірінде де. Бұл өңірді танытуға бағытталған арнайы таныстырылым пакеттеріміз бар. Қазақстаннан журналистерді шақыру арқылы осы өңірлер мен аймақтардың да кеңінен таныстырылуына басымдық бердік. Алдағы жылдары Қара теңіз өңірінде, соның ішінде Шығыс және Батыс Қара теңіз аймақтарына келетін қазақстандық бауырларымыздың саны арта түседі деп сенеміз.
БІРЛЕСКЕН АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ҚҰРЫЛА МА?
– Туризмнен бөлек, қазақ халқы түрік телехикаяларын да сүйіп көреді. Осындай ақпараттық кеңістік заманында, манипуляция мен дезинформация белең алған дәуірде, жалпы, түрік пен қазақ елі бірлескен ақпараттық кеңістік құруы мүмкін бе?
– Ақпарат саласындағы ынтымақтастығымыз бұрыннан қалыптасқан. Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркияның Коммуникациялар басқармасы арасындағы ынтымақтастық ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Өзіңіз атап өткендей, қазір ақпарат пен коммуникация дәуірі. Бүгінде жаңалықтар, кей жағдайда жалған ақпарат та өте жылдам таралып, қоғамда манипуляциялық әсер тудыруы мүмкін. Бұл бағытта біз Түркия ретінде өз инфрақұрылымымызды да, құқықтық негізімізді де нығайттық. Тек коммуникациялар басқармасы ғана емес, өзге де бірқатар мекемелеріміз жалған ақпарат пен манипуляциялық хабарларға қарсы тұруға жан-жақты дайын. Байланыс дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Пропоганда мен манипуляция бүгінгі заманның ең елеулі қатерлерінің біріне айналды. Түркия мен Қазақстан бұл тұрғыда өзара тәжірибе алмасып келеді және алдағы уақытта да бұл ынтымақтастықты жалғастыра беретін болады.
ЖИ САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК
– Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу және технологияларды дамыту барысында өте белсенді қадамдар жасап жатыр. Түркия елінде де цифрлық трансформация бойынша өте үлкен тәжірибе бар. Жалпы, Орталық Азия мен Африка нарығына экспорттауға арналған Қазақстан мен Түркияның ортақ IT-шешімдерін әзірлеу жоспарда бар ма?
– Әлбетте, екі ел өзара ынтымақтаса отырып, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация салаларында басқа өңірлерге де елеулі үлес қоса алатын әлеуетке ие деп ойлаймын. Өткен апталарда Вице-президентіміз Джевдет Йылмаз мырза Астанаға сапармен келді. Аталмыш сапар барысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрімен бірге жасанды интеллект орталығын аралау мүмкіндігіне ие болдық. Қазақстанның бұл салада аса маңызды қадамдар жасап жатқанын жақсы білеміз. Түркияда да соңғы кезеңде осы бағытта институционалдық даму процессі өте қарқынды түрде басталды.
Әңгімеміздің басында өзіңіз қойған «ықтимал жаңа салалар қандай болуы мүмкін?» деген сұраққа ішінара жауап ретінде мынаны қазірдің өзінде айта аламын: алдағы кезеңде Түркия мен Қазақстан цифрландыру және жасанды интеллект бағытында маңызды ынтымақтастық орнататын болады. Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің басты тақырыбы да жасанды интеллект пен цифрландыруға арналмақ. Сондықтан екі ел екіжақты деңгейде де, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы аясында да бұл саладағы ынтымақтастықты жалғастыра беретін болады.

ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТҚАН ҚАҚТЫҒЫСТАР
– Анталия саммитінде, Ердоған мырзаның да, Тоқаев мырзаның да айтқан месседждері үндесіп жатыр, ортақ бір үн бар. Мысалы, Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын қайта қарастыру керек екенін, әлемді бейбітшілікке шақырып, қақтығыс жасап жатқан елдер бар екенін айтты. Ердоған мырза өз тарапынан Анталия саммитінде Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді жүргізуге, арнайы саммит ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Газадағы Израиль мәселесіне қатысты өте мықты мәлімдемелер жасалды.
Қазақстанның дипломатиялық мәлімдемелеріне, әсіресе осы Анталияда Тоқаев мырзаның БҰҰ-ға қатысты айтқан пікіріне байланысты өз ойыңызды білуге бола ма?
– Президенттеріміздің пікірлерімен келіспеу, әрине, мүмкін емес. Себебі бәріміз де әлемде болып жатқан қақтығыстарды бақылап отырмыз. Осы жанжалдарды реттеуде маңызды рөл атқаруы тиіс Біріккен Ұлттар Ұйымы кейбір жағдайларда жеткілікті деңгейде ықпалды бола алмай отырғанын да көрудеміз.
Сондықтан жаңа халықаралық құрылымға деген қажеттілік туындап отыр. Түркия ретінде біз ұзақ уақыттан бері Біріккен Ұлттар Ұйымы реформасының, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың қажет екенін айтып келеміз. Бұл мәселеде Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен де ортақ көзқарастамыз. Әлем бойынша қазіргі жүйенің жеткіліксіздігі барған сайын айқынырақ байқалуда.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан қазіргі құрылым бүгінгі күрделі жаһандық дағдарыстарды шешуде қиналып отыр. Тіпті көптеген жағдайда нақты шешім ұсына алмай отырғаны да белгілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мырза атап өткендей, орта деңгейдегі державалар бұл үдерісте маңызды рөл атқара алады. Әрине, бұл мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі олқылықтардың орнын жалғыз өздері толтыра алмайды. Алайда бейбітшілікті нығайту мен дипломатиялық шешімдерді ілгерілетуде өзара ынтымақ пен үйлесімді әрекет арқылы аса маңызды үлес қоса алады.
Сонымен қатар ең басты қажеттілік – ең маңызды халықаралық ұйым болып саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесін реформалау. Бұл реформа қазіргі заман талаптарына сай жүргізіліп, ұйымның бүгінгі дағдарыстарға шешім ұсына алатын тиімді құрылымға айналуын қамтамасыз етуі тиіс.
Түркия мен Қазақстан ретінде біз де бейбіт шешімдер табу жолында қолдан келгеннің бәрін жасап келеміз. Түркия Ресей мен Украина арасындағы процесте екі тараппен де байланысын үзбей, маңызды дипломатиялық рөл атқарды. Дағдарыстың алғашқы кезеңдерінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, Стамбұлда ұйымдастырылған келіссөздердің арқасында, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі саласында ірі дағдарыстың туындауына жол берілмеді.
Сол сияқты Қазақстан да бітімгерлік әрі жеңілдетуші рөлі арқылы көптеген халықаралық мәселелерде бейбіт шешімдердің қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.
Алдағы кезеңде Түркия мен Қазақстан ретінде ынтымақтастығымызды одан әрі күшейтіп, осындай жаһандық дағдарыстарға бірлескен шешімдер ұсынуды жалғастыра беретін боламыз. Өйткені әлемнің бір бөлігінде туындаған дағдарыс бүгінде өте қысқа уақыт ішінде өзге өңірлерге де әсер етеуде. Әсіресе Таяу Шығыстағы оқиғалар мен Ресей-Украина дағдарысы тек қауіпсіздік саласына ғана емес, экономикаға, саудаға және энергия жеткізу қауіпсіздігіне де елеулі әсерін тигізді.
Сондықтан екіжақты деңгейде де, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы секілді көпжақты алаңдар аясында да ынтымақтастығымызды күшейту айрықша маңызды. Анталия дипломатиялық форумы барысында да байқалғандай, Түркия мен Қазақстан көптеген мәселеде ортақ көзқарасты бөлісіп, бірлескен шешімдер әзірлеуге дайын екенін көрсетіп отыр.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА
– Құрметті елші мырза, сіз Қазақстанда үлкен тарихи реформалар мен мемлекеттік модельдің жаңа кезеңіне ауысып жатқан уақытта жұмыс жасап жатырсыз. Қазақтың менталитетін де байқап, танып жатқан шығарсыз. Қазақтың түрік халқына жақын көрінетін қандай тұстарын аңғардыңыз? Және де, керісінше, өзіндік ұлттық ерекшелігі ретінде еліміздің қандай аспектілерін атап айта аласыз?
– Қызметіме кіріскен күннен бастап, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Қазақстанның бірқатар реформалық мақсаттарды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, оларды кезең-кезеңімен іске асырып жатқанын жақыннан бақылап келемін. Соңғы кезеңде Конституцияға енгізілген өзгерістердің референдумға шығарылып, Қазақстан халқының еркімен басым көпшілік дауыспен қабылданғанын зор ризашылықпен қабылдадық.
Бүгінде мемлекеттердің сыртқы аренада қуатты болуы үшін, ең алдымен ішкі тұрғыдан да мықты болуы қажет екенін жақсы білесіздер. Біз бұл реформалардың Қазақстанды ішкі жағынан әлдеқайда қуатты мемлекетке айналдыратынына сенім білдіреміз әрі қолдау көрсетеміз.
Сонымен қатар, осы реформалар барысында заң шығару саласында бір палаталы жүйеге көшу және жаңа институттардың құрылуын аса маңызды қадамдар деп бағалаймыз.
Түркияда да бұған дейін осындай құрылымдық реформалар мен конституциялық өзгерістер жүзеге асырылған болатын. Қазақстанда да соған ұқсас жаңғыру процесінің жүріп жатқанын көріп отырмыз.
Ішкі саяси жүйенің әлеуметтік тұрғыдан нығаюы елдің сыртқы қатерлерге қарсы әлдеқайда төзімді әрі қуатты болуына ықпал етеді. Осыған орай, Қазақстанды осы реформаларды жүзеге асырғаны үшін шынайы құттықтай отырып, жаңа Конституция мен жаңа жүйенің ел игілігінің артуына себепші болуын тілейміз.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көруге болады.